Абай тұрған үйдің орны қалай табылды?
(ұлы ақынның ұмыт қалған үй-жайы жайында ой-толғау)
Қазіргі таңда Абайдың қыстауы «Құнанбайдың Ақшоқысы» делінеді. Бұл қателік, қажының тұрағы – Бөрілі болған! Таяуда, Абай күні тақағанда, Семей қалалық ТВК-6 телекомпаниясының президенті Омарбек Байуақов мырзаға «Осы қателікті түзесек, ол үшін Ақшоқыдағы Абай үйінің орнын түсіріп қайтсақ қайтеді» деп өтіндім. Омекең: «О, бұл маңызды мәселе, бірақ дәлелің қайсы?» деді. Мен: «Сол қыстауда тұрған қария баласына «мынау Абай тұрған үйдің орны, саған аманат!» деп көрсеткен ескі жұртты білемін» дедім. «А, онда болды, бітті, барайық!» деп келісті. Ақшоқыға аттанғандағы мақсат – оның егесі Абай мен Ділдә, солардың меншікті қыстауы деген көзқарасты бекіту еді. Мән-жайды рет-ретімен баяндайық.
1860 жылдың жазы, Құнанбай жаңа үйленген Абай-Ділдәні Ақшоқыға аттандырған болатын. «Сол жер сендерге бөлген еншім» деп. Сонан беріде қарсақ жортпас құладүзде елді мекен пайда болған. Сол мекенде Абайдың отыз үш жыл (1860-1893 жылдар аралығы) қыстағаны ақиқат.
Қыстауында жігіт Абай күз, қыс айларын қалай өткізген?
Абай насихат өлеңдері, аударма, ән шығару қызметтеріне кіріскен сәттерді көркем тілмен баяндай келе, Мұхтар Әуезов былай дейді: «Осымен қатар, Абай өзі тілемесе де, ауыр көріп, бойын алып қашамын десе де, еркіне қоймай, бұған масыл болып, асыла жүретін тағы бір міндет, бейнет бар. Ол – ел ішінің дау-шары». Ел жұмысына көп араласқанының ресми дәлелі – 1890 жылдың қыркүйек айында генерал-губернатор барон Таубе аңшылық мылтықты сыйға тартты.
Абайдың өзі туралы айтқандары: «...Көрінгенге қызықтым» («Ойға түстім, толғандым» өлеңінде), «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ» («Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?»), «Қадірлі басым, Қайратты жасым, Айғаймен өтті, амал жоқ» («Сегіз аяқ»). Осының бәрі қайран жастық шағы, болыстық қызметі, яғни Ақшоқыда өткен өмірі жайлы. Сонымен бірге, ғылым сарасын тапқан, ақындық қызметке кіріскен, онан соң қара сөз мұрасын жазуды қолға алған, ағартушылықтан хакім биігіне қарай сатылаған кезең-кезеңдері де осы қыстауда өткені хақ.
Сөз болып отырған отыз үш жылда дүниеге келген өлеңдерінің саны – 103. Оған үш поэмасы («Әзімнің әңгімесі», «Масғұт» және «Вадим») мен аудармаларын қосыңыз. Сөйтіп, 1884-1890 жж. көлеміндегі «Абай – жаңа жазба әдебиеттің атасы», – дегізген классикалық өлеңдердің басым көпшілігі Ақшоқыда туылды. Демек, Ақшоқы – поэзия бесігі!
Поэзия бесігі дейтінім, жайлау төсінде қолы жетпеген тыныштықты Абай осы Ақшоқыдан табатын. Әйгілі «Абай жолы» эпопеясының «Биікте» тарауында Мұхаң Ақшоқы тыныштығын былайша суреттейді: «Ішінде ой шырағы жанғандай болып, салмақпен қараған көздері қарсыдағы терезеге қадалады. Күн түсіп тұрған қарлы адырға ұзақ-ұзақ қарай түседі. Өзінше бір мығым күшпен, ұғымсыз бір мұңмен жұмырлана бүгілген төбе-төбелер. ...Өзімен өзі боп толғана ойланған уақыттарында көз алдына көптен-көп оралатын осы адырлар». Көріп отырмыз, Мұхаң қаламы Абайдың жан дүниесін билеген сезім мен шабытты Ақшоқы табиғатынан ажыратпай, бір бүтін қылып суреттеген. Тұрағұлдың: «Әкем көбінесе өлеңді қысты күні жазушы еді» дейтіні сол.
Семейден Ақшоқыға жеткенше осы жәйттер әңгімеленіп, жолымыз қысқарған едік. Тыңдаушының бірі, әріптес інім Ерзат Ерболұлы: «Ағасы, Ақшоқы неліктен Құнанбай ауылы атанды? Қажының музейі Ақшоқыда бой көтеруі соның айғағы емес пе?» деген сұрақты қойған болатын.
Мен: «Оған себепкер Құнанбай қажының Ақшоқыға жерленуі, сонан қорымы осы арада, демек, қоныс та онікі деген пікір қалыптасты» дедім. Мысалға белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай «Ералы жазығы» деген мақаласында былай дейді: «Батысындағы Ақшоқының етегін Құнанбай қоныстанған. Сол қыстаудың шетіндегі үлкен зиратқа Құнанбай мен оның ұрпақтары жерленген» («Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы. – Алматы, 2011, 254-бет). Осы пайымды «Құнанбай қорымы» атты мақаласында профессор Арап Еспенбетов те айтқан. Сол сияқты Абай ауданының екінші хатшысы болған, белгілі шешен Бәттәш Сыдықов ағамыз Абайдың 125 жылдық мерейтойында (1971 ж.) Димаш Қонаев бастаған делегация алдында сөйлеген сөзінде «Құнанбайдың Ақшоқысы» деп атап айтты. Демек, қателік Құнанбай зиратына қатысты екендігі анықталып отыр.
Ендігі сөзіміз «Қажы Ақшоқыға неліктен жерленген екен?» деген мәселе төңірегінде өрбіді. Оның мәнісі мынау: «Тобықтыны ел қылған» (Абай) Құнанбай өле-өлгенше «Жер өспейді, ел өседі» деген қағиданы ұстанған. Оған Бөріліге отыз жыл (Нұрғаным Бердіқожақызына үйленген 1855 жылдан қайтыс болған 1885 жылға дейінгі аралықта) тұрақтап, сол өңірді ұрпағына еншілегені айғақ. Атап айтқанда, Тышқан бұлағы (Тышқан деген уақ байының есімі, әуелде бұлақ сонікі болған), Тізесу, Аралтөбе деген жерлер. Құнекең қазасына тура бір жыл өткенде, Абай дайын қонысты алғысы келген Әйгерімнің көңіліне қарамастан Шыңғыстау ішіндегі Әуез қожа ауылын Бөріліге көшіріп әкеледі (Әуездің немересі өзін әлемге танымал етерін Құдай сездірген сияқты). Өткір тілді қарт ақын Байкөкше Абайды меңзеп: «Құнан кетті – алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай», – дегенді осы Бөріліде, жаназа кезінде айтқан. Мәйітті Жидебайға апарып, шешесі Зеренің қасына жерлемекші болған. Бірақ жеткізе алмаған. Неге десеңіз, Ақшоқыға жеткенде мәйіт бұзыла бастаған. Бөрілі мен Ақшоқы арасы 60 шақырым. Жидебайға әлі де 70 шақырым, арбалы көшпен аптап ыстықта жеткізіп көр. Міне, қажының Ақшоқыда жерлену тарихы, онда алғашқы бейіттің пайда болу жайы осы (қажының 1885 жылы тамыз айының басында дүниеден озғаны Абайдың досы Долгополовке қатысты ресми рапорттан нақты белгілі).
Жол бойына осы әңгімелер шертілді. Сонымен, Құнанбай қорымы (пантеон) маңына жетіп, аруақтарға құран бағыштадық. Бір тәуірі, қорым маңайы да, қажының музейі де жарқырап тұр екен. Бірақ барша туристер легі осы арадан ат басын кері бұрады екен. Неге? Өйткені, бұл аумақ Абай ауылы дегенді меңзейтін көрсеткіш жоқ. Ол ол ма, Абай үйіне қарай бастайтын жол түгілі соқпақ та жоқ. Ондаған мың туристер зират маңынан кері қайтатыны анық.
Сенсеңіз, Абай тұрған үйдің орны мен ақынның шығармашылық лабораториясы болған дөң (төбе) қол созым-ақ жерде, жарты шақырым да болмайды. Біздер сол төбеге көтерілгенде «ӨЛЕҢ-ТӨБЕ» деген жазуы бар конструкция құлап жатыр екен (мал сүйкеніп құлатқан). Орнына қайта тұрғыздық.
«ТВК-6» телекомпаниясының түсіруші тобы
Алдымен «Абай тұрған үйдің орны қалай табылды?» дегенді жеткізейік халыққа. Осыдан он жылдай бұрын Астанада жүрген кезімде «Абай тұрған үйдің орнын білетін кісі бар» дегеннің шет-жағасын естіп қалғам. «Абай үйінің орны» деген сөз есімнен кеткен емес, оның елеусіз жатқаны несі деп таң қалумен болдым. Сонан, қойшы, іздеген кісім Ақшоқыдағы шаруашылық қожалығының иесі болып шықты (есімін ұмыттым). Ол бірден-ақ Абай тұрған үйдің жұртына алып барды. «Бұл киелі орын, ұмыт қалмасын!» деп қария атам маған аманаттаған еді. Мынау үйдің сыртында тастан қаланған ықтырма-қорған болған, оның да тастары көп еді, колхоз, совхоздың шаруашылық мұқтажына тасылып бітуге айналды деді фермер жігіт.
Абай тұрған үйдің орыны (ескі жұрт)
Енді жаңағы ескерткіш темірге оралайын. Бөрілі қыстауының екі егесі болған: әуелгісі – Құнанбай, екіншісі – Әуез қожа. Демек, бұл қыстауда екі музей қатар тұрса еш сөкеттігі жоқ. Осы пайымды Абайдың 175 жылдық тойы қарсаңында айтып-ақ жүрдім. Бірақ ешкім құлақ аспады. Биліктің назар қалай аудару керек? Сол үшін өз қаражатыма алдарыңыздағы арнау конструкцияны жасатып, өлең төбе басына орнатуыма тура келген еді. Оның алдыңғы бетіне екі тас тақта бекітілген еді. Біріншісіне «Бұл Абайдың классикалық өлеңдері дүниеге келген киелі дөң» деген, екіншісіне «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан-салалы жырлар көшіріліп, жатталып, әуендеп толқып тарап жатты» (Әуезов) деген сөздер қашалған еді.
Көріп отырсыздар, менің талпынысым нәтижесіз болды. Өлең-төбеде тұрып әріптестермен бөліскен әңгіменің ұзын-ырғасы міне осы.
Киелі дөң үстінен айналаға қарағанда Абай тұрған үлкен үйдің орны, су ішкен құдығы, бір жағы – жұмырлана бүгілген төбе-төбелер, екінші жағы – көсілген дала көз сүйсінтеді. Сонымен қатар, ескі жұрттың біз қараусыз қалдық, миллиардтаған қаржының бұл жаққа жұқанасы да жетпеді деп мұңайған хәлін де сезінгендей боласыз.
Абай мен Ділдәнің құдығы
Абайды адамзаттың Абайы дегізген философиялық өлеңдері мен хакімдік қара сөздері туылған мекен – Жидебай! Сондықтан Ақшоқының мәртебесін көтергеннен оның статусы төмендеп қалмасы анық. Ақшоқы қазіргідей тек қорым, зиярат орны болып қалмаса дегендік біздікі. Ұлы ақын отыз үш қысты қыстаған өзге мекенің кәне?! Қай жағынан да Ақшоқы – жер шоқтығы емес пе!
Жә, Ақшоқы мәртебесін не үшін көтеру керек? Дөң үсті әсері керемет, Арқаның самалы кеудені кереді. Міне, «Біз Абайды көргенбіз» дегендей төңкеріліп қойтастар да жатыр. Соның бірінде шапанын желбегей жамылып отырған Абайды көзге елестету қиынға соқпайды.
Әрбір абайсүйер туристке керегі де осы сәтті сезіну емес пе. «Абай жолы» эпопеясында тағы Мұхаң: «Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді...», – деп білмесе жазар ма еді. Мысалға Гете, Бальзак, Пушкин, Толстой сынды әлем классиктердің туған жеріне табаны тиген туристер ол жердің зираты немесе аллея, паркіне ғана көз сала ма? Оларға генийдің шабыты шалқыған, шығармасын туылған жер бәрінен қымбат емес пе. Міне, Ақшоқы Абайдың Ақшоқысы екенін мойындап, ұлы ақын үйінің орнына, ең болмағанда, макетін тұрғызу сол үшін керек. Айтпақшы, қыстаудың жайлы қонысқа айналуы – Ділдә ханымның ерен еңбегі (Ақшоқы «үлкен ауыл» аталуына Абай ғана емес, Ділдә бәйбіше де себепкер). Демек, үйінің алды Ділдәнің, ал шоқының үсті Абайдың мүсінімен көркейсе нұр үстіне нұр. Сол сияқты «Абай оқулары» деген оқушы балалардың дәстүрлі форумы Жидебайда, мазар-кесенеде өткеннен гөрі өлең-төбеде өткені әлдеқайда қайырлы, әсерлі болары хақ...
Міне, төбеде тұрып қиялменен болса да, келешек әдемі көріністі осылайша көз алдымызға елестеттік. Түс ауып кеткенін де енді ғана байқадық. Ұлы Абайдың рухы қалықтаған Ақшоқымен қимай қоштасып, хабарды түсіруші топ «Семей қайдасың» деп қара жолға беттеген едік.
Қорытынды: Жұртшылықтың Ақшоқы қыстауын тек пантеон аумағы деп білуі жеткіліксіз. Абайдың үйі, өлең-төбесі туристер көруге асығатын нысанға айналуы керек! Бұл, әсіресе, Абайға қарсы шабуыл үдеген қазіргі таңда өткір мәселе. Мақалада айтылған жәйттерге Абай атын иеленген облыс басшылығы назар аударады, хакім атамыз отыз үш жыл қыстаған үйдің орны жоғалып кетуіне жол бермейді деп сенгіміз келеді.
Асан Омаров
Abai.kz