Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2729 0 пікір 18 Маусым, 2013 сағат 06:06

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА. Біздің қоғам: қорқытпасаң – қорқау атанасың

Астана қаласында сотталушы Азамат Аязбековтің жазықсыз екендігін айтып, бұл қылмыстық істің ақ-қарасын ажыратып, түрмеден босатуды талап еткен анасы мен әйелі биік құрылыс кранының басына шығып алып, жеті тәулікке жуық наразылық білдірді. Ақыры Қазақстанның Бас прокуратурасы Азамат Аязбековтің заңсыз сотталғанын мойындады.

«Ақша бопсалады және билік өкілдеріне қарсылық көрсетті» деген айыппен жеті жылға сотталған 26 жастағы Азамат Аязбеков «жазасын» түрмеде өтеп жатыр. Жақындары Азаматтың полицияның озбырлығының құрбаны болғандығын айтып: «Ақша бопсалады деп күдікке ілінгендерге қарсы куәлік етуден бас тартқан Азаматты қылмыстық топқа қатысы бар деп жазықсыз соттады» дегенді айтады.

Азаматтың кінәсіз екенін дәлелдеу үшін анасы Бағжан Аязбекова мен әйелі Гүлім Бабақова түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, әділдік таппаған соң, ақырында төтенше әрі қауіпті қадамға барды. Алғашқы жолы ана мен жары – үлкен қазандықтың мұржасына шықса, екінші жолы – жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің бірінің жанындағы биік құрылыс кранының басына өрмелеп шығып, наразылық акциясын өткізді. Азамат Аязбековтің ісін қайта қарау туралы бас прокуратураның қарсылық қағазына оның туыстары осындай шарасыз амал арқылы қол жеткізді.

Астана қаласында сотталушы Азамат Аязбековтің жазықсыз екендігін айтып, бұл қылмыстық істің ақ-қарасын ажыратып, түрмеден босатуды талап еткен анасы мен әйелі биік құрылыс кранының басына шығып алып, жеті тәулікке жуық наразылық білдірді. Ақыры Қазақстанның Бас прокуратурасы Азамат Аязбековтің заңсыз сотталғанын мойындады.

«Ақша бопсалады және билік өкілдеріне қарсылық көрсетті» деген айыппен жеті жылға сотталған 26 жастағы Азамат Аязбеков «жазасын» түрмеде өтеп жатыр. Жақындары Азаматтың полицияның озбырлығының құрбаны болғандығын айтып: «Ақша бопсалады деп күдікке ілінгендерге қарсы куәлік етуден бас тартқан Азаматты қылмыстық топқа қатысы бар деп жазықсыз соттады» дегенді айтады.

Азаматтың кінәсіз екенін дәлелдеу үшін анасы Бағжан Аязбекова мен әйелі Гүлім Бабақова түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, әділдік таппаған соң, ақырында төтенше әрі қауіпті қадамға барды. Алғашқы жолы ана мен жары – үлкен қазандықтың мұржасына шықса, екінші жолы – жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің бірінің жанындағы биік құрылыс кранының басына өрмелеп шығып, наразылық акциясын өткізді. Азамат Аязбековтің ісін қайта қарау туралы бас прокуратураның қарсылық қағазына оның туыстары осындай шарасыз амал арқылы қол жеткізді.

Бас прокуратура: «Сот-тергеу амалдары толық жүргізілмей, сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбағандықтан, жазықсыз жан сотталған» деген ұйғарыммен Аязбековке шығарылған сот үкіміне қарсылық білдірді. Енді Аязбековтің ісі қайта тергеуге жіберілуі тиіс.

Жалпы, бұл оқиғаның қысқаша тарихы мынадай. 2010 жылдың көктемінде Алматыдағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейтін, үш жасар қызы бар үйлі-баранды жігіт Азамат Аязбеков анасы Бағжан Аязбекова тұратын Көкшетау қаласына келеді.

2010 жылы сәуірдің 13-і күні Аязбековтің анасының Көкшетаудағы пәтеріне жай киім киген полиция қызметкерлері келіп, өздерін ««Нұр Отан» партиясының қызметкерлеріміз» деп таныстырады. Бірақ бұлар, шын мәнісінде, «ақша бопсалады» деп айыпталған бір топ жігітке қарсы куәлік ететін адам іздеп жүрген полицейлер екен. Полицейлердің тілінде мұндай топ «ұйымдасқан қылмыстық топ» (ҰҚТ) деп аталады. Анасы мен әйелі құқық қорғау мекемесінің қызметкерлеріне: «Азаматтың бұл қылмысқа ешқандай қатысы жоқ» дегенді айтады.

Азаматтың әпкесі Динара Аязбекова былай дейді: «Әлгі ҰҚТ-тың жігіттерін ұстаған кезде тергеушілерге деректер жеткіліксіз болып, «жас жігіттер тұрады-ау» деген кезкелген пәтерге кіріп, адамдарды куә болуға шақырады. Бұл қармаққа абайсызда Азамат ұрынып қалып, зардап шегуде. Полицейлер ініме: «Есіміңді құпия ұстаймыз, сені ешкім көрмейді, әлгі жігіттерді көрсетсең, тергеуге көмектесесің» деп үгіттеген. Азамат оларға: «Мен басқа қалада болдым, ешкімге жала жаппаймын» дейді.

«Олай болса, сені де осы топтың ішіне қосып жібереміз» деп күш көрсеткен полцейлер ақыры дегендеріне жетті. Менің інімді ұрып-соғып, оны қолының тамырын қиып жіберуге дейін арандатты. Кейін полицияға алып кетіп, Азаматтың өмірі үшін жауапкершілікті өз мойындарына алмас үшін оған: «Билік өкілдеріне қарсылық танытты» деген жала жауып, әлгі ҰҚТ-қа қосты да жіберді.

Сот үкімінде анасы тұратын үйдің подъезінде сол күні туыстарымен бірге болған Аязбеков қызметтік куәліктерін көрсетіп, тергеуге шақыру қағазын бермекші болған «полиция қызметкерлерінің заңды талабын елемей қойған» деп көрсетілген. Бұдан кейін полицейді балағаттап, қорқытып-үркіте бастаған Аязбеков, ішкі істер басқармасына келуден бас тартқан-мыс. Полицейлер оны аулаға алып шығып, қалалық ішкі істер басқармасына жеткізбек болғанда, Аязбеков «қарсылық көрсетіп, жұлқынған-мыс...». 

Үкімде: «1-пәтердің есігі ашылған кезде ол кіре берісте тұрған үстелде жатқан пышақты жұлып алып, тамырын қия бастаған. Аязбеков денесіне жарақат салмасын деген мақсатпен полиция капитаны Бектұрғанов оның қолынан пышақты тартып алуға тырысқан. Алайда Аязбеков қолындағы пышақпен оң қолының білезігі мен оң аяғын қасақана кескілей берген» деп жазылған. Сотталған Аязбековтің туыстарының айтуынша, іс жүзінде бәрі керісінше болған. «Азаматты ұрып-соққан полицейлер оны полицияға ешбір негізсіз мәжбүрлеп әкетті. Полицейдің денесінде ешқандай жарақат болған жоқ, ол медициналық көмекке жүгінбеді» деп мәлімдеді.

Ақырында, әділеттілік әдірем қалып, 2011 жылдың қаңтарында «Ақша бопсалады және билік өкілдерінің қызметіне кедергі келтірді» деген айыппен Азамат Аязбековтің дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі тоғыз жылға қатаң тәртіптегі түрмеге кесілді. Өткен жылдың желтоқсан айында Ақмола облыстық сотының кассациялық сот алқасы Аязбековтің жазасын жеңілдетіп, жаза мерзімін 9 жылдан 7 жылға дейін шегерді. Бұған Азамат Аязбековтің анасы мен әйелінің алғашқы қарсылық акциясының ықпалы болды. Өздерімен бірге Азаматтың інісін ертіп алған анасы мен жұбайы былтыр қараша айында «Өзімізді өлтіреміз» деп мәлімдеме жасап, Астанадағы қазандықтың мұржасының басында бір тәулікке жуық отырған еді.

Азаматтың туыстарының айтуынша, оның ешбір жазығы жоқ, әлдебіреулер ақша бопсалады делінген 2009 жылдың шілдесінде ол Көкшетау қаласында болмаған. Бірақ сот үкімінде 2009 жылы шілдеде Аязбеков пен тағы екі жігіт Көкшетаудағы дәмханаға келіп, екі жігітпен төбелескен деп көрсетілген. Олардың бірі: «Арасында Азамат болған топ «Азаматтың қарындасы яки құрбысы болып келетін әлдебір бойжеткенді жәбірледіңдер» деп бізді негізсіз кінәлады» деген түсінік берген.

Аязбековтің туыстары «ақша бопсалады» деген айып жәбірленушілердің бірінің кереғар түсініктерінен басқа ешқандай дәлелмен айғақталмады» дейді. Олардың айтуынша, әлгі жәбірленуші ІІД-не алғаш жазған арызында ақша бопсалаушылардың бәрінің есімін көрсеткенімен, Аязбековті атамаған. Кейін ол автокөліктің салонында болған адамдардың санынан да жаңылысқан. Екі куәгер сотта Аязбековті жыға танымаған, «ұзын бойлы жігітті» көргендерін ғана айтқан.

Азаматтың анасы Бағжан Аязбекова Бас прокуратураға берген өтінішінде оқиға болған мезгіл мен орынның тергеу кезінде де, сот отырысында да аталмағанын жазады. Әлгі шолақ мылтық, әшкерелейтін жазбасы бар телефон мен айыпталғандар жүрген көлік те айғақ зат ретінде сотта көрсетілмеген. Қылмыс болған күні, яғни, 2009 жылы шілденің 13-інде баласының Алматы қаласында болғанын сот ескермеген. Ол өзінің бастығынан қолхат арқылы қарыз ақша алып, келесі күні дәмханалардың бірінде қызының туған күнін өткізген. Аязбековті «Алматыдағы кафеден көрдік» деген куәгерлер мен даяшының сөздерін сот «шындыққа жанаспайды» деп есепке алмаған.

Иә, Азамат Аязбековтің үкімін қайта қарауды талап еткен анасы мен әйелі жеті тәулікке жуық Астанадағы құрылыс кранында отырды. Әйелдер бас прокуратураның барлық сот актілеріне қатысты қарсылық қағазы қолдарына тиген соң, маусымның 4-і күні биік краннан жерге түсті. «Сот-тергеу амалдары толық жүргізілмей, сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбағандықтан жазықсыз жан сотталған» деп тапқан Бас прокуратураның талабы бойынша, А.Аязбековтің ісі сот қарауына қайта жіберілді. Бас прокуратураның қарсылығында «Аязбековтің ақша бопсалаудағы кінәсі туралы сот қорытындысы жәбірленуші Гельманов, куәгерлер Қанафин мен Баймановтың түсінігі негізінде шығарылған. Сотталушы мен оның қорғаушысының қылмыс жасалған күні Азамат Аязбековтің Алматы қаласында болғаны туралы дәлелдері тексерілмеген» деп жазылған.

Сөйтіп, арыс азаматтың тағдырын арашалап қалу үшін жақын жандары өз өмірлерін қауіп-қатерге тікті. Сонда қазақ қоғамында әділдікке жетудің жалғыз жолы – өлім болғаны ма?.. Әлде, «өлемін» деп қорқытпасаң – қорқау атанғаның атанған ба?..

Менің бір таң қалғаным: аңыраған анасы мен жылаған жұбайы жеті күн, жеті түн бойы биік кранның басында өлім мен өмірдің ортасында отырғанда, әншейінде әділдік іздегіш халықаралық ұйымдар, мысалы, Е.Жовтис басқаратын халықаралық Адам құқықтарын қорғау қоғамы және оппозициялық партиялар мен адалдықты айқайлап айтқанда алдына жан салмайтын баспасөз құралдары қайда қарады?..

Әлде, «сайтанға да жан керек» деп бұғып қалды ма немесе нақты адамның тағдыры сөз болғанда, біздің билік секілді мүлгіп кетті ме?..

Адамның өмірін шыбын шаққан құрлы көрмейтін қоғамда әділдік пен демократия туралы айтуға бола ма, өзі?..

СУРЕТТЕРДЕ:

1. Жазықсыз жеті жылға сотталған Азамат Аязбеков жұбайы Гүлім Бабақовамен бірге.

2. Жазықсыз сотталған Азамат Аязбековтің жұбайы Гүлім Бабақова (сол жақта) мен анасы Бағжан Аязбекова (оң жақта) журналистерге бас прокуратураның жоғарғы сотқа берген қарсылық хаттамасын көрсетіп тұр.
3.  Гүлім Бабақова мен Бағжан Аязбекова жүк көтергіш кранның үстінде отыр.

  Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394