Сөз бен суреттің тоғысындағы жұмбақ
Харуки Муракамидің шығармаларын оқығанда көз алдыңа елестейтін кейіпкерлер, олардың ішкі сезімдері мен оқиға орын алатын пейзаждар ерекше әсерге бөлейді.
Қанша тырыссаң да, Мураками әлемін ашық, жарқын түстермен елестету мүмкін емес. Оның әлемінде үнемі салқындық, өзгеше мұң мен белгісіз бір суықтық табы есіп тұрады. Сондықтан да оның әңгімелерінің манга форматындағы адаптациясы шыққанын естігенде, бұл суретшілер үшін өте күрделі әрі жауапты тапсырма болған болар деген ой келді. Мұңға, жұмбаққа, психологиялық иірімдер мен жауапсыз сұрақтарға толы Муракамидің қара сөздерін түрлі-түсті суреттерге айналдыру оңай шаруа емес.
Бұл әңгімені бұрын мен «Туған күн иесі» атты топтамадан оқыған едім. Ол – Муракамидің ең ұмытылмас шығармаларының бірі. Оның құндылығы – туған күн иесінің тілегі төңірегіндегі жұмбақ пен құпияда. Оқырман әңгіме бойы: «Ол не тіледі? Бұл тілек оның өмірін өзгертті ме?» – деген сұраққа жауап іздейді.
Суретшілер осы құпиялық пен тосын сезімді визуалды форматта сақтай алды ма? Сөзсіз, сақтап қалған. Кейіпкерлер мен айналадағы ортаға нақты визуалды бейне берілсе де, Муракамиге тән сол бұлыңғырлық пен жұмбақ атмосфера жоғалмаған. Манга автордың оқырман қиялына қалдыратын ішкі кеңістігін толықтай тартып алмайды.
Жинақтағы қалған үш әңгіме мен үшін жаңалық болды. Олардың сюжеті психологиялық аспектілерімен, сондай-ақ Жапония қоғамы мен мәдениетінің қыр-сырын көрсетуімен қызықтырды. Десе де, бұл адаптациялардан Мураками прозасына тән тереңдік пен көпқабаттылықты толық сезіне алмадым. Олар түпнұсқа проза түрінде әлдеқайда қуатты әрі әсерлі болар еді деген ой басым болды.
Десек те, мангада Жапония тарихының әртүрлі кезеңдерінің визуалды түрде шебер ажыратылғанын атап өткен жөн: Кезеңдер контрасты: Соғыс кезіндегі Жапония мен қазіргі заманғы Жапонияның айырмашылығы иллюстрацияларда айқын байқалады.
Муракамиді оқығанда, сол бұлыңғыр, сұрғылт, жалғыздыққа толы әлемді оқырман өзі жасайды. Ал манга ол әлемге нақты пішін мен айқын түс береді. Мұндай қадам кейбір нәрселерді айқындағанымен, прозаның басты тартымдылығы – белгісіздік шегін аздап тарылтатыны жасырын емес. Мураками әлемінің психологиялық тереңдігі мен жұмбағы өз ырғағымен баппен ашылғанға не жетсін!
Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz