Абай өлеңдерінің қатарына қосқан дұрыс!
Биылғы жыл Абай өмірінде айшықты орын алатын даталарға тоқталсақ, 1903 жылдың қыркүйек айында Семей облысының Әскери Губернаторы генерал-майор Галкин «Секретно» деп Абай Құнанбайұлының өмір деректері мен қоғамдық қызметін көрсеткен хабарламаны Омбыдағы Дала Генерал Губернаторына жолдаған. Ерекше көңіл бөліп, кейінгі зерттеушілердің есіне салып өтер бір жай – 1903 жылдың қыс айынан басталған ақынның үйіне жүргізілген тінту.
1903 жылы – атақты ғалым Семенов-Тяншанскийдің редакциясымен шыққан «Біздің Отанымыздың толық жаграфиялық баяны» деген орыс тіліндегі кітапта (204 бет) Абайдың аты жаңа әдебиеттің бастаушысы деп ерекше аталды. Бұл оқиғаларға биыл 120 жыл толып отыр.
Өмірінің соңғы жылдардағы қайғылы оқиғалардан соң Абай көп өлең жазбады. 1890- шы жылдардың басынан тек қара сөздер жаза бастаған ақынның 1903 жылы жазған жалғыз «Жалын мен оттан жаралған» өлеңі. 1882-1903 жылдар аралығында Абай «Масғұт» поэмасын жазады деген дерек бар болғанымен дастандардың жазылған уақыты белгісіз.
Абайтанушы, ғалым Қайым Мұхаметханов Абайдың ел ішінде жарияланбаған сегіз өлеңін енгізген болатын. Солардың ішінде төрт жолдан тұратын Көкбайға арналған өлеңі кең тарай алмады. Ол:
Тағат деген не тағат Хақ жолында,
Мәһам жандар ізденіп жүр соңында.
Хақтың жолын танымай
қалтаң қағып,
К-т жуғанға мәз болған байғұс молда.
Шумақ шымыр, айтар ойы айқын. Абай сынына лайық. Осы өлең Абайдың 1995 жылғы толық жинағында енгізілген. Алғаш тауып жариялаған Қайым Мұхаметханов. Бірақ, бұл өлеңді Абай шығармалары ішінен емес, қосымша түсініктеме бөлімнен табасыз.
Төрт жол өлеңді бүгінгі күнге Мұстафа деген ақсақал жеткізгені жайлы мәлімет аталған жинақта қосымша берілген.
Онда Мұстафаның айтуы бойынша: «Семей қаласында тұратын Жақия қажының үйіне қонаққа барсақ, Абай мен Көкбай бар, үй толған қонақ екен. Мәжіліс ұзаққа созылды. Әңгімені көбінесе Абай айтады. Намаз оқитын уақыт болған кезде Көкбай мәжілісті тастап, дәрет алып келіп, намазын оқиды. Абай әңгімесін айтып отыра береді, Көкбай тағы бір кезде дәрет алып келіп еді, Абай әңгімесін тоқтата салып, Көкбайға қарады да, қолма-қол бір ауыз әзіл өлең айтып жіберді. Отырған қонақтар ду күлді» дейді.
Жалғыз ауыз туынды Абайдың Көкбайға шығарған суырып салма (экспромт) әзіл өлеңі кәзір де өзекті. Дін жолын толық меңгеріп алмай әйтеуір жұртпен бірге бос әуреге түсіп, әрекет етіп жүргендер көп. Әйтпесе, мешіт көп, неге адамдарда иман, мейірім жоқ? Діннің негізгі шарттары мен иманилықты бойларына сіңдіре алмағандық «дүмше молдалық». Өлең ойшылдың хақ жолы, дін, иман мәселелерін төрт жолға ғана сиғызуымен құнды.
«Абай жолы» романындағы «Жұтта» тарауында осы өлеңге сәйкес келетін оқиға баяндалады. Бұл оқиғаның ішінде Көкбай да бар. Оқиға былай өрбиді.
«Жасы қырыққа тақап қалған Көкбай бұрын бір кезде ақын, әнші Көкбай болушы еді. Қазір "молда Көкбай, халфе Көкбай" деген атына өңі, реңі де мүлде үйлесіп алыпты.
Абаймен амандасу үстінде Көкбай "хайыр дұғаңызда, аллаға шүкір" деген сияқты сөздер айтып амандасқан. Бұның мынадай сары аяз, сақылдаған қыс күндерінде елтірі ішік, бояулы тон, күпі, қаптал шапан, саптаманы тастағаны қызық. Қаланың, әсіресе мешіттегі намаздың киіміне ауысып алған. Абай бұл жайды өзгеше түсінді. "Көкбай мүлде іші-тысымен-ақ құдай жолына кеткенсіп алған екен" – деп ойлады.
Жай сұрасып болған соң, Абай Әлпейім шәкіртке бұрыла қарады да:
– Ал, Әлпейім, айтшы, сен бұл күнде не оқып жүрсің? – деді.
– Наху оқып жүрмін, Абай мырза! – деп, Әлпейім "не дер екен" дегендей жылтыраған көзін Абайға қадап, күлімсірей қалды.
– Е, жынды болуға аз-ақ қалған екенсің! Арабтың өзінің мақалы бар: "Фихқаны көп оқыған ақылды болады, нахуды көп оқыған ақымақ болады" деген! –деп, осы сөздерді Абай арабша да судыратып айтып шықты. Күле түсіп:
– Сөйтіп, жаңағыны айтқан мен емес, оқып жүрген арабыңның өзінің ғұламалары! – деп біраз отырды да:
– Әлпейім-ай, әкең Мұқыр – Тақырдың бойына ең алғаш егін еккен, ақыл тапқан қазақ еді. Саған да қызығы сол еліңе барып, еңбек сауған ғой. Көкшенің сен сияқты бір топ жасын осы бер жақ, ар жақтың мешіт, медресесіне шұбыртып жүрген мынау Көкбай ғой! Бұған ере беріп те қайтесіңдер. Жеке-дара бір жақсылықты осының өзіне ғана тұтасымен қиып берсеңдер етті! – деді. Бір заманда өзіне жас жолдас еткен Көкбайдан қазір түңіліп қалған көңіл танытты.
Көкбай әдеттегі ауызбаққыш, қабақ танығыш қалпымен Абайдың жаңағы сөзін көтерген кісі болды. Шыдаған болып, сыр білдірмей, үндемей тыңдады. Ішінен ойлағаны: "бірдеме десем ғой, тағы бір кетпес таңбадай өткір сөз, ащы мысқылын атып жібереді. Одан да осы Абай пәлесінен бұл тұста үндемей құтылайын!" – деп отыр».
Бүгінгі таңда иман мен сабыр, дін мен діл, құран сүрелерін айыру мәселесі алдыңғы орында тұр.
Абайдың бұл өлеңін кәзіргі мешіт имамдары назарына алып, көңіл бөлсе, жақсы мен жаманды айырмай жүрген біраз пендешілікке себі тиер еді.
Бұл өлеңді «Түсініктер» бөлімінен алып, Көкбайға арналған Абай өлеңдерінің қатарына қосқан дұрыс деп санаймын.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Abai.kz