Сенбі, 23 Қараша 2024
1899 3 пікір 22 Қыркүйек, 2023 сағат 09:49

Білім саласының 800 қызметкері ҰҚК бақылауына алынды

Ақтөбедегі «U-STUDY» тестілеу орталығы арқылы біліктілік санатын арттыруды оңды-солды саудаға салғандар қылмыстық жауапқа тартылды. Ақшаға сатылған сертификатқа мұғалімдер ғана емес, директорлар да қызыққан. Өңірде білім саласы қызметкерлері ҰҚК-нің бақылауына алынды, деп хабарлады orda.kz.

Ақтөбе облысы бойынша 800-ге жуық білім саласының қызметкері күдіктілер тізімінде тұр. Оларға жалған сертификат сатып алған болуы мүмкін деген дерек бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Былықтар «U-STUDY» тестілеу орталығына жүргізілген тексеріс кезінде белгілі болды. Пайдакүнемдікке салынғандар біліктілік арттыру туралы сертификат сатқан. Қысмыстық іс бойынша төрт адам жауапқа тартылды. Сот төрт бірдей адамға қатысты коммерциялық ұйымдарда басқару лауазымдарын 3-5 жылға дейін басқару құқығынан айырып, 3-7 миллионға дейін айыппұл салды.

Жалған сертификат алған күдіктілер тізімде мұғалімдерден бөлек бірнеше мектеп директоры да  бар.  Біліктіліктілігін арттыру үшін түрлі қулыққа барған ұстаздар әрекетінен білім басқармасы да хабардар.

«Тізім бойынша 885 адам бар. 800-ге жуық Ақтөбенің адамы. Олар 2021-2022 жылдары аралығында тест тапсырған. Тестілеуден өтпеген, тізімде жүрген адамдар да бар. Сондықтан тізім қайта нақтыланып жатыр. Ол жерде мұғалім де, мектеп директоры да бар. Заң бұзушылықтар біліктілікті арттыруға қатысты тест алатын жеке серіктестікке тергеу жүргізу кезінде анықталды. Бұл жөнінде әлі толық айта алмаймыз. ҚР ҰҚК тарапынан тізім келді. Бұл сол жеке серіктестікке қарасты қозғалған іс. Тізім әлі нақтыланбаған. Өйткені ол тізімде тестілеуден мүлдем өтпеген адамдардың аты-жөні жүр. Сондықтан да қазіргі таңда ҰҚК-не қайта тізім беруді, нақтылауды сұрадық» ,- деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Қазіргі уақытта тест жауаптарын сатып алды деген күдікке ілінгендерге қатысты  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігің облыстық департаментіне, прокуратураға құқықтық баға беруге хат жолданған.

«Ол педагогтерге қандай шара қолдануға болатынын сұрап отырмыз. Білім саласындағы педагогтердің біліктілігін бағалаудың ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйырығы бар. Бұйрыққа сәйкес ереже бұзған немесе тыйым салынған заттарды қолдану деген бар. Осы сияқты ереже бұзушылық анықталған жағдайда екі шара қолдануға болады. Біріншісі педагогтардың санатын педагог деген біліктілік санатына дейін төмендету, екіншіден, бес жылға дейін қайтадан біліктілік санатын көтеруге тыйым салу. Тізім нақтыланғаннан кейін білім басқармасы тарапынан осы екі шара қолданылады»,- деді Бертілеуова.

Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, педагогтардың біліктілігін бағалау процесін білім басқармасы бақыламайды. Дауға айналған тестілеу жеке серіктестік пен ҚР Оқу-ағарту министрлігі арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүргізілген.

 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364