«Өзеннің басындағылар су, аяғындағылар у ішеді»
Орталық Азиядағы бес мемлекет су тапшылығына ұшырап отыр. Кезінде КСРО осы тапшылықтан шығару үшін Сібір өзендерін ОА-ға бұру туралы сөз қозғаған болатын.
Қазақтың «өзеннің басындағылар су, аяғындағылар у ішеді» деген мақалы қазақ пен түркіменге қаратыла айтылғандай. Екі ел тап қазір су жетіспеушіліген зардаб шегіп келеді. Қазақтарға судың егістікке молынан жету-жетпеуі қырғыз бен қытайдың қабағына және Сырдың суын пейлі түссе беріп, пейілі түспесе жеріп қалатын Өзағаңдардың көңіл хошына байлаулы отыр.
Кезінде алып империя КСРО шеше алмаған проблема дәл қазір, әсіресе, қазақ пен түркіменнің нағыз бас ауруына айналды. Бұл туралы «Foreign Policy»: «Түркіменстанда су үйдегі крандардан тамшылап ағып, үзіліспен беріліп, түркімен дихандары егістігінде шегіртке ойран салуда» десе, Ақтау жақтағылар Атырау теңізінің суының деңгейі түсіп кеткенін төтенше жағдай деп жариялады деген мәліметтерді әлем жұртшылығы назарына ұсынды.
Қос көршісі – ауған мен тәжіктің қабағына қараған Өзбекстанда да жағдай оңып тұрған жоқ. Халқының саны артқанымен, пайдаланатын суының азаюы өзбектер үшінде экономикасын, оның ішінде ауылшаруашылығын тұралатын соққы болды. Аралды сақтап қалуға бағытталған барша қадамдары еш береке бермей, экологиялық апат алдындағы Қарақалпақстан жағдайы көңіліңді құлазытады. Өзбек мақтасының әлемдік сұранысқа иелігі су проблемасы бұл өңірде тіптен күрделендіріп жіберді.
Өзбектің, қазақтың және түркіменнің бұл проблемаларына суға иелік етуші қырғыз, қытай және ауған жағы бастарын еш ауыртып отырған жоқ. Керек десеңіз осы мәселені көтерген әлемдік ірі зерттеу орталықтарының дабылы аталған елдерді тым толғандырмауда.
Қазақтар болса, су үшін төрт жақты қыспаққа қалуда. Әмудің суынан бөлек Еділ мен Жайықтың және Атырау теңізінің Ресейдің кесірінен суының таяздануы, ҚХР суды басынан бөгеп алуы нәтижесінде Ертістің, Балқаштың және Іленің су деңгейлерінің төмендеуі, Қырғызтанның көршілес Жамбыл облысын жылда судан қағуы өзекті проблемаға тәуелсіздік алған 30 жылдан бері айналып, өз шешімін мүлдем таппай келеді.
Жақында суға зәру Жамбылдық диқандар «Ақжол» депутаттарына мұң-мұқтаждарын айтқан болатын. Жамбыл облысындағы «Ақ жол» демпартиясы филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мұханбеталы Шалқарбеков, мәслихат депутаттары Дәурен Ахметжаев, Бауыржан Найзақұлов, облмәслихаттың VII шақырылым депутаттары Асан Қошмамбетов, Шыңғыс Әбдірахманов, Берік Тлебаевтармен бірге жылғаға айналған Талас өзенінің арнасын көріп, Байзақ ауданы Мырзатай ауылдық округінің қуаншылықтан зардап шеккен шаруаларымен кездесіп қайтты. Әнуар Серікбаев, Асылбек Сүлейменов, Досым Жиенбаев, Әбілсейіт Монбаев және өзге де шаруалар басқа түскен сынақ туралы наразылықтарын «Ақжолға» жеткізді. Осы топтағылар негізгі мәселе - мердігер 21,8 шақырымдық арнаның бас жағындағы 800 метрін ғана бетондаған 4 мың га жерді суаруға жетер «Сеңкібай» каналы құрылысының аяқталмауының себебіне қанықты. Су жетіспеушілігі нәтижесінде биыл ауыл тұрғындары кіріссіз және күнкөріске қажетті қаржысыз қалмақшы.
Бұл өзбек, түркімен және қазақ дихандарының жылдағы бастарына түскен теперіші.
Әму мен Сырдың суы өз бастауын Тибеттің тау етегіндегі Гиндукуштен алады. Бұл аймақта ОА-ның бес елін қоспағанда 2 миллардтай халық тұрады. Тәліптер билікке келген бетте ОА-ның төрт елімен шектесетін Әмударияның суын бұрып әкететін каналдың құрылысын бастап кетті. Осыған байланысты Иран мен Ауған арасында қарулы қақтығыс орын алды. Әлемдік сарапшылар бұл ОА әйтеуір бір төбе көрсетуге тиіс «су үшін соғыстың» алғашқы белгісі деп жорып отыр.
Abai.kz