Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8893 0 пікір 4 Маусым, 2013 сағат 17:58

Малды өсіру үшін оның жемшөп қоры, жаңа технологиясы және генети¬калық селекциясы талапқа сай болуы керек

Көпмахамбет ЕЛЕМЕСОВ, Республикалық сүт бағытындағы ірі қара мал шаруашылығы палатасының атқарушы директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі:

 

Көпмахамбет ЕЛЕМЕСОВ, Республикалық сүт бағытындағы ірі қара мал шаруашылығы палатасының атқарушы директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі:

 

– Мамандардың келтірген дерек көздеріне сүйенсек, елімізде тұтыны­латын сүт өнімдерінің 27 пайызы ғана Қазақстанда өндіріледі екен. Қалған 73 пайыз сүтті шетелден тасып отыр екенбіз. Сондай-ақ ет өнімдерінің де 25 пайызы қазақстандық фермер­лердің үлесіне тиесілі екен. Етке деген сұраныстың да 75 пайызын импортпен жауып отырмыз. Қазір ірі қараны да шетелден тасымалдап жатырмыз. Өзіміздің қолда бар түліктің терісі мен жүнін игеруді ойлап та отырған жоқпыз. Осы орайда, аға, қазақ ата кәсібі – мал шаруашылығынан қол үзіп бара жатқан жоқ па?

– Елімізде мал шаруашылығының тоқырауға ұшырауына сонау 90-шы жылдардың басындағы ауыл шаруа­шы­лығының асығыс назардан тыс қалуы себеп болды. Ауылдың сәні мал еді. Мал кеткен соң ауылдан да мән кетті. Барлық саналы ғұмырын мал өсірудің жайына арнаған кешегі майталман малшылар енді күнкөріс қарекетімен амалсыз қаладағы басқа кәсіптерге бейімделуге мәжбүр болды. Сөйтіп, атадан балаға жалғасып келе жатқан атакәсіп сабақтастығы әл­сі­реді. Мал шаруашылығы – ауыл шаруа­шылығының күрделі бір саласы. Сонысына қарай аталмыш саланы жан-жақты игере алсақ, өте берекетті сала деуге де болады. Жасыратыны жоқ, өтпелі кезеңде біз қолда бар малдың басын қожыратып алдық. Мәселен, 1990 жылы Қазақстанда 9 757,2 мың бас ірі қара мал болса, 2000 жылы 4 106,6 мың бас ірі қара мал ғана қалған. Сондай-ақ 1990 жылы 1 626,3 мың жылқы болса, 2000 жылы 976 мың жылқы қалған. Әсіресе осы кезеңде қой мен ешкі басы да ойсырап азайған. Қазақстанда 1990 жылы 36 миллионға жуық қой болса, 2000 жылы 9 миллионның о жақ, бұ жағында ғана қой-ешкі қалғаны белгілі болған. Бір кездері қанша еңбекпен кө­бейт­кен асылтұқымды мал басы да кеміп кетті. Тіпті малды қойып, қолдағы құс санының да азайғаны анық аңғарылады. Нарықтың заңы деп малды жекеменшіктің қолына берудің соңы мал басының күрт азаюына алып келді. Мал басының азаю­ына орай оның өнімінен де айрылып қалдық. Осыдан келіп ет пен сүтті шекара асып таситын халге жеттік. Осы жағдайда бүгінгі күні асылтұқымды мал басын да шетелден алдыртуға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені өзіміздің қолда бар мал басын көбейтуге көңіл бөліп, ет пен сүт өнімдерін де қолда бар мал басы арқылы өндіреміз десек, оған да ұзақ уақыт керек. Ең кемі он жыл керек. Сондықтан жоғары өнім беретін асылтұқымды мал басын шетелден тасымалдау қажет болып отыр. Кейінгі кездері шетелден, негізінен, ет бағытындағы ірі қаралар әкелініп жатыр. Сондықтан келешекте өзімізде өндірілетін ет пен сүт өнімдерінің үлесі артатынына сенемін. Негізі, өзімізде ет бағытындағы екі сиырдың тұқымы бар. Олар әулиекөл мен қазақтың ақбас сиыры. Олардың саны көп емес, жүз мыңның о жақ бұ жағы. Бірақ бұл ауыз толтырып айтарлықтай мөлшер емес. Еліміздегі сиырдың жалпы санының екі-үш пайыздайы ғана болады. Сондықтан Австрия, Америкадан әкелінген сиырлар сіңісіп, ауыл шаруашылығы саласына септігін тигізсе дұрыс болар еді. Бірақ соңғы кездері шетелден әкелінетін малдардың ветеринариялық-санитария жағы ақсап жатыр. Батыс елдерінде көптеген жұқпалы аурулар бар. Солардың бірі елімізге әкелінген малдардан табылып, жақында Шығыс Қазақстан облысына қарасты шаруашылықтардың бірінен 200 бас шетелдік малды өртеуге мәжбүр бол­дық. Өртемеске амалымыз да жоқ, өйткені ол малдар адамдардың өміріне қауіпті. Шекара асып тасыған малдың осындай мәселесі туындайтыны өкінішті. Сондықтан қыруар қаржы бөлініп, малды сатып аларда мамандар мұқият болуы керек еді. Малды өсіру үшін оның жемшөп қоры, жаңа технологиясы және генети­калық селекциясы талапқа сай болуы керек. Бұл – өте күрделі жұмыс. Жемшөп қоры болып, малдың гендік құрылымы дұрыс болмаса да сапалы өнім алу мүмкін емес. Тұқымы жақсы мал болып, оған талапқа сай жағдай жасағанда ғана жақсы, сапалы өнім ала аламыз. Асылтұқымды мал болмаса, 200-300 келіден артық ет бермейді. Ал қазір шетелден әкелініп жатқан малдарды жақсылап бордақы­ласақ, 700-800 келіге дейін ет алуға болады. Сондықтан бір кездері аздырып алған мал басын қайта асылдандыру мал шаруашылығы саласының басты мақ­саттарының бірі болып отыр. Қазір көпшілік сырттан мал әкелуге қарсылық танытып жатыр. Бірақ дәл қазіргі жағдайда біз сырттан мал тасуға мәжбүр екенімізді түсінуіміз керек. Жалпы, геннің тұқым­қуалаушылық қасиетінің маңызы зор. Осы орайда асылтұқымды мал басының алдағы уақытта сақталуына мән беруіміз керек. Сұрыптаудан өткізе отырып, малдың генін анықтап, өз тұқымына артықшылықтарын бере ала ма, осының бәрі елімізде жан-жақты зерттеліп, зерделенуі керек. Осы мақсатта елімізде республикалық палата­лар құрылды. Бұрын гендік селекциямен республика, облыс көлемінде айналысатын бірлестіктер болған. Шаруашылықтарда селекция жүргізетін селекционер маман­дар болған. Мұның бәрі уақыт өте тарап кетті. Қазір ешкім мұнымен айна­лыспайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрі республикалық палаталар құрды. Бұл палаталардың басты мақсаты – еліміздегі шаруашылықтарда өсіріліп жатқан мал тұқымын сақтау және сапасын жақсарту. Асылтұқымды мал басын іріктеуден өткізіп, оның тектерін сақтау бағытындағы республикалық палаталардың жұмысы басталып та кетті. Ақыры мал өсірген соң тегі нашар малды тектен-текке өсіре бе­рудің қажеті жоқ. Республикалық палата алдағы уақытта қолдағы мал басын барынша асылдандыру бағытында жұмыс­тар жасайды. Негізі, қазақтың ақ бас асылтұқымды сиырларын көбейтуіміз керек. Бұл мәрмәр сиыр еті сапасы жағынан халықаралық рынокта жоғары бағаланады. Сондықтан өзіміздің қолда бар тұқымымызды да дамытуды ойлауы­мыз керек.

– Аға осы «шетелден бұқа әкелген­нен гөрі, оның ұрығын әкелу арзанға түсетін еді әрі бұқадан гөрі оның ұрығын табиғатымызға тез бейімдеуге болатын еді» деп дау айтушылар көп болды бір кездері. Бұл мәселеге сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Бұқаның өзін әкелген де дұрыс, эмбрионын тасымалдау да дұрыс. Өйткені бір бұқаны әкелу арқылы одан бірнеше рет тұқым алуға болады. Ал бағасы жөнінен эмбрион арзанға түседі. Бірақ бір бұқадан бірнеше рет тұқым алуға болатынын ес­керуіміз керек. Мәселен, бір бұқадан 15-20 мыңға дейін ұрық алуға болады.

– Жыл сайын малдан түрлі дерт табылып, оларды тобымен өртеу әдетке айналып барады. Мәселен, жақында Шығыс Қазақстан облы­сының Тарбағатай ауданында 800 бас малдан аусыл дерті табылуына орай көзі жойылды. Үржар ауданының Ақшоқы елді мекенінен дәл осы дерт сал­дарынан бір жарым мыңға жуық ірі қара өртелді. Жыл сайын малдың қырылуының сырын ветеринарлық жұмыстардың әлсіздігінен іздеуге бола ма?

– Әрине, жыл сайын ірі қара малдың арасында түрлі дерттер дендейтін болса, онда оның бірден-бір себебі – ветери­нарлық жұмыстардың жүйелі жүргізілмеуі деуге болады. Қазір еліміздегі малдың 70-80 пайызы жекеменшіктің қолында. Ал жекеменшіктің қолындағы малдың нақты есебі жоқ. Көбіне өз бетімен сыртта жүретін жылқы секілді түліктер бар. Өз бетімен жүрген малға уақтылы егу жұмыстары жүргізіліп, ірі қарада кездесетін қауіпті дерттердің алдын алу жұмыстары да жүйелі жүргізілмейді. Осы орайда айта кетер жайт, жергілікті әкімдіктер тарапынан мал басының санағы жүргізілетін болса, мал­дың иелері мал басын нақты көрсет­пеуге тырысады. Ал сол малы қандай да бір дертке шалдығып, шығын бола қалса, өтемақы талап етеді. Өкінішке қарай, қазір жекеменшіктің қолындағы малдың есебі жоқ. Негізі, жергілікті ветеринарлар әр шаруашылықтағы малдарды нөмірлеп, есебін жүргізіп отыруы керек. Жеке­меншіктің қолындағы малдың толық есебі болмағаннан кейін егу кезінде есепке ілінбей қалады. Егер бір мал егусіз қалып кетіп, бойынан қандай да бір дерт та­былатын болса, онда қалған малды егу жұмыстары далаға кетті деп санай беруге болады. Дәл осының салдарынан аусыл секілді сиырда кездесетін дертті біз ауыздықтай алмай отырмыз. Еліміздегі ветеринария саласы кейінгі он жылдың ішінде, өтпелі кезеңде қожырап кетті. Ветеринар мамандар кейбір ауылдарда мүлдем жоқ. Мал шаруашылығын дамы­тып, мал өсіруді жолға қоямыз десек, біз ветеринар мамандардың әр ауылда, әр шаруашылықта болуын қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақ бұл жерде біз жекемен­шіктің де жауапкершілігі болуын қамта­масыз етуіміз керек. Егер жекеменшік малын жасырып қалатын болса, уақтылы егу жұмыстарын жүргізбейтін болса, шара қолдану керек. Яғни біз жекеменшіктің жауапкершілігін арттыруымыз керек. Негізі, малға уақтылы егу жұмыстарының жүргізілуі тікелей ұлт қауіпсіздігіне қатысты дүние. Мәселен, қандай да бір ауру малдың сүті немесе еті халық арасына таралып кететін болса, оның зардабы үлкен. Мемлекеттің басты байлығы дені сау азамат екенін ескере отырып, біз малға уақтылы егу жұмыстары жүргізілуін қам­тама­сыз етуіміз керек. Және егілмеген бірде-бір малдың қалмауын қамтамасыз етпейінше жыл сайын қырылған малдан құтыла алмаймыз. Ауылдағы қазақ далада жайылып жүр деп малдың егілуін құнттай бермейді. Ал далада қасқыр, түлкі, ауырып далада өліп қалған малдың өлексесі ауру ошағы деуге болады.

– Қай бір жылдары елімізге Канададан бақташылар әкелді. Олар қазаққа мал бағуды үйрететін көрінеді. Мал шаруашылығы ата кәсібі болған қазаққа біреулердің келіп мал бағуды үйретуі ерсі көрінді. Бұл жайтқа сіз не дер едіңіз?

– Төрт түліктің бабымен жылдың төрт маусымын да табиғат аясында өткізетін қазақтардан артық мал өсірудің қыры мен сырын білетін халық жоқ екендігін көне тарих тәжірибесі дәлелдеген. Халқымыз ғасырлар бойы мал шаруашылығын да­мыту жағдайын жетілдіріп отырды. Бертін келе, мал бағудың көне дәуірдегі дәстүрі өзгеріп, шаруашылықты дамытудың уақыт­қа сай жетілген жаңа әдістері орнығып, мал жартылай жайылып бағылатын болды. Жаз айларында мал жайылымда бағылып, қыс­та қорада күтіп бағылатын болды. Қолға қарайтын мал үшін қысқа жеткілікті жемшөп қоры дайындалды. Тіпті тебінге түсетін жылқы малын да қатты қыс ай­ларын­да арнайы әзірленген жемшөп қорымен қосымша азықтандырып оты­ратын болдық. Дегенмен шетелден әкелін­ген малдың күтімі де басқаша болады. Сондықтан елінен сатып әкелінген малды қалай күтіп-баптаудың ретін үйретуге олар міндетті. Мал баққан қазаққа малды бақтыруды үйреткені несі деудің қажеті жоқ. Өйткені бір жағынан алып қарайтын болсақ, соңғы кездері малдың күтімін білетін, күйін білетін малшы қалмады. Қазіргі жастар малға онша құштар емес.

– Мал шаруашылығының басты мәселесі ретінде қай мәселені айтар едіңіз?

– Ветеринар мамандардың жетіс­пеушілігін айтар едім. Жас мамандардың ауылға барғысы жоқ. «Ауыл жылы» жария­ланып, мемлекет тарапынан ауыл шаруа­шылығына миллиардтаған қаржы бөліне бастаған бірнеше жылдың жүзінде де ауылға барып, тұралаған атакәсіпті тұрғызуға құлшыныс танытқан жастар қарасы көрінбеді. Жас мамандарды ауылға тарту мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылдадық. Бірақ онымен мамандардың ауылға ағылып кетіп жатқаны байқалмайды. Сондықтан «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасының тетіктері қайтадан қарастырылуы керек. Ауылдағы шаруа­шылық басшылары да барған маманға жоғары көлемдегі жалақы тағайындауын қамтамасыз етуі керек. Қазір біздің фермерлеріміз аз шығынды көп көріп, тартынудың салдарынан көп пайдадан қағылып жатыр.

– Тағы бір атап айтып кетпесе болмайтын нәрсе төрт түлік малдың терісі мен жүніне қатысты. Қазір мал­дың сүті мен етіне ғана назар аударып, терісі мен жүнін естен шығарған тәріздіміз...

– Дұрыс айтасыз. Қазір малдың терісі мен жүніне назар аударып, игеруге тырысып жатқан ешкім жоқ. Шын мәнінде, малдың терісі мен жүнін игерсек, қыруар пайдаға кенелер едік. Сол үшін ауыл­дардың жанынан тері мен жүн қабылдау пункттері ашылып, республика көлемінде арнайы цехтар ашылып, халқымызды табиғи өнімдермен қам­тамасыз етсе, бүгінгідей халқымыз бүкіл киім-кешекті шекара асып таситын халге жетпес едік. Қазір көрші Қытай елі өздеріне бірлі-жарым ауылдарымыздан болмашы тиын-тебенге тері, жүн алып алып кетіп жатыр. Тиын-тебенге кеткен терілер өзімізге жүздеген мыңдық былғары тон, шүберек болып келіп жатыр. Шағын бизнес өкілдерін қолдау жиі айтылуда. Сол айтылған сөз айтылған жерде қалмай, тікелей осы мәселелерге бағытталуын қамтамасыз ету керек. Қазір нақты мәселелер айтылып, оны шешу жолдары да қарастырылғанымен, құлшы­нып шығып, соны іске асыратын маман жоқ. Болмаса шағын бизнесті қолдау жүйесі аясында жастар тікелей ауылдан ет, тері, сүт өндейтін пункттер ашып, оны одан әрі өңдеу жолдары қарастырылса, талай мәселені шешкен болар едік. Қазақ қалаға жетіскеннен қашып жатқан жоқ. Ауылдағы 10 сотық жерінен қашып келіп, біреудің қуықтай пәтерін жалға алып, базарда арба сүйреп жүргеннен гөрі ауылдан мал өнімін өңдейтін пункттер ашып берсек, бүгінгідей талай ауылымыз жойылмас еді. Дәл қазір біз ішкі сұранысты да қамтамасыз ете алмай отырмыз. Қазір жылына 4 миллион­нан астам сүт өндіретініміз жайлы статис­тика бар. Бірақ мен соның өзіне үлкен күдікпен қараймын. Өйткені елімізде айты­латын статистиканың өзі көбіне күдікпен қарарлықтай дәрежеде. Әйтеуір жоғары жаққа жақсы көріну үшін бірінен-бірі өтіп, жалған цифрлар көрсетеді. Нәтижесінде мұндай цифрлардан экономикамызға залал келеді. Мәселен, шын мәнінде, елімізде жылына 4 миллион 400 литр сүт өндірілетін болса, сырттан сүтті қазіргідей көп мөлшерде тасымас едік. Ішкі тауарды сатып алушылардың бағасын мемлекет белгілеуі керек. Ішкі өндірілетін өнім сыртқы өнімнің бағасынан арзан болмаса, көпшілік арзандығына қызығып, сырттан келетін өнімді көбірек қолданады да, ішкі өнім сұраныстың жоқтығынан жабылып қалуға мәжбүр болады. Сондықтан өнім өндірушілерге мемлекеттік қолдау керек, салыстырмалы түрде бағасына бақылау керек. Ішкі өнімімізді қолдау үшін сырттан келетін өнімге салықты көбейтіп, өзімізде өндірі­летін өнім бағасына міндетті түрде бақылау қажет. Жалпы, мал өнімін тиімді өндіруге қатысты айтылып жүрген ұтымды ұсыныс­тар жетерлік. Егер соны жүзеге асырсақ, қыруар пайдаға кенелер едік. Бірақ соны іске асыратын адам жоқ.

– Мәселен...

– Мәселен, құрт, ірімшік, брынза секілді сүт өнімдерін фаст фуд түрінде өндіруге болады. Қазір шетелдің пайдасынан зияны көп өнімін жеп жүрген балаларымыздың 45 пайызы асқазан-ішек жолдары ауруына шалдыққан көрінеді. Егер соларға кириешки орнына құрт, ірімшік жегізетін болсақ, болашақ ұрпағымыздың денсаулығын сақтауға мүмкіндік туар еді. Қазір еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кілті тұтастай жаттың қолына көшкен. Химиялық қоспасы көп бұл өнімдердің адам ағзасына келтіріп жатқан кесірі де орасан. Қазір көптеген елдер азық түлік өнімділігін арттыру үшін гендік модификацияланған өнімдерге бой ұруда. Ал егін егіп, көкөніс, жеміс-жидек өсіруге жеріміз кең, құнарлы. Малдың жемшөбін дайындауға да жеріміз жетіп жатыр. Мал өсіруге де даламыз қолайлы. Бірақ осы мүмкіншілікті пайдалана алмай отырғаны­мызға жаным ауырады. Егер осы мүмкін­дікті пайда­лансақ, әлем халқы гендік модифика­цияланған өнімдерден бас тартып, табиғи, құнарлы біздің өнімдері­мізді пайдалануға тырысар еді. Осылайша әлемге табиғи, құнарлы, таза өнімдері­мізбен танылуға мүмкіндік туар еді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371