Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы, профессор: «Репрессияның ашылмаған «аралдары»
– Мәмбет аға, Алаш орда тарихын жетік білетін адамсыз. Қабырғалы қазақтың жартысынан астамы опат болған өткен ғасырдың 1921 және 32 жылдары аралығында болған аштық, одан кейін иісі қазақтың қаймағын сыпырып кеткен 37 жылғы қуғын-сүргін кезеңі сізге таныс.Қуғын-сүргін дегенде біз көбіне саяси көзқарасы қызыл империяға қайшы келген зиялыларымыздың жапа шеккенін еске аламыз. Ол кезде қызылдардың қырына тек билік тұтқасын ұстағандар ғана емес, ағартушылық жолда жүрген ғалымдар да ұшырады емес пе?
– Мәмбет аға, Алаш орда тарихын жетік білетін адамсыз. Қабырғалы қазақтың жартысынан астамы опат болған өткен ғасырдың 1921 және 32 жылдары аралығында болған аштық, одан кейін иісі қазақтың қаймағын сыпырып кеткен 37 жылғы қуғын-сүргін кезеңі сізге таныс.Қуғын-сүргін дегенде біз көбіне саяси көзқарасы қызыл империяға қайшы келген зиялыларымыздың жапа шеккенін еске аламыз. Ол кезде қызылдардың қырына тек билік тұтқасын ұстағандар ғана емес, ағартушылық жолда жүрген ғалымдар да ұшырады емес пе?
– Иә, оның рас. Жалпы, репрессия тарихы – ауқымды тақырып. Оның түрлі бағыттары, салалары бар. Біз соны салалап зерттегеніміз жөн. Мәселен, репрессияның ашылмай жүрген бір бағыты – биліктің ғалымдарды қудалауы. Бұл ретте ауызға алдымен ХХ ғасырдағы ұлттық ғылым бағыттарының негізін қалаушы Алаш зиялылары оралады. Кеңестік билік оларға байланысты репрессия жүргізген уақытында зиялыларды ғалым ретінде емес, саяси көзқарастары үшін қудалады. 30-жылдары жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлт зиялыларының қызметі мен міндеті принциптік өзгерістерге ұшырады. Қазақ қоғамының қандай бағытта дамуы мен мазмұнын анықтау кеңестік биліктің қолына көшті. Қазақ зиялылары ХХ ғасырдың басында осы міндеттерді өздері атқаруға тырысты, бірақ бұл міндеттен олар біржола ығыстырылды. Реформалау және оның мазмұнын белгілеуде билікке тартылған қазақ азаматтарына тек орындаушылық міндет жүктелді. Осыны түсінген Алаш зиялылары ендігі жерде тек ағартушылықпен айналысуға, ғылымға ден қоюға мәжбүр болып, өздерін осы салада танытуға тырысты. Өйткені оларға мемлекеттік басқару ісінде өз қабілеттерін танытуға біржола шек қойылды. Патшалық билік секілді кеңестік билікте де зиялылардың көзқарастарын сепаратистік деп бағалады.
1917 жылы желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезі оқу ағарту комиссиясын құрды. Төрағасы болып А.Байтұрсынұлы бекітілді, оның құрамына М.Дулатов, М.Жұмабаев, Т.Шонанов сынды тұлғалар кірді. Сонда қабылданған бағдарлама бойынша ендігі жерде оқулық жазу мәселесі күн тәртібінде тұрды және жазды да.
Ағартушылықтың негізгі қызметі – ұлттық дүниетанымды, сананы, бірегейлікті қалыптастыру. Ұлт зиялылары жазған оқулықтары арқылы ұлтты оятуға, көкейіне ой салуға, түрткі жасауға ұмтылды. Репрессия Қазақстанға ғана емес, жалпы, Одаққа тән құбылыс. Мәселен, Ресейдің өзінде ғалымдарды қудалау 20-жылдары басталды. Осы жылдары Ленинградта бір топ орыс ғалымы ұсталды. Бұл – Ресейдегі «академиялық істің» бастамасы. Сол репрессияның құрбандары академик С.Платонов, Е.Тарле, Н. Лихачев, М. Любавский сияқты көрнекті ғалымдар еді. Репрессия Ленинградта 1929 жылы басталып, «академиялық іс» бойынша 100-ден астам адам абақтыға жабылды. Бір айта кетерлігі – Ресейдегі репрессияның өз бағыты, мазмұны болды. Мысалы, С.Ф. Платоновқа: «Қазан революциясын, социалистік идеяны қабылдамадың, патшалық монархиялық құрылысты жақтайсың» деген айып тағылды. Яғни ғалымдар болшевиктік ұстанымды қабылдауы керек болды. Бейтарап қалған ғалымдарды билік өзіне қарсы күш деп таныды. Осылайша репрессия Ресейде тікелей партиялық таптық көзқарас тұрғысынан жүрді.
– Ал бізде қалай болды?
– Қазақстанда қудалау басқаша сипатта жүргізілді. Қазақ ғалымдарынан да большевиктік көзқарасты қабылдау талап етілді, сонымен қоса «буржуазиялық ұлтшылдық көзқарастасың деп, сондай-ақ қазақ ұлтшылдары» деп айыптады. 30-жылдары репрессия құрбандары болған ғалымдардың бірі һәм бірегейі – филолог ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбанов. Ғалымды Б.Қаратаевтың ізбасары, інісі деп атауға болады. Қ. Жұбановтың қатарластары 20-жылдардың аяғына таман ел ісіне араласа бастайды. Бұл буын алдыңғы буын ағалардың ықпалында қалыптасты. Қ.Жұбанов қатарластары сол кезде жарық көрген қазақ газеттерін оқып өсті. Әсіресе, оларға «Қазақ» газетінің әсері үлкен болды. Ғалым «Көсем» газеті мен «Тез» деген қолжазба журналын шығарды. Тергеу материалдарында Қ.Жұбановтың шығарған газеттерін ұлтшылдық сипатта, жастарға буржуазиялық көзқарасты насихаттады деп айып тағылған.
1930 жылдары Қ.Жұбановтың Ұлттық тілді жаңа сапаға көтеру, әкімшілік және ғылыми тілге айналдыру арқылы жалпыұлттық мүддеге қызмет етуге деген ұмтылысы байқалады. Ғалым саяси қызметпен айналыспағанына қарамастан 1937 жылы 19 қарашада қамауға алынады. НКВД офицерінің дайындаған қаулысында «Қ.Жұбановтың белгілі дәрежеде құнды болып табылатын жеке кітапханасы бар. Сондықтан оған тән кітаптардың бәрі де сот шешіміне дейін НКВД-ның комендатурасына тапсырыл-сын» делінген. Мұнымен қатар тінту кезінде 12 жазу дәптері мен бір бума түрлі қолжазба алынған.
– Тек Жұбанов қана емес, өзгеде «елім, жерім» деген ғалымдар түрлі себептермен қудаланды, абақтыға қамалды емес пе?
– 110/20 тергеу ісі бойынша «қазақ ұлтшылдары» деген желеумен Ж. Сұлтанбеков, Т.Шонанов, Т.Жүргенов сынды ұлт қайраткерлері жауапқа тартылды. Телжан Шонановты Мирзоянға қазақ тілін оқытатын оқытушы етіп бекітіп, Мирзоянды өлтіруді ойлаған деген айып тағылған. Мұны жасаған контрреволюциялық ұстанымдағы қазақ зиялылары. Яғни Шонанов өз әйелі Қазақ мемлекеттік университетінің студенті Шахзада Шонанованы пайдаланып, университетте өрт ұйымдастырды деген. Шахзада Шонанова Бақытжан Қаратаевтың інісі Асқар Қаратаевтың қызы. Алғашқы жолдасы Ыдырыс Мұстамбаев болған. Университет лабораториясын өртемек болдың деген айыппен сотталған. Өрт 1935 жылы 20-21 қазанда болған. Тергеу құжаттарында өртті ұйымдастыруға Қ. Жұбанов та қатынасты делінеді. Ақиқатын айтар болсақ, Қ. Жұбанов сияқты ғалымдардың жауапқа тартылуы логикалық тұрғыдан негізсіз, қылмысын дәлелдейтін бірде-бір дерек жоқ. Соған байланысты 1957 жылы 8 ақпанда Кеңестер Одағы Жоғарғы сотының әскери коллегиясы ғалымның ісін қарап, оған тағылған айыпты жала деп таниды. 30-жылдары ағартушылық, елдік ұстанымдағы ғалымдарға жасалған шабуылдың бұл бір ғана көрінісі.
Қазақстандағы репрессияның бір ерекшелігі – қудалау перманентті, яғни үзіліссіз жүрді. Бірде ашық, бірде жабық күйінде үздіксіз жалғасқан қудалау 1920 жылдары басталып, 1990 жылға дейін созылды. Осы аралықта талай қазақтың арда азаматтары жазықсыз жапа шекті. Қамалды, атылды, ит жеккенге айдалды. Негізсіз жала жабылып ұсталғандардың бірі – тікелей Голощекиннің тапсырмасы бойынша 1933 жылы Мәскеуге командировка барысында ұсталған қазақ қайраткері Ыдырыс Мұстамбаев еді. Алматыға алып келгеннен кейін тергеу жұмысы басталады. Оған «Түрік халық партиясын құрдың» деген айып тағылады. Партияның мақсаты – тәуелсіз Тұран мемлекетін құру деп көрсетіледі.Тағы бір қудаланған адам – Есмағамбет Исмаилов әдебиеттанушы ғалым ретінде танымал. Қазіргі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болған. Е.Исмаиловтың алғаш тұтқындалған жыл – 1933. «Түрік халық партиясын» құруға қатысты деген айып тағылғанымен, ол дәлелденбегендіктен қайтадан босатылады.
1933 жылы ұсталған зиялыларға олар істемеген істі мойындату үшін ОГПУ тергеушілері түрлі жауыз әдістер қолданған. Ол туралы Иса Тоқтыбаев жазған. Оның өзі де 1933 жылы Мәскеуде әскери академияда мұғалімдік қызмет атқарып жүріп «ұсталғандардың» бірі. Осы жылы неге белсенді қайраткерлер ұсталды дегенге келсек, бұл Голощекиннің әдейі жасаған ісі еді. Өйткені 1931-33 жылдардағы Голощекин өз қателігінен болған аштықтың себебін қазақ зиялыларына жаба салуды көздеді. Иса Тоқтыбаев 1933-54 жылдар аралығында үздіксіз қудалауда жүрді. Атылмады, аман қалды, бірақ өмірінің көп бөлігі қуғында өтті. Кейін Сталин қайтыс болғаннан кейін ОГПУ тергеушілерінің тұтқынға алынған жазықсыздарды қалай қудалағаны жөнінде жазды. «Осы ретте ОГПУ тергеушілерінің жасаған мынадай бір жағдайды ескертуге тиістімін. Сол тұстағы бұл мекеме тергеушілері «адам болса болғаны, ал оған таңылатын іс табылады» деген ұстанымды басшылыққа алды. Репрессия құрбандары мұны жақсы біледі. Қазақстан ОГПУ-НКВД тергеулері ұйымдастырған 1933-1954 жылдары басынан-аяғына дейін жүріп өткен тұлғалардың бірі осы – Иса Тоқтыбаев. Ол Ф.Голощекин ұстанымдарына ашық қарсылық көрсеткен. Оны тұтқындау туралы ОГПУ орындарына тапсырыс берген Голощекин болатын. Республикада қате жүргізілген саясаттың кесірінен аштыққа ұшыратқан өз кінәсін оппозициялық күштерге аударып салуды көздеді. Ал Иса Тоқтыбаевтың тікелей өзіне «басқа көрші елдерге ауа көшкен қазақтардың көшін ұйымдастырдың» деген айып таңылды. Бұл жөнінде И.Тоқтыбаев 1956 жылы Кеңестер Одағы коммунистік партиясының ХХ съезінің президиумына жолдаған шағымында: «Кәрі мылжың, мақтаншақ Ф.Голощекиннің айтуы бойынша тергеушілердің маған таққан айыбы бүтіндей жала болатын. Қазақтардың Қазақстаннан тыс елдерге көшуін ұйымдастырдың деген кінә ойдан шығарылған. Мен ешқашан да және ешқандай жерде Қазақстаннан басқа өңірлерге қазақтардың көшіп кетуін ұйымдастырған емеспін. Мен бұл істі қалай атқармақпын, егер қазақтардың басқа елдерге ауа көшуі кезінде Ленинград қаласында тұрып, Қазақстан территориясына аяқ баспаған болсам?», – дейді. ОГПУ тергеушілерінің жоқ жерден «қамауға алындың ба кінәлісің, кінәлі болмасаң боласың» деп қоқан-лоқы жасап отырған.
– «Болмағанды болды» деп үркіте отырып қол қойдырып алу, қызыл империяның кәнігі әдісі емес пе?
– 1950 жылдары жүргізілген қудалау саясаты тарихшыларды да айналып өтпеді.
Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов сынды қайраткерлер қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби тарихшылар болатын. Алғашқы буын тарихшылардың бойынан ұлт тарихын жазуға деген құлшынысты анық байқайсың. Олар қазақ тарихын объективті, ғылыми тұрғыдан қорытуға тырысты. Бірақ ол кездегі билік олардың бұл қызметін ұлтшылдық деп бағалады. Б.Сүлейменов Е.Бекмахановтан 48 күн бұрын ұсталған, бұл – тарихшылардан Бекмаханов қана қуғынға ұшыраған деген жаңсақ пікірді жоққа шығарады.
Тергеу материалдарынан байқалатыны – осы екі тарихшының тегіне қатты «үңілетіндіктері». Е.Бекмахановты ханның тұқымы десе, Б.Сүлейменовті байдың баласы деп көрсетеді. Тарихи деректер Б.Сүлейменовтің әкесі 5 жасында сүзектен, анасын 8 жасында белгісіз біреулер өлтіріп (әкесі өлген соң жастай қалған шешесін әмеңгерлік салты бойынша өзгеге қоспақ болады, бұған келіспеген анасын аттың құйрығына байлап өлтірген) қайтыс болады. Осы тарихшыларға байланысты тергеу жұмыстарының әділдік іздеу емес, қайткен күнде де кінә тағу мақсатымен жүргізілген. Б.Сүлейменов қайсар, өжет азамат еді. Ашуы келген тұста тергеушіні астындағы орындықпен ұрған. Ол екінің бірінің қолынан келе бермес нәрсе. Сотта өз кінәсінің жоқтығын ашық айтады. Әрине, біз тілге тиек еткен бір-екілі ғана ғалым адам-дар. Тізе берсек көп қой. Сол қызыл империяның қырына ілігіп, қуғын-сүргіннің құрбаны болған, жазықсыз жапа шеккен арыстарымызды ардақтап, халықтың есіне салып, дәріптеп отыру – біздің һәм келер ұрпақтың парызы.
Abai.kz