Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Билік 2576 6 пікір 11 Тамыз, 2023 сағат 14:13

Қазақ-ауған әріптестігі. Тәліптердің көлеңкесі

Қазір Батыс пен Орыстың БАҚ-тары «Қазақстан неліктен тәліптермен әріптестік жасайды, оның аяғы неге әкеліп соғады?»  деген тақырыпты тауып алып, өздерінің таным-түсінігі мен дүниетанымы аясында өздерінше жауырынға қарап бал ашып, жаһанға жар сала бастады.

Осы тақырыпты елімізде шығатын әрі Украина осы тілге қырын қарай бастағаннан кейін, әрі Ресей мен Беларуста бұл басылымның басынан бағы тайған соң, біздегі «Forbes Казахстанның» жұлдызы жанып, қазақ тілді әрі мұсылман ділді орта ауызға алмайтын талай дүниелерді құлағынан сүйреп, шығыс славян рухты ортаға тарата бастады. Біздің елдегі орыс басылымын құр жібермейтіндер кейде «әу, дүние не болып барады?» деген ойға қала бастады.

Осы жолы «Forbes Казахстан» тағы да сол бір жүрісінен жаңылмай, ОА елдерінің жанды жері ислам дініне бір соқтығып өтті. Бұл жолғы соқтығыс «Қазақстан неліктен тәліптермен әріптестік жасайды, оның аяғы неге әкеліп соғады?»  деген тақырыпты қамтыды. Дегенмен 2005 жылы Қазақ Жоғарғы Соты «Талибан» қозғалысын ел аумағында тыйым салынған лаңкес топтардың тізіміне енгізген болатын. Одан кейін 2021 жылы Батыстың қыспағымен қазақтар «Талибан» қозғалысына тыйым салған еді. Бірақ, дүние бір орында тұрмайды. Тәліптер билікке қайта келген соң, ОА елдері шекарасының алыс-жақындығына орай олармен көршілік, достық тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Әрине кім билікте болса, қарым-қатынас сонымен жасалады. Қазақ билігі де осы қадамға барды. Себебі қазақ бидайы нарыққа шығу керек. Ол нарық тәліптер билеген ауған жерімен өтеді. Сол себепті 3 тамызда елдордамыз Астанада бірінші қазақ-ауған бизнес-форумы өткені де заңды нәрсе. Одан ойбайлап, проблема тудырып керегі жоқ. Әрі осы бизнес-форумға қолына автомат ұстаған тәліптер емес, 40 жылдық соғыстың небір құқайын көрген ауған қалталылары келіп қатысып отыр.

Бірақ бұл қадам Батыстың құптауымен жүзеге асты дегенді «Казахстан получил экономическую и политическую поддержку от крупных геополитических игроков касательно своих отношений с Афганистан…» деп бұлдыратып беріп отырған осы басылымның көздегені не?

Біріншіден, ауған астық нарығына Ресей көз аларта бастады. Қазақтар ешкімнің түртпегінсіз оның алдын алу үшін осы қадамға барды.

Екіншіден Батыс Украинаны Африкадағы азық-түлік нарығынан Ресейдің ығыстырып шығаруына жол беріп қойған қатесін, ОА шектес елдерде де орын алуын қаламайды. Қазақтарды орыстар бұл нарықтан ығыстырса, Путиндік режім бел алып кетеді. Әрі Украина жеріндегі соғыс осы саудадан түскен қаржы арқылы қаржыландырылып, оның арты тым ұзаққа созылу қаупі бар. Ресей санкцияның қылбұрауынан құтылу үшін бұрынғы КСРО боданы болған, экономикалары сыртқы саудадағы шикізатқа байланған ОА елдерінің әзірше өздері иеленіп отырған нарығын жаулап алуға көшті. Осы қатерлі құбылысы «Талибан» қозғалысымен ынтымастық орнатудың басты орында тұрғанын көрсетеді.

Ресей осы қозғалысты құшақ жая қолдағанына Батыс кезінде күлген де болатын. Енді Африканы азық-түлікпен Ресей өз баурына басуына оларды ойланта бастады. Иә, әлемде 203 мемлекет бар. Тек олардың 50-ден астамында ғана шынайы демократия бар. Бұл Батыс үшін «Көп қорқытады, терең батырадының» кері.

Ал, ДАИШ-пен күреске пайдалану, апиын тасымалына тосқауыл қою екінші кезектегі мәселе. Өйткені, тап осы ДАИШ бүкіл әлемге қатер төндіріп отырған жоқ. Ал, қару, адам және есірткі саудасы «Талибанның» емес, қылмыс әлемінің қолындағы қарулар. Осы қаруды әлі олардан ешкім тартып ала алған жоқ. Ауғандағы апиын серкелері керек десеңіз тәліптерді бір күнде тақтан тайдыра салады.

Ең бастысы осы топ билікке келгеннен бері екі ел арсындағы тауар айналымы екі есеге өсіп, $987,9 млн. жетті. Сонымен Ауғанстан – дәл қазір кім билесе де, қазақ үшін «күлшелі бала», сондықтан, өз ұлттық мүддесін не орыстың, не батыстың өз кәдесіне жаратып кетуін еш қаламайды.

Осы бір бизнес-форум қазақтың ешкімнің айтағымен жүрмейтінін ұқтырды.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

6 пікір