100 миллионды талапайға салған басшы қашып жүр
Қарағандыда қаржы полициясы мемлекеттің 100 миллион теңгесін қылғытып қойған кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғады. Бюджеттен ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне несиеге жеңілдікпен бөлінген қаражаттың қомақты бөлігін жалған кәсіпорын құрған теміртаулық Т. деген азамат орта жолдан қақшып алып, жоқ қылып жіберген. Оның осынша қаржыны ауылдықтардың аузынан жырып әкетуіне облыстық ауылшаруашылық басқармасының бұрынғы бастығы көмектесіпті деген күдік бар. Қаржы полициясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, басқарма бастығы қазір іздеуде жүр.
– Кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол сотқа тапсырылды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ауылшаруашылық басқармасының бұрынғы басшыларының біріне іздеу жарияланғаны рас. Алайда әзірше ешқайсының аты-жөнін айта алмаймыз, – дейді Қарағанды облысының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті баспасөз хатшысы Оксана Драчева. Тергеу құпиясына байланысты қаржы полициясы әзірге басы артық ақпарат тарата қойған жоқ.
Алайда ресми дереккөздері іздестірілуде жүрген күдіктінің ауылшаруашылық департаментін 2002 жылдан 2006 жылға дейін басқарған Тамир Дәуітов екенін айтып отыр.

Әңгіменің Дәуітов турасында болып отырғанын меңзегенімен, ауылшаруашылық басқармасының басшылары да бұл турасында әңгіме қозғауға құлықты бола қоймады. – Бұрынғы басшының іздестірілуде жүргенін сырттай естігенімізбен, бұл турасында ештеңе дей алмаймыз. Бұған қатысты мәселенің анық-қанығын тиісті органдар біледі, – деген ауылшаруашылық басқармасы бастығы Шагурашид Мамалинов осы іске қатысты басқа да ақпараттарды алуымызға көмегін аяған жоқ.
Суыртпақтап жинаған деректер топтастырыла келгенде былайша жүйеленді: Жалған кәсіпкер «жеп» қойған 100 миллион теңге жоғарыда айтқанымыздай мемлекеттің ауылшаруашылық саласын қолдауға берген арзан несиесі көрінеді.
Қарағанды облыстық мәслихатының 2004 жылдың 30 қыркүйегіндегі ІХ сессиясының шешімімен «Ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді несиелендіру» бағдарламасы бойынша бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. «Бұл ақша ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, сүт фермаларын құру, мал шаруашылығын дамыту мақсаттарына пайдаланылсын» деп ұйғарады халық қалаулылары.
– Бағдарлама бойынша бюджеттен 2004 жылы 105 миллион, 2005 жылы 286 миллион 321 мың теңге бөлінді. 2005 жылы бөлінген қаржы конкурстық комиссия шешімімен таңдап алынған облыстағы бес кәсіпорынға бөліп берілді, – дейді ауылшаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Темірболат Мәжитов.
Жолы болып кеткен бесеудің ішінде «МТС «ГринаКоммерцАгроСервис» деген акционерлік қоғам да болады. 100 миллионды «жұтып» жіберетін мықтымыз – осы. Несие бұларға 5,68 пайызбен 15 жылға беріледі. Бұл деген үлкен жеңілдік еді. Обалы не керек, мемлекет қаржыны айтылған уақытынан кешіктірмей, кәсіпкерлердің қалтасына құяды. Бүгінде «МТС «ГринаКоммерцАгроСервис» АҚ-тың жуандығы екі елі бизнес жоспарын парақтап отырсақ, 100 миллионды ол «ауылшаруашылық техникаларын сатып алып, облыста болашағы зор деп болжанған өндіріс – соя өсіру мен өңдеу шаруасына жұмсаймын» деп алған көрінеді. Алайда «аспаннан жауған» ақшаны қақшып алған бетте кәсіпорын басшысы ауылшаруашылық техникасын сатып алмақ болып, оны түп-түгел «Агрокоммерц» деген серіктестікке аударып жіберген. Содан бері 100 миллионнан дерек жоқ.
Т.Мәжитов:
– «Агрокоммерц» ЖШС бұған дейін «Қазагроқаржы» арқылы 200 миллион теңгеге техника алған болатын. Олар мына ақшаға да техника алып, бірге жұмыс жасаймыз деген көрінеді. Бірақ техника да, ақша да жоқ. Екі кәсіпорын бірінен бірі көріп отыр. Бірімен бірі соттасып жүр, – дейді.
Ұзын сөздің қысқасы, несиені уақытылы қайтару туралы «ұмытып» кеткен кәсіпорынның бірдеңені былықтырып жүргенін іші сезген облыстық әкімдік 2006 жылы сотқа шағым тастайды. Жергілікті билік есіл ақшаның жалған кәсіпорынның жемсауында кеткенін сонда ғана білген. 2005 жылдың қаңтарында кәсіпорын құра салып, үш ай өтпей жатып жүз миллионды «жұлып» алған кәсіпкер Т. мемлекетті оңдыртпай алдапты. Бірақ мұның жалғыз-жарым адамның қолынан келер іс емес екені айдан анық еді. Осы жерде күдіктің ұшы ауылшаруашылық басқармасының бұрынғы бастығына тіреліп тұр. Ол несие конкурстық комиссияның іріктеуі бойынша үлестірілген. Ал комиссияның төрағасы – ауылшаруашылық басқармасының бастығы Тамир Дәуітов болған-ды. Жұрттың аузынан жырып беріп отырған қаржыны құрылғанына үш ай ғана болған, сайда саны, құмда ізі жоқ «кәсіпорынға» қалайша оп-оңай ұстата салғаны таңғалдырады. Мұндайда «балық басынан шіриді» деген мақалға жүгінгеннен басқа амал жоқ сияқты. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір Дәуітов бой тасалап жүр. Ал жалған кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Айтпақшы осы несие төңірегіндегі дау мұнымен бітпей тұр. Ауылшаруашылық басқармасының хабарлауынша, жалған кәсіпкердің жымқырғаны аздай, қаржыны үлестіруші несиелік серіктестік бір бүйірден жырымдап отырған көрінеді.
– Бюджеттен бөлінген несиені кәсіпкерлерге алып беру үшін «Ақбұлақ» атты несиелік серіктестік құрылған болатын. Оны құрғандағы мақсатымыз – егер мемлекет қаржысы банктер арқылы берілетін болса, ол кәсіпкерлерге қымбатқа түсетін болды. Банктер кемінде 15 пайызбен беретін еді. Ал несиелік серіктестіктен 6-ақ пайызбен үлестірілді. Сол «Ақбұлақ» кәсіпкерлердің мемлекетке қайтарып отырған өтемін дұрыс жеткізбей отыр. «Ақбұлақтан» бақандай 30 миллион теңгені ала алмай отырмыз. Сол себепті оларды сотқа бердік, – дейді Темірболат Мәжитов.
«Ұрлық түбі – қорлық» деген сөзді қазақ тегін айтпаған болар. Бой тасалаушылар да ұзаққа бара қоймас, тұзаққа ілінер. Алайда ең бір өкініштісі — бірдің кесірі мыңға тиіп, бір кәсіпкердің кесірінен «ауылшаруашылық тауар өндірушілерін несиелендіру» атты тамаша бағдарлама тоқырауға ұшырады.
– Сол 2005 жылғыдан соң ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге мұндай тікелей несие бөлінген жоқ, – дейді Т.Мәжитов.
Осы несиені алған «Жаңаарқасүт», «Тонус», «Қарағанды сүт комбинаты» кәсіпорындары бүгінде шаруашылығын шалқытып, облыс халқын дайын өніммен қамтамасыз етуге жарап қалды. Егер бюджет қаржысы жаңағыдай жырымдалмағанда, осы секілді қаншама өндіріс орны жұмысын жандандырар еді...
Қамбар АХМЕТОВ Қарағанды
«Айқын» газеті 20 мамыр 2009 жыл