Сенбі, 23 Қараша 2024
Алыстағы бауырым 2382 2 пікір 22 Тамыз, 2023 сағат 15:42

Ауғандағы қазақ жастары: Қазақстанда оқығымыз келеді

Бүгін Ауғанстандағы Қазақ жастарының атынан екі студент Кабулдегі Қазақстан елшілігіне барып, Елші Әлімхан Оңғарұлымен кездесті. Олар Қазақстан Елшісі атына хат жазып, Қазақстанда оқу үшін керекті «Қазақ» деген анықтама беруін өтінді. Әлімхан мырза жақын арада комиссия құрып, осы жастардың мәселесін шешетінін айтыпты.

Өтініш жазушы: Ауғанстан азаматтары (ұлты қазақ) Махбобуррахман Амири мен Нурулла Аслами. Мазари Шариф қаласының тұрғындары.

Өтініште былай деп жазылған:

«Біз төмендегі қол қоюшы, Ауғанстан Ислам Республикасында тұрып жатқан этникалық қазақ жастарымыз. Біз қазіргі уақытта Ауғанстанның әр жерінде 12 сыныпты бітіріп, енді тарихи отанымыз Қазақстанның университеттерінде білім алып, қазақ еліне үлес қосуды жоспарлап отырмыз. Соған байланысты біз 2023-2024 жылдарға арналған «Дайындық курс» бөліміне оқу үшін, Қазақстандағы университеттермен байланыс жасап едік. Олар бізге «Шақырту хатын» жіберсе, біз сол хат арқылы сіздерден виза алып, Қазақстанға баратын едік.

Бірақ Қазақстандағы университеттердің жауапты қызметкерлері бізге «Шақырту хатын» жіберуі үшін алдымен біздің Ауғанстандағы Қазақстан елшілігінен «ұлты қазақ» деген анықтама алу керек екенімізді айтты.

Сондықтан бірнеше қазақ жастары соңғы жылдарда берілген, «ұлты қазақ» деп көрсетілген жеке куәлігімізді төлқұжатымызды және мектеп бітіру куәлігімізді алып, Кабулдегі Қазақстан елшілігіне келдік.

Құрметті Елші мырза, бізді жақын арада қабылдауп, құжаттарымыз бен өзіміздің қазақ екенімізге көз жеткізіп, бізге «қазақ» деген анықтама беруіңізді сұраймыз».

Қыдырәлі Оразұлы:

- Қазақстан үкіметі шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда «дайындық» бөлімінде бір жыл оқуы үшін әр жыл сайын 1300 грант бөледі.

Жыл сайын осы бағдарламамен Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстандағы қазақ жастары елімізге келіп білім алып жатыр.

Моңғолия мен ТМД елдеріндегі қазақ жастарының елге келуіне аса қиындық жоқ, олар визасыз елге келе алады. Ал Қытай, Ауғанстан, Иран, Пакістандағы қазақ жастары Қазақстанда оқуы үшін қиындығы көп ҚИЯМЕТ.

Қазір Қазақстандағы 9 университет дайындық бөлімге шетелдегі қазақ жастарын қабылдап жатыр, қабылдау уақыты 5-ші қыркүйекке дейін. Бірақ Ауғанстан жастары үшін олар алдымен Қазақстан елшілігінен «Қазақ» деген анықтама алуы керек, сосын сол анықтама негізінде университетке қабылдап, оларға «Шақыру қағазын» жібереді, сол қағазбен олар виза алып, Қазақстанға келеді.

Ауғанстандағы қазақтар неге тілін ұмытып қалған деп сөге көрмеңіздер, оның бірнеше себебі бар:

Бірінші: Ауғанстан қазақтарының Ауғанстанға қоныс аударуы 1840-50 жылдардағы Ресейдің отарлау кезеңінен басталады, соңғысы 1930-32 жылдардағы ашаршылықта барған қазақтардың ұрпақтары. Сондықтан олардың өзге ел, өзге жерде 100-200 жыл аз халықпен тілдерін сақтап қалуы өте қиын, дегенмен олар әлі де өздерінің тілін, дәстүрін, руын сақтап келеді.

Екіншіден: Олар Қытай, Ресей, Моңғолиядағы қазақтар сияқты қазақтың байырғы ата-қонысында отырған жоқ және жан саны аз. Бір жерде емес, әр жерде бытырап қоныстанған. Қазақ тілінде бірде-бір мектеп жоқ, сондықтан оларға қазақ тілін сақтап қалу өте қиын. Олар емес, өз жерінде, өз елінде жүрсе де өз тілін білмейтін қазақтарды күнде көріп жүрміз...

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394