Ермек Нарымбай бостандыққа шығады...
Саяси тұтқын 52 жастағы Ермек Нарымбай бостандыққа шығады. Қонаев қалалық соты оның жазасын жеңілдету туралы өтінішіне оң жауап берген.
Бұл туралы белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.
«Мерзімінен бұрын босап, 11 айға жуық пробациялық бақылауда болатын болды. Біз айыппұл төлеп шығаруды сұрадық. Бірақ прокурор пробациялық бақылау қажет екенін айтты. Судья прокурормен келісіп, қатаң шектеумен шығаруға келісті. Баспасөз маслихаты, митинг пен шеру сияқты қоғамдық істерге қатысуға тыйым салды», - деді құқық қорғаушы.
Адвокаттың сөзінше, прокуратура қарсылық білдірмесе, 15 тәуліктен кейін Ермек Нарымбай түрмеден шығуға тиіс.
Ермек Нарымбай бұған дейін саяси белсенділігі үшін бірнеше рет рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылды.
2010 жылғы қаңтар айында Ермек Нарымбай қылмыстық жауапкершілікке тартылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Әуелі 15 күнге қамауға алынған ол, «сотқа құрмет көрсетпеді», «полицияға қарсылық көрсетті» деп айыпталып, сотталды. Жаза мерзімінің жартысын өтеген соң бостандыққа шықты. Бірақ бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2015 жылдың қазан айында Ермек Нарымбай мен Серікжан Мамбеталин журналист Мұрат Телібековтің кітабы делінетін «Ветер с улицы» кітабынан үзінді жариялайды. Сол үшін белсенділер «алауыздықты қоздырды» деген айыпқа ілігіп, 2 және 3 жылға сотталды. Қазақстандық құқық қорғаушылар екі тұтқынды да «саяси тұтқындар» тізіміне кіргізді.
Кейінірек олар істеген ісіне өкінетінін айтып, хат жариялады. Апелляциялық сот Нарымбаевтың үкімін жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырды.
2016 жылы Нарымбаев билік тарапынан өзіне қауіп төнгенін айтып, тыйым салынғанына қарамастан, елден кетеді. 2022 жылы Украинадан оралған кезде полиция оны Алматы әуежайында ұстап әкетті. Нарымбаев бүгінде жазасының үштен бірін өтеген.
Ол бірнеше рет аштық акциясын жариялаған. Жақында 54 күн аштық ұстап, кезектен тыс президент сайлау қарсаңында сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап еткен.
Abai.kz