«Мен Путинді қолдаймын»: Ресейлік әнші Қазақстанға келмейтінін айтты
Никита Джигурда деген ресейлік әнші путиншіл әріптестерінен қалыспай Қазақстандағы русофобия мен ұлтшылдық туралы сөз қозғапты. Ол Қазақстандағы «өршіп келе жатқан руссофобияның кесірінен» жоспарланған сапарынан бас тартқанын айтты.
«Мен 10 қыркүйекте Қазақстанда өтетін жақсы бір іс-шараға қатысуым керек еді. Бірақ Қазақстан ресейлік дипломатты өкілеттігінен айырып, Ресейге қиянат жасады, өйткені дипломат Қазақстанда руссофобия күшейіп келе жатқандығы туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Ұлтшылдар арандатушылық ұйымдастырады… Қысқасы, мен Қазақстанға бара алмаймын. ФСБ-дағы таныстарым маған арандатушылық болатынын біліп, онда бармауға кеңес берді. Қазақстанның Ресей Федерациясымен достығын құптайтындарды қолдауға дайынмын. Менің ұстанымым белгілі, мен Ресей Федерациясы мен Путинді қолдаймын. Өкінішке қарай, Қазақстан англо-саксондарға берілуде. Бұл көп адам үшін өкінішті және қайғылы жағдай», - деді Джигурда.
Бұдан бұрын «Z-әртіс», украин танкін жойған адамға 1 млн рубль төлеймін деген Григорий Лепстің Қазақстандағы концерті өтпей қалған. Содан соң Лепстің директоры «Қазақстан нағыз русофоб ел» деді. Саясаттанушы Досым Сәтпаев осындай арандатушы «өнер иелерін» қылмыстық жауапкершілікке тарту керегін айтты.
Abai.kz