«Сары кітаптағы» сіз білмейтін сырлар...
Ретін тауып, бұл тақырыптың бетін біржолата жабайық. Солай жасардың алдында бірнеше жайттың шетін шиырлап тастайық, қажет деп тапқандар өзара талқылай жатар. Пікір білдіру, ойыңды ашық айту еркіндігі бар қоғамда демократия жайындағы кеңқолтық ұғымды тым сүмірейте беруге де болмас. Әрине, ретін тауып, негізін көрсетіп айтса, сауатты сынға қай кезде де орын табылады. Бірақ міндетті түрде бір жағына қарай қыңыр қисайып жүрмесе, көңілі көнши бермейтін пенде үнемі солай ете бере ме?
Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде біздің жұрт ғылыми негізді, сауатты пікірді көңілге тиетін түрпі күстанамен ауыстырыңқырап алған. Ал орынды сын айтылу үшін қай нәрсенің де артық, кем тұсы тең таразылануы шарт. Оның үстіне, сөзіңе қарауыл қойып, анық баспасаң, қазіргі қоғам, бірінің ізін бірі аңдыған тіміскі адам ұлттық құндылық атаулыға қатысты шалыс басқан «қарсақ табан, мысық бас» пиғылды кешіре алмайтын дәрежеге жеткен. Ал енді содан кейін қоғамдастарыңнан былай, бейтарап өмір сүріп көр.
Абайға қатысты абайсыздық танытқан әлгі нашар баланың басты қателігі — сөзіне арқау еткен мәліметті өзі малданған, оқу-тәжірибелік мақсатты көздегендіктен, «отбасы хрестоматиясы» деген анықтаманы иеленіп жүрген «Салт-дәстүр сөйлейді» [Салт-дәстүр сөйлейді: отбасы хрестоматиясы. –– Алматы : «Отбасы хрестоматиясы» ҚҚ, 2022. — 280 бет.] деген ұжымдық еңбекке сілтеме жасамауы еді. Сөйтіп, кезінде «ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің 2014 жылғы қазандағы № 04-04-14 / 4071 хатына сәйкес «Дінтану» сараптамасынан өткен бес автордың мәтініндегі бір хикаяны өз сөзіне айналдырамын деп, басы бәлеге қалып, жығылған үстіне төмпешті жұдырықтың астында қалды.
Жалпы, бұл бір ғана қаракөз қарындасқа тән жеке сипат емес. Кейінгі кезде өзін елдің сөзін сөйлеуші сезінгісі келетін, сөйтіп, көптің алдына шығуға құмар кейбір журналист һәм блогерлер өзгенің төл сөзін електен өткізбестен, басыбайлы авторлық сөзге айналдыру арқылы шоқ басып қалып жүргені сондықтан. Осындай жайттарды көріп отырған көзі ашықтардың «мұның артында өзге күш, басқа біреулер тұруы мүмкін» деп үрке күдіктенуін де түсінуге болатын сияқты. Жалпы, күдік киліккен жердің бәрі күмәнді. Ал орынды-орынсыз жылтыңдай беретін күмән барлық нәрсенің анықтауышы болады дегенді білдірмесе керек.
Қош, сонымен, Абайдың мұражайындағы жеңіл «әзілдің» ақыры батпан зілге айналып, діни қисса, аңыз, әпсана жинақтаған авторлардың аңдатпадағы сөзімен айтқанда «...қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тиымдарының шығуына себеп болған» басылымның жағдаяты бөртпе дауға ұласып ала жөнелді. Жалпы, осы кітаптың беташарындағы «құрастырушы» деген анықтама өз орнында, белгілі бір атқарым аясында тұрмағандай әсер етті маған. Әйтпесе, авторлардың төрт көзі түгел тұрғанда, әдетте «бірнеше автордың шығармаларынан, әртүрлі көздерден материал жинақтап, басылымды құрсатырып жариялау» кезінде пайдаланылатын, ғылыми машыққа тән «құрастырушы» атқарымы бұл жерде не мақсатта тұрғанын жыға түсіне алмадық. Өйткені, хрестоматияның аңдатпасында бұл басылым «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының жобасы, жобаның авторы Санжар Керімбай, жобаға кеңесшілік еткен этнограф Болат Бопайұлы, ал авторлар Б. Бопайұлы, С. Керімбай, М. Төлеген, Ә. Нәби, А. Тасболат екені, кітаптың не үшін құрастырылғаны, яғни мақсаты мен міндеті тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр емес пе? Шамасы, әуелде былайғы жұртты шатастыруға себеп болған: «Бұл хрестоматиялық жинақ па, әлде авторлар ұжымының шығармашылық жұмысының жемісі ме?» — деген түйткілді сұрақтың құлағы осы жерде қылтиып қалса керек. Мейлі, уақыт алдырып, жұртты шаруасынан қалдырып, бұл шешімін таптырмастың төңірегіне көп аялдай бермейік, мәселенің аужайы онсыз да түсінікті шығар?
Бұл жолы бұрын білдірген бірнеше пікірімді жинақтап, белінен бір буып тастағым келіп отыр. Әйтпесе, әр жерде айтқанымды әркім өз мүддесіне қарай жақындатып, күлшелеріне шоқ тарта бастапты. Қолқадағы қоламта қозды үрлеп, маздата берненнен кімге не пайда? Онсыз да естінің іші білетін, ессіз артын жалаңаштап күлетін жайт көбейіп тұрған кезең ғой. Жалпы, біздегі жаппай қолайсыз үрдіске айналып бара жатқан әдеттердің бірі — жалпақ жұрт Санжар Керімбай десе «сопы», ал Мұхамеджан Тазабектің есімі аталған жер болса, «уахаб» деп дүрлігіп, атой, аттанға басатын болған. Сонда қалай, қазіргі дүнияуи білім мен діни танымның бар деңгейі мен көрсеткіші осы болғаны ма? Бұл жолы тағы да соған куә болдық, сөйтіп, әлгі басылымды ғылым қағидаттарына сүйене отырып, талқылау жайындағы жылт еткен үміт үзілді. Иә, екеуі де діни тәлім иесі, бірі — шығыстанушы, екіншісі — халықтың ауыз әдебиеті жанрының өкілі. Бастысы: айтып, дәлелдеп жүрген ақидалары төңірегінде әжептәуір дайындықтары бар. Әрине, көзқарастары қиысыңқырамайды демесең. Олай болса, олармен пардаласып, пайым оздырмаса да, ең болмаса, қатар ілбіп отыру үшін қарапайым қайманаға да азын-аулақ дайындық керек сияқты. Ал оны қайдан алмақ, кітаптан басқа?
Жалпы, кейінгі жылдары халықтың арасында «Сары кітап» атанып үлгерген әлгі басылым жайындағы сөздің түйіні бола ма, болмай ма, ол жағын әзірге кесіп айта алмаймын. Егер салт-дәстүрге қатысты ақиқатқа шынымен көз жеткізу керек болса, алдымен соны ҚР Білім және ғылым министрлігі, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми кеңесі бекіткен этнограф ғалым, жазушы Сейіт Кенжеахметұлының қазаққа қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрып үлгілерінің 350 үлгісін топтастырған, ғылыми-танымдық тұрғыда әзірге алдына қара түсірмеген, адам баласының дүние дидарына келген сәтінен бастап, бақиға аттанғанға дейінгі аралықтағы жеті белесті белгілейтін «Отау көтеру дәстүрлері», «Тәрбие дәстүрлері», «Отбасы, тұрмыс дәстүрлері», «Еңбек дәстүрлері», «Наурыз дәстүрлері», «Ислам тағылымдары», «Қаза ғұрыптары» секілді ғылыми-танымдық жүйеге келтірілген, үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабымен [Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. — Алматы : «Алматыкітап» ЖШС, 2005. — 284 бет.]; осы саланы зерттеген Ы. Алтынсарин, С. Броневский, Н. Гродеков, А. Диваев, А. Левшин, В. Радлов, Р. Карутцтың еңбектерімен; өзге де этнограф, фольклортанушы авторлар жиып-терген түрлі мұрағат мүлкімен, қазақтың этнографиялық ұғым, санат, атау, ежелгі ғұрыптарымен; қала берді 2009 жылы суретші Ералы Оспановтың құрастыруымен, төл кескіндемелері арқылы көркемделген кітабымен беттестіріп, терең мәтінтанымдық талдау жасау керек. Діни салт-дәстүр мен қазақ этнографиясының жайын, ондағы ортақ тұстар мен айырмашылықтар туралы сонда ғана белгілі бір тұшымды пікір айтуға болады. Сондай-ақ, авторларды материалмен қамтамасыз еткен, осының бәрін Дүре жеріндегі Имамағзам Тәкенұлы есімді қариядан, одан өзге Нұрғали, Қабылхақ, Әндістан, Байғали, Қоңырбай, Кәмелденнен естіп, «үйреніп, хатқа түсіріп, жаза бердім» дейтін этнограф Болат Бопайұлы материалдарының түпнұсқа негізіне көз жеткізіп, осы автордың тарапынан ұсынылған қисса, аңыз, әпсана атаулының әрқайсысының жеке дерегі анықталуы шарт. Онсыз кім не десе де, қалған сөздің «бәлду-бәлду, бәрі өтіріктен» әрі аса алмайтыны анық.
Ал енді шынын айту керек, бәрінен де аталмыш кітаптың қазіргі таңдағы «халықтық атауы» күшті болып тұр. Іздесең таппайтын, ақысын төлесең де, боқысын шығаруға шамасы жетпейтін тегін жарнама дегенің — осы! Олай болса, оның кімдерге түсетін әжептәуір «пайдасы» мен әлдекемге тигізер «зиянын» әркім өзі үшін ажыратып ала жатар. Асылы, сол «Сары кітапты» қалғымай отырып бір оқып көрген дұрыс шығар. Содан соң айтқан жөн болар, мұның мазмұны мен тәрбиелік мән-маңызына байланысты қиқым-сиқымдарды. Өз басым бұл сериямен жарық көрген өнімдердің біразын алғашқы «гу-гу» басталмай тұрып-ақ оқып, толық түгесе алмағанымды парақтап шыққанмын. Иә, кей жерлерінде көңілді көншітпеген түйткілдер мен шоқпарбас сұрақтар болды. Оның шет-шепірі қазір де бар. Діни қисса, аңыз, әпсана болған соң мазмұн құраушы қай тақырып аясынан болсын, әуелі анықтаманы көргің келетіні рас. Менің күткенім де, үміт еткенім де осы болатын. Бірақ ол ойдың үдесінен шыға алмадық. Алайда оның мазмұнынан бас жарылып, көз шығатындай да өрескелдік байқай қоймадық. Мұндағы барлық аңыз-әпсананың өңі діни реңкті. Егер оны да біреу «дінім — ислам, кітабым — Құран» дейтін қазақ баласының діни танымына қиғаш деп жүрмесе, әрине.
Есесіне, кітаптың «Алғы сөзі» (Б. Бопайұлы) мен «Қазақтың ділі мен діни санасы өлмейді» (К. Досай), «Желісін іздеп түйсіктің» (Ғ. Қамбарбекова) мақалаларында, С. Керімбайдың «Кіріспесінде», сондай-ақ авторлардың «Түйін сөзінде» этнограф, шығыстанушы, теолог мамандар басылымның көздеген мақсат-міндетін бәршама ашып көрсетуге тырысқан. Алайда марқұм Б. Бопайдың лебізінде есімдері аталатын бірнеше қария «айтып, жеткізді-мыс» дегеннен басқа жерде мәлімет атаулы белгілі бір түпнегізден, нақты түгенше есімді жеткізушіден алынды деген толық сілтеме жоқ. Рас, қайдан құлақ шығарса да, «қазаншының» еркінде шығар. Бірақ ондағы мәліметтер бұрынғы басылымдардың бәрінде өзге реңкте, діни емес, ұлттық сипатты иеленіп тұрғанын немен түсіндіруге болады?
Осыған орай азын-аулақ мысал келтіруімді сұрап отырсыз ба? Жақсы, ендеше, келтіріп көрейік. Айтпақшы, аталмыш кітап «Сәбилік шақ» (18), «Қалыптасу кезеңіндегі жөн-жоралар» (27), «Табиғатпен тіл табысу» (27), Тұлғаға айналу кезеңі (41), «Әбілет пен Тәбілеттен қалған ырым-тиымдар» (11), «Үй болу» (50), «Өмірден кейінгі өмір» (13), «Қазақ дүниетанымындағы сакральді ұғымдар» (12), «Сұрақ-жауаптар» (9) секілді өзара үйлесім тапқан тоғыз тарауға бөлініп, түрлі деңгейдегі 208 сауалға жауап алуға мүмкіндік ашатынын айтуды ұмытып барады екенмін ғой. Міне, бірінші тарау, «Сәбилік шақ». Мұндағы «құрсақ шаш», «сүйінші сұрау», «нәрестеге көрімдік беру», «қалжа беру», «балаға ит көйлек кигізу», «бесікке бөлеу», «бесік жыры», «баланы қырқынан шығару дәстүрі», «жас баланың аузына түкірту», «тұсау кесу», «көйлекті теріс кигізу» т. б. толып жатқан салт-сана, ырым-тиымдар жоғарыда аталған мүйіздері қарағайдай этнограф ғалымдардың еңбектерінде, солар құрастырған жинақтарда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім есебінде берілген. Сөз етіп отырған кітапта авторлар ұжымы: сүйінші сұрау — «Ыбырайым пайғамбардың балалы болуына», көрімдік беру — «Пайғамбар дүниеге келді деп сүйінші сұраудан», қалжа беру — «Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атаудан», бесікке бөлеу дәстүрі — «...Айдаһар бидің заманында дүние келген деседі», бесік жыры — «Діни аңыздарда бесік жырын алғаш орындаған Хауа ана деседі» деген сияқты авторлық ескертулерге жүгінген. Біз санын көрсеткен аңыз-әпсаналардың бірі емес, бәрі солай. Кітапқа қатысты түсініксіз әрі заңды дау-далаба да осы жерден басталған сияқты. Ендеше, діни аңыз, әпсаналар айтылып, бірақ жеткізушілерге қатысты толық төлқұжаттық айғақтар ұсынылмаған жерде артық сөз қозғау, оның ғылыми негізі жайында бірдеңе деу қиын.
Қалай десек те, бұл кітаптың да басылым атаулыға тән артықшылығы мен кемшін тұстары бар. Солардың бірі — сөз жоқ, балалардың танымын кеңейтсін деген ізгі ойдан туған еңбек екені. Ал оның әсері мен кейін болуы мүмкін салдары жайында сөз басқа. Кітапқа пікір жазған Досай Кенжетайдың сөзімен айтқанда: «...діни сана өзіне тән діни таным мен мәдениетті ғана қабылдайды. Басқа таным оған жат, бөтен. Бүгінгі қазақтың діни санасы «екі діни дүниетаным» арасында қалды». Одан әрі ғалым қазақтың діни санасын, ұлттық мәдени қабаттарын сақтап қалу үшін өзінің төл танымын жаңғырту керектігін айтады. Басылымның әуелде этнопедагогикалық бағыт ұстану себебін осы лебіздің аясынан аңдауға болады. Сөз жоқ, кітаптан кемшілік көргісі келетіндер де іздегенін табады. Бірақ оның жайын тап осы жерде тәптіштемей-ақ қоялық, бірсіпыра айтылды ғой. Олай болса, бір жайтты тағы да қайталауға тура келеді. Діни аңыз-әпсаналардың әуелде шыққан, болмаса алынған дереккөздеріне толық сілтеме жасалмаған, оның түпнегіз мәліметі көрсетілмеген, нұсқалар беттестірілмеген жерде оларды танымдық деңгейде болмаса, ғылыми негізді дерек ретінде пайдалануға уәж жеткіліксіз. Керісінше, балалардың танымын, қиялын ұштау үшін авторлар ұжымы қиюластырған төл шығарма десек, қисынға сиымдырақ. Негізі, бұрынғы қиссашылдық дәстүрдің көздеген негізгі мұрат-мүддесінің шет-шепері де сол еді ғой. Оның жайын дәстүр бұлағынан қанып ішкен, қазақы қалыптан алыстамағандар жағы білетін болар. Қисса, жыр тыңдап өскендердің бәрі сыпырылып, бір жаққа үдере көшіп кетпесе. Мәселе, жақсының бәрін жат санаған, айналасына үреймен қараған бүгінгінің жетілген оқырманында болып тұрған сияқты. Әйтпесе, біздің ислам мәдениетін қабылдап, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімдерімізді діни әпсаналармен егіз өрім сіңіріп, тұтына бастағанымыз қашан?
Жалпы, кейінгі кезде жалпы руханият әлеміндегі дүрмектер жайында шаншу болып қадалатын қаңқулар көбейді. Шын мәнінде, халықтың арасында күдік пен күмән зорайып кетті. Өзінің рухани кеңістігін, сенім ұясын қызғыштай қорып, қандай күрес жолымен болсын, қорғап қалғысы келетін, сол жолда ұрпағын сақтап, бауырынан өскен бала-шағасына қазақы тәрбие беріп, бабалар аманатын келешекке ұластыруға аңсарлы жалпақ жұрттың бұл тілегіне де қарсы шығуға болмайды. Кезінде тілге тиек етіп отырған авторлардың бірі мені «жеңген» болатын, тұрақты сөз тіркесіндегі сәруардың саны 99 емес 99 мың екенін өз әлінше дәлелдеп. Міне, содан бері қанша жыл өтсе де, ахуалдың сиқын көріп отырсыздар. Мен дәл қазіргідей, сол кезде де өз пікірімнің биігінде қалғанмын. Бірақ одан бері қаншама жылдар өтсе де, біздің қоғамда ештеңе өзгере қойған жоқ. Өкінішке қарай, көп нәрсе кері кетіп, ғылымға иек артқан салмақты, салауатты сын жойыла бастады. Бар десеңіз де, көбі сол баяғы бармақ баспай, көз қыспай деңгейдің төңірегінде. Қазір шын айтсаң да, бірдеңе біліп сын айтсаң да жұрт бұртаңдап ренжитін болған. Ренжігенің не, ер-тоқымын бауырына алып тулап, тіпті көрмей кетуге дайын. Дін — саясатқа емес, тарихи танымның құралына, ғылымның нысанына айналмайынша; діни аңыз, әпсана, қисса атаулы белгілі бір мақсатты саудадан тыс тұрмайынша, қалған әрекеттің бәрі осылай болып, сиырқұйымшақтана беруі заңды. Болмаса, бұл мәселелердің мән-жайын, байыбын білетін сауатты мамандар бар ғой, шүкір, кезеңі мен кезегі қатар келгенін білсе, фольклортану, этнография мен дінтанудың жайын жіктеп, жіліктеп бере алатын.
Ал бүгінгі ахуалдың кескін-кейпі мынау: бұл өнімнің қалқасында қандай пиғыл, мүдде, теріс діни реңк жатуы мүмкін екенін әркім өз әлінше сан саққа жүгіртуден аса алмай, әзірге тек бастарын ұстап, дағдарумен отыр. Сол үшін де көзі ашық, көкірегі ояу қауым өкілдері алаңдаушылық танытуда. Тіпті кейбіреулердің мәселені белінен бұрап, тым саясиландырып жіберуге пейілді екені байқалуда. Өзбек әка айтқан: «Әр кәллада бір гәп!» — деген сол. Бір байқағаным, қанша жерден «Бабалар сөзі» жүзтомдығындағы діни дастандардан қиып алынған шағын мәтін үзіктеріне екі жерде сілтеме (Салт-дәстүр сөйлейді, 45, 153-бб) жасалса да, мазмұн құраушы бүкіл қисса, аңыз, әпсана Қытай қазақтарының арасындағы «қариялардан естідім» деген бір ғана этнограф жеткізген, түпнұсқалылығы Қазақстанның түрлі аймақтарынан жиналған мәтіндермен салыстырмалы-салғастырмалы тәсіл арқылы беттестіріп, тексеру жасауға ынта қойылмаған сияқты. Әйтпесе, өздері бір ғана жерде тамырға дәл түскен тәсілмен: «Бұл хикая Қызылорда облысы Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны Төлегенов Жылқайдардың айтуынан жазып алынды» (Салт-дәстүр сөйлейді, 164-б), — дейтін сыңар ауыз сөйлем ғой жұрттың бәрінің әрбір аңыз, әпсана, хикаяның түсініктемесінен күткені.
Ал енді кітаптың мазмұнын тіндеуші діни реңк пен ислами тұлғалардың есімінсіз оқысаң, кәдуілгі қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім нұсқалары болып шыға келеді. Негізі, ниеті теріс емес, тек фольклортану, этнография ғылымдары жолға қойған теориялық, әдістемелік зерттеулер қағидаты жетіспей тұр демесең. Сол үшін де бұл кітапты түгел іске алғысыз етіп, күстаналап, бірден күресінге итеріп тастай алмас едік. Керісінше, күмән мен күдікті сейілтіп, хрестоматия ретінде пайдаланып, ол үшін мәліметтерін толық елеп, екшеп, ғылыми айналымға түсіріп, фольклортану теорияларына сүйеніп, төл топырағымыздағы зерттелген, ғылыми айналымда бұрыннан бар мұралармен беттестіре зерделеуге де болады. Әрине, ортадан төмен деңгейдегі қоғамдық пікірлер легі мұндайлық жұмысқа мұрсат қалдырса. Көктемде, көбелі мұздың астымен жылыстап ағып жататын қызыл су дегенді көргендеріңіз бар шығар, көрмесеңіздер де сөз жоқ. Негізі, соның жайын да бір ойлап қойған дұрыс. Әрине, жеке үдде мен қоғамдық мүдде тоғысқан немесе мүлдем тоғыспайтын жерде еш нәрсеге таңғалуға болмайды. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Оның үстіне қамыс деген қасқаның да үкісі анау-мынауға бұлғақтай бермейді. Ашып айтсаң — біреудің көңіліне тиетін шығар, айтпасаң — қазақтың рухани сабасы қырық жерден шұрқ тесік болып, діни-танымдық кеңістігінің күйі тайып, діни идеологияның халықтан бөлініп бара жатқаны жасырын жағдай ма? Шынын айтқанда, елде ес-уыш қалмағандықтан емес, неге екені түсініксіз, қатар жүрген дос-дұшпанды айыра алмайтын дүдамал жағдайға жеттік.
Әзірге бұл төңіректі торлаған пікірлердің қатарында бізді тұшындырғаны белгілі фольклортанушы ғалымдар Т. Қоңыратбай мен К. Матыжановтың шағын лебіздері. Әсіресе «Фольклордағы салт-сана көріністерін саралаудың аксиологиялық арқауы» тақырыбындағы Тынысбек ұстазымыздың аксиологияға, яғни ғылыми теорияға, құндылық атаулының табиғаты мен түрлі факторлық байланысқа қатысты айтқан тұжырымы шағын болғанымен, шақпақтың шақылындай болып ерекше жарқ-жұрт етіп тұр: «Осының бәрі фольклортану ғылымының нысаны болып табылып, оның этнография, әдебиеттану, этномузыкология сияқты тармақтары арқылы шешілуге тиіс... теориялық фольклортанудың танымдық таяныштарына табан тірейтін күрделі мәселе... Осының өзінен қазақ фольклорындағы тәңіршілдік пен ислам көріністерін зерттеудің қажеттілігі байқалады...». Ал біздің кейбір «достарымыз» не істеді? Не істеуші еді, сол баяғы қазақы қалыппен «әп-әдемі әннің» ақырын дабыра дауға айналдырып тынды. Жалпы, фольклордың көпқабатты құбылыс екенін, ондағы наным-сенім көріністерін бір ғана этнографиялық кезеңге телуге болмайтынын, олардың сан ғасырлар бойында қалыптасатынын айтқан ғалымның нүктелі сөзі мынау: «Тарихи даму мен діни наным-сенімдердің дамуын шатастырудың кемшілігі осында. Тарих — өмірдің арқауы, ал наным-сенім –– жол-жөнекей қосылып, түрлі өзгерістерге ұшырып отыратын құбылыс». Олай болса, «діни-идеологиялық үдеріс өзгеріске бейім» екеніне сіздің де көзіңіз жетіп, көңіліңіз сене бастаған болар? Десе де сол «өзгеріс» деген құрымағыр ғой сан құбылып, ақыры: «Неге өзгертеді?» — деген сұраққа айналып, дүйім жұрттың жанына жай таптырмай отырғаны.
Берік Жүсіпов, фольклортанушы
Abai.kz