Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 3292 7 пікір 16 Тамыз, 2023 сағат 13:52

Хрущевтің зұлым саясаты һәм Шәмші Қалдаяқов

Кешегі күн әйгілі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. 93 жыл бұрын (1930-1992) белгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов дүниеге келді.

2006 жылы 7 қаңтарда ел Президентінің арнайы Жарлығымен Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным – Қазақстаным» әні Қазақстанның мемлекеттік әнұранына айналды. Естеліктерге сүйенсек, Қалдаяқов бұл әнді 1959 жылы жазған.

Өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасында Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру басталып, бұрынғы Кеңес Одағының еуропалық аумағынан республикамызға «тың игерушілердің» орасан зор толқыны құйылды. Бұл саясат қазақ жерін бөлшектеуге, республиканың ұлттық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған еді.

Кеңес үкіметінің басшысы Хрущев кейінірек Қазақстанның солтүстік және тың аймақтарын РСФСР құрамына қосу үшін Қазақ КСР-ін Батыс, Тың және басқа аумақтарға бөлу идеясын алға тартты. Осындай «Хрущевтің ұлтаралық саясатын» түсінген қазақ халқының патриоттары ата-бабалар жерінің бірлігі мен тұтастығын сақтауға ұмтылды. Сондықтан да «Менің Қазақстаным» әні жазылған – бұл Хрущевтің ұлт саясатына қарсылық.

Бұл тамаша патриоттық әннің сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған. Бұл әннің алғашқы орындаушысы халықтың сүйіктісі Жамал Омарова. 1970 жылдары республикалық радиодан жиі беріліп тұратын. Меніңше, бұл әнді Ж.Омаровадан артық орындаған ешкім жоқ. Омарованың орындауындағы ән қазақ халқына Алланың әділдігі орнап, қазақтың тұтастығы мен бірлігі, ел-жұрты, жері жоғалтпайтынына сенім ұялатты! 1986 жылы желтоқсанда Алматыда қазақ студенттері дәл осы әнді шырқап, күш-қуат пен ерлік сыйлады.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа мемлекеттік әнұранға байқау жариялады. Қалдаяқов пен Нәжімеденовтің әні де әнұран ретінде ұсынылды. Мемлекеттік әнұран – еліміздің музыкалық-поэтикалық елтаңбасы, оның әдеби-музыкалық төлқұжаты. Мемлекеттік Әнұран да елдің айнасы, патриоттық рухтың көрінісі ретінде қарастырылуы керек. Әнұран қашанда дәуір рухынан туады. Оның негізінде адамдардың тағдыры туралы жалпы сезімдер мен адамдар ойлары жатыр.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5501