XXI ғасыр университетінің миссиясы
XXI ғасырдағы университеттің басты миссиясы мен жаңа функциялары төмендегідей айқындалған:
Ашықтық пен қолжетімділік
Университет оқуға ынталы, белгілі бір білім қоры бар және оқуға деген жоғары мотивациясы бар әрбір жан үшін ашық болуы тиіс.
Зерттеуге бағытталған білім беру ортасы
Университет білім беру бағдарламаларын оңтайлы білім беру және зерттеу құрылымын қамтамасыз етуге бағыттауы қажет. Ректордан бастап зертханашыға дейін бүкіл құрам ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене қатысады. Мұнда студентті тек оқытып қана қоймай, жастарға зерттеушілік әдіс-тәсілдерді дамытып, олардың қатысуымен бірлесе отырып жаңа бизнес-идеялар мен білімді қалыптастыратын ортаға айналған.
Заманауи инфрақұрылым мен кәсіби талап
Университет білім беру ұйымының заманауи архитектуралық құрылымын құруға көңіл бөліп, оқытудың жаңа дизайнымен қатар ең қолайлы ортаны қалыптастыруға басымдық беруі тиіс.
XXI ғасырдың маманы көпсалалы ғылыми білімге ие, өзін-өзі дамытуға қабілетті, зерттеу мен талдау құралдарын меңгерген болуы шарт. Ал оқу процесін білікті зерттеушілер мен сарапшылар жүргізеді. Өзіндік зерттеу бағытын қалыптастырмаған, өз ғылымына шын берілмеген оқытушылар оқу процесіне тартылмайды.
Тікелей қарым-қатынас пен креативтілік
XXI ғасыр университеті студент пен оқытушының тығыз байланысына және шығармашылық әлеуетіне ерекше назар аударады. Оқыту ортасы студенттің креативті ойлауын, сын тұрғысынан қарауын, жаңашылдықты сезімталдықпен қабылдауын және стандартты емес көзқарасын дамытуға бағытталған. Оқудың техникалық базасынан бөлек, ғылыми сайттар мен арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
Қоғамдық және халықаралық ашықтық
XXI ғасыр университеті қоғам үшін ашық болып қана қоймай, оның зерттеулері мен оқыту процесі тек ел ішіндегі емес, сонымен бірге шетелдік және аймақтық өзекті мәселелер мен қажеттіліктерге негізделеді.
Азаматтық және этикалық құндылықтарды қалыптастыру
Университеттің оқыту стратегиясы тек маман даярлаумен шектелмей, бойында әлеуметтік және этикалық құндылықтары бар азаматты тәрбиелеуге бағытталған. Сондықтан университеттің басты миссиясы – жеке тұлғаның құндылығын қоғам қажеттілігімен ұштастыра алатын белсенді де шығармашыл азаматты қалыптастыру. Студентті ашық, жеке жауапкершілігі бар, өзгелерді құрметтейтін, ұжымда жұмыс істей алатын, адал тұлға ретінде дамыту болып табылады.
Академиялық еркіндік және қоғамдық көшбасшылық
XXI ғасырдағы университет мақсаттарының бірі – оның өзіндік белсенді әлеуметтік институт ретінде дамуы. Университет саяси ықпалдардан аулақ болып, академиялық еркіндікті бәрінен жоғары қоюы тиіс. Университеттің құндылығы оның қоғамға әкелетін пайдасы мен ықпалымен өлшенеді. Өткен кезеңдегі университеттің тек «маман даярлау» функциясы бүгінде ескірген көзқарасқа айналды. Университет қоғамдық дамудың көшбасшы институтына айналып келеді.
Зерттеу мен дамудың ашық корпорациясы
Университет тек білім орталығы болу шеңберінен шығып, зерттеу мен дамудың көпсалалы қызметін атқаратын ашық корпорацияға айналды. Қоғам да мұны мойындап, кез келген түйткілді мәселелерді университеттің қатысуымен шешуді жөн көреді және оны дамудың өзегі деп санайды. Кез келген елдің экономикасы мен бизнес-ортасы қазіргі таңда университеттердің деңгейімен және олардың белсенділігімен айқындалатын болды.
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz