Төреғали Төреәліге байланысты қылмыстық іс қаралып жатыр
Алматының Түрксіб аудандық сотында қазақстандық әнші Төреғали Төреәліге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Түрксіб аудандық сотында Т.Әлихановқа (Төреғали Төреәліге) қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр.
Айта кетсек, ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы 1-бөлігіне сәйкес, билік өкiлiн өз қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде немесе оларды атқаруына байланысты қорлау – 80 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не болмаса 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қарастырылған.
Еске сала кетейік, 14 маусым күні Алматыда есірткіге масайған көлік жүргізуші полицейлерге бой бермей, оқиғаға орнынан қашпақ болған.
Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушіні ұстап, медициналық сараптама нәтижесінде оның есірткіге мас екені расталды. Сол күні көлік жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Кейін Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Төреғали Төрәлінің қамауда ұстау әкімшілік жазасы 17 шілде күні аяқталғанын мәлімдеді.
Abai.kz