Сәбетқазы Ақатай. Мылтық асынған мизантроп
– Шая, осы сіз Туруханда айдауда жүрген шағыңызда самогонға тəуір секілді болып көрініп едіңіз, – деген “көсем” даусы саңқ етеді сахнадан.
– О не дегеніңіз Коба! Кешіріңіз, айтпақшы, Иосиф Виссарионович! – деп, күмілжиді коньякқа деміккен Филипп Голощекин рюмкаға қолын созып. Шарап меңдеген шоқша сақалдың іс-əрекеті мен мінез-құлқы іргелі республиканың партия мен үкімет басшысынан гөpi Сталиннің байлаулы күшігіне ұқсайды. Əңгіме Сталиннің саяжайында өтіп жатады.
***
– Шая, осы сіз Туруханда айдауда жүрген шағыңызда самогонға тəуір секілді болып көрініп едіңіз, – деген “көсем” даусы саңқ етеді сахнадан.
– О не дегеніңіз Коба! Кешіріңіз, айтпақшы, Иосиф Виссарионович! – деп, күмілжиді коньякқа деміккен Филипп Голощекин рюмкаға қолын созып. Шарап меңдеген шоқша сақалдың іс-əрекеті мен мінез-құлқы іргелі республиканың партия мен үкімет басшысынан гөpi Сталиннің байлаулы күшігіне ұқсайды. Əңгіме Сталиннің саяжайында өтіп жатады.
***
Сахнадағы көрініске орай ойға отыз жыл бұрын өз басымнан өткен уақиға оралады. Алғашқы курстың студентімін. Москва түбіндегі Истра қаласына жақын колхозға күзгі жұмысқа бардық. Жол-жөнекей əйгілі Дубосеково разъезінен де өттік, келетін жерімізге жеттік. Поездан түскен студенттерді колхозшылар үйді-үйіне бөлісіп əкетіп жатты. Мен бойы сорайған, оң аяғын сылтып басатын сырт тұрпы жұқа, пенсия жасындағы жирен мұрты тікірейген адамның соңынан ердім. Картоп өскен огородты бойлай отырып, орман шетінде оқшау тұрған ескі ағаш үйден шықтық. Үйдің іші – сыртына ұқсас тым жұтаң екен. Кіре берістегі үлкен пеште маздап от жанып жатты. Жуан тақтайдан шауып жасалған үстел үстінде қабығы аршылмай пісірілген картоп, жұмыртқа, тұздалған капуста, қияр, саңырауқұлақ, сары май, кілегей тұрды. Николай заманының шишасына құйылған самогон мен қолдан жапқан нанның иісі күңгірт бөлменің ажарсыз сиқын ұмыттырып жіберді. Бірден шəй ішуге кірістік. Жол бойы аузын ашпаған үй иесі дастархан үстінде əңгіме бастап кетті. Өзін Иван Иваныч деп таныстырды. Қырлы стаканға толтырып самогон ұсынды. Басымды шайқадым. Қайтып сұрамады. Маған ұсынған стаканды өзі қағып жіберді де, ұзынынан тілінген қиярды күртілдетіп ұзақ шайнап алып, ыдысын тағы да толтырып болып, маған қарап:
– Қай елден келдік? – деп сұрады. Қазақстаннан келгенімді, қазақ екенімді айтып едім, Иван Иваныч əңгімесін кілт үзді де, мелшиіп отырып қалды. Қонаққа тəн əдеп сақтап, мен де үндемедім. Бірақ іштей абыржып қалдым. Шəй ішіс ұзаққа созылды. Жол соғып, қарным ашып келген маған осы бір колхозшы қара шекпеннің үйіндегі ішкен шəй кейін көпке дейін есімнен кетпей-ақ қойғаны.
Жуықта республикалық балалар жəне жасөспірімдер театрының сахнасынан белгілі жазушы Ш. Мұртазаевтың “Бесеудің хаты” атты трагедиясын көріп отырған шақта көптен ұмыт болып, көмескі тарқан сол түнгі əңгіме қайта жаңғырығып, көз алдыма кесе-көлденең тұрды да алды. Құдды, спектакль Иван Иванычтың сол əңгімесінің желісіне құрылған тəрізді. Сталин мен Голощекин арасындағы диалогтың кейбір деректі жақтары сол əңгіме өзегін қайталағандай болды да тұрды.
Жез самаурын суи бастаған кезде Иван Иваныч менің сұрауыма орай үзілген сөзін қайта жалғастырған еді.
– Мен, однако, қазақ деген халық жер бетінде қалмаған шығар деп ойлаған едім.
– О, не дегеніңіз Иван Иваныч?! Біз қазірде іргелі ұлт болып қалдық. Кемелденген социалистік қоғам құру үстіндеміз. Американы басып озып, сексенінші жылдары коммунизм орнатамыз ба деген үміт бар. Газеттен оқитын шығарсыз? – деп оқулықтан алған білімімді орыс шаруасының алдына төге салдым.
– Мен сауатсызбын, – Иван Иваныч күрсініп алды.
– Не айтып отырғаныңызды түсінбедім, Иван Иваныч? – деп тіксіндім үй иесіне.
– 1932 жылдың 1933 жылға қараған қысын айтамын да, – Иван Иваныч демін алып, қалған шайын ішіп болып, терезе жақтағы бұрышқа қарады. Кестелі орамал жапқан қаба сақалды Ғайса пайғамбардың бейнесіне көзі түсіп, шоқынып қойды.
– Ол жылы не бопты дейсіз, тəйірі? Барша совет халқы социализмнің іргетасын қалап жатты емес пе? – дедім қараңғы колхозшы алдында білгішсінгендей сыңаймен. Ол кездегі менің тарихқа деген көзқарасымда баландық басым екенін кейін, көп кейін түсіндім.
– Ей, балам, балам! – деп орыс шалы бұрышқа тағы да қарап
алды. Мұнысы “ақ сөйлеп отырмын” дегенінің ишарасы еді. Оны да кейін білдім Иваныч құдайшыл жан екен.
– Жаңағы сен түскен вокзалдың қарсы жағындағы орман ішіне аштан өлген қазақтардың мəйіттерін кептірген отындай штабельдеп жиып, товарнякқа салып жіберіп отырдық.
– Қайда? – деппін ток ұрғандай шошынып. Жауап орнына Иван Иваныч иығын қозғады. Өліктердің қай жерде көмілгенін өз деревнясынан басқа өңірге аяғын аттап баспаған қара шекпен айдан білсін-ау. Бұйрық жоғарыдан түседі. Иван Иваныч шоқынып жүріп бұйрықты орындайды, мылтық асынған əскери адамдар бақылап тұрады.
– Бізде ерік болды ма? – деді шал сөзін түйіндеп.
Мен басымды изедім.
Ол кездегі біз оқитын тарих оқулықтарындағы “Қазақстанның ауыл шаруашылығын коллективтендірудің ерекшеліктері” деп аталатын тараудың шынайы мəнісімен шəкірт шағымда бетпе-бет табысуым туған өлкемнен алыс шалғайда осылайша басталып еді... Мен сол бір кеште Иванычтың дастарханында өткен сұхбатты бар ықыласымен тыңдаған-ақ едім. Бірақ ақсақал жасындағы орыстың бірде-бір сөзіне сенбегендігімді өзіме мін санамағанымды қайтып жасырайын. “Ой, пəле! Орман ішінде не болмайды?” дейді екен қадым замандағы славяндар. Бұл əңгіме бала кезімде оқыған “Мың бір түннің” қиял жетпес хикаяттары секілді бұлыңғырлау болып көрінгенмен, осы бір жирен мұртты, тотияйын көз кемтар қарияның əңгімесі айналамды сол кезде қоршаған көзі бар – көрмейтін, тілі бар – сөйлемейтін меңіреу ортаға секемдікпен қарауға мұрындық болған еді. Қазірде біз оған “тоқырау дəуірі” деп ат қойдық. Мені, Москва университетінің философия факультетінің алғашқы курс студентін, өлкеміздің тағдыр-тауанын мұғдарлауға түбегейлі бет бұрғызған осы оқиғаның да ықпалы шығар-ау деп ойлап қоямын оқта-текте. Мүмкін. Əбден мүмкін. Кейінірек тарихи мағлұматтардың көбігін аршып тастап, бажайлап байқасам “ерекшелік” – сипама сылақпен аталып жүрген оқулық тарауының астарында қатпар-қатпар сыр жатқанын аңғардым. Қойма деп ашқан сандығым халықтың көз жасына толы болып шықты. Мұны зердеме түйіп жүрдім. Айтуға мұрша болмады. Себебін бəріміз білеміз. Бір халықтың (тек бір халықтікі болса бір сəрі-ау! Алайда ол – бөлек əңгіме) тарихи өсіп-өрбуі, миллиондаған жанның ғұмыр баяны мен бейнеті, қасіреті мен қарғысы, өксігі мен қайғы-зарының “ерекшелік” деген бір ауыз сөзге сыйып кеткеніне таңдай қақтық шарасыздықтан əуелде. “Жұрт біледі – күледі” дер еді Абай. Ат қойғыш бабаларымыз бұрынғы басынан кешірген қиын-қыстау кезеңдерін балаларының атын тергегендей “Тарақұйрықтың інін қазған”, “Монданақ кемірген” дəуір деп айдар тағып сөйлесе, отызыншы жылдардағы зобалаңда есі мүлде шықты ма деймін, ат қоюға да мұршасы келмей кетсе керек-ау! Бұл дəуірдің халық жадында атаусыз қалуы сондықтан ба деп ойлаймын. Бір ат қойса “бала жеген” деп атаса керек еді, бірақ ибалы аузы ондай бейпіл сөзге бармаған секілді.
* * *
Сөйтіп, Ш. Мұртазаевтың “Бесеудің хаты” атты спектаклі сонау отыз жыл бұрын орыс орманында өткен түнгі əңгімемен сабақтасып, сабақтасып емес-ау, қосарлана жарысып, өз құлағыммен естіген, естіген емес-ау ұзына жылдар архив документтерімен тергелген зобалаң оқиғалар көз алдыма ғайыптан шығып тұра қалды. Спектакль Иван Иванычтың əңгімесін драматург тұп-тура қайта жазып шыққандай әсер берді.
Ұқсастықтың мəнісі неде болды деген сұрақ толғандырды. Жауабын таптым да. Ол шығарманың да, əңгіменің де тарихи деректің ортақ өзегімен орайлас. Иваныч Қазақстандағы ашаршылықтың Орталық Россиядағы белең беруін баяндаса, Ш. Мұртазаев, Ғ. Мүсірепов бастаған бес жазушының, ВКП (б)-ның өлкелік комитетіне жазған хатындағы деректерді арқау еткен. Басқаша айтқанда, Иван Иванычтың əңгімесі мен Ш. Мұртазаевтың драмасына арқау болған əлеуметтік шындық біреу. Бұл шындықтың жазушының мұнан бұрын қойылған “Сталинге хат” драмасына да қатысы бар. Спектакльге тарихи сипат берген бұрын-соңды қазақ көзі көрмеген, құлағы естімеген адам сенгісіз оқиғалардың деректік жағын анық айта кеткеннің де артығы болмас. Білмеген бағзы біреулер мұның баршасын жазушы қиялының жемісі деп жүрмегей. “Алматы ақшамында” жуықта А. Нысаналин мен И. Бейсебаев осындай сыңай танытқандай болып көрінді: Мен келісе алмадым. Əлбетте, олар драманың əдеби-қияли қырын оның артықшылығы ретінде түсінген екен. Менің ойымша, бұл – кемсіту. Шығарма тарихи деректі, қазақ драматургиясының сирек те керекті жанры. Ш. Мұртазаевтың бұл туындысының жалпы көркемдік-эстетикалық сипаты туралы арнайы əңгімеге көшпей тұрып, оның осы нақтылы белгісіне тоқталып өтелік. Ол қойылымның əдеби-көркемдік жəне сахналық-драматургиялық шешімін танудың да кілті болмақ. Қазірде жариялылық негізде 1932–33 жылдардағы қиямет-айымның сиқы ашылып қалды. Орталық жəне жергілікті баспасөзде бірінің артынан бірі лек-лек мақалалар басылды.
Қазақ ССР Ғылым академиясында коллективизация кезіндегі бұрмалаушылық саясатының зардаптарына арналған конференция өтті, радио мен теледидарда ашаршылық құрбандары жөнінде естеліктер айтылды, ақын-жазушылардың дастандары, эсселері, очерктері жарық көрді. Осындай белсенділіктердің нəтижесінде осы уақытқа дейін жұмбақ болып байланған дəуір əлеумет талқысына түсті. Дегенмен ашаршылық туралы ресми мəліметтер болмағандықтан зобалаңның мөлшері жөнінде жүйелі пікір жоқ. Құрбандардың саны əлі анықталмаған. Бұл жəйт сайып келгенде, ашаршылықтың қолдан жасалған құбылыс екендігін мойындауға жəне оның зардабын тереңірек анықтауға кедергі болып отыр. Сондықтан ба қайдам, көпшілікке арналған басылымдар, тіпті айта берді, ғылыми баспасөз бетінде шығын төңірегінде əртүрлі тиянақты болжамдармен қатар далбаса долбарлар да қоса айтылып жүр. Белгілі ғалым М. Тəтімовтың коллективизацияға байланысты əр текті статистикалық мəліметтерге сүйене отырып жасаған есеп-қисабы өлкемізде сол кезеңде 2. 022. 000 адам аштан өлгендігін дəлелдейді. Тарихшылар Б. Төлепбаев пен В. Осипов құрбандардың санын миллион төңірегіне түсіріп, жаппай ашаршылықты азық-түлікпен қамтамасыз етудегі “қиыншылықтар” қатарында түсіндіруге тырысады. Егер əңгіме бір маусымдағы, мəселен, 1932-33 жылдардың қысқы жəне көктемгі маусымындағы шығын жөнінде болса, əрине, бұл тарихшылардың келтірген санына илануға да болар еді. Осы кезеңге байланысты əлеуметтік тіршіліктің белгілі маманы М. Қозыбаев коллективизация шығынын 1. 700. 000 деп есептей отырып, өз тұжырымын “салмақтап” айтылған деп бағалайды. Бұл санға да дау айту қиын.
Қазақстанда болған ашаршылық буржуазиялық ғылымның да назарынан тыс қалмай келгендігін ескерткен жөн. 1986 жылы Лондонда шыққан ағылшын ғалымы В. Конкуэстің “Қасірет қырманы” деген кітабының бір тарауы “Қазақ трагедиясы” болып аталған. Жанама мəліметтер негізінде ол қазақ халқының үштен бірі коллективизация құрбаны болғанын анықтайды. Бұл пікірді қисынсыз деуге ауыз бармайды. Шығынның абсолюттік деңгейі беймəлім болғандықтан, менің пікірімше, ағылшын ғалымының анықтамасы ақиқат ауылынан алыс қонбаса керек. Өйткені ел аузындағы “фольклорлық” деректер де осыны құптайды. Ш. Мұртазаевтың кейіпкерінің бірі ауыл адамдары туралы сөйлей келе “өзі тұрғай, моласы да жоқ” дейді. Дұрыс айтады. Қазақ сахарасындай құлашын мол жайған кең жазира өлкеде 2,5 млн. (1959 жылғы санақ бойынша) адам тұрды дегенге кім сенбек? Өлкеміздің сай-саласы, орман-тоғайы мен қырат-қырқасын арнайы археологиялық барлау сапарымен талай аралағанымыз бар. Күмбезді қорымдар мен қоршаулы қорғандар сыңсыған аймақтарды көзіміз көрді. Көнеден қалған бұл мұрағаттар Қазақстанның тарихи демографиялық даму процесін, ел-жұрт тығыздығын анықтайды. Мəселен, тек Баласағын (Ақтөбе) төңірегінде ғана миллионға жуық халық орналасқандығын археологиялық негізде КазГУ-дің профессоры У. Шалекенов дəлелдеп отыр. Əйтпеген күнде халықтардың “ұлы босқыны” əр мыңжылдықта үш дүркін осы өлке арқылы өтті деген əлем ғылымы ұстаған жəне дəлелденген концепция бос сөз болып шықпақ. Осы сапарларда Бала Торғай Сарысу, Бақанас, Тоқырауын мен Нұра өзендерінің қойнауқойнауында көмусіз қалған, əлде ит-құс шашқан ақ сөңке адам сүйегіне тап болатынбыз. Мұны көргенде жүрек шымырлап, əлденеге алаңдап тулап кететін де, бізге беймəлім апаттың қашан болғандығын ізденетінбіз. Жоңғар шапқыншылығынан десек, неге бір жерге үйілген, неге таяз көмілген, неге омыртқа тізбегінен əлі ажырап бітпеген? Неге, неге жəне неге?
Ф. И. Голощекиннің өлкeмізгe басшылық қызметке келуімен басталған ұлттық тақсырет қаншама айтқанға да, жазғанға да ортая қоймас, сірə. Алайда, біз əлі күнге дейін тек мал мен жан шығынын ғана жоқтап жүрміз. Ал қаншама рухани болмыс келмеске кетті? Оны есепке тізген кім бар? “Байтал тұрғай бас қайғы” демекші, дəл сол кездерде ұмытылған мереке мен берекелерімізді тойлауды енді бастадық. “Наурыздан” басқа ұлттық мейрамдарымыз əлі де жым-жырт. Дəстүрлі əн мəдениеті тарам-тарам халықтың ол кезеңде айтқаны зарлау мен жоқтау болғанын білеміз бе? Халықтың қойны мен қоржынында жүріп, сəні мен салтанатында үн қосқан алпысқа тарта музыка аспаптарынан ит мініп, ирек қамшылап кеткен ел дəл осы кезеңде айрылды дегенге енді кімді сендіре аламыз? Скиф пен сақ өнер өрнегінің қазақ қолында тарихи мұра түрінде қалған ілкі нұсқалары дəл осы кезде бір тілім нанға айырбасталып, көзден ғайып болғандығына енді кімді иландырамыз? Халық өз басынан өткен “тар жол, тайғақ кешу” кезеңдерін игермей, бұнағаны қатаймайды да, есеймейді де Рухани балаңдық – ұлтқа емес, ұлысқа тəн мінез. Ашаршылық кезеңнің есеп-қисабын терең игермей тұрып, ұлт өзінің тарихи-əлеуметтік дəуірлерінде мұндай қысыл-таяңды қайта басынан көшірмесіне, тағы да тосқауылға тап болмасына адам кепілдік бергенмен, тарих кепілдік бере алмас сірə да. Тарихтың сарапталған өз керуен жолы бар. Біздің өрекпе мінезімізге ол көнбейді. Бірақ өзімізді көндіреді. Түбінде көнеміз. Алайда бұл қиынға түседі. Ашаршылық туралы қолда бар мəліметтер бұл құбылыстың момақан елдің үстінен қамшы үйіріп əкіреңдеу негізінде, түйіндеп айтқанда, жасандылық жолмен келгендігін аңғартады. Сондықтан ашаршылық аспаннан айтақырға түскен індет емес еді дегім келеді. Ш. Мұртазаевтың “Бесеудің хаты” мен онан сəл бұрынырақ жазылған “Сталинге хаты” мұның тарихи паспортизациясын дəл келтіреді. Əсіресе, “Бесеудің хатындағы” Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық тіршілік тізгінін ұстаған бюрократтар галереясы Ш. Мұртазаевтың жазушылық шеберлігінің шырқау биігіне жатып қана қоймай, сол қаралы уақиғалардың “жасампаздары” ретінде тануға, тарих сотына жауапқа тартуға шақырады. Автор жағымсыз кейіпкерлердің əдеби бедерін мүсіндеумен ғана шектелмей, мəселенің түп-тамырын толығырақ аша түсу жолында ел арық кезде семіз шыққан “азаматтардың” көп сериялы типажын жасау арқылы тарихи дəуірге айып тағады. Сөйтіп əдеби жанрды əлеуметтік қаруға айналдыру арқылы драманың идеялық бағытына, автордың азаматтық позициясына жəне эстетикалық платформасына бүгінгі күні қайта құрылып жатқан тіршілік сұранысы түрткі болғандығын аңғартады.
Сондықтан болса керек, драматург үкімі сахна шымылдығын бюро мəжілісінің қызған шағында ашқызады. Бюро мүшелері көбімізге жүзі таныс тарихи адамдар: өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы (ол кезде осылай аталған) Ф. И. Голощекин, Казкрайсовкомның төре ағасы О. Исаев, КазЦИК-тік бастығы Е. Ерназаров ККК ВКП(б)-ның секретарлары Құрамысов, Иванов, Жантоқов. Түрлеріне қараса, көңіл тояды. Асынғандары – айқыш-айқыш қару, киінгені – жартылай əскери форма. Киіну салтанаты, сөйлеу, тіпті шаш қою əдеті қабырғаға ілінген мұртты көсем суретіне ұқсас. Сөйлеген сөзіне, əлбетте, қарын ашады. Қарын ашады емес-ау, аузын аша бастаса-ақ құтың қашады.
Жиналыстың қашан, қай мекенде өткенін жазбай айтып беруге болады. Олардың барлығы архив тізімінде сайрап тұр. Сауатын айдауда ашқан Голощекин классикалық саяси қайраткерлердің пікірлерін сөзіне байлап сөйлейді. Мəнісін сезіну қиын емес. Нерон императорынан оның қай жері кем?
Осы көріністің өзі көрермендерге пердемен бөлінген сахна кеңістігінде қандай кейіпкерлермен істес болатынын аңғартып тастайды. Сахнадағы Голощекин мен оның төңірегіндегілер жинақтау процесінен өткен əдеби кейіпкерлер. Голощекин тобырдың атаманына ұқсас, ол сөйлейді – қалғандары аузын ашып тыңдайды, ол шешім қабылдайды, қалғандары басын шұлғиды, қол көтереді. Екі сөздің бірі: “ату”. Ату керек, ату! – деп кіжінеді орталықтан келген басшы Ғ. Мүсіреповке көзін сүзіп.
– Көзін құрту керек! – деп шуылдайды жергілікті қосшылар.
– Халық қасіреті аз ба еді? – деп күңіренеді спектакльдің бас
кейіпкері.
– Не дейді? – деп құлағын тосады елін “билеген” ақсақал.
– Ату керек дейді, – деп жауап қайырады Ұзақбай.
– Əрине, ату керек! – деп ақыл қосады керең ағамыз. Кереңдік Елеусіздің (М. Бақтыгереев) тек мүше кемістігі ғана емес. Жергілікті басшылар орталық органдардың қаһарынан қорқып, жалған мəліметтер береді. Халықтың жаппай қырылып жатқандығына қарамай, кейбірі орталыққа “қағанағымыз қарқ сағанағымыз сарқ” деп өтірік ақбар боратады. Ашаршылық зардабын тартқан Семей, Қарағанды, Өскемен, Талдықорған, Əулие ата, Шымкент, Жезқазған өңірінің қазақтарының Алматыға босуының басты себебі осы. Олар хал-ахуалын “затты” айғақ түрінде көрсету үшін өздері келеді. Сондықтан “неге келдіңдер?” деп сұрағанда “Алматыда үкімет бар, жəрдем сұрайық, жəрдем бермесе, өлігімізді көрсетейік деп келдік” деп жауап береді екен астананың көшесінде қаптаған аш-арық. Солар көмек іздеген жауапты адамдардың жинақталған тұрпатын жазушы Елеусіз образы арқылы бұлжытпай түсірген. Жергілікті басшылардың халық трагедиясына деген бейтараптығы (бейтараптығы емес-ау жарға итере түсу əрекеті) төбе құйқанды шымырлатады. Сахнадан бір сəт көз тайдырып, бюро мүшелерінің сөзіне ғана құлақ салсаңыз, бейне бір джунгли ішіндегі от басын қоршаған жабайы адамдардың жын-ойнағы елес береді. Осы көріністегідей дүниедегі мүлде қарама-қарсы ұғымдарды – шындық пен қиялды, қайғы-қасірет пен келекені шексіз тоғыстыруды өнерде гротеск деп атайтын салтымыз бар. Дегенмен, драматург реализм шуағынан жырақ кетпеген. Мұндай “азаматтар” қайдан шықты? деп үзіліс кезінде таңданады көрермен. Халайыққа автордың берер даяр жауабы да жоқ, əдеби шығарма оны міндет деп санамайды. Спектакльдің ғажайып тұсы да сол: ол көрерменге жауап іздетеді, педагогика тілімен айтқанда, “үйге тапсырма” береді, мəселенің меселін қайтару жағын ойлантады. Голощекин басқарған жиналыстың əдеби формасын мысқыл мен сарказмге бөктіріп, əлін білмей əлекке түскен жандарды жаңа ұрпақ алдында келеке ету, кемел шағына жеткен шынайы қаламгер ғана шығатын биік өре. Міне, мұны біз көркемдік өңдеу, əлде таза əдеби еңбеккерлердің нəтижесі деп қабылдаймыз да өмірлік материал əдеби дүниеге жаңа игілік болып келді деп қол соғамыз. Бюрода отырған көп шуылдақтардың арасында ерекше, басқаға ұқсамайтын бір жан бар. Ол – Иванов (арт. Б. Сейітмомытов). Иванов зерделі, зиялы, көпшіл, Ленин гвардиясының ықпалында тағлым алған большевик. Бірақ ол бюрода жалғыз. Сондықтан даусы байсал, принципшіл, бірақ бəсеңкі күйде күмілжіп шығады. Мұнан басқалардың сөзі қасаң: бұйыра, шүйліге, қабырғаға ілінген мұртты бейнеден көздерін тайдырмай сөйлейді. Мұндай жазылмаған əдеттің мəні – көсемге мінəжат ету, тізе бүгу, ант беріп сөйлеу. Оның діни мінəжаттан бір ғана айырмасы бар: дінкес адамның (мəселен, маған студент шағымда пана болған қарашекпен Иван Иванычтің) көкейінде иман мен құдай тұрса, көк шұғамен көмкерген ұзын үстел үстінде лапылдаған биік лауазымды қарғыс арқалаған қарақшылардың кеудесі бос, жүрек орнында қара тас. Бюрода цитаталар мен қағидалар қарша борайды.
Кабинет іші абыр-сабыр. Асыққан жұрт. Сексот Қарабаевтың (арт. Б. Əбділманов) бір мəрте төбе көрсетіп, қайта көрінбей ғайып болуы шығарма тақырыбының негізгі желісін айқара ашып тастайды. Ол бір көрініп, Ғ. Мүсіреповтың үстінен “қағаз” түсіреді. Болды. Енді оның əлеуметтік “парызы” өтелді, гонорарға кетті. Қарабаевтың ел көзіне көрінбеуі “қызметінің” негізгі шарты. Ол күннен, жарықтан, ашық сөзден қорқады. Адам кебін иіген жарғанат секілді қараңғы жерде ғана өмір сүре алады. Хатқа қол қойған жазушылардың барлығын ұстап беріп көзден ғайып болады. Біткенше Қарабаев сахнаға қайта шықпайды. Автордың түпкі ойы анық. Өйткені Қарабаев – сексот (секретный сотрудник. – С. А.). Ол адамдармен қатар жүрмейді. Бірақ оның сахнадан тыс жерде не істеп жүргенін сахнада болып жатқан əрекеттерден танимыз. Голощекин елді ашық бұйрығы арқылы мыңды қырса, Қарабаев жабық қағаздары арқылы білімді бірді, білекті мыңға құрбан етті, елге араша боларлық азаматтарға қақпан құрып жүр.
Трагедия диалектикалық қос кеңістікте өтеді. Бір жағы – мұртты “көсемнің” бұтына шоқынған құзғындар, екінші жары босқынға ұшыраған ауыл. Бюродағы айғай далада ойбай болып жаңғырады. Соның бір көрінісі – аштан өлген баласын бөлеген бесік тербетіп, аңырай далада қалған Амангелдінің жесірі, абзал ана Балым (Г. Қазақбаева). Осы секілді аналарды жұбатуға шипа іздеп Орталық Қазақстан даласын кезіп, бəйек болған, кекілінен жел ескен, жігіт жасындағы Ғ. Мүсіреповтің (арт. Д. Жолжақсынов), толық бейнесін осы актіден көреміз.
Халық басына түскен қиямет əрқашан ұлт зиялыларының ет жүрегін тілгілемей тұрмайды. Менің айтып отырғаным мықтылардың қасынан табылатын шенқұмарлардың қалам ұстаған шуылдақ түрі емес, халық десе жанын қияр шынайы зиялылар. Сахара төсін иемденген қара орман қалың ел болар шағын сезінбеуі де кəдік. Республикамыздың көп ұлтты тұрғындары “халықтардың ұлы көсемімен” Турухан айдауында бірге болған Голощекинді Сталиннің досы ретінде құшақ жайып, қуана қарсы алғаны мəлім. Ол келген поездың əр бекеті кішігірім салтанатты мерекеге айналып отырды. Жергілікті басшылар “көсемнің досын” Түрген бойына Асы жайлауына апарып, сейіл құрғызып, сый-сияпат көрсеткендігін көне көз қариялар (олардың ішінде ожау ұстаған аспазшылары да бар) əлі күнге дейін жыр қылып айтады. Аста-төк дастарханнан соң мəртебелі қонақ құрметіне бəйге салады, палуан түседі, көкпар тартылады. Қаумалаған халық дəстүрлі тамашасын көрсетіп, ілтифат танытады. Қонақ сырын бүгіп қалады. Ізінше үлкен ас беру, дəстүрлі сипатты мереке-думан өткізу тиылады. “Наурыз” мейрамының да 1926 жылдан бастап шығынға ұшырауына да осы себеп. “Кіші Октябрь” басталып, халық басына бұлт үйіріледі. Нəубет салмағын көтере алмаған қалың ел баудай түседі. Сөйтіп жағымпаздардың қолдарынан келген “жақсылығы” жай зая кетіп қана қоймай, “құлақтың қасуына – мылтықтың басуы” – дегендей қастандық болып оралды. Ал шынайы зиялылар түрме мен тергеу арасында жаманатты бола жүре, тығырықтан құтылудың даңғыл жолын іздеді, көппен бірге болды. Ол жол тек қазақ ауылы ғана емес, бүкіл совет деревнясын социаландырудың Ленин сызған жоспарына қайта оралу еді. Драматургтің негізгі идеялық тұғыры да осы.
Қазақтың хат танитын азаматтарының дені “лжебелсенділер” қатарынан табылып, туған халқын сүліктей сорып, зар илетіп жатқанда, партияның орталық ұйымының өкілі Ғ. Мүсірепов елді де, республика басшыларын да осы жолға шақырады, насихат айтады, сол үшін сөз естиді, жаза тартады, тіпті атылатын болады. “Мына сұмдықты Сталин біле ме?” деген қараңғы қазақ шаруасының тосын сұрағына автор жауапты кейіпкерлер монологы арқылы береді: зұлматтың дем берушісі Сталиннен басталатынын, ал Голощекиннің тек қолшоқпар екенін бүкпесіз түсіндіреді. Демек, трагедияның басты кейіпкері Ғ. Мүсіреповсыз сахнада өтіп жатқан зобалаң оқиғалар тоғысы əлеуметтік кері құбылыс емес, ешбір мағынасы жоқ қанды қырғын болып көрінер еді. Уақиғалар мен кейіпкерлердің іс-əрекетінің ішкі мотивтері, психологиялық күйзелістері мен қимылы жас жазушының жүрегі арқылы өтіп жатқандықтан Ғ. Мүсірепов образы сахна мен көрермендер арасындағы ақыл-ой жүйесі қызметін атқарып жатады. Жанында бір топ жағымды кейіпкерлер жүргенмен Ғ. Мүсірепов те жалғыз. Жанын шүберекке түйіп, туған халқы үшін тап тартысының жалынына ұшыраған жас қаламгер ел ішінен тірек іздейді. Табады. Ол əлеуметтік əділетпен қатар, миллиондаған бейбақтардың арасынан сүйген жары Күлəндасын (арт. Л. Кəденова) қоса іздеген халық ақыны Нұрхан (арт. Есенқұлов), Ғ. Мүсірепов осы сапарында қасірет жүгін арқалап, мимырт далада зар қаққан қазақ аналарына деген борышын сезініп қайтты ма екен, кім білсін? Əйтеуір, Ш. Мұртазаев бұл көріністі Мүсірепов творчествосына тəн анамен қайымдасатын оқиғалар мен детальдар арқылы сомдаған екен.
Аштықтың зардабын халықтың үштен бірі шекті дедік. Алайда, зұлмат салмағы ең əуелі бөбектердің белін опырып түскені мəлім. Демографиялық болжамдарға қарағанда осы жылдары құрбан болған емшектегі нəрестелердің ара саны – 72%-те, тоғыз жасарлардың арасындағы шығын – 60%. Осыған қарамастан “орталықтан келген” басшыны қаумалаған жағымпаздар Алматы облысындағы азғантай ғана балалар үйінің бірін бөбектерге бүйідей тиген Ф. И. Голощекиннің есімімен ататуы республикамыздың рухани тіршілігінің тот басу деңгейін танытады. Ф. И. Голощекиннің тек қазақ баласы емес, тіпті адам атаулы баласына деген тасбауырлығы оның 1918 жылы Екатеринбургте орыс патшасының бала-шағасы мен күн-құтанын түгелдей жайратып тастағанынан-ақ белгі берген еді. Осы спектакльде Ф. И. Голощекиннің қатыгездігіне И. В. Сталиннің өзі де бас шайқауы кімді болса да бейтарап қалдыра қоймас.
Бесік тербеткен анаға байланысты көрініс спектакльдің уақиғаларының баршасының тоқайласатын кіндікті тұсы. Демек, драматург əдеби өңдеу үстінде бұл тарауға көнбейтін өмір материалына арнайы барғандығына іштей риза боласың. Ол саяси жəне теориялық мазмұны шым-шытырық өте күрделі мəселені əдеби игілікке айналдыру ісіне өзіне өзі сенгендіктен кіріскені де сөзсіз.
М. Мұртазаевтың коллективтендіруге арналған шығармаларының дүниеге келуі осы уақытқа дейін жабық келген мына бір мəселенің де бетін ашады: зобалаң бастан өтті, тағдыр бергенін алды делік. Ауыр оқиғалар өлке тарихында мұнан бұрын да болғандығын айттық. Алайда олардың барлығы халықтың рухани болмысынан өз орнын алып, эпикалық дастандарға, тарихи аңыз-əңгімелерге, əн мен күйге, басқаша айқанда, əлеуметтік сананың түлегіне айналып жатты. Ал коллективизация тұсындағы ауыр жағдайлар туралы осы уақытқа дейін жұмған аузымызды ашпадық. Ешкім ештемені білмеді. Тарих талқысына түсу бар да, сол талқыны сезіну бар. Иванычтың əңгімесінен кейін қазақ газеттерінің оты зыншы жылдарғы тізбелерін ақтардым. Япырау, өз көзіме өзім сенбей жүрдім. Кез келген санын ашып қалсам, кілең бір жұлқына еңбек етіп, оқырманға күле қарап, білегін сыбанған жандар тұрады. Ойда да еңбек, қырда да еңбек. Фотосуреттер той тойлаған шат-шадыман адамдарға толы, жайнаған қазақ ауылы. Құдды күлдіргіш қалыптан құйылып шыққан қуыршақ тəрізді. Қырылған адамдар мен аңырап бос қалған ауыл дар туралы бір ауыз сөз жоқ. Баспасөздің (тек баспасөз емес ғылым, өнер, əдебиет) тақырыбын өнеркəсіп ісі, мал бағу мен жер өңдеуге ғана арнау қоғамдық əлеуметтік сезімін ажыратып, халықтың өзін-өзі өндіріс күші ретінде ғана сезінуге апарып соғатынын қазірде жақсы түсініп те, шара қолданып та жатырмыз. Кісілік келбетіміздің төменшіктеуін мен осымен байланыстырамын. Баспасөзді тек өндіріс тақырыбына ғана жетуден əлі күнге дейін қамбамызға не бір түйір дəн, не сүт, не ет артық түсірілмегендігіне мен кепілдік беремін. Сөйте тұра, қазақ баспа ғарпінің дəстүр болып кеткен жолынан əлі де жазбай келе жатқаны өкіндіреді. Бұл не сонда? Көзжұмбайшылық па, əлеуметтік сезім тапшылығы ма? Баспасөз – халық мінбері деген сөзді жиі айтамыз. Алайда, ол тек мінбер ғана емес, еңбекші халықтың қырағы көзі, сөзі, құлағы. Ал дəл осы кезде көзіміздің көрмеуі, құлағымыздың естімеуі, тіліміздің сөйлемеуі ашаршылықтың кең, етек алуына жол ашты. Міне, осы тұрғыдан қарағанда, Ш. Мұртазаевтың бұл шығармасы мезгіліне орай дүниеге келген туынды деп қабыл алдық.
«Өркен» газеті. 1 шілде 1989 жыл