Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6474 0 пікір 25 Маусым, 2013 сағат 06:46

Таласбек Әсемқұлов. «Оқығам жоқ...» (Басы)

Сөз басы

 

Қазақ осылай дейді. Егерде бір ұлы жазушы келіп бүгінгі қазақ интеллигенциясы жайлы, оның психологиясы жайлы роман жазатын болса, аталмыш «Оқығам жоқ» сол шығармаға эпиграф болуға жарайды. Әңгіме қазақ қоғамын, қазақтың қоғамдық ойын алға бастырмай, кейін тартып келе жатқан кежегесі жайында. Құрметті оқырман, бұл өзіңіздің де талай байқаған нәрсеңіз. Демек, мен сіздің көкейіңізде баяғыдан бар түйткілді әңгіме қылайын деп отырмын.

Сонымен, «оқығам жоқ». Хэмингуэйдің айтқан бір сөзі бар, әлеуметтің талантқа деген қатысына қатысты. «Жұрттың, сен жазған шығармаға назар аудармағанына қарап, алғашында қайран қаласың, содан кейін күлесің, содан соң ашуланып күйзелесің. Содан кейін саған бәрібір» дейді ол. Стилі есімде жоқ, мағынасы тура осылай. Хэмингуэй осы сөзін біз жайында айтқан сияқты.

Д.Корчинский өзінің «Революция «от кутюр» атты кітабында, қандай да болмасын халық республикаға айналу үшін ең әуелі публика кезеңінен өту керек дейді. Яғни, халық әуелі публика болып қалыптасуы керек, әрбір мәдени құбылыс, әрбір жаңа қоғамдық ой, идеяны бүкіл халық болып жабыла талқылап үйренуі керек деген сөз.

Сөз басы

 

Қазақ осылай дейді. Егерде бір ұлы жазушы келіп бүгінгі қазақ интеллигенциясы жайлы, оның психологиясы жайлы роман жазатын болса, аталмыш «Оқығам жоқ» сол шығармаға эпиграф болуға жарайды. Әңгіме қазақ қоғамын, қазақтың қоғамдық ойын алға бастырмай, кейін тартып келе жатқан кежегесі жайында. Құрметті оқырман, бұл өзіңіздің де талай байқаған нәрсеңіз. Демек, мен сіздің көкейіңізде баяғыдан бар түйткілді әңгіме қылайын деп отырмын.

Сонымен, «оқығам жоқ». Хэмингуэйдің айтқан бір сөзі бар, әлеуметтің талантқа деген қатысына қатысты. «Жұрттың, сен жазған шығармаға назар аудармағанына қарап, алғашында қайран қаласың, содан кейін күлесің, содан соң ашуланып күйзелесің. Содан кейін саған бәрібір» дейді ол. Стилі есімде жоқ, мағынасы тура осылай. Хэмингуэй осы сөзін біз жайында айтқан сияқты.

Д.Корчинский өзінің «Революция «от кутюр» атты кітабында, қандай да болмасын халық республикаға айналу үшін ең әуелі публика кезеңінен өту керек дейді. Яғни, халық әуелі публика болып қалыптасуы керек, әрбір мәдени құбылыс, әрбір жаңа қоғамдық ой, идеяны бүкіл халық болып жабыла талқылап үйренуі керек деген сөз.

Ағылшын Сомерсет Моэм бір мақаласында француз жазушыларының бір-біріне телефон арқылы романдарын оқитынын, оқығандарын сағаттап талқылап, талдайтынын айтады. Батыста солай. Себебі, Батыста публика бар. Ал бізде олай емес. Және біраз уақытқа дейін (немесе көпке дейін) олай болмайтын сияқты.

Қазақтың қаламгері, жазушы болсын, журналист я басқа болсын, ізденеді, тер төгіп жазады, жазғанын түрлі амалмен газетке, журналға басады, кітап қылып шығарады. Содан соң әлеуметке қарайды. Ал әлеумет... ләм-мим демейді. Қазақтың аспаны мақтадан жасалған сияқты. Дыбысты жұтып алады да, тұнжырап үнсіз тұра береді. Басымыздан талай өткен нәрсе. Ізденесің. Жазасың. Жариялайсың. Дыбыс жоқ. Содан соң «ағаларға», «көкелерге» апарып бересің. Бұнда да толып жатқан айла-шарғы керек. Қолдан келгенше жазған дүниеңді «көкенің» өз қолына және мүмкін болғанша куәлардың көзінше ұстату шарт. Себебі қазақ – жауап бермеудің, пікір айтпаудың техникасын шыңға шығарып дамытқан халық. Егерде шығармаңызды (кітабыңызды, мақалаңызды) «көкенің» ауыз үйінде отырған хатшы қызға беріп кеткен болсаңыз, онда сіз нағыз ақымақсыз. Себебі, ол шығарма адресаттың қолына ешқашан жетпейді. Телефон шаласыз. Хатшы қыз «кітабыңызды (мақалаңызды) ағайға бердім» дейді. Ал «ағай» «мен ешқандай да кітап (мақала) алғам жоқ» дейді. Енді «көкенің» өзіне барып, хатшы қыз екеуін беттестірдіңіз дейік. «Көкеңіз» сіздің көзіңізше бейшара қыздың жер-жебіріне жетіп ұрсады, «кітап (немесе мақала) қайда, жоғалтып жібергенсің ғой» дейді. Көріп отырсыз, бұның да амалы бар. Кітап «көкенің» қолына тимеген. Не дауыңыз бар? Кітапты «көкеге» өткізудің бірінші әрекеті сәтсіз болды. «Көкенің» пайдасына (1-0).

Енді екінші шабуылға кірісесіз. Амалын тауып кітапты «көкеңіздің» өз қолына ұстаттыңыз дейік. Бұнда да «көкеңіз» күнара жұмысқа келмей қалады немесе қабылдауында бір «кісілер» отырып, ауыз үйге бір минутке шығып кетуге еш мүмкіндігі болмайды, немесе өзі бір «кісілердің» қабылдауына кетеді, қойшы, қысқасы толып жатқан өткелектер мен нюанстар бар. Жақсы, осының барлығын жеңдіңіз, кітабыңызды (мақалаңызды) «көкенің» өз қолына табыстадыңыз. Енді сарғайған күтіс басталады. «Көке» тағы да жұмысқа келмей қалады, ауырып қалады, телефонға келе алмайды, т.т. Жарайды, осының барлығынан өттіңіз, «көкенің» шегінетін жері жоқ, тығырыққа тірелді. Міне, осы кезде «көкеңіз» әйгілі «оқығам жоқты» айтады.

Әлбетте, құрметті оқырман, сіз «осындай оқиға шынында да бола ма екен№» деп бір жағы күмәнданып, бір жағы күліп отыруыңыз мүмкін. Себебі, хикая – гротескке ұқсас. Күмәніңіз орынды. Бұл менің басымда болған оқиға емес. Мен бұны өзімнің тұрғыластарымның әр кезде айтқан әңгімелерінен құрастырып шығардым. Біреуге «сен маған пікір айтшы» деп жалынатын әдетім жоқ еді. Бұл – біздің ұрпақ, өнер мен әдебиетке өткен ғасырдың 80-жылдарында келген қаламдас бауырларымның басындағы ортақ тағдыр. Әр жерде отырған, баяғының қырыс төрелері сияқты қыртиған «көкелер» мен орталарында соқыр күшіктей болып адасқан інілер. «Көкең» әлдебір құдіретті елдің әміршісі сияқты, ал сен соның табалдырығына, соның қабылдауына жете алмай жүрген шетелдің елшісі сияқтысың. Осы айтқанымның артық-кем жері болар, бірақ біз көргенде «алдыңғы толқын ағалар» мен кейінгі толқын інілердің арақатынасы осындай болатын.

Орыс әлеуметінде «анкетное благополучие» деген ұғым бар. «Анкеталық баршылық», «анкеталық барақат» деген сөз. Халық ішінде сауалнама жүргізеді. Қағаз жүзінде бәрі де тап-тамаша болып шығады. Бәрінің тамағы тоқ, киімі көк. Ал шындығында олай емес. Осы ұғымды бізге де пайдалануға болады. Біз, осыдан біраз бұрын жарияланған мәліметке сүйенсек, он бір (11) миллион болыппыз. Шетелде жүрген қазақты санамағанда. Осы он бірдің жартысы ересек адамдар дейік. Осы жартысының бір миллионы белсенді оқырман (көрермен, тыңдаушы) дейік. Бұл бір миллионның 950 мыңын жастар деп алайық (жастар көп жағдайда пікірін риясыз, жасырмай айтады). Сонда жасы келген гуманитарийлердің саны 50 мың болып шығады (әрине, қазақта сонша гуманитарий жоқ, бұның барлығы шартты есептеу). Осы елу мыңның үш мыңдайын жазушы, ақын, философ, т.т. деп алайық та, «баспасөзді, әдебиетті, публицистиканы қадағалап отырасыз ба?» деп сауалнама жүргізейік. «Көкелер» барлығын «қалт жібермей қадағалап отырамыз» деп жазып береді. Енді «оқыған нәрселеріңізге пікір айтасыз ба, немесе жазасыз ба?» деп сұрау жүргізіңіз. Бірі қалмай «барлық елеулі құбылыстарға пікір айтам немесе жазам» деп жауап береді. Алайда, бұл тамаша мониторинг басынан аяғына дейін ... шылғи өтірік. Шындығында, туған мәдениетке пейілді бірді-екілі адам болмаса ешкім ешқашан пікір айтпайды да, жазбайды да.

«Кітапты өртегеннен де өтіп кеткен ауыр қылмыс бар. Ол – кітапты оқымау» депті Иосиф Бродский. Бұған «кітапты оқымаудан да өтіп кеткен ауыр қылмыс бар, ол – оқыған кітапқа пікір айтпау» деп қосар едік. Және, ең өкініштісі, бұл сұмдық дағды біздің ұрпаққа және ішінара бізден кейінгі ұрпаққа да жұғыпты. Менің бір бауырым бар. Гуманитарий. Қай сала екенін айтпаймын, себебі ол менің айтқан әңгімемнен өзін танып қоюы мүмкін. (Мен бұл жерде бір адам жайында емес, ұлттық мерезге айналған дағды жайында айтып отырмын.) Сұлу ат сияқты ізетті. Қысқа мерзімде кандидат болды, доктор болды. Жақын болашақта академик болып қалуы да ғажап емес. Әйтеуір алаштың бір баласы ғой, өсе берсін. Бірақ осы бауырым ... біртүрлі ... қызық. Кірпияз бекзаттығы мен мәдениеттілігі сондай, өзіне не керек екенін түсінбейсің. Ешқашан анық пікір айтпайды. Үнемі дзэн-буддашыл монахтар сияқты қашыртып, жұмбақтап айтады. Мағынасына жетіп көр. Таяу арада осы Астанада өткен бір Наурызда дастархандас болып қалдық. Өлшеулі құрмет, екшеулі ізет. Бір кезде отырып: «Егемен Қазақстанға» сіздің бір мақалаңыз шығыпты. Бәленше жақсы мақала деп мақтап отыр. Тауып оқимын», – деді. «Егеменге» менің әліпбидің ауысуына байланысты жазған «Әріптің тағдыры» атты мақалам шыққан. Бауырым соны айтып отыр еді. Сол жерде визиткамды бердім. Телефон алмастық. Бауырым сол күйі ізім-қайым жоғалды. Білем, мақаланы оқыды. Бірақ пікір айта алмайды. Ал егер мен оған телефон шалсам, жауабының дайын тұрғанын білем. «Оқығам жоқ!»

 

Оңай жолдан қиын соқпақ артық

 

Бір француз жазушысының айтқаны бар, «Кітап – ол ашық теңізге тасталған құмыра» («Книга – это бутылка брошенная в открытое море») деп. Қазақ кітабы, қазақ ойы жайында айтылған сөз. Ол құмыра біреудің қолына тие ме, әлде не заманнан кейін қаңғырып өзіңе қайтып келе ме – оны Құдай біледі. Әрине, теңіз бен құмыра – ол метафора. Ал шындығында тасқа басылған сөздің болжаусыз тағдыры қолдан жасалады. Басқа халық, басқа қоғамда біздің шаруамыз жоқ. Біздің білеріміз – қазақ қоғамы және сол қоғамның өз мәдениетіне деген пейілі.

Қазақ қоғамы уақытты жұмсау тұрғысынан алғанда – ысырапшыл қоғам. Қарапайым мысал: бір беттік қана мақаланы алыңыз. Бұндай мақаланы оқуға, көп болса, бір сағат уақыт кетеді. Оқып шыққан соң авторға өз пікіріңді айтуыңа бес-он минут уақыт кетеді дейік. Оп-оңай. Ал неге «оқи алмағаныңды» түсіндіру үшін ар мен ұятты белден басу керек. Қазақ осы екінші, қиын жолды таңдайды. Оқиды. Бірақ автормен кездескен сайын неге «оқымағанын» (немесе «оқи алмағанын») түсіндіріп әуреленеді. Осыған қанша уақыты кетеді. «Оқыдым» деген бір-ақ сөз. «Оқығам жоқ» – миллион сөз. Шындықтың жолы (мысалы, оқып шыққаның) – бір ғана жол. Өтіріктің жолы (оқи тұра «оқымадым» деу) – мың жол. Қазақ ерінбей-жалықпай сол мың жолдың барлығын шиырлап шығады. «Оқымағанын» өмір бойы түсіндіруге бар, әйтеуір пікір айтпаса болды.

Бұл – жазған дүниеңізді «оқымағандардың» ішіндегі инабаттысы. Ары-беріден соң осындай «оқымағандарға» зар боларсыз. Себебі, сізді «оқымаған» басқа бір әулет бар. Адамды шошытатын осы әулет. Бұл әулет, бір қызығы, сізге пікір айтады. Бірақ пікір айтуы... қалай түсіндірсем екен. Қысқасы, своеобразный пікір. Мәдениеттануда «тәннің тілі» («язык тела») деген ұғым бар. Бұл – ықылым заманнан келе жатқан мәдениет. Дәстүрлі, байырғы қоғамдарға тән. Қысқашалап айтсақ, әрбір кәсіптің өзіне ғана тиесілі тәннің тілі бар. Көне қоғамдардан тамыр тартатын би мектептерін былай қойғанда, естуімізше, Үндістанның Ахмадабад деген қаласында қайыршылар мен тіленшілерді оқытатын арнайы университет бар екен. Бұл оқу орнын бітіріп шыққан профессионалдар көшеде тұрған тұрысымен, бет әлпетімен, қысқасы, «тәннің тілінде» сөйлеу шеберлігімен ең қатыгез деген адамның жүрегін жібітіп, қалтасындағы тиынын қағып кетеді екен.

Біздің қазақ – осы «тәннің тілін» теңдесі жоқ дәрежеде меңгерген халық. О, сіз бір қоғамның көңілінен шығатын мақала жазыңыз! Ертеңіне көресіз. Оқырмандарыңыз қас-қабақпен, күжірейген жауырынымен, тоң болып қатқан мойнымен, тұрған тұрыс-позасымен, саусақ-башпайымен, даусының ырғақ-интонациясымен сізге қатысты өзінің «пікірін» айтып береді. Біздің қазақ желкесімен ғана тұтас романдарды баян етіп бере алады, кеудесінде тұнып жатқан, жақсыға, талантқа, барлық жарқын құбылыстарға деген ұшан-теңіз өштігін жеткізе алады.

Мен 1996-98 жылдары қазақ-түрік «Заман-Қазақстан» газетінің орыс бетін шығарып отырдым. Бірде өзіммен қызметтес, жазушы Дидар Амантай екеуміз бір сұхбат өткіздік. Қазақ және әлем әдебиетінің, мәдениетінің біраз проблемаларын сөз еткен едік. Совминнің ауруханасында емделіп жатқан бір белгілі адам, редактор Жұмабай Шаштайдан газет сұратыпты. Апарып бердік. Ол адамның жанында қазақтың тағы бір белгілі «кісісі» бар. Көрші палатада, ол да емделіп жатқан көрінеді, көршісіне келіп шай ішіп отыр екен. Менің бұл куә болғаным – өмірдегі сирек құбылыс. Көршісіне келіп шай ішіп отырған сол «кісі» біз есіктен кіргеннен көкпеңбек көкталақ болып бетімізге қарады да отырды. Көзқарасы қорғасындай ауыр, өнебойымызды қарып бара жатыр. Бірден түсіндім. Сұхбатты оқыған («оқымаған»). Қылмыс істеп қойғандай ыңғайсызданып, Дидарға «кетейік» дедім. Бірақ палатаның иесі, қазаққа пейілді адам еді. Әңгімесі таусылатын емес. Сұхбатты кеше кешке көршісінен сұрап оқып алғанын, содан соң Жұмабайдан өзіне арнайы бір дана сұратып алып отырғанын, қазақ мәдениеті осындай жақсы жазылған дүниелермен көркейетінін, өзінің бір журнал ашқалы жатқанын, ол журналға Дидар екеуміздің міндетті түрде қатысуымыз керек екенін, т.т. айтты. Міне, ақсақалдың осы әңгімесінің барысында қонаққа келіп шай ішіп отырған «кісі» бізге ажырая қарап, көзімен өртеді де отырды. Қоштасып шығып бара жатқанымызда аталмыш «кісі» ақыры өзінің пікірін айтты-ау:

– Жұмабай да, әйтеуір қызық, бала-шағаны жинап алып, көсемсітіп пікір айтқызып. Неменеге керек бұл.

Бала-шаға! Ал сол 1997 жылы бұл бала-шағаның, яғни, менің жасым тұп-тура қырық екіде екен.

Осынша өштіктің сыры, себебі неде? «Автоматтық өштік» («автоматическая ненависть») деген ұғым бар. Бұл әдетте тарих сахнасында – бір-бірімен аяусыз жауласқан халықтардың арасында болатын өштік. Мысалы, неміс пен орыстың бір-біріне деген қатынасы. Екі халықтың өкілі бір жерде ұшырасып қалды дейік. Орыс танысып, немістің неміс екенін білгеннен кейін, оған деген өштігі лап етіп оянады. Ешқандай себепсіз. Неміс орыстың орыс екенін білгеннен кейін тура осындай реакцияны бастан кешіреді. Міне, бұл «автоматтық өштік», яғни, өштік генетикалық деңгейде ұлттық әдетке айналған.

Мынадай бір оқиға есіме оралады. 2007 жылы мен әйел-баламмен Анталияның Чамюва деген жерінде демалдым. Отельдің кафе-барында қызмет ететін Халит деген бір жас түрік сол жылы болған бір оқиғаны айтып берді.

– Сіздің алдыңызда демалған Ресейдің орыстары осы жерде шатақ шығарды. 9 мамыр күні араққа тойып алып, осы отельде демалып жатқан Германияның туристерін іздеп барып төбелес шығарды. Өздері көп. Әл бермей қойғаннан кейін Анталиядан полиция шақырдық. Бір автобус полицейлер келгенше қаншама немісті соққыға жығып, жаралап тастады. Содан соң орыстардың барлығын автобусқа тиеп Анталияға апарып, ұшаққа мінгізіп еліне қайтарып жіберді. Солардың барлығы «персона нон грата» болып қара тізімге ілінді. Енді Анталияға келе алмайды.

1945 жыл мен 2007 жыл. Есептеңіз. Жеңістен кейін 62 жыл өткенде болған жәйт. Алайда бұл – бір-біріне жау болған екі халықтың өкілдері. Ал Совминнің ауруханасында кездескен «көкеміз» бізді бірінші рет көріп тұр. Оның үстіне ол – қазақ қой. Аталас, қандас. Жасы үлкен аға.

Бірінші рет көріп тұрған, танымайтын адамға көрсетілген бұл қаскөйліктің шын аты, ғылыми аты – «автоматтық өштік».

Кемеңгер Асекең, Асқар Сүлейменовтың айтқаны бар ғой, «Қазақтың полемикасының бытысқан-шытысқан терминологиясын алып тастасаң, түп негізінде адамның адамға деген жаулығы ғана жатады» деп. Рас сөз. Жетіп айтқан сөз. Ұлттық мәдениетке, жалпы өнер идеалдарына адал, қазаққа болсын дейтін ат төбеліндей азшылықты есептен шығарып тастасаңыз, қазақтың жарқын құбылыстарға деген реакциясының түп негізінде жаулық, өштік жатқанын ғана көресіз.  

 

Үнсіздік қоршауы және тағы басқа «қазақы» келісімдер

 

Жақсыға, талантқа, талантты құбылысқа қазақтың көрсететін тағы бір қыры бар. Ол – бүкіл қоғам келіскен үнсіздік. Қазақтың дарынды баласы әлемдік деңгейде бір шығарма жазды дейік. Сол күні қазақ әлеуметін жым-жырт тыныштық басады. Жаңағы бейбақты барып құттықтайсың, жұбатасың. Содан соң сонымен бірге пікір күтесің. Алайда қара жамылған әлеумет әлі үнсіз. Бұл траур қашан аяқталады, әлде сол аяқталмаған күйде кете ме – ол бір Құдайға ғана аян. Асекеңнің және бір айтқаны бар, «Промолчать – значить солгать» деп. Ол кісі өзі ойлап шығарған афоризмдерінің кейбіреуін орысша айтатын. Бұл оның «Үндемегенің – өтірік айтқаның» дегені. Себебі, сен үндемей, жақ ашпай отырғаныңмен жамандыққа қолқабыс етіп отырсың. Сенің үнсіздігіңнің арқасында қиянат салтанат құрып отыр.

Палестиналық монах Авва Дорофейдің айтқаны бар, «Біреу ойша өтірік айтады, біреу сөзбен өтірік айтады, ал базбіреу бүкіл өмірімен өтірік айтады» («Иной лжёт мыслию, другой лжёт словами, а иной самою жизнию своею») деп.

Басымнан өткен бір хикаяны айтайын. Бір бай қазақ біреу арқылы «қазақтың ескі өмірінен бір сценарий жазып бере алар ма екен?» деп қолқа салды. Қазақ-қалмақ соғыстары кезіндегі мифологиялық оқиғалардың біреуін негізге алып «Жезтырнақ» атты сценарийді жаздым. Бірақ жеме-жемге келгенде инвесторымыз «сценарийдің ішінде қазақ пен қалмақтың үлкен соғысы бар екен, бұл өте қымбатқа түсетін фильм» деп жобадан бас тартты. Кейіннен бұл сценарий Оңтүстік Кореяда өткен сценарийлер конкурсында екінші жүлдені жеңіп алды. Енді бес жылға дейін ол шығарма Оңтүстік Кореяның меншігі болып саналады. Әрине, олар, сценарийді адаптациядан өткізеді, оқиғаны Кореяда өткен қылып көрсетеді, өздерінің ұлттық тарихының дерегіне айналдырады. Өкінішті, бірақ амал жоқ. Алайда, әңгіме онда емес. Осы конкурстан пәленбай жыл бұрын аталмыш сценарийді қазақтың белгілі режиссеріне ұсындық. Пікірін... алты жыл күттік. Алты жылдан кейін қайтарып берді. Қара жамылып тұрған режиссерден пікір сұраудың өзі былай... ыңғайсыздау ғой. Үндемеген күйі алып жүре бердік. Алайда, әңгіменің қызығы алда. Ұмытпасам, 2010 жылдың көктемінде ғой деймін, Алматыдағы Кино үйінде бүкіл қазақтың киноқайраткерлері бас қосқан жиын болды. Сол жиында аталған режиссер ашынып бір сөйледі.

– Осыдан бір ай бұрын мен «Қазақфильмге» өзімнің сценариімді ұсындым. Әлі күнге дейін жауап жоқ. Сценарийге деген бұндай отношениемен (ықылас-пейілмен) кино өнері қалай өркендейді, айтыңыздаршы, кәне? – деді режиссер күйзеліп.

Байыптай қарадым. Кереметі, ол шын күйініп тұр еді!

Жақсының атын өшірудің, жақсыны мұқатудың енді бір амалы бар. Ол – жаманды мақтау, қортықты, бәкене бойлыны асқақтату. Баяғыда, өткен ғасырдың ар жағында болса керек, әлеуметтің осы аюани кесір салтының арқасында даңқы күнмен теңескен, орыстың бір боқташақ жазушысының айтқаны бар, «дүниеде Достоевский мен Чеховтың бар болғаны қандай жақсы, бұлар болмаса мен ешқашанда мынадай атаққа жете алмас едім» деп. Яғни, Достоевский мен Чеховтың кегіне, осы екі алыпты мұқату үшін ақымақ әлеумет аталмыш жазушыны аспанға көтерген.

Біздің қазақ осы амалды тамаша меңгерген. Талай көргенбіз, ағалардың бұра тартып, езулей шапқанын, бүйректен сирақ шығарып, жақсыны мұқатып, жаманды шыңға шығарғанын. Бірде Ә.Қашаубаев конкурсына қатысып, өзінің қылтасынан келетіндерден жеңіліп, тауы шағылып, жападан-жалғыз қайтып келе жатқан тамаша әншімен пойызда ұшырасқаным бар. Вагон-ресторанға ертіп апарып, коньяк әперіп, жұбаттым. Қолымнан басқа не келеді? Кейіннен осы эпизодтан туған ойларым «Біржан Сал» фильміне енді. Біржан мазардың қабырғасына маңдайын тіреп тұрып, «Аяқ-табақ жалаған сарай әнші, сарай күйші етігімен төрге шыға ма деп қорқам. Шын өнердің бағлан басы табалдырықта қала ма деп қорқам» дейтін жері бар емес пе? Міне, бұл сөзді айтқызған, баяғы Біржанның бүгінгі адал мұрагері, адал інісі, сол пойызда кездескен әншінің күйзелген көңіл-күйі еді.

Жақсыны мұқату үшін, оның атын өшіру үшін жаманды, боқташақты көтеру. Бүгін бар, әлі тірі жақсы өнерпазды мұқату үшін өліні асқақтату, өліні құрметтеу. Бұл – күнделікті болып жататын, өмірдің заңына айналған көріністер. Қазақта «Өлген арыстаннан тірі тышқан артық» деген мақал болыпты. Бұл мақал баяғыда өзгеріп кеткен. Ендігі кесір мақал – «Тірі арыстаннан өлген тышқан артық».

Құрметті оқырман, мен, жазған дүниеңді «оқымайтын» қауым және әншілер конкурсының тағдырын шешетін әділетсіз жюридің арасын бөліп қарамаймын. Екеуі, жоқ, екеуі ғана емес – барлығы, бір табиғаттан тамыр тартады. Барлығы да – «оқығам жоқтар».

Енді бір «нәзік» құбылыс бар. Осы «нәзіктігінен» болар, әзірге зерттеушілердің назарына ілінбей, тыс қалып келе жатыр. Бұл да – «оқығам жоқтың» адам танымастай болып құбылған бір формасы. Мынадай мысал: менің бір бауырым бар. Қолдан жасалған «қоғам қайраткері». Әр нәрсенің басын шалып бір әдеби газетте жүрді, содан соң теледидарда қызмет істеді. Сол бауырымның, ұмытпасам, «Қазақ әдебиетінде» жарияланған бір мақаласын оқып отырып күлкіден жығылып қала жаздадым. «Мақаласының» бір жерінде ат жоқ, жөн жоқ (орыстар бұны «ни с того, ни с сего» дейді) «мен Абай заманында өмір сүрген қазақтардың табанын жалар едім» деп тоңқ еткізеді. Құрметті оқырман, мақтанайын, мен ес білмеген кезімнен осы бүгінгі күніме дейін өмірдің де, өнердің де, есебіне сан жетпейтін өткелектерінен өткен өте тәжірибелі адаммын. Мен адамның көзіне, тұрған тұрысына, ернінің емеурініне, даусының ырғағына, қаламының дір еткеніне қарап оның ішінде нендей иттің өліп жатқанын қапысыз ажыратамын. Бірақ білгенімді айтпаймын, интуициямды сездірмеймін. Сол себепті менімен отырған, менімен әңгімелескен ыңғайлы.

Мәселеңки, жаңағы бауырымның «мақаласындағы» «ойдың» шыққан тегін, мені оқығанын, оқыса да неге «оқымағанын», сілтеменің не себепті жоқ екенін – осы толып жатқан нюанстарды, нансаңыз айтайын, цитатаның алғашқы әрпінен, секундтың мыңнан бір бөлігіндей уақыттың ішінде тауып қойдым (кешіріңіз).

Дәлел керек болса, мархамат. Басқа бір шығармадан цитата келтірейін:

«...Біраз біз қандай халықпыз? Кімдер едік, кімдер болдық? 1456 жылдан бастап бес ғасыр кескілес барысында біз биологиялық ең текті, таза, ғазизлеген қанымыздан айрылдық. Бес ғасырға созылған соғыстың, бес жүз жылдық «кері селекцияның» шығынына ешбір генофонд төтеп бере алмайды. Керей мен Жәнібек, Еңсегей бойлы ер Есім, Салқам Жәңгір мен Абылай заманының қазақтарын былай қойып қойыңыз, біз тіпті Абай заманындағы қазақтармен қай жағынан болса да шендесе алмаймыз. Иә, иә, таңқалмаңыз, себебі қандай тайғақ кешуден өтсе де, қазақтың қаны өшіп бара жатқан инерция бойынша Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты тұлғаларды жаратты».

«Қоғам қайраткері» бауырым, менің «Аштық және соғыс» атты, кезінде жақсы резонанс тудырған мақаламды оқыған (яғни, «оқымаған»). Абай заманындағы қазақтар туралы ой ұнаған. Бірақ қалай алу керек? Артта, мені мақтау, немесе маған сілтеме жасау былай тұрсын, менің атымды атаған үмбетін аямай, шықпыртып сойып алатын «режиссер» көкелер тұр. Бауырым тамаша амал тапқан. Егер біз, оқыған-тоқыған мына біздің өзіміз, сол Абай заманындағы қазақтармен қай жағынан алғанда да шендесе алмайтын болсақ, онда ... ондай қазақтан неге айналып кетпейміз? Олай болса «Абай заманында өмір сүрген қазақтардың табанын жалау» немесе «сүю» – өз-өзінен келе қалатын нәрсе ғой. Әрі өзі, әрі өзге. Дәлірек айтқанда, бұрынғы тігістің орны көрініп тұрғанымен – өзге. Баяғыда бір ағамыз болып еді. Плагиаттың өте жұмсақ, нәзік түрлерін пайдаланып, не онда емес, не мұнда емес «пікір» айтып, былықтырып отырушы еді, жарықтық. Ең басты мақсат – сілтеме жасамау, сенің атыңды атамау, қолдан келгенше сені «оқымағанын» көрсету. «Самопал» «қоғам қайраткері» менің сол ағамды елестетіп отыр. Оның мені «оқымағанына» шын сендім. (Шынында да оқымаса, кәдімгідей оқымаса жақсы болар еді).

Әрине, «көкелер» оқи тұра неге пікір айтпайтынын түсіндіріп бере алады. Көп жағдайда «ештеңеге араласқым келмейді», «бейтарап болғанды қалаймын» деген уәж айтылады. Алайда, «бейтарап болу», ол да ... шылғи өтірік. «Бейтараппын» деген – күштілердің жағындамын деген сөз, соның әдемі түсіндірмесі. Ал шын өнер адамы қашанда қорғансыз.

Нұрғали Ораз деген қаламдас бауырым бар. Көп сезінеді, терең сезінеді. Сезінгенін әдемілеп жеткізе біледі. Бірде сол бауырым: «Әй, Тәке, басыңды қатырып қайтесің. Пікір айту, рецензия жазу, баяғыда рынокқа айналып кеткен, нарықтың заңымен жүреді. Пікір – кәдімгі тауар, ал тауар сатылады», – деп еді.

Рас айтады. Заман озған, ал біз артта қалыппыз. Бірақ мынаны айтқым келеді. Біздің «көкелеріміз» әдебиет кеңістігінен де кеткісі жоқ, яғни, әдебиетші болып та жүре бергісі келеді, сондай-ақ жауларын да көбейткісі келмейді. Күштілердің қас-қабағына қарап «бейтарап» та болғысы келеді, бірақ аздап пікір айтқысы да келеді. Саяси күштердің арасалмағын ежіктей есептеп отырып, екшеп отырып жазған рецензиялары көп жағдайда құлпытасқа таңбалаған эпитафияны елестетеді. Екі қарап емес – он қарап бір шоқыған бұндай «шығармашылық» ақыр-соңында маразмға айналатыны белгілі.

Біз адамның бағасын оны көмгенде ғана, зират басында ғана айтатын ұлтқа айналдық.

(Жалғасы бар)

(«Алматы ақшамы», 20 маусым, 2013 жыл)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5319