Сенбі, 23 Қараша 2024
Араша 2715 11 пікір 14 Тамыз, 2023 сағат 15:28

Дүйсенова ісі: Қазақстанда еркін ойлы журналист болу қауіпті...

Сурет: ҚазТАГ-тікі

11 тамызда қазақстандық журналист Сандуғаш Дүйсенова ұсталды. Ол «Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу» (147-бап) бабы бойынша айыпталған. Қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан.

«Процессуалдық шаралардан ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қазір тергеу облыстық департамент бақылауында. Іс бойынша өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды», – деп жазылған полиция хабарламасында.

Сандуғаш Дүйсенова өзінің ұсталуын «тапсырыс» деп атады.

«Мені 11 тамыз күні тергеуші кешке 17:00-ге шақырған. Ойымда ештеңе жоқ, бара салдым. Үстімнен арыз түскенін айтып, тергеуші сұрақтары барын жеткізді. Арыз түсірген осыдан 1,5 жыл бұрын адам өлтіріп, қашып жүрген адам екен. Сол кезде қылмыскер туралы өзімнің Instagram парақшамда жазған едім. Егер бұл адам туралы ақпарат болып жатса, полицияға хабарласыңыздар деген сарындағы пост салғанмын. Кейін Қызылағашқа барып, видео түсіргенім бар. Қылмыскер қолында 2 жасар баласы бар адамды атқан. Бала да жараланған. Менің бар айыбым сол адамның жеке сәйкестендіру нөмірі жазылған қағазды салуым ғой. Енді түрмеде отырған адам Жетісу облысының прокурорының атына «жеке өміріме қол сұқты» деп арыз жазған… Бар жазығым адам өлтірген кісі жазадан құтылып кетпесін, деп айғай-шу көтергенмін!..Бұл - тапсырыс!», – деп жазды Дүйсенова.

Журналистің экс-әріптесі Самал Қабышева да осы нұсқаны жариялаған. Оның айтуынша, болып жатқан жағдай Сандуғаш Дүйсенованың сағын сындырамыз деген белгісіз азаматтардың тірлігі.

«Бұл жерде тек Сандуғашқа кек ұстаған адам осыны пайдаланып, арыз жаз деп бағыт берген деп түсінемін. Сондықтан Сандуғаштың ісін Мемлекет басшысы тікелей өз бақылауына алса деп сұраймын. Қоғамдағы әділетсіздікпен күресіп жүрген адам біреудің кегі үшін бұлай күйіп кетпеуі керек», – дейді Самал Қабышева.

Қазақстан Журналистер одағының Астана қаласы бөлімінің жетекшісі Әмір Хасенов: «Жаңа Қазақстанда журналистерді болмашы себеппен ұстайды, ал халқын тонаған олигархтар мен шенеуніктерді оңай бостандыққа жібереді», – деп жазды.

Сандуғаш Дүйсенова қолхатпен босап шыққан соң, тергеу изоляторында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қалай қорлағанын айтып, мәлімдеме жасады.

«Тергеушінің кабинетінде үлкен камера тұрған. Сол жерде шешіндірді. Бұл полиция департаменті басшысының қойылған камерасы болса керек. Облыстағы полиция басшысы – ер адам. Менің бала-шағам, немерелерім, күйеу балаларым бар. 55 жастағы әйелмін. Бірақ соған қарамастан, осылай шешіндіріп, қорлық көрсетті. Бұл видео басқа жаққа тарап кетпесіне кім кепіл? Ертең видео тараса, мына Сандуғаштың шешініп тастағаны несі деп біреу айтуы мүмкін ғой. Кейін наркологияға, сосын арақ ішкен-ішпегенін тексеретін бөлімге апарды. Іш киімдерімді тартып алды. Төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіме тура келді. Масқара жағдай. Мен бірақ айтқандарының бәрін істедім. Қарсылық танытпадым. Намысқа тырыстым. Енді үйге келіп, осынша қорлық көргенім намысыма тиіп жатыр. Сөйтіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Жігіттер ұялды ма, әйтеуір, дұрыс матрас, көрпе-төсегін берді. Ал түнгі 00:40-та үйіме жіберді», – дейді журналист.

Жетісу облысының полициясы Сандуғаш Дүйсенованы 8 сағат изоляторда ұстаған.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485