Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2725 6 пікір 23 Тамыз, 2023 сағат 12:53

Болашақтағы су тапшылығына дайынбыз ба?

Жер бетінде адамзат үшін, оның даму барысында, қоршаған ортамен, жалпы табиғатпен ара қатынасы, онымен үйлесімді жағдайда өмір сүру өте маңызды. Қалай біз табиғатқа әсер етсек, табиғат та соған сәйкес бізге жауап береді. Осы, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиоманы көп жағдайда біз, табиғаттың жоғары саналы мүшелері, «homo sapiens», түсіне бермейміз. Түсінсек те өзіміздің бүгінгі, күнделікті пендешілігімізге салынып, табиғаттың заңдарымен санаспай, оған орасан зор зиян келтіреміз. Табиғат талай рет адамзаттың осындай іс-әрекетіне тиісінше жауап берді. Біздің жадымызда талай-талай, қаншама жанның өмірін қиған дүниенің түкпір-түкпірінде болып жатқан табиғи катаклизмдер, техногендік апаттар.

Бұл әрине адам мен табиғаттың ара қатынасындағы жалпы жағдайлар. Бүгінгі мақалада осы адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастың біздің еліміз үшін өте бір актуалды бағыты – су ресурстарымен қалай және қандай жағдайда қамтамасыз етілеміз, табиғаттың осы бір бізге тегін беретін тамаша сыйын тиісті дәрежеде бағалап жүрміз бе, осы туралы әңгіме тарқататын боламыз.

Бүгінгі күні еліміз бойынша жер үсті су ресурстарының жалпы көлемі 100,9 текше километрді құраса, оның 56,2 пайызы республика шеңберінде қалыптасып, қалған көлемі көрші елдердің аумағынан бастау алып, бізге келеді екен.  Су ресурстарының басым көлемі  Ертіс, Балқаш-Алакөл су шаруашылығы алқаптарында шоғырланған.

Ал жер асты суларының Қазақстан бойынша жылдық болжамды көлемі 64,28 текше километрді құраса, оның бүгінгі күні пайдаланылып жүрген қоры жылына 15,56 текше километр мөлшерінде екен. Жер асты тұщы суының негізгі қорлары еліміздің оңтүстігі аумақтарында (54%) орналасқан. Ал еліміздің батысында (Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары) және теріскейінде (Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) жер асты тұщы су қорларының тапшылығы байқалады.

Жер үсті су ресурстарының көпжылдық динамикасына қарасақ жылдан жылға оның көлемінің азайып келе жатқанын байқауымызға болады. Егер 2000 жылдары жер үсті су ресурстарының көпжылдық орташа көлемі 120 текше километрді құраса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 102 текше километр деңгейінде болып отыр. Бұл негізінен климаттың өзгеруімен және шаруашылық субъектілерінің суды тиімсіз пайдалануымен байланысты факторлардың әсерінен болған құбылыс деп айта аламыз. Нәтижесінде, қазіргі күні Жайық, Тобыл, Іле, Ертіс, Есіл өзендерінің таяздануын бақылап отырмыз.

Еліміздегі су ресурстарының азаюы, өзендер деңгейінің қатты төмендеуі тек қана климаттың өзгеруіне ғана байланысты емес екенін ескерген жөн. Бұл процеске өзінің елеулі үлесін қосып отырған тағы бір жай бар. Ол бізге сырттан келетін өзендердің бас жағында отырған көршілеріміздің сол ортақ, трансшекаралық су көздерін пайдаланудағы, біздің мүдделерімізді толықтай ескермей жүргізіп отырған, саясаттары. Мысалы, Жайық өзенінің бас жағында отырған Ресей облыстары салып тастаған, әр қайсысы кем дегенде 10 млн. текше метр су ұстайтын, 12 су қоймасы бар екен. Нәтижесінде соңғы 15 жылдың ішінде Жайық өзенінің деңгейі үш есеге төмен түсіп кеткен. Дәл осындай жағдай оңтүстіктегі ұлы көршімізбен арада да қалыптасып отыр. Синьцзян-Ұйғыр автономдық ауданының ауыл шаруашылығы мен өндірісінің қарыштап дамуына байланысты Іле мен Ертіс өзендері арқылы бізге келетін су мөлшері де жылдан жылға азаюда. Соңғы жылдары іргедегі көршілеріміз – қырғыз ағайындарымыздың Шу мен Талас өзендерінен бізге тиесілі су көлемін бермей отырғаны да осының бір айқын мысалы.

Әрине бүгінгі күні мұздақтардың еселеп еруі әлемдегі суға деген сұранысты белгілі бір мөлшерде қанағаттандырып отыр. Бірақ 2030-2050 жылдарда мұздақтардың еруінің жылдамдығы өзінің  жоғары деңгейіне жеткенде әлемнің көптеген елдері, оның ішінде біздің Қазақстан да бар, су тапшылығын айқын сезінетін болады. Ал осы ғасырдың аяғына қарай мұздақтардың көпшілігі толығымен еріп кетуі әбден мүмкін. Осы саланың мамандарының зерттеулері бойынша Жоңғар мұздақтар жүйесі 2080, ал Іле мен Алтай мұздақтар жүйелері 2085 жылдарға қарай толық жоғалуы мүмкін.

Ал сол су ресурстарының бар нақты көлемін біз тиімді пайдаланып жүрміз бе?  Күні ертең басымызға келетін су тапшылығына біз дайынбыз ба? Бұл өте үлкен және маңызды сұрақ. Мамандардың болжамы бойынша 2040 жылы елімізде су тапшылығы елеулі түрде байқалып, ол қажетті мөлшердің 40 пайызын құрауы мүмкін. Ел экономикасының барлық саласы су ресурстарына тәуелді екенін ескерсек, 2050 жылдың деңгейінде, су тапшылығынан еліміздің ішкі  жалпы өнім мөлшері 6 пайызға төмендеуі мүмкін. Ал бүгінгі күні мемлекетіміздің осы мәселелерге қатысы бар лауазымды тұлғалары да, қарапайым халық та осы проблеманың қаншалықты айрықша маңызы барын, оны ертеңге қалдырмай бүгін қолға алу қажеттігін жете түсініп отырмаған сыңайлы. Айта берсек, тіпті бүгінгі күні Қазақстанда осы су проблемаларын жете түсінетін, трансшекаралық су мәселелері бойынша Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан су мамандарымен тең дәрежеде келіссөз жүргізе алатын мамандар қалмады десем артық айтқандық емес. Су ресурстарын үнемді де тиімді пайдалануға бағытталған нақты шаралар қолданбаса еліміз жақын болашақта өте қиын жағдайларға ұрынуы әбден мүмкін. Елімізде су ресурстарын ең көп пайдаланатын тұтынушы ауыл шаруашылығы  болып табылады. Ал осы салада суды ысыраптау деңгейі 50 пайызды құрайды екен. Оның негізгі себептері инженерлік жүйелердің, каналдардың, гидротехникалық құрылғылардың ескіруі болып табылады. Сонымен бірге суармалы жерлерде суды пайдаланудың шетелдерде өзін жақсы танытқан технологиялық әдістері қолданысқа баяу енгізілуі де суды тиімді пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Ал қалалар мен елді мекендерде де су ысырабының деңгейі өте жоғары. Су құбырлары мен кәріз жүйелерінің тозығы жетуі себебінен су ысырабының көрсеткіші 40-45 пайыз мөлшерін құрап отыр. Ал батыстың дамыған елдерінде, мысалы Германияда, бұл көрсеткіш 5-7 пайыздың төңірегінде екен.

Қазақта мынадай: «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без», - деген қанатты сөз бар. Ал мемлекет кем дегенде 30-40 жылды алға салған болашақты жоспарлауы тиіс. Үкімет осы бір кезек күттірмейтін мәселені ертеңге қалдырмай, бүгін қолға алып, тиісті шаралар қолдануы тиіс. Ал мен өз тарапымнан, осы салада көп жылдар қызмет істеген маман ретінде, кезек күттірмей қолға алуды қажет ететін бірқатар іс-шаралар пакетін ұсынғым келеді. Егер тиісті мемлекеттік органдар қажет деп тапса керегіне жаратар.

Мемлекет деңгейінде істелуі қажет шаралар:

1. Үкімет құрамында су мәселесімен айналысатын министрлік қарастыру. Ол министрлік бір кездері болған Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі емес, Су ресурстары және оларды тиімді пайдалану министрлігі болуы керек. Осы атына сәйкес министрлікке жүктелетін міндеттер де басқаша болуы қажет. Сонымен қатар, министрліктің облыс деңгейінде вертикалды құрылымдары жұмыс жасауы керек.

2. Бір кездері республиканы су шаруашылығы мамандарымен толық қамтамасыз етіп келген, ал 90-шы жылдары биліктің шолақ саясатының нәтижесінде оптимизацияға ұшырап, Тараз қаласының басқа да жоғарғы оқу орындарымен біріктіріліп жіберілген, Гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіріп, оған дербес ЖОО мәртебесін беру.

3. Үкімет жанынан су ресурстарын тиімді пайдалану, оның ішінде трансшекаралық су ресурстарын бөлу мәселелері бойынша консультативтік кеңес құру. Оның төрағасы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары деңгейінде тағайындалғаны дұрыс. Сонымен қатар, осы кеңес құрамына еліміздегі су шаруашылығы мәселелерін бүге-шігесіне дейін білетін, трансшекаралық су ресурстары сұрақтарының қалтарыс тұстарын кезінде жақсы игерген Нариман Қыпшақбаев, Төлеген Сәрсембеков, Құдайберген Асқаров, Ислам Әбішев сияқты және де басқа осы саланың ардагерлерін қосу қажет.

4. Қазақстан Республикасы аумағындағы жер асты ауыз су қорларын зерттеу және осы су қорларын халық игілігіне кең пайдалану жұмыстарын қайта қолға алып, бұл жұмысты жандандыру қажет.

5. ҚР Парламенті деңгейінде Ауыл шаруашылығы мен коммуналдық шаруашылық салаларында және өндірістік кәсіпорындарда, сонымен қатар, қала мен ауыл тұрғындарының су ресурстарын үнемді де тиімді пайдалану мәселелері бойынша қатайтылған заң актылерін қабылдау.

6. Бұқаралық ақпарат құралдарында су ресурстарын үнемді пайдалану туралы халыққа түсінікті тілде және әсерлі мағынада дайындалған жарнамалық мақалалар мен бейнеклиптерді ұдайы оқырмандар мен көрермендердің назарына ұсынып отыру.

Ауыл шаруашылығы саласында атқарылуы қажет шаралар:

1. Суармалы жерлердегі егіс алқабына егілетін дақылдар құрылымын қайта қарау. Күріш, мақта секілді суды көп талап ететін дақылдар егілетін алқапты мейлінше азайтып, басқа дақылдармен ауыстыру.

2. Су ресурстарын пайдаланатын шаруашылықтарға, шаруа қожалықтарына суды лимитпен бөлуді қатаң тәртіпке көшіру.

3. Ауыл шаруашылығы дақылдарын суғарудың шет елдерде өз тиімділігін көрсеткен суды үнемдеп пайдалануға мүмкіндік беретін технологияларды, бірінші кезекте Израиль мемлекетінде қолданылатын, тамшылап суғару әдістерін барынша, кең көлемде енгізу.

4. Республика көлемінде суармалы жерлерге инвентаризация жүргізу. Инвентаризация нәтижесіне байланысты суармалы жерлер массивтері мен сол жерлердегі инженерлік, гидротехникалық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, қайта құру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оған бюджеттен жеткілікті қаражат бөлу. Жобасыз салынған суармалы жерлерге су ресурстарын беруді тоқтату.

Қалалар мен елді мекендер тарапынан қолданылуы тиіс шаралар:

1. Қалалар мен елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін магистральды және қала аралық су жүйелері мен олардың құрамындағы инженерлік нысандарға инвентаризация жасау, олардың техникалық жағдайын анықтау және аталған нысандарды жаңалау немесе ағымдық және күрделі жөндеуден өткізу бағдарламаларын жасау.

2. Инвентаризация барысында қалааралық су тарату құбырларында бұрын пайдаланылып, кейін қолданыстан шығарылған жүйелерді (бросовые) анықтап, оларды жұмыс істеп тұрған су тарату жүйесінен ағытып, демонтаж жасау.

3. Инвентаризацияның нәтижесінде қалааралық су беру мен таратудың, кәріз жүйелерінің компьютерлік картасын жасау және ақпараттық мәліметтер базасын жинақтау.

4. Қалалардағы су пайдаланатын тұтынушылардың толықтай суды есепке алу аспаптарымен қамтамасыз етілуін қатаң қадағалау.

5. Қалалар мен елді мекендерде су тарату жүйелеріндегі су ысырабын кезең-кезең бойынша қысқарту мәселесі бойынша арнайы бағдарлама қабылдап, оның орындалуын қатаң түрде бақылау. Қалалардағы су беру мен тарату мәселесімен айналысатын мекемелердің (горводоканал) басшыларының өз міндеттерін атқару деңгейін бағалаудың ең басты критерийлерінің бірі су ысырабының көлемін қысқарту болуы тиіс.

Су тегін, бірақ судың да сұрауы бар деген халқымыздың қанатты сөзі бүгінгі күннің басты талабы болу тиіс. Осыны ұмытпайық ағайын.

Байқоңыров Сәмет Ықыласұлы,

зейнеткер, Ақтау қаласы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364