Дүкен Мәсімханұлы. Қара айғыр, ақсақ қой және адам (Басы)
АҚШИІМ – МЕНІҢ БАҚ-СЫЙЫМ
Қайран да Ақши – ауылым,
Артымда қалған сауығым.
Аппақ шилері ормандай,
Тал-теректері қорғандай,
Жаһанда жаннат жер едің,
Қыдыр да қалап қонғандай.
Думан мен тойдың кені едің,
Жәрмеңке күнде болғандай.
Ұлдарың кілең мұзбалақ,
Шар болаттан жонғандай.
Арулары ақтамақ –
Ай он бесте толғандай.
Уа, қайран да менің Ақшиім,
Мединем, Меккем, бақ-сыйым.
Өмірге сенде келген ем,
Анамнан ақ сүт емген ем.
Арғымақ мініп алкүрең,
Тарлан ұлдарға ерген ем.
Қол бұлғап сонда Тәңіртау,
Қанатым бекем сермегем.
Аймүсін қыздар жүрегін,
Балаң жырыммен тербегем.
Жарысса да жырменен,
Салысса да тілменен,
Ешкімге есе бермеп ем.
Шаңтастың мініп атына,
Бала диқан боп терлеп ем.
Өгіз шанамен бау тасып,
Түйетас, Ашылы… керлеп ем.
Сол кезде көңіл-қоймама,
Сарқылмас байлық теңдеп ем.
Бабаларымдай толғанып,
Бала қырандай қомданып,
Арман-тауларға өрлеп ем.
Жалғанда – жердің бетінде,
АҚШИІМ – МЕНІҢ БАҚ-СЫЙЫМ
Қайран да Ақши – ауылым,
Артымда қалған сауығым.
Аппақ шилері ормандай,
Тал-теректері қорғандай,
Жаһанда жаннат жер едің,
Қыдыр да қалап қонғандай.
Думан мен тойдың кені едің,
Жәрмеңке күнде болғандай.
Ұлдарың кілең мұзбалақ,
Шар болаттан жонғандай.
Арулары ақтамақ –
Ай он бесте толғандай.
Уа, қайран да менің Ақшиім,
Мединем, Меккем, бақ-сыйым.
Өмірге сенде келген ем,
Анамнан ақ сүт емген ем.
Арғымақ мініп алкүрең,
Тарлан ұлдарға ерген ем.
Қол бұлғап сонда Тәңіртау,
Қанатым бекем сермегем.
Аймүсін қыздар жүрегін,
Балаң жырыммен тербегем.
Жарысса да жырменен,
Салысса да тілменен,
Ешкімге есе бермеп ем.
Шаңтастың мініп атына,
Бала диқан боп терлеп ем.
Өгіз шанамен бау тасып,
Түйетас, Ашылы… керлеп ем.
Сол кезде көңіл-қоймама,
Сарқылмас байлық теңдеп ем.
Бабаларымдай толғанып,
Бала қырандай қомданып,
Арман-тауларға өрлеп ем.
Жалғанда – жердің бетінде,
Өзіңдей мекен кем де кем.
Сырқаттың бәрі мендегі –
Сағыныш дерті сен деген…
Еһ, қайран да Ақши – ауылым,
Сайран да думан, сауығым.
Ар жақта қалған базарым,
Заржақ та қылған ғазалым.
Арқалап мұнда мен жүрмін,
Сағыныш-күйік азабын.
Тексіздер егін екті дейд,
Ауылдың бұзып мазарын.
Тайқымаңдай тағдыр-ай,
Бітпей де қойды-ау мазағың!..
Е-е-е, қайтейін Ақшиім,
Басымнан ұшқан бақ-сыйым.
Мен Отанда жүргенмен,
Күлгенге еріп күлгенмен,
Аңқ-аңқ етіп баратын,
Ауылы жоқ пақырмын.
Сабым алтын болғанмен,
Бауыры тесік бақырмын.
Жүректің түгі болғанмен,
Бес қарусыз батырмын.
Тамыры жоқ, діңі жоқ,
Тілі бар да, үні жоқ,
Аспаннан түскен ақынмын.
Мыңбұлағы су алып,
Гүл-құрағы қуарып,
Аңқасы кепкен тақырмын.
Мен ауылы жоқ пақырмын!
ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ НЕМЕСЕ МЕНІҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМ
Қызыл дала, қызыл аспан, қызыл күн,
Қызыл малман көлкіп тұрған атырап.
Қызыл жүрек – қызыл шаттық, қызыл мұң,
Гүлдер қайдам, өрттей қызыл жапырақ.
Қызыл атыз, қызыл бидай жайқалған,
Қызыл орақ жарқылдайды қолдарда.
Қызыл әнге басушы еді (айта алған),
Қызыл бата беруші еді шалдар да...
Қызыл ауыл, қызыл көше – құтырған,
Қызыл ұран жер-әлемді кернеген.
Бастың іші қызыл ақпар шытырман,
Бесікті де қызыл әндер тербеген.
Қызыл шеке, қызыл танау – дүрлігіс,
Қызыл найза – ұландардың қаруы.
Қып-қызыл боп киіну де үлгілі іс,
Қызыл еді ол заманның аруы.
«Қызыл атқа» мініп алып қызыл қыз,
Қызыл жонды таспадайын тілетін.
Қызыл кездің сезінсек те сызын біз,
Қызыл күлкі жүзімізде жүретін...
«Қызыл шығыс» - ол заманның күшті әні,
Нарт көңілдің шертетұғын бар қылын.
Байлар еді қызыл көзді дұспаны,
Қызыл құлақ саудагер де жау-тұғын.
Қызыл ойын ойнап өскен күн-түні,
Қызыл сирақ қызыл бала біз едік.
Қызылдардың түскен кезде сүлкіні,
Көкке қарап бойымызды түзедік.
Қызыл деген әуел баста қан-тұғын,
Қанмен бірге ар мен намыс ағады.
Кетіргесін ар-ұяттың тамтығын,
Қызарудың мәні қалмай барады...
ЖІГІТ
Құж денесі қорғасыннан құйғандай,
Жүрегі бар, ғалам түгел сыйғандай.
Ақылы бар түн-түнекті түргендей,
Айбаты бар алапатты тыйғандай.
Ар-ожданның күзетшісі қабағы,
(Сол қабаққа ілінбесең жарады).
Намыс тұнған, иман сінген екі бет,
Екі беттен қан да, нұр да тамады.
Ғадауатты кірпіктермен байлаған,
Сақшы дей бер қос жанарды жайнаған.
Адамдықтың ақ жолы мен арманы,
Қазан баста қашан көрсең қайнаған.
Тау-даланың, замананың сұлтаны,
Қам-қайғысы ─ Отаны һәм ұрпағы.
Батыл.
Батыр.
Бірақ оны байлауға
Қыз шашының жетіп жатыр бір талы.
Барын бұлдап, жоғын айтып зарламай,
Отырады көктен түскен қамбадай.
Сол ер жігіт қыздар түгіл,
бүгінде ─
Заманаға арман болып қалғаны-ай!
КҮРСІНУ НЕМЕСЕ ЕКІНТІ
Қызғылт шапақ кернеп бар маңды,
Екінтіге мезгіл ептеп қамданды.
Күні бойы күйіп-жанған күннің де,
Тек бір кесек шоғы ғана қалған-ды.
Көзі нұрлы, басы сәл-сәл қалтылдап,
Бір бақшада шал отырды салқындап.
Сана сергек.
Жүрек ояу.
Жас құрғыр ─
Тоқсаныңды қалып еді алқымдап.
Қиял-қыран кезді жастық өлкесін,
(Қу көңіл-ай, кейде жоққа елтесің...)
Көкей тескен сері дәурен, қызық күн
Ақсақалдың ішін удай өртесін...
Күнге жетті қиял-қыран, айды асты,
(Қиял шіркін, қатырмаған қай басты?!...)
Осы кезде шалға таяу жердегі
Орындыққа бір келіншек жайғасты.
Ол келіншек - жарылмаған қауындай,
Құлын мүсін көрген көздің жауындай.
Шал түгілі, қылшылдаған жігіттер
Оны көрсе кетпес еді ауырмай.
Аппақ балтыр, бота тірсек, сан жұмыр...
Ай дидардан көрінеді таңғы нұр.
Бірі шекер, бірі бал боп қос анар
Шалдың еркін әбден билеп алды бір.
Қол жетпеске қиял жетті, көз барды,
Шыдам бітіп, шалың сәл-сәл қозғалды...
Көп кідірмей ару кетті жігітпен,
Шалда оттай көңіл қалды, сөз қалды...
Шал жүзіне шапақ тарап, нұр сіңді,
Қайран көңіл солып қалды гүл сынды.
Демалысын бұзып алған ақсақал,
Кәрі кеудесін қарс айыра күрсінді!
ҚЫЗ ҚУУ
...Іштей ғана еміреніп, үздігіп,
Жүректерін от-жалынға жүздіріп.
Ойнақшыған қос саңлақпен шықты алға,
Көктем-жаздай, аққу-қаздай қыз-жігіт!
Құтылғандай табалағыш тамұқтан,
Ұзай берді қара нөпір халықтан.
Көкірегіне көктем орнап олардың,
Алдарынан атардай бір жарық таң.
Сыр айтуда қоярсың ба көзге мін?!
Тек көзбенен жеткізуде «сөздерін».
Жүрегіне енгізіп ап бір-бірін,
Ентігеді ептей алмай өз демін.
Шабысқа да, жарысқа да қызғынды,
Жарау аттар сүзеді ылғи тізгінді.
Қыз қиялын жігіт сезіп келеді,
Жігіт ойын айтқызбай-ақ қыз білді.
Қыз білді де, қысып қалды тақымды,
Сол-ақ екен, дүлділ оқ боп атылды.
Бұл не деген сезім еді мөп-мөлдір,
Уа, дариға, бұл не деген батылдық!
Арғымаққа басты жігіт қамшыны,
(Әзілі емес, жас жүректің бар шыны).
Сырт көздерге жай жарысы екі аттың,
...Қыз-жігіттің өз ішінде жан сыры.
Бір арманға ашты бақыт қақпасын,
(Жақтаса егер Құдай жасты жақтасын!)
А-лы-ы-ыс барып бір қырқадан асқасын,
Ару ептеп ірке берді ат басын...
ҚҰЛА АЙҒЫРДЫҢ ҮЙІРІ
(Шәріптің әңгімесі)
Дос-дұспанды иісінен айырып,
Тік тұрады “алғы шепте” күн, ай, жыл!
Бір үйірді қабағымен қайырып,
Қос құлағын қайшылайды құла айғыр.
Иесі ме, тік құлақ па, ұры ма...
Қалт жібермей қадағалау міндеті.
Ұры-қарың қарап алсын сұрына,
Құла айғырмен ойнамасын кім де кім.
Қайманаға қайырғанға баспайды.
Тура барып атты адамға шабады.
Қиқуыңнан, құрығыңнан саспайды,
Тұяқты да, азуды да салады...
Ұлыққа да, ұрыға да жан керек,
Шыбын жанын олжалайды амалдап.
Құла айғырды күна болар “мал” демек,
Тірлігі оның малға қалай саналмақ?!
Көкжалдарың күндік жерден безеді,
Құла айғырдың көрінгенде қылаңы.
Құлын тұр ғой, қыл бермесін сезеді,
Сосын басын өзге жаққа бұрады.
Ірілікті ұлылық деп сүйеді ел,
Күтеді оны көбіне-көп еркектен.
Құлын мүсін байталдар мен биелер,
Құла айғырға адалдыққа серт еткен...
Әттең дейсің!
Әттең, қазақ жұртының,
Тамырынан айырылғаны сор екен.
Өзге түгіл, тек бір ғана жылқының,
Ер жігітке үйретері көп екен...
Бір ауылды қабағымен қайырған,
Туған елін бермейтұғын дауылға.
Қара қылды қақ екіге айырған,
Құла айғырдай бір жігіт жоқ ауылда.
ХАН ТӘҢІРІ МОНОЛОГІ
немесе М.Әуезовтің жан сыры
Аңғал дала, ақымақ қыр, ойсыз ойпат, ез дөңдер,
Тасырлардың табаны мен табасына төзгендер.
Шың жоқ болса бір сәрі еді, көкті тіреп мен тұрдым,
Күллі әлемді көзіммен де, көкеймен де безбендер.
Мен асқарда тәтті арманды ащы мұңмен сапырдым,
Мен аспанда далам үшін, таулар үшін «аһ» ұрдым.
Мен құдайдың сүйген құлы, таудың пірі шығармын,
Өйткені мен Көк-Тәңірге өзгелерден жақынмын.
Қамсыз дала, ақымақ қыр басар түнде қорылға,
Сезбейді олар (сезген емес), бақытын да, сорын да.
Мәнгі ұйқыға кетпесін деп, оянсын деп өлкемді,
Құба таңды шақырып ап, әлдилеймін жонымда.
Біздегі қыр – қымызды да, жалпақ дала – гүлстан,
Көз түнады асты менен үстіндегі ырыстан.
Қызыл көздер іші күйіп, салмасын деп шеңгелін,
Қалқан бол деп қара түнді қалқалаймын шығыстан.
Жаралғалы жантаймадым, көз ілмедім, тынбадым,
Ғаламшардың ғазалы мен азалы үнін тыңдадым.
Сай-сала мен ой-санаға өтпей қойды бір сөзім,
Айтарымды ашылып та, түнеріп те ымдадым...
Сайын дала, сайларын-ақ назарымды аударды,
Қасіреттен мен сау қалсам, биіктікпен сау қалдым,
Мен қаншама мұз бүркеніп, жасын кешіп өртендім,
Төбелерді тау етем деп, шың етем деп тауларды.
Мені құдай жаратқасын күзетші ғып Тұранға,
Көк тірегін ақ басымды исем идім «Құранға».
Ірілік пен ұлылықты сақтайын деп өмірде,
Қарға, шымшық, көкек емес, пана болдым қыранға.
Мен кеудеме қардан аппақ нар бұлттарды шөктірдім,
Шөктірдім де, ар-намыстың найзасы боп көк тілдім.
Жалғыз өзім кеуде төсеп талай тасыр дауылға,
Етектегі орманымды күн көзіне өптірдім.
Кім болмайды, не жүрмейді арасында нулардың,
Шашылмадым, тасымадым тіліне еріп қулардың.
Көк табалап, жасын ұрып жасытқанға жанымды,
Қара термен, қызыл қанмен тұл даланы суғардым.
Мүмкін менің сәби шығар, саяз шығар санам бек,
Мен масайсам, масайрадым тауларым деп, далам деп,
Содан болар далаға емес, төбеге емес, тауға емес,
Ең алдымен тіс батырды долы дауыл маған кеп.
Солай, солай...ең алдымен дауыл мені табатын,
Аш бөрідей шулап келіп, қамалап бір қабатын.
Сондай сәтте мен алақтап тау-далама қарасам,
Маң дала мен төбешіктер жымың-жымың қағатын.
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
Сонда менің жүрегімнен қап-қара қан ағатын!
ҚАРА АЙҒЫР, АҚСАҚ ҚОЙ ЖӘНЕ АДАМ
Жайлауда.
Тауға бұлт ілінді де,
Жоқ болды шоқ боп тұрған күнің міне.
Қара аспан қара сел боп ақтарылды,
Әр жері от қамшымен тілінді де.
Сайлардан, жылғалардан топан ақты,
Тастарды тайқазандай қопара атты.
Малшылар қосын тастап, түгі қалмай,
Бетке алды жандалбаса жота жақты.
Ақырады топансу айдағардай,
Атылады, шапшиды ай қабардай.
Дөңдерге, жоталарға шығып алды,
Малдың да бір тұяғы сайда қалмай.
Дегендей ала кетем жастығымды,
Құтырған селдің шеті қосқа ілінді.
Осы кезде қара айғыр бетте тұрған,
Қосқа қарап кісінеп, осқырынды.
Малдың да бірдеңені “білетінін”,
Айтқанда нану тұр ғой, күлетімін.
Осы үйдің бір ауыру, ақсақ қойы,
Үй маңында айналып жүретұғын.
Өріске қотанменен бара алмайтын,
Азығын үй маңынан амалдайтын.
Ақсақ қой үй паналап жүргенменен,
Ол өзі тірі мал боп саналмайтын.
Қара айғыр осы қойға алаң екен,
Жер тарпып кісінейді ала бөтен.
Сонда білдік, тасқынның шет жағасы,
Ақсақ қойды ағызып барады екен.
Екпіні қойсын ба оны лайдың зілді,
Қойшыға қарап едім, жай бір күлді...
Аққан қойға топтанған адамдардан –
Еш бір қайыр болмасын айғыр білді.
Білді де айғыр дереу селге барды,
Үйірі шұрқырасып дөңде қалды.
Ақсақ қойды желкеден тістеді де,
Тік көтеріп сорлыны жерден алды...
Қойды әкеліп тастады жағалауға,
Мән бермеді назарға оған ауған.
Тек биелер кісінеп, шұрқырасты,
Мүмкін олар біздерді табалауда...
Әлгі ақсақ қой тірі екен.
Маңырады.
Есеңгіреп қалған-ау, (аңырады)
Бұл кезде жауын тоқтап, күн де ашылды,
Адамдар үйлеріне жамырады...
......................................................
Осы жайды есіме жиі аламын,
Сан мың ойдың таппаймын тиянағын.
Бүгінде қой көрсем не жылқы көрсем –
Адаммын деп қараудан, ұяламын...
(Жалғасы бар)
Abai.kz