Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әдебиет 3120 2 пікір 31 Тамыз, 2023 сағат 12:57

Ізбасар

Ұлын балабақшаға жетелей жөнелген Жібек «Мама, мен саған білдеңе айтайын ба?» – деген бала сұраққа басында мән бермегенімен, екі-үш мәрте қайталай бергесін көңіл аударғандай болды.

– Мама, мен саған білдеңе айтайын ба? – дей салып, кішкентай ғана алақанымен аузын баса қойған Аңсарының қылығы еріксіз еліткен.

– Ал, иә, айта ғой...

–  Айтсам, сен зылайсың ғой, білақ...

Ұлы тағы да кіп-кішкентай алақанымен аузын басқандай болды.

– Аңсарик, не айтып келесің? Неге жылайды екенмін, мен, а?

– Зыламайсың ба?

– Неге жылаймын, жыламаймын!..

–  Сын зыламайсың ғой?..

Жібек бала қылығына күлкісі келгенмен, көңіліне еш секем алмаған.

– Папам мен Сапағат тәтем екеуі...

Біраз уақыттай үнсіз қалған Аңсары үлкен адамдай ойлы көздерінің үстімен анасына қиғаштай қарап:

– Күнде таңелтең сен жұмысқа кеткенде құсақтасып, бүлкеніп алады да... – деп, сөзін сабақтай алмай күмілжіді.

– Не?! Не дейсің?!

Жібек дір ете түсті. Мұндай сұмдықты ұлының аузынан естимін деген үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Сенер-сенбесін білмей дал болсын. Бірақ жыламады. «Мүмкін емес» деп қояды. «Мүмкін емес! Жезде мен балдыздың ойыны ма?.. Бала бірдеңені қате түсінген болар?» Көкейіне «Тағы не істеді?»  деген сұрақ көлденең тұра қалса да, тықақтай беруге баласынан ыңғайсызданған қалпы сұрлана күлімсіреп:

– Көрдің ғой, жылаған жоқпын, – деді даусы дірілдей.

Қанша сыр бермеймін десе де, анасының қатты қапаланғанын түрінен-ақ анық байқаған Аңсарын бақшасына қалдырып, күндегі әдетімен жұмысына жүгіре жөнелгелі тұрды да, жаңағы ұлының «Шапағат тәтем екеуі...» дегені шапалақпен тартып жібергендей есін дереу жинатып, енді үйіне жеткенше асықсын. «Мүмкін емес, мүмкін емесін» іштей күбірлесе де, «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, көңіліне күдік ұялатқан кейбір мезеттерді көз алдына елестетіп те көрген.

Ай жарымдай бұрын ғана ауылдағы мектебін алтын медальға тәмамдаған кіші сіңлісі Шапағатты оқуға түсіремін деп, жездесі Болат өзі барып алып келген-ді. Содан бері жалғыз бөлмелі жатақханада бірге тұрып жатса да, араларынан соншалықты бір жақындықты, тіпті жезде мен балдыз болып қаттырақ ойнағандарының өзін аңғармапты. Рас, соңғы кездері жұмысына асықпауды әдетке айналдырған Болат кештетіп қайтатынды да шығарған. Сіңлісінің барлық емтихан-сынақтарында, құжат өткізгенде де бұл бір бас ауыртпапты. Барлық уақытта қасында жездесі жүрді.

Айтпақшы, Шапағат екеуі кеше де шаршап-шалдығып кештеу келіп еді-ау?.. Мұны неге ойламаған? Қойшы, құрысын! Мал құлағы саңырау! Туған сіңлісі мен күйеуі, мүмкін емес! Шапағат әлі бала емес пе?!

Өз ойымен іштей арпалысқан күйі бөлмесінің есігін сүзе тоқтаған.

Енді бір сәт еңсесін түзеп, ентігін де баспастан тоқпақтай жөнелуге көтере берген қолын дереу кері тартып ала қойды да, құлағын тосып, есікке етпеттей жабыса қалсын. Жиілей түскен жүрек соғысы да жөнді ештеңе естіртер емес. Дүк-дүк, дүк-дүк! Және оның жүрісін жеделдеткенінен ғана емесін де ұқты...

Не істеп тұрғанын енді байқағандай өз қылығынан ұяла сөмкесінен кілтін шығарып, мейлінше сықырлатпай аша сала жалма-жан ішке өткен.

– ?!

Аңсары алдамапты... Өз көзіне өзі сене алар емес!..

Сасып қалған сіңлісі ақ жаймамен бетін бүркемелеймін дегенде, айрандай төгілген абыройларға қарап тұруға Жібектің ары шыдамады. Бірақ дауыс көтеріп, шу да шығарған жоқ. Тіпті қыстығып жылай да алар емес. Күні кеше ғана жанындай жақсы көретін екі адамына деген көңілі көз жасымен бірге шемен боп қалған ба?..

Аласұрған көңілін немен алдандырарын білмеген ол қуықтай ғана асүйде дамылсыз дызақтай бере, терезе алдында жатқан күйеуінің темекісінің бірін дереу тұтатып, көк түтінді бұрқ-бұрқ еткізіп еді, қақалып-жөтелгенде әлгі түтін көзінен шыққандай болған. Осы екі аралықта шалбарланып үлгерген күйеуі жүгіріп келіп су әпермекке тырысып еді, қолын қағып жіберген бұл:

– Дереу, қазір, көздеріңді құртыңдар! – деген.

Әжетхананы ішінен жауып алған Шапағат «кешірші, кешіршілей» жыламсырап, бірдеңелерді шатып-бұтуда... Жібек болса мұның бірде-бірін естімеді. Естігісі де келмеген. Енді бір сәт тесікке кептелердей болып қатар жылыстай берген екеудің артынан жиіркене қараған Жібек есік сырт етіп жабылған сәтте ғана ағыл-тегіл көз жасына ерік берді.

«Жан – түсініксіз нәрсе. Қайда орналасқанын ешкім білмейді, бірақ қалай ауыратынын бәрі біледі» демекші, дәл қай жері екенін білмесе де, тап осы сәтте жанының ауырғанын анық сезінген ол тоңазытқышта тұрған арақты алып, қалай ішіп жібергенін де байқамай қалған. Тек ішіне тыз етіп шоқ түскендей болған сәтте жиіркене тыжырынғаны болмаса, ашырқанбады да.

Әншейінде күйеуіне: «Қит етсе болды, бөтелкеден басу іздейсің. Әлсізсің!» – деп ренжи кететіні есіне түсіп, алдындағы арақты ары ысырып тастаған.

Терезе алдындағы темекінің тағы бірін тұтатып, ащы түтінді ішіне сора алмаса да, құшырлана иіскеп, құмарта жұтқан өзін әжуалағандай жаңағы ысырып тастаған бөтелкеден тағы бір кесесін сылқ еткізді. Содан соң ғана буын-буыны босап балбырай түскенімен, сүйектеріне дейін түгел сырқырағаны қояр емес. Керісінше, өршіп бара жатқандай. Көңілінің көк еті де сөгіліп кеткендей кеуде тұсы үздіксіз сыздайды. Енді не істемек? Елге не бетін айтады?! Әке-шешеге ше?..

Ойдан жүйрік не бар десеңші мына жалғанда... Керек, керек емесі бар – сан түрлі ой санасын сарсытып... Әншейін күнде бұлардың махаббатын майпаздап мақтай жөнелетін жалған достардың табасынан қорынды. Алыстағы жаудың дүбірінен емес, сол иттіктерін ертең-ақ жасайтын қасындағы доссымақтардың күбірінен қорқа жылады. Өткен жолы бір садақада: «Жесір қалған жалғыз сен емес, талай қатын байсыз қалып жатыр, сен бақытты жесірсің», – деген ағайына аңтарыла қарағаны да есінде. Сол сәт сорақылау естілген жұбатудың жөнін бұл енді ұққандай.

Иә, жесірі бар, үш-төрт баласымен де тастап кетіп жатқандар қаншама, әр-беріден соң, оны да түсінуге болады екен ғой. Құдай-ау, бұл қайтпек?!

Елге енді қай бетімен қарамақ? «Жесір қалсам да, тірідей тастап кетсең де, тап бұлай қорланбас едім ғой» деп еңірей жылады. Қорлана жылаған.

– Есіңде болсын, еркек «өзіңсіз өмір сүре алмаймын» деген әйелдерді емес, онсыз өзі өмір сүре алмайтын әйелді таңдайды, – деген тәтті сөздерді тамылжытып жатқан Болаттың бірде:

– Мені өзге бір әйелмен ұстап алсаң кешіре алар ма едің? – дегеніне:

– Сол бойда өз-өзімді өлтіре салар едім, – деп жауап бергенін есіне алды.

Тап қазір ол ойынан тартына қоймас еді, тек ұлы ше? Көзін жәудіретіп кімге тастамақ?! Осы кезде барып Аңсарын бақшадан алу керектігі есіне түсіп, орнынан жедел көтерілген бойы үйін жинауға кірісті. Әлгі екеуінің астарына төсеген ақ жаймаларды сол бойы қоқыс жәшікке тастай салмақ ниетте көрпе-көпшігімен қоса, шиыршықтаған күйі босағаға қарай жиіркене ысырған.

Үйін жиыстырып болып, өзін қалай сипаласа да, күнұзаққа жылаудан ісініп кеткен көздерін қайтіп жасырарын білмей дал. «Аузымнан арақ, темекінің иісі шығып тұрған жоқ па?» деп тісін тазалап, басын жуып әлек.

Сыртқа шыққанда қара көзілдірік кие салар-ау, ал Аңсарын қалай алдамақ?

Бес жасар бала деп айта алмайсың. Алғыр әрі өте сезімтал. Тіпті осы оқиғаның өзін баласы айтпағанда, қанша уақытқа дейін созыларын кім білген? Мүмкін, білмей де қалар ма еді?..

Күні кеше өзі ұясын бұзып, Болатты ертіп кеткенде бұрынғы жарының қандай күйде қалғанын енді ғана жән-тәнімен сезінгендей. Кімді кінәласын?!

* * *

Күн демалыс. Бұл болса бозала таңнан оянып алған. Түнімен түртпектеген түмен ой жанын жегідей жеген түсімен ұштасып, бір тыйылмай қойған көз жасынан шылқыған жастығын аударды. Оны тіпті ұйықтап жатып та сағынатындай... Жүрегінің орнына бір сыздауық пайда болған ба?

Арада аз уақыт өтпесе де, әлі күнге сыздауын бір қояр емес. «Уақыт – емші» дейміз-ау, тек сол уақыт емшіңнің емдеуі үшін де уақыт керегін ұмытамыз, ә?!» деген жаңылтпаштай ойымен орнынан тұрып кетуге оқталған күйі «сонша асығып қайда барамын» деп, баласы жаққа бір қарап қойып еріне керілді.

Сон-оу бір бақытты күндерінде ертеңгісін осылай еркелей керілсе Болаты: «Келіншектің керілгені – кел дегені», – деп шешіне сап, құшағына құлай кететін кездерін есіне алып, дыбысын шығармастан көрпесін тістелеп еңіресін.

Қауғасы жоқ құдықтай сарқылмаған өз суын өзі тата алмай шөліркеген шыңыраудың әдірәм қалған жиегіндей көңілді де құм баса бастапты. Еркек атаулыдан елжірей қарайтыны – осы Аңсары ғана. Ол болса қазір оңайлықпен ояна қоймайды. Жалғыз өзі шоқиып отырып ас ішіп те жарытпас. Одан да жата тұрғаны дұрыс. Не істесе де, осы бір ауыр ойдың азабынан құтыла алмасына көндіккен де сыңайлы.

«Ораза, намаз – тоқтықта» демекші, мұндай күндері әншейінде тоғызға дейін тырп етпей ұйықтайтын Жібектен ұйқы қашқалы қай заман. Кеш жатады, ерте тұрады. Жылап жатып, жылап оянады. Адам ақылының кез келген нәрсеге тез бейімделгенімен, сағынышқа төзгісіз екенін де іштей мойындап қойған. Болатпен енді ешқашан бірге бола алмайтыны есіне түскен сайын, күн санап артып келе жатқан сағынышы жанын піспеген сыздауықша дызылдатады. Бұндайда бар алданышы баласы ғана. Аңсары болмағанда не істер еді, қазір? Ендігі өмірін тек соған арнаймын деп, өзін бекемдей түскендей.

Айтпақшы, осы Аңсарының атын да ешкіммен ақылдаспай, Болат екеуі қоя салған-ды. Әкесі сыр бермегенімен, анасы: «Жап-жас болып, бір зарығып бала күткендей, Аңсар деп ат қойғаны несі екен-ді» естіртіп екі-үш рет айтқанымен қоймай: «Аңсар, Арман, Сағыныш секілді есімдерді немересін көруді асыққан үлкендер қойса да онша оғаш көрінбес еді», – дегені енді есіне түскендей, «шынымен менің аңсағаным осы болғаны ма» деп аһ ұратындай.

* * *

Жібек соңғы кездері өзінің ішімдікке тым әуестеніп бара жатқанын байқап, «болды, жетер, тоқтату керек» деп шешкенімен, темекіні енді қоя алмайтын сияқты. Жаны ауырып, іші күйіп бара жатқан соң, асүйде көк түтінге көміліп біраз отырды да, соңғы кездері сырласына айналған үстіңгі қабатта тұратын Айманға беттеді. «Айлас қатын – мұңдас» дегендей, қазіргі мұның жайын түсініп, басу айта білетін – осы Айман ғана.

Шерлi жандардың тағдырласымен табысуының өзі жарты бақыттай көрінетіні де содан болар?.. «Тық деген тауыққа тиеді» демекші, басқалардың бәрі мұны өсектеп отырғандай, өзге ортада отырудан безінгелі қашан. Осыдан біраз бұрын екі баласымен бірге күйеуі тастап кеткен келіншек өзінен көп үлкен бола қоймаса да, ақыл айтып, алдаусырата біледі. Айманмен азғантай уақыт сырласып қайтса біраз азабы жеңілдегендей болып қалатыны да сондықтан.

Ол да жазғы демалыста балаларын ауылға жіберіп, жалғыз өзі жабырқаңқырап жүрген. Мұның келгеніне ол, әрине, қуанып қалды.

– Таңғы асқа тәбетім тартпаса да, Тәңірдің несібесін тәрк еткендей болмайын деп, шәйімді енді демдеп жатыр едім. Қош келдің! Отыра қал.

Екеуі әр нәрсенің басын бір шалып отырған соң, Айман енді басталған шишаны тоңазытқыштан ала бергенде болмашы қарсылық көрсеткендей болған Жібек алғашқы рөмкіден кейін-ақ жібектей тарқатылып жүре берген. Екеуі бір жылап, бір күліп отырып екінші шишаның да тығыны ашылды. Біраз уақыттан бері Айманның артынан қалмай жүрген жігітті байқап жүретін Жібек:

– Жаман жігіт емес сияқты ғой, кіргізіп алмайсың ба? – деп әңгімесін бастағанда-ақ кім туралы екенін түсінген Айман төсегінің бас жағында тұрған Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты кітабын мұның қолына әкеліп ұстатқан. «Мен мұны қайтемін?» деген сұраулы жүзбен таңырқай қараған бұған «ішін ашсаңшы» дегенді ыммен түсіндірген Айман алысқа үрлемеген темекісінің түтініне жасырынғандай бұрқ-бұрқ еткізді.

Кітап ашылғанда арасынан сырғып түскен бүктеулі қос парақты жерден алып, «оқы» дегенді де қою түтін артынан ишарамен танытқан. Хат Айманның бұрынғы күйеуіне арнап жазылған екен. «Серік!» деп басталған хатты көзі бұлдырап отырып оқи бастағанымен, аяғына жетпей өкіріп қоя берген Жібек Айманды құшақтап, қос мұңлық қосыла жылап, азан-қазан болды.

Серік!

Өткен күн – көшкен құм тәрізді. Белгісі, бедері жоқ. Тып-типыл, жым-жылас... дегеннің бәрі бекер екен. Сені еш ұмыта алар емеспін. О баста «өмірлік серігім – өзіңсің» деп ноқтамды қолыңа ұстатқалы мұрындық киген ботадай жетегіңе еріп желпілдей беріппін. Енді неден бастаймын, әрі қарай сенсіз қалай ғұмыр кешемін? Бағытынан жаңылған қайықтай қайда барарымды білмей қайраңдап қалдым-ау...

Соншалықты сенгендігім де сол – сені тастап кетеді деген ой ойлаудың өзі күнәдай көрінетін... Менен жерісең де, екі бірдей ұлынан жериді деп кім ойлаған?! «Сен шынымен менің Серігімсің бе?!» деп таңғаламын кейде.

«Махаббаттың бір сағатында бүкіл өмір жатыр» дегені өтірік емес екен, өзіңмен өткізген сағат тұрмақ, әрбір минутым бүкіл ғұмырым сияқты...

Мен сені бәрібір ұмыта алар емеспін. Әсіресе үлкен ұлдың барлық қылығынан өзіңді көрген сайын, сезімім өрши түседі.

Сен алғаш енді менімен тұра алмайтыныңды айтып, басқа бір жанды шын сүйіп қалғаныңды қылғына дәлелдегеніңде есеңгіреп қалғаныммен, екі-үш күн өткен соң, еңсемді тіктеп, «Жылға татитын күн, Күнге арзымайтын жыл болады», жылаумен өткен жылдарымнан күліп жүрген күнім артық. Баяғыдай бір күн мені армансыз қыдыртшы. Ештеңе ойламашы. Телефоныңа да жаутаңдама... Жаны шығып кетпес ешкімнің...

Бір-ақ күн! Армансыз... Шын сүйетін жандар құсап жүрейікші. Болды... Сосын, еш ренжімеймін. Жүре бер. Сені бәрібір байлап ұстай алмаймын ғой. Жүрегіңді ауыртып қайтемін... дегенім де есімде. Оны ешқандай құм баса алмайды. Ол ой мен өлгенше тірі!

Арада екі жылдай уақыт өте шығыпты... Соңғы кездері түсіме де жиі енетінді шығардың. Үнемі қамығып жүресің. Бір жерің ауырып жүрген жоқ па? Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ, қайтып ораламын десең қарсы емеспін. Ол жақта жолыңа кедергі болар балаң да жоқ. Мен сені жек көре тұра сүйемін! Түсінесің бе? Сүйемін! Сүйгенім үшін бәрін кешіре аламын. Оралшы, өтінемін!

Телефоннан мұның бәрін тап бұлай тәптіштеп айтып отыра алмасымды білген соң, осылай хат жазуға мәжбүр болдым. Кешір...

Одан ары қарай Жібек не оқып отырғанын өзі де білмейді. Тек солқылдап жылай берді... «Байың болып, ол өліп қалып, оны жоқтаудың өзі бақыт екен ғой» деген кәрі қыздың кертартпасындай:

– Бұның өзі де бақыт екен-ау, енді мен сағыныштан жарылып өлсем де, туған сіңлімнен кейін оны қалай қабылдаймын?! Ол – мен үшін өлген жан! – дегенімен, ұнға тығып, ұмыт қалдырған қазыдай қап түбінде әбден сарғайған сүр сағыныш жанын сыздатып-ақ жіберді...

* * *

– Ұрсайшы бір, жанын шығарып!

– Ұрмағаннан қу жалғыз бәрібір екеу болмайды!

– Ұрмағаныңнан ұрпағы көбейе қоймас, осының!..

Әбден ашынған анасы осы сөзді әкесіне қаратып талай айтқан. Болат – бір шаңырақта алты қыздың артынан ерген жалғыз ұл. Алты қыздан соң, арман-үміт үзіле бастаған тұста әулет шежіресіндегі қанша жыл бос тұрған орынға әкесінен төмен бір тал сызық тарттырған Болат деген батырың – осы.  Және кенже.

Болат дегенді Жаратқаны болады, тоқтат деп түсінді ме, кім білсін?..

Бір үйлі жан түгел асты-үстіне түсіп бетіне қарап отырған соң, өмірі пейіл мен мейірге шөлдеп көрмеген бала бұлғақтап өсті. Не ішем, не жеймін демеді.

Тоғызыншы сыныпты бітірген жылы әкесі су жаңа «Жигули» алып берген. Ауыл арасында той-томалақтарға қанша жақын болса да, жаяу бармай, ұлының қасына алдыңғы орынға шалқая жайғасатын әкесі «мені көрдіңдер ме» дегендей бір көтеріліп қалатыны да жасырын емес. Болаты дүниеге келгенше жиын-тойларды онша жақтырмайтын ол әңгімесі түзеліп, қазір төрді бермейтін болған. Алты қыздың біреуіне кесірленіп көрмесе де, өзінен кейін өшетін пәмилені ойлағанда терең күрсінетін. Енді ешкім сыртынан саусағын шошайтып: «Қубас!» демесіне кәміл сенетіндей.

Келе-келе машинаны басыбайлы иеленген еркесі беймезгіл уақыттарда кешігіңкіреп жатса, аһылап-уһілеп далаға сан мәрте кіріп шығып, жалғыз ұл үйге кірмейінше, басы жастыққа тимейтін шалының шарасыз түріне қарата айтқан анасы байғұс, шалы: «Өй, әкеңнің!» – деп қолын көтергендей болса, өзі-ақ шыр етіп ортаға тұра қаларын да Болат жақсы біледі. Ондайда тіпті алты қыздың қайсысы болса да, арашаға әзір. Содан да болар, ол тым еркін.

Онжылдықты ойдағыдай тәмамдағанымен, он ойланып, жүз толғанып, қасында тұрған қаланың өзіне оқуға жіберуге көзінен таса қылғысы келмегендіктен, жыл өтпей жатып үйлендірді де, военкомға жүгіріп жүріп әскери билет алып берген соң ғана көңілі жайланғандай. Бірінен соң бірін, екі бірдей ұлды сыйлай салған келіннің де құшағы құтты болды. «Қу жалғыздың ұрпағы көбейе бастады».

Әу баста әулетте әкесі де, өзі де жалғыз Әбу ақсақал қырық бесінде көрген ұлының енді жалғыз еместігіне көзі жеткендей болғасын Болатының болашағын ойлағандай, тағы да тамыр-танысты жағалап жүріп Алматының жоғары оқу орындарының біріне сырттай бөлімге түсіріп, үшінші курсында совхоз кеңсесіне білдей бір қызметке де орналастырып үлгерді.

* * *

Бұл ауданның негізгі шаруашылықтарының бірі – темекі.

Сырттай оқуының төртінші курсын тәмамдаған Болат бұл шаруашылыққа да әбден төселіп алған. Кішігірім бастық. Ауылдық комсомол ұйымының жетекшісі болғандықтан, ішкі-сыртқы жиын-тойлар мен осындай ұйымдастыру жұмыстары мұның құзыретінде.

Бүгін Алматыдан «селхозкаға» студенттер келуі керек. Соған бола азаннан қарбалас. Олардың жатын орындары мен асханаларын әзірлеп, неше күннен бері бір тыным таппай жүр. Өзі сырттай оқығанымен, сессияға барып жүргенде студенттер жатақханасында жолдас балаларымен араласа жүріп студенттік өмірді ішкі жағынан көре білсе де, осымен екінші жыл қатарынан ауылға «селхозкаға» темекі теруге келетіндермен әбден араласып, өздерінің бір мүшелеріндей болып кеткен.

Олар да мұның студент екенін білген соң, кішігірім бастық екеніне қарамастан, еркін араласады. Былтырғы студенттердің біразымен әлі хабарын үзген емес.

Ауыл шетіндегі қырманға жақын орналасқан асхананың соңғы дайындығын тексеріп шыға берген бұған:

– Ағай, сізді деректір шақырып жатыр, – деген дауысқа жалт қараса, парткомның шопыры екен.

– Келді. Студенттер, екі-үш автобуспен, – деп мәз.

– Кеңсенің алдында, тез жетсін деп жатыр.

Жылда осы уақытта ауылдың бойдақ жігіттері бір жасап қалады.

Махаббаттары сәтті болып, сол студенттердің бірді-екілісі бұл ауылға келін болса, керісінше, ілесіп кеткен ауылдың да қыздары жоқ емес.

* * *

Бұл кеңсенің алдына келгенде әр-әр жерге шоғырланып алған шағын топтар бірі гитараларын дыңғырлатып, бірі домбыраларын баяу шертіп, жайғасып та алыпты. Жандарында тұрған автобустарынан әлі мініп-түсіп жатқандар да жоқ емес. Кепкілерін көздеріне түсіріп алған кейбір кербездері көсіле сұламаса да, «көз шырымын алайық» дегендей көлеңкеде бұйлығып қалғуға кіріскендей.

Аппақ спорт костюмін киген әдемі қыз қапталдаса бере:

– Ту-у, ағай, көп күттірдіңіз ғой, – деп еркелей назданғанда еріксіз бұрылған Болаттың тілі байланды.

Қағыта жауап қайтаруға оқталғанымен, мына сұлулықтың алдында дымы шықпай қалған. «Жамбылдың қысылғаны осы арада» демекші, мұны бұл мылқаулықтан мың болғыр совхоз директорының өзі құтқарды.

– Ә, Болатжан, келдің бе?

– Қалай, даярсыңдар ма?

– Қазір апарып орналастырып, кешкі астарын берген соң, инструктаж өткізіп, ертеңгі күндерін белгілеңдер...

– Қалғанын өзің білесің ғой, – деген директор жүре сөйлеп көлігіне беттегенде, бұл көзінің қиығымен жаңағы қызды іздестіре бастаған.

Бағанағыдай емес, бойын батырлық билеп, емен-жарқын дауыстап:

– Қане, жолдастар, автобустарыңа отырыңдар, – деген бұл:

– Көп күтіп қалған қарындас, сіздер бір-екеуің менің көлігіме отырсаңыздар болады, – дегені сол екен, қасындағы қос құрбысымен бұған қарай бұлғақтай беттеген әлгі сұлу «алдыңғы орын менікі» дегендей маңғаздау басып жанына жайғасты.

Артқы орындыққа отырған екі қызға айна арқылы еркіндеу жымиып:

– Менің есімім – Болат, – деді.

– Мен енді сендердің жетекшілерің боламын, – деген артына бұрылмастан айнаны түзетіп жатып.

Қымсынатын қыздар да көрінбейді. Еркін.

Тіпті бұрыннан таныс адамдардай еркелей сөйлеп назданып қояды.

– Жібек!

Қасындағы сұлу қасын кере қиыла қарады.

– Қандай әдемі есім! – деп бір көтеріп тастамақ болған таптаурын теңеуіне:

– Алғаш танысқан қыздарыңыздың бәріне солай айтатын шығарсыз? – деген қыздың қыңыр жауабы қызарақтатып тастады.

– Гүлім!

– Мира!

Жамырай танысқан қос құрбы болмағанда ұяттан оттай қызарған Болат мәшинесін бір жерге соғып алар ма еді, кім білсін? Жаңағы ұялғанын жуып-шаймақ ниетте бірдеңелер айтқандай болып еді, онысы мүлдем ерсі шыққандай. Абырой болғанда, студенттер қосына келіп жеткеніне қуанған Болат мәшинесінен қалай түскенін де аңғармады. Сонда да болса екі көзі Жібекте. Ол да мұның үздіге қарағанына үзіліп кетердей қымсына үлбіреп-ақ тұр. Бәрі осылай басталған...

Осы уақытқа дейін бір қыздан беті қайтып көрмеген Болаттың Жібекті көрсе демі жиілейтінді шығарды. Тіпті тілі байланып қалатындай.

***

Тап сол сәтте-ақ таныстықтың соңы үлкен махаббатқа ұласарын екеуі де үнсіз ұғысқан. Болаттың басы бос емесін Жібек естіген. Керісінше, отқа май құя түскен де сол пыш-пыш. Осы уақытқа дейін ықылас танытқан талайлардың бірін менсінбеген Жібек те арбалып қалғандай айналшықтап кете алар емес. Өсек өрши түскен сайын, сезімі құрғыр да құлшына түскендей.

Әңгіменің әуені өзгере бастаған тұста наздана қалып еді, Болат ағынан жарылды. Ештеңесін жасырмады да. Өзінің оны жақсы көрмейтінін, әкесінің алып бергенін де түгел жайып салған. Тіпті екі бірдей баласы барын барып тұрып, өз көзімен көрген Жібек қымсынатын қылық көрсетпеді. Керісінше, бақталасын баса түскендей кеудесін көтеріп жүретін әдет тапқан.

Бұл әңгіменің бір ұшы үйдегілердің де құлағына шалынғанымен, «ертең қыз оқуына кеткен соң бәрі басылады, уақытша желікпе ғой» дегендей екіұдай күйді аңғару қиын емес-ті.

Жаздық ақшыл костюм-шалбарын тастамайтын келбетті жігіт кешкісін келіп «ақ боз атына» аппақ Жібекті отырғызып алып кететін де, кей кездері ақ таңда ғана оралатын.

Күзде қимай қоштасқан екеудің арасын жалғап жатқан жүз шақырымдай жолдың бір басындағы Алматы ақ «Жигулидің» апшысын қуырып, аптасына бір-екі мәрте жүріп өтетін межелі мекеніне айналғандай.

Кештетіп келіп, түнімен аймаласатын Болатын таң алдында қимай шығарып салу Жібектің басты жұмысы. Төлегеннің ақ боз атын сипалағандай ақ «Жигулидің» артынан қимай қарап тұратын қыз содан соң ғана төсегіне оралып, бірер сағат тынығар-тынықпастан жұмысына жүре беретін.

Араға екі-үш күннен артық уақыт салмайтын Болат «төзімім таусылды» дегендей төрт-бес айдан соң жүгін көтеріп бір-ақ келгенде, Жібектің де кәдімгідей іші білініп қалған.

***

Уақыт шіркін, шынында да, жүйрік қой... Аңсарын құшақтап, аңырап қалғанына да аттай тулап арада он екі жыл өте шығыпты. Бір мүшел. Түсіне білген адамға аз уақыт емес-ау...

Бүгін бір көңілі алып-ұшып, өрекпи бергесін еркелей басып ертерек келген үйінің есігі іштен ілінгенін көріп жымың етті де, жайлап қаға бастаған. Ондағы ойы ержетіп қалған ұлының анда-санда көршінің қыздарымен музыка тыңдайтындары бар еді... Биыл университеттің тегін бөліміне өз күшімен оқуға түскен ұлына деген сыйы да арта түскен.

Есік іштен ашыла бастағанда ұйықтап жатса да, үнемі ыржиып қарсы алатын ұлын құшақтай алып шөпілдете сүйетін әдетімен ұмсына бере бақырайған күйі қатты да қалды. Өз көзіне өзі сене алар емес.

– Болат!

Ышқына шыққан өз даусынан өзі селт еткендей.

– Сен, сен, неғып жүрсің мұнда?! Қалай кірдің? Кім кіргізді сені?

– Аңсар, Аңсар!

Жүгіре басып үйге кірген бетте ұлын іздей бастаған...

Жалт бұрылып: «Аңсар қайда? Қалай кірдің деймін саған!» – деп тап бергені сол екен, дүкеннен оралған ұлы ту сыртынан құшақтай көтере асүйге ала жөнелді.

– Мама, маматай, қойшы, тыңдашы енді, – деп ентіге сөйлеген ұлын көріп барып сабасына түскендей.

Бірақ ебіл-дебілі шығып жылағанын қояр емес. Ауық-ауық қоламтасы қоздатып қоятын ескі жараның аузын жұлып алғандай күйге түсірген бұл оқиға дені сау адамның да он ойланса ойына келмейтін шығар.

Анасына суық су әперген ұлы орындығын жақындатып:

– Маматай, өзің айтпақшы, өмір ғой, бұл... Өмірде не болмайды? Ол бомж боп кеткен. Басы да дұрыс істемейтін сияқты... Құрылыста күзетшілердің қасында қонып жүр екен. Әкем ғой, менің!

Ұлының жыларман болған түрін көріп, бауырына тартқан анасы енді қатая түскендей. Орнынан тұра сала киімін де ауыстырмастан, кешкі асын даярлауға кірісіпті. Екі көзінен аққан жасын тыя алар емес. Аяқ-табағын қанша қатты сылдырлатып жатса да, баласына Құдайдың зор жүрек бергеніне шүкірлік етіп қояды.

Бірақ «әлгінің» бетіне қарағысы да келмейтіндей. Жаңа дұрыстап қарап та алмапты-ау... Ұлының жасап қойған кешкі асын ортаға қоя берген сәтте әкесін итергендей қылып асүйге алып келген Аңсар оны төрге оздырып, өзі төмен жылжығанын көріп Жібек тағы көз жасына ерік берген. Оның алдында жылағанын қанша көрсетпеуге тырысса да, ұлының әкеге деген ілтипатын көрген сайын шыдай алар емес.

Болат жаққа қанша қарамайын десе де, көзі түсіп кете беретіндей.

Ұлының қабағының астымен екеуінің көзқарастарын қалт жібермей отырғанын сезіп отырса да, бір кездері өлердей ғашық боп, отбасынан ажыратып алған адамының қандай күйге ұшырағанына таң.

Тамақ үнсіз ішілді деуге бола қоймас. Арадағы өлі тыныштықты бұзып, не айтса да еркелей, қалжыңдап сөйлеп отырған Аңсары бұл қасықты қаттырақ қойса да, қабағымен ескерту жасағандай болғасын баласының ығына жығылып, еріксіз жұмсара түскендей.

Жалғыз өзі сөйлеп отырса да, Аңсары жайдары. Әкесінің кесесін әрлі-берлі жөнелтіп, әңгімесін бір үзер емес. Енді әріге барыспайды-ау деген сәтте барып: «Мам, мен қазір», – деген күйі сытыла сыртқа беттеген ұлының соңынан «мынауыңды ерте кет» деуге оқтала түсті де, қанша мейірлі дегенмен, түйе қоятын қатулы қабағынан «тыныш отырыңдарды» ұққан анасы үнсіз қалды.

Болат та үнсіз. Жалтақтап қарай береді. Жанарының оты өшіп қалғандай мүләйім. Шыны-аяғын қанша салдырлатып жуса да, мән беріп жатқан ол жоқ. Маңқиып қарап отыр. Жібек мұның денінің саулығына шын күмәндана бастағандай.

– Кереңді ішіп болсаң, барсайшы ана жаққа! Жоқ, маған ыдыс жуысайын деп отырсың ба! – деп қаттырақ сөйлеп алса да, «Аңсар тыңдап тұр ма?» дегендей алаңдап, даусының соңын сәл бәсеңсіткен.

Созалақтай орнынан көтерілген ол төр бөлмеге барып сопиып тұрып алды. Не отырмайды. Не жүрмейді.

Өшін асүйдегі аяқ-табақтан алып болғандай жуынатын бөлмеге өте бере көз салса, Болат бағанағы орнында әлі тұр. Бұны енді көріп, қымсынғандай сәл сипақтап алып, әрі қарай тұра бергенінен оның науқас екенін ұққандай болған Жібек:

– Бар ана жаққа, мен киім ауыстырамын, – деген.

Сонда ғана босағада жатқан сірісі тапталған қоңыр бәтеңкесін аяғына іле салған күйі асығыс сыртқа беттеген бұның соңынан сығалаған Жібек үйреншікті бұрышқа барып, әрлі-берлі сипақтаған Болаттың күлсалғыштан бір темекінің тұқылын тауып алып, асығыс тұтатқанын көріп жүрегі шаншыды. Тұқыл тұрмақ, оны-мұны темекіңді менсінбейтін... Кезінде, асқа шақырардағы қайталанатын дәл осы бір көрініс көз алдына елестегендей есіктен сығалаған күйі екі жанарына ерік берген Жібектің көзі бұлдырады.

Сол сәт анадайдан баласы да көрінді.

– Не шегіп тұрсың? Қайдан алдың? – деп дауыстай сөйлеген ұлы әкесінің қолындағы тұқылды тастатқызып, екі қорап тәуір шылым ұсынғанын көріп онан әрі солқылдасын.

Біраздан кейін үйге кірген әкелі-балалы екеу теледидар қараған болып отырған Жібектің жанына жайғасты. Әуелі әкесін анасының қасына отырғызған Аңсар өзі сәл төменірек орналасып, қолындағы «Отбасылық» балмұздағын ортаға қойды.

Жібектің көзі экранда болғанмен, көңілдің көк дөнені әлемді кезіп кеткен. Баласының көңілі үшін ғана анда-санда аузына салатын мұздай балмұздағы есін жинатқандай ой қаузайды. «Адам баласының бабын табу қандай қиын» деп түйді ішінен. Бал жағып берсе, мұз жалауға да дайын.

Ойын үшін от та баса алады. Тек аралықтағы шекарасы қайсы? Оны кім біледі? Әлгі «салқындық деген ұғым жоқ, ол жылулық кеткен кезде ғана пайда болатын құбылыс» дегенді қайдан естіп еді... Жаңағы терлеп ішкен ыстық шәйі мен мұздай оты қарыған мына балмұздағының арасындағы айырма қайсы, сонда? Екеуі де керек сияқты ғой адам жанына?.. Сонда мұның қайсысы дұрыс емес? Бұның өмірі ше? Балмұздағы басымдау болып тұр ма? Әлде балсыз мұздақ? Мұның көңілін суытқан не нәрсе? Жоқ, «жылу» деген мына Болат па? Жылуы кеткесін орнын суық жайлады ма, сонда?

Сандалбай сияқты... Ту-у, не ойлап кетті, өзі... Жібек мұндай таусылмайтын сұрақтарға жауап іздеп, талай таңды талмаусырап қарсы алып үйренген.

Әншейінде анда-мұнда болса да, «қазір қайда екен, не істеп жүр екен» деген сұрақтар мазалайтын. Енді қазір түк болмағандай дәл жанында отырған Болат жаққа бұрылып қарауға жиіркенетіндей. Жоқ, әлде дәті бармай ма?

Енді мұны «Мынау бүгін осында қонғалы отыр ма?» деген сұрақ мазалай бастады. Сонда төсекті қалай салмақ? Аядай ғана бір бөлме аналы-балалыға тар бола бастаған тұста...

Иә, осыдан он үш жыл бұрынғыдай бүгін түнде де Жібек таңға дейін көз ілмеді. Көз жасы да бір тыйылмады десе болғандай. Болаттың не ұйқылы, не ояу екенінен де бейхабар. Тырп етпейді. Ұлымен қатар жоғары жаққа төсек салып берген. Екеуі де бір қозғалар емес. Өзі болса түнде тұрып, неше мәрте шылым шекті. Көрер таңды көзімен атқызған Жібек ұлының езуіндегі жылы жымиыстан «жақсы бір түс көріп жатыр-ау» деп топшылаған. Ұлының ар жағында жатқан бұрынғы байына да ұрланып қарап қояды.

Мұрнына өткен көктемнің иісі келгендей. «Махаббатымызға мына төрт бұрыштың бәрі куә ғой» дегендей, біртүрлі көңілі өрекпи үй ішіне көз жүгірте бастаған... Жанын желпи өткен әдемі сағынышпен сырғи берген жанары төргі бұрышқа келіп тірелгенде баяғы сүгірет сол күйінде көз алдына кеп тұра қалсын. Ыршып түсті. Бұл көріністі өмірі ұмыта алмайтын да шығар енді... Яғни ешқашан кешіре де алмайды! Сіңлісі мен күйеуін үйден қуып шыққан сәті әлі көз алдында. Тағы да қуып шығуға оқталғандай жаңағы жаққа енді жиіркене көз тастап қояды.

Тап бұның жанарынан қаймыққандай ұшып тұрып, үнсіз киініп, темекі шегуге шығып кеткенде орнынан тұрып, шәй қоюға кіріскенімен, Болат қайтып оралмады. Бұл да жүгіріп шығып іздемеді.

Аңсары оянғанда суып қалған шәйін қайта ысытып жатқан анасынан: «Әкем қайда?» – деп сұрағанда: «Қайдан білейін?» – деп қысқа қайырған.

Ұлы да тықақтай қоймады. Түнімен жылаудан екі көзі бұлаудай боп ісіп кеткен анасын аяды ма, әлде?

Бұл түн кімдерге қандай ой салғанын кім білсін? Әркім іштей арпалыспен қалғаны анық. Бір сәттік ләззаты үшін ғана алдыңғы жарын бұған, бұны туған сіңлісіне айырбастап алған сері үш отбасынан да опа таппағандай ой қалдырып кете барды.

Кім періште, кім сайтан?.. Кім не ойлады? Кім не түсінді, әзірге ол жағы жұмбақ. Әкесіз төрт ұл.  Бірі некесіз... Жалғызды көбейте тұрып, жалғыз қалдыру да Жаратқанның құзыретіндегі дүние екен-ау...

Шапағатының құшағының қызуы басылған соң, шермиіп отырған күйі тастай қашқандай, шәркейін сүйретіп ішіп кеткен әкесін үйге әкеліп, әлпештеп жуындырып, таза киім кигізіп, адам қыламын деген ұлы Аңсарға ғана қаттырақ батқан секілді.

***

Ыстықтай тілінгеннен іші дүмбілездене қатқан нан секілді адамның да көкаязданған көңілі қайтадан толық қалыпқа келе қоймасы анық. Жібек бетіне шіркеу болған осы оқиғадан кейін жеті жылдай ағайын-туыс атаулымен араласуды мүлдем ұмытқан. Артынып-тартынып аңырай келетін анасы байғұс анда-санда ат ізін салғаны болмаса, басқа ешкімнің көзіне түспеуге бар. Әсіресе әке көзіне түскенше, өлгені артық. Барлық ағайын-тума да Шапағаттан іргелерін аулақ салғандай. Бұған келуге көбі тағы батпайды.

Сөйтіп, күні кеше бір күн көріспесе тұра алмайтындай бір әулет екі-үшке бөлініп шыға келген.

Құсалықтан сұлқ түскен күйеуінің жанына барып, жалынғандай болған ана байғұстың:

– Тұршы, мә, ұршы мені!

– Сабашы мені!

– Менен ал өшіңді.

– Мен осының бәріне кінәлі!

– Шығарып тасташы ішіңдегіні, – деп жалына жыламсырап, қамшысын қолына ұстатып әлек болғанын естігенде екі күн жылаған. Көп ұзамай сөйткен әке де өтті дүниеден. Әрине, әке өлімін жақындатқан да осы бір оқиғаның салдары екенін бәрі іштей түйсінген.

Амал не?! Не көрмеді бұл Жібек?! Күнмен талас көрінген Ай секілді онсыз да бір бұрышта бұлдырай көмескіленген бейнесін әркімнен жасырып әлек боп жүріп, әкесімен де бақұлдасып қала алмаған. Ең жанына батқаны да сол. Тек әке өлімі бәрін қайтадан біріктіріп кеткендей. Әрине, Шапағаттан басқасын.

Жайлап келім-кетім қалыптасып келеді. Уақыт шіркін емші ғой. Кеше ғана «елдің бетіне енді қалай қараймын» деп еңірей жылағанын ұмытып, ерке келіншекке айналып шыға келген Жібекті осындай жайтты басынан кешірген адам десе, өзге тұрмақ, өзі де сенбестей өзгерген. Еркек атаулы қасынан көз сүріндірмей, сірә, өтпейді. Қанша сыртың сыр бермесе де, бір қалған көңілдің қайтып жібуі қиын-ақ дегенмен, уақыты келіп, табиғаты қысқанда тасты жарып шығатын қынадай тікенегі тіліп түсер жыңғыл да гүлдемек. Қарашаның қалтыратар қара суығына қарамастан, қар түскенше болмашы борансымағыңа да бой бермей, жаздың өткенін мойындамайтын жыңғылдай түте алмайтындардың қолына түссе де, түте-түтесі шықпаған Жібек айналасын әрлендіріп, жасыл күйіне қайта оралған.

Бұған мұндай күш берген қандай құдірет?! Бір мүшелін енді ғана толтырғалы отырған Аңсары ма?! Басқаша не болуы мүмкін? Жоқ, тағы да ғашықтық па? Айналасында алыпқашпа сөз өрши түскен. Күні кеше ғана мұны мүсіркеген боп көзін ала бере сыртынан сыпсыңдап сөз таратқан құрбысымақтарының ондайларын елемеуге тырысқан Жібек те сыр алдырмай, сылаңдай түседі.

Көңілінде көмескілене бастаған көмбенің бетін ашқан тағы да сол ұлы кешкі ас үстінде:

– Мама, мен бауырымды көрдім ғой бүгін, – деген қуанышты даусынан аузындағы тамағына қақалып, өліп қала жаздады.

Әлек-шәлегі шығып, енді есін жиғыздым ба дегендегі анасының айтқан алғысы:

– Қашан? Қайдан? Кімді айтып отырсың?

– Кімді айтқаны несі, – Ұларды! Ол менің інім, бауырым емес пе?

– О, Тәңірім! Енді жетпегені осы еді!..

Бірақ Ұлар, шынында да, мұның бауыры. Тіпті аналары бөлек деуге де келмес. Бөле дейін десе, әкелері бір. Сонда, кім? Әрине, бауыр. Анасы мен баласы түсінісе алмаған күндердің бірі болды бұл күн. Баласы да бет бақтырар емес. Біраз дызылдап басылған соң, баласымен салғыласуға ұялды ма, анасы сабырға көшкендей. Өтірік ұйықтап кеткен боп көзін жұмып жатса да, Аңсарының аузы жабылар емес. Анасын ақыры мойындатқандай. Баласының сөзіне де бойы бірте-бірте үйрене бастаған сыңайлы.

Жұма күндері кешкісін міндетті түрде сол жаққа соғып жүруді әдетке айналдырған ұлынан ұялғаннан Ұларға да бірдеңелер беріп жіберетін-ді.

Анасының алақаны ашылғанын көрген Аңсары ондайда тіпті еркелеп, еркінсіп кетеді. «Бұл Аңсар бұны бір күні инфаркттан өлтіріп тынатын шығар!» Бұл анасының сөзі.

Инфаркт демекші, Жібек, шынында да, инфаркт ала жаздаған. Сенбі күні ерте тұрып кеткен ұлының түскі асқа інісін ертіп келгенде орындыққа сылқ ете түскен Жібектің біраз уақыт тілі байланды. Тек дегеннің не екенін өзі де сонда еріксіз мойындаған. Ұқсамасаң тумағыр! Мынаны көптің арасынан көшеде көрсе өзі де айнытпай таныр еді-ау... Аумаған Аңсары! Екеуі де сойып қаптап қойған – Болат! Ал не істейсің?! Жатырқай жақындаған бейкүнә балақайдың:

– Сіз менің тәтемсіз бе? – деген сұрағына не деп жауап берерін білмей, көмейіне кептелген өксік аралас өкінішін де жұта салды.

Енді жиіркенбесе де, жақтырмағанын жасырып әлек. «Сәбидің не жазығы бар-ды» іштей қайталай берді, қайталай берді. Әлсін-әлсін ұрланып қарап та қояды. Аңсары бауырын ваннаға түсіріп, тамақтандырып болғасын ертіп кеткен.

Бұл асүйде тағы жалғыз қалды. Бір жылады, бір күлді. О баста ол тек ұлының үлкен жүрегіне риза болғасын кештім деп ойлағанымен, келе-келе оны жалғыз бауырынан ажыратқысы келмеді. Ұлардың үстінің жұпынылығына қарап, Шапағаттың да шаруасын шамалағандай. Бірде жейде, бірде футболка, шалбар әперіп, Ұларды қуантып та қоятын. Ол да еркін. Өз үйінде жүргендей.

«Балалардың не кінәсі бар» деген Жібек бар қорлығын жеңдіріп, бірде Ұларды жетектеп, олар тұратын жатақхананы бетке алды. Ескілеу жатақхана дәлізінің ең түбіндегі бөлменің есігін ашқанда, кереуетінен еріне көтерілген Шапағат түк түсіне алмай дал. Бір-біріне біраз түсінісе алмай қарап тұрғандарымен, екеуі де ағыл-тегіл жылап тұрған. Жүгіріп келіп, «кешіршілей» бас салып боздай жылағанда бойын ерекше бір сезім биледі. Бауырлар арасындағы бар реніш, өкпені осы бір көз жасы ғана жуып жатқандай.

Ұзақ айқасқан құшақтар ажырасқан соң, біраз абдыраудан кейін шәйнегін ала жүгірген Шапағатқа сынай қараған Жібектің бірден көргені –  сіңлісінің бөксесі. Баяғы мектепті алтын медальға бітірген алтын қыздың жұрнағы да байқалмайды. Үздіксіз ішілген арақ пен шылымның шырмауына шатылып, көгеріп, домбығып кеткен адамның көшедегі көкдолы қатындардан көп айырмасы жоқтай, дөрекі болып көрінді. Жоқ әлде солай ұятын жасырған түрі ме? Ол жағы жұмбақ.

* * *

Ағайын арасын біріктірудегі алғашқы қадамды Жібек осылай өзі бастаған. Ол аздай, Ұлар мектепке барарда бар жабдығы тұрмақ, бастан-аяқ киіндіріп, Аңсары оқыған мектепке өзі жетектеп алып барғанда Жібек тек өзін емес, айналасындағыларды толық жеңген-ді... Осыдан кейін неше жылға созылған ағайын арасындағы алауыздық жойылып, әулеттің қарашаңырағында төрт көздері түгел бас қосқан қаншама шара өтті. Бәрінің аузында «Жібек, Жібекжан!» Көптің алдына түсіп көсіле көлгірсімесе де, анасы мен әулеттегі «әу» дейтін ер-азаматтарының айтатын сөзін түзеп отыратыны да өтірік емес.

«Аузы сүтке күйген сорлы судың өзін үрлеп ішеді» демекші, қай жылы ауылдағы немере ағасының қызына құда түсіп келгенде тәтесі: «Жөн білетін қызсың ғой, жоралғыларын өзің жасай ғой», – деген. Жібек:

– Мен қашпаймын ғой ондайдан. Жол бергеніңізге рақмет. Тек келіннің немесе қыздың қуанышында өскен-өнген анаға береді мұндай жолды. Мен кімге қандай жол тілемекпін?.. Ризамын... Басқа бақытты апа-жеңгелеріне бере беріңіздер, – деп бұрылып жүре берген.

Иығының дірілінен иегінің кемсеңдеп бара жатқанын түсіну түк те қиын емес. Өзінің көңілжықпастықпен істеген көргенсіздігін енді түсінген тәтесі де ләм-мим деуге мұршасы келмей, абдырап қала берді.

Міне, солай! Тағдырдың таудай тауқыметін жеңе білу де бір бақыт. Бірақ соны арқалататын да, жеңімпаз ететін де сол тағдырдың өзі екенін естен еш уақытта шығармау. Ол үшін тек қана ниет түзу болуы керек. Жастықпен жіберген барлық қателіктерің үшін де Тәңірден кешірім сұраудан кешікпеу... Қалай десең де, өмірдің аты – өмір. Өз дегенін бәрібір істетпей қоймайды. Әр пенде пешенесіне шақталған азғантай ғұмырының ауы мен бауын «өзім өзгертем» деп өзеуреп жүріп опық жеп жататыны да содан болар, бәлкім? Есепсіз еш нәрсе жоғын ескермегенмен, айналдырып келіп алдыңнан шығарғанда өзекті өртеген өкінішті еріксіз мойындайды екенсің. Бас білмейтін тай секілді бұғалыққа бой бермей бұлқынғаныңмен, құрық түсіп балшыққа біраз салған соң, тақымға да көндігесің. Қара санға қылбұрау салып құлындаған даусыңды шырқыратпаса да, сай-сүйегің сырқырай жүріп өмірдің дегеніне бас иесің. Басқа амал жоқ. Ол – жазмыш.

Тәуліктің жартысы күн, жартысы түн деп қана үйренген жан түнінің де тәттірек болатынын кейде естен шығарып жатады екен. Түнге татымайтын күнің, күнге арзымайтын түндерің қаншама? Ғасырдан да ұзақ күн секілді ғасырдан ұзақ түн де болады. Сол тәуліктің талай таңын атыра алмай арпалысатынымен қатар, талай-талай таңдардың тояттап үлгермей-ақ сырғып атарын аңғармайды да. Кейде кештің батпағанын қаласа, кейде соны батыра алмай әуреге түскен күндер ше? Күнді түнге жалғайтын аралықтың неге кеш деп аталатынын ұғынып көрдік пе?

Иә, кеш. Енді бәрі кеш, алдың түнек, түн деп түсіне аламыз ба?

Әрине, түйсік жетеді оған да... Тек өмірдің кешінен күннің кешін бөлек көреміз. Ал түн етегін түріп, күнге жалғайтын уақыт таң деп аталады.

Олай болса өмірдің тек күні мен түні ғана емес, кеші мен таңы да бар.

Сол әрбір арайлап атқан алтын таңды ешбір қайғы-мұңсыз қуана қарсы алу бақыт деп бағаланады екен. Бұл – Жібектің осы өмірден түзгені.

***

Қоңылтаяқ сұға салған ескі галошын еріксіз сүйреткендей сырп-сырп еткізіп келе жатқан қарияның иығы қушиып, еңкіш тартқан. Онсыз да табиғаты тапалтақ етіп жаратқан адамның қартайғанда иіні түскені қандай аянышты... Күні кеше құдайдай сыйласқан құдағиының сыртынан: «Кәнден иттің кәртайғаны құрысын!» – деп естірте айтқан сыпсыңына сыр бермегендей болғанымен, кердеңдеген келіннің түк көрмегендей жонын беріп, жолын кесіп өткенін көргенше көрде жатқаны дұрыс-ақ еді. «Өлімшінің күні жетпей, өлтірушінің қолы жетпейді» деп, өз-өзіне қол салуға Құдайдан қорыққан қарияның өлім тілегеніне де біраз уақыт. Өз есімін пәмиле қылып жаздырған Болатынан ерген екі түйір немересін келін ертіп кеткелі шалдың құр сүлдері.

Енді, міне, пенсиясы түссе болды, ала сала осылай қарай асығыс жөнелетін әдет тапқан. Екі немере де осы күнді асыға күтетіндей. Үлкені салмақты. «Ассалаумағалейкүм!» деп, өзі үйреткендей қос қолдап амандаса салып, ауыл-аймақтың жай-күйін сұрап қояды. Көкейін бүлкілдетіп бара жатқан «Көкем келмеді ме?» деген сұрақты шал неге сезбесін, сезеді...

Сезеді де, немересінің сұраулы жанарынан тайсақтайды.

Ертерек есейіп келе жатқан екінші немересі Ізбасар да бұрынғыдай мойнына асыла кетпейді. Атасының бұны көтеріп ала алмасын білген соң, құшақтаған күйі үнсіз ғана иіскеп мауқын басатын. Біраз уақытқа дейін атасының тер сіңген жағасын иіскеп барып тізесіне отырған соң, көзінің үстімен үнсіз барлауға көшеді.

Мұның көзінде де мұң бар. Ешбір сырды бүкпейтін, жылтыраған бала жанарларға кінәлі адамдай кібіртіктеп, тіке қарауға шалда да шама қалмаған.

Осы екінші ұл туғанда көкпар беріп, дүрілдеген той жасап еді. Әулетінде әкеге ерген екінші еркеккіндік. «Әкеңнің ғана емес, әулеттің ізбасарысың» дегендей, әндете азан шақыртып, атын да өзі Ізбасар деп қойған.

Екі «жаманды» айналып-толғанып, дәрі-сәрісіне де бір тиын қалдырмастан қолындағы бар ақшасын теңдей бөліп бергесін ғана көңілі жайланып, сәл де болса еңсесін түзегендей келген ізімен кері қайтатын.

Алты қыздың қай-қайсысы да бұлардың біреуін шет қақпайды. Әрине, неше күн толассыз жауған жауынның суы болса да, жүйелей аққан судай қайдан болсын.

Әбең ол ақшаның әке мейірімін, туған мейірімін сыйлай алмасын ұғынса да, қос бүлдіршіннің баз біреудің қолына жәутеңдегенін қаламайтын. «Барлық бала әкенің айтқанымен жүрсе, бұл өмір еш өзгеріссіз қалар еді-ау» деген өзекті өртер өкініштей тағдырыңның тар маңдайыңа жазған тауқыметі сол болса, қайтесің...

Әрегідік жер жүргесін барып артына бұрылып қараған Әбу ақсақал Ізбасарын іздестіріп еді, бұл жолы көрінбеді. Әншейінде бұл жүрсе жүріп, тұрса тұрып, біраз жерге дейін соңынан еретін. Артына қанша қарамайын десе де, ілбіп қана ілесіп келе жатқан Ізбасары ізінен қалмай қойғасын амалсыз сығалап, сақалын жуған көз жасын ешкімге көрсетпеу үшін жолдан қияс тартатын-ды.

Екі үйдің арасын жалғап жатқан екі бұрылыстан тұратын осы бір шаңдақ жолға енді ғана назар аударғандай ойланып тұр. Осы жолды ұлының қасында шалқая отырып, ақ «Жигулимен» талай шаңдатып еді-ау бұл шалың... Екі аралық онша қашық бола қоймаса да, құдағидың үйіне жаяу келе бермейтін Әбеңе жолшыбай жолыққандардың бәрі бас изеп амандасып қалып жатқанын көрген сайын желпіне түсетін. Болаты туғалы той төріндегі орындардың бірі де осы ақсақалдыкіне айналған. Ол кеше екен ғой, бірақ...

Кей-кейде кеше мен бүгіннің арасы бір-ақ күн екенін неге естен шығарып жатады екен адамдар?! Болаты туғанға дейінгі өмірі. Болаты туғаннан кейінгі өмірі. Болаты бола тұрып, бұлардың бәрінен безініп, өзге бір әйелдің соңынан еріп кеткеннен кейінгі өмірі... Қарап тұрса бәрі – бір өмір. Кеше, Бүгін, Ертең... Бірақ тарау-тарау... Бір дауыс «бұл бұралаң жолдарды бірде жаяу, бірде аттылы кешетінін адамдар ұмытпаса екен» дейтіндей... Бірақ «шыбын жаның кеудеңде тұрғанда бақытсызбын деудің өзі нағыз бейшаралық қой» деген ұғыммен дәп осы сәт Әбеңнің келісе қоюы да екіталай.

Келесі айдың пенсиесін алып өте ала ма осы жолдармен?.. Күнде кешкісін ұйқыға жатарда сағатының ұйқыашарын таңғы 7-ге қойып жатқан жиенге: «Таңертең қай уақытта оят десең де, оятамын ғой, құлыным-ау!» дей сала, осы сөзімнің өзі асылық емес пе деген ойға қалатын-ды. Өзі атып, өзі батып жатқан Құдайдың күніне қарауылдай боп қалған қария, шынында да, атар таңды көре ме, көрмей ме, бір Аллаға ғана аян екенін неге естен шығарған? Қу жалғызын көре ала ма соңғы рет?

Одан Аңсар деген тағы бір тұяқ барын естігенмен, тағы бір әйелінен Ұлар атты ұлды болғанын естімеген-ді. Қазір көбейген қу жалғыз. Бірақ өмір ешкімді де өз еркіне жібермейді. Бәріне де жауап берер күн туар. «Ешкім бұл дүниенің сұрағын о дүниеге алып кетпейді» деуші еді... «Ізімді басар бір ұл бермедің» деп, Тәңіріме тіл тигізбесем де, қапаланғанда қаттырақ кеткен кездерім болса кешіре көр, Алла!» – деді жалынышты үнмен. Кешіре гөр!

Есіне екі немересі – ізбасарлары түсті. «Ізбасарларымды қақ-сұқтан сақтай көрші!»

Артына бұрылып қараған Әбең шаңдақ жолдағы жыртық галошының сүйретіле түскен ізінен басқа ештеңе көре алмады...

Жарлы Байғанин

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963