Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3222 0 пікір 6 Маусым, 2013 сағат 10:39

Ағабек Қонарбайұлы. «Аға, маған папа болыңызшы...»

Шымкент қаласына іссапармен барғанбыз. 1 маусым – балаларды қорғау күні болатын. Шаһардағы №3 жетім балалар үйіне баруды ұйғардық. Тым болмаса бір сәт болсын көңіл сыйлау ғой ниетіміз. Жаңадан ашылған Облыстық орталық мешітінің наиб имамы әрі баспасөз хатшысы Мұхамеджан Естеміров жол бастап келеді. Жолай жан ауыртар оқиғаны әңгімелеп берді. 

Шымкент қаласына іссапармен барғанбыз. 1 маусым – балаларды қорғау күні болатын. Шаһардағы №3 жетім балалар үйіне баруды ұйғардық. Тым болмаса бір сәт болсын көңіл сыйлау ғой ниетіміз. Жаңадан ашылған Облыстық орталық мешітінің наиб имамы әрі баспасөз хатшысы Мұхамеджан Естеміров жол бастап келеді. Жолай жан ауыртар оқиғаны әңгімелеп берді. 

Мен мұнда жиі келіп тұрамын, – деп бастады сөзін әріптесім. «Мереке күндері, әсіресе ораза, құрбан айт кездері қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырамыз. Құрбандық етін таратамыз. Өнердегі әншілердің басын қосып, осы жетімдер үйінде концерт өткізіп тұрамыз. Жиі келгеннен бе екен, бүлдіршіндер мені танып алды. Бір күні баяғы әдетіме салып, балалардың көңіл-күйін бір көтеріп кетейін деген ниетпен тағы келдім. Көзі жәутеңдеген жетім жеткіншектер қатты айқайлап: «Алақай, папамыз келе жатыр», – деп жапатармағай есік жаққа жүгіріп келді де аяғыма жармасып, қысып ұзақ құшақтады. «Аға, неге келмей кеттіңіз?» – деп реніш білдірді кейбір кішкентайлар. «Бұл жерден кетпей-ақ қойыңызшы», – деген өтініштеріне не айтарымды білмей, абдырап қалдым. Қазақтың өрімдей бір қызы: «Аға, маған папа болыңызшы, мені бұл жерден алып кетіңізші», – деп өтінгенде, көзімнен жас парлады. Жүрегім езіліп, жаным қиналды. Әкем қайтыс болғанда езіліп жылаған емеспін. Бірақ әлгі жерде ішім күйіп, жанымды қоярға жер таппай кеттім. Мұндай сөзді естимін деп еш ойламаппын», – дейді Мұхамеджан имам.

Осы әңгімеден кейін біздің де көңіліміз босап қоя берді. Сөйтіп, балалар үйіне де жеттік. Тәрбиешілер оларды әдемі киіндіріп, шаштарына бантик тағып қойыпты. Жадырып, жайнап, көңілдері шаттық пен қуанышқа бөленіп отыр. Әрине, мереке ғой. Ән айтты, би биледі, көріністерін қойды. Қонақтарға бар өнерлерін паш етті. Епті әрі есті. Сүп-сүйкімді, қимыл-қозғалыстары да жарасымды. Сый-сияпаттарын көтере келген қонақтар көз жастарына ерік берді.

Бір кезде Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев пен қаланың бас имамы Ербосын Орын сөз алды. Жетімге қамқор болғандар жәннатқа бірінші кірген пенделердің қатарында болатынын айтты. Жетімнің басын сипағандар жәннатта пайғамбарға (с.ғ.с.) көрші болу мәртебесіне ие болатынын сүйіншіледі. Өйткені, хадисте солай делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жетімді өз кепілдігіне алып, қарайласқан адам және мен екеуміз жәннатта мынадаймыз», – деп екі саусағын біріктіріп көрсеткен.

Игілікті шарадан қайтып келеміз. Жолай алған әсер, қорытқан ойларды бір-бірімізбен бөлісіп келеміз. «Әп-әдемі, жүрегі пәк қазақтың қара домалақ балалары ғой. Тіпті, оларды өзімнің бала-шағама қосып, қамқорлық жасап, тәрбиелеп алғың келеді...» дейді Бейбіт имам. «Жетімдерге көңіл бөлу тек 1 маусыммен шектелмесе екен», – деген ойлар да айтылды. «Ит жетектеп, оны бағып-қаққаннан гөрі жетім баланы асырап алған теңдессіз сауап емес пе? «Қалайша бауыр етін балалар үйіне тастап кетеді екен осылар. Обалына қаламын-ау деп қалай қорықпайды екен?» – деген сөздер де қабырғамызды қайыстырды.

Шара барасында балалардың көңіл-күйі көтеріліп, бір серпіліп қалғанмен, жанарында жабырқау, алаңдау байқалады. Оны сөзбен жеткізбесе де, көзбен білдіріп тұр. Жетімдердің жүрегі:

«Кімге ұқсатам білмеймін қандайымды,
Мама кеп бір иіскеші маңдайымды.
Ақ уызға толмаған таңдайымды
Толтырайын айтумен жағдайымды...» деп жырлап, жылап тұрғандай...

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы 

(суреттерді түсірген – автор)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5370