Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Арылу 2269 2 пікір 24 Шілде, 2023 сағат 11:21

Қазақстандық шіркеулер автономды болуы керек!

Біз кезінде сайтымызда «Қазақстандық шіркеулер автономды болуы керек» деп көлемді мақаланы осыдан 3 жыл бұрын жазған болатынбыз. Осы жолы аталған тақырыпқа қайтып оралмақпыз.

Орыс православ шіркеуі Ресейдің Украинаға жасаған соғысын ашық жақтағаннан кейін, әрі майдан даласына әулие әкейлерін әскерилер арасына жіберген соң, посткеңестік кеңістіктегі осы дінді ұстанушылар арасындағы біртұтасқа сызат түсті. Украина шіркеуі Константинопольге қарайтын болды. Бұған посткеңестік кеңістіктегі Орыс православ шіркеуіне қарайтын ТМД-дағы орыс православ шіркеулер үн қатпай, әліптің артын бағуда. Әлде оларда патриархтары Кириллдің сойылын соғуда ма деп жүргенімізде: «Қазақстандық шіркеулер автономды болуы керек», - деп «Жақып Аққұлақ» есімімен танымал православ дінбасы Яков Воронцов «ORDA news»-ке берген сұқбатында біраз дүниенің басын ашып берді.

«Қазақстандағы шіркеуді орыс православ шіркеуінің басшысы, патриарх Кирилл басқарады. Еліміздегі діни орындар - орыс православие шіркеуінің құрамдас бөліктері. Бұдан бөлек, Қазақстанда діндар адам епископ таңдай алмайды. Оны Мәскеуден тағайындап, бізге жібереді.

Қазақстандық шіркеу автономды болуы керек. Бұл туралы алғаш мен айтқан жоқпын. Елде өзін-өзі басқаратын шіркеу құру мәселесі тоқсаныншы жылдардан бері көтеріліп келеді. Не үшін ресейліктер епископты өздері таңдай алады? Ал қазақстандықтарда неге бұндай құқық жоқ? Не себепті біз арнайы тағайындалған шетелдік адамға шыдауымыз керек? Ол біздің тұрмысты, мәдениетті білмейді», - деді шіркеу қызметкері.

Бұл осы дінді ұстанатын отандастарымызға ой салатын парасатты пікір. Қоғамда талқыға түссе, оған әркім өз ойын қосса біраз нәрсенің қабырғасы қаланар еді. Енді еліміз үшін осы мәселені шешу үшін Қазақстан ХА, ҚМДБ және  Қазақстандық шіркеу басшылары бас қосып, «Қазақстандық шіркеулер автономды болуы керек» проблемасын Орыс православ шіркеуінің араласуынсыз шешуге тиіс.  Не болмаса, ОА басшылары өз елдеріндегі шіркеулердің бірігіп, Түркістандағы Орыс православ шіркеуі деп атаса да болатын сияқты.

Сонда бүгінгідей Мәскеу үшін маңызы бар, Қазақстанға еш қатысы жоқ, Невский феномені қазақ қоғамын қаққа жармай, діни татулыққа қол жеткізер едік! Ресейдің рухани шабуылының тамырына балта шабылар сәт келді. Қамдан қазақ, «Жақып Аққұлақтың» тілін ал, тілегін орындауға атсалыс!

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

2 пікір