Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Әне, көрдің бе? 2524 5 пікір 27 Қыркүйек, 2023 сағат 14:14

Путинизм – «қайта тірілген» сталинизм

Ресей халқының арасында екі үлкен әлеуметтік топты айқын ажыратуға болады. Әуелгі топ Путин Ресейді 1990 жылдардағы хаостан құтқарды, елдегі мақтаныш сезімін қалпына келтірді, қарулы күштерді жандандырды, Қырымды аннексиялады және арнайы операцияны «жеңіспен» бастады деп санайды. Ал кейінгілері Путин елді бүлдірді, бюджетті ұрлап, достарын байытты, Украинада ағайындық қақтығыс тудырды деп есептейді. Әрине, екінші топтың уәжі дұрыс-ақ.

Путин белгілі бір идеологияны ұстанған жоқ. Ол билігін нығайту һәм ұзарту үшін қоғамды алдаусырататын ұрандарды, радикалды ұлтшылдықты қоздыратын пікірін үнемі ортаға салып отырды, айтып қана қоймай, сондай қадамдарға барды да. Ол бірде «сталин жүйесінің мұрагері», бірде либерал болып көрінуге тырысты. Демек, Путин үшін де, оның айналасындағы КГБ кландары үшін де идеологияның мән-маңызы болмады. Олардың көксегені – байлық пен билік қана. Сол себепті Ресейдің ресми партияларының түгелі дерлік «Путин – орнын ешкім баса алмайтын көшбасшы» дегенді қайталаумен келеді.

Бұлай болатыны, Кремльдің айналасында бюджет ақшасына қол жеткізу үшін күресіп жатқан кландардан басқа, нақты саяси партиялар жоқ. Путин өзін кез келген жемқор шенеунік сияқты ұстайды. Ол орыстың қадірлі орын-тағына қонжиғанынан бастап халқын мемлекеттік бюджетке, өнеркәсіп алпауыттарына, жалпы, өзі құрған жүйеге жұмыс істейтін мекемелерге байлап тастады.

Жеке және мемлекеттік барлық ірі бизнестің мәні – «мұраға қалған» өнеркәсіп қалдықтарынан «ақша ағынын» жасау немесе мемлекеттен «Платон» сияқты алым түрінде «ақылы көпір» алу. Тіпті, кейінгі жылдары, «Платонды» бюджет ақшасына мемлекеттік банктер сатып алды. Ресейде кәсіпкерлердің нөлден бастап құрған кәсіптері өте аз. Шағын және орта жеке бизнесті қазір коронавирус пен АӘО немесе СВО нақты әкімшілік шектеулермен тыйды.

Қазір Ресейде шенеуніктердің ешқайсысы экспортқа қосымша құн төлемейді. Олар бұл туралы ештеңе білмейді де, білгісі де келмейді. Ал қазір, мұнай бағасы құлдырап жатқан шақта, олар бір ғана саясатты ұстанып отыр. Онысы – алым-салықты көтеру, түскен қаржыны Путинге адал элитаға және ара-тұра болатын сайлау науқанында сайлаушыларға таратып беру.

Ресейдің шикізат сатып тапқан қаржысы түгесілуге жақын, жақын болашақта да сатушылықпен байымайтыны анық. Бірақ Кремль кландары қандай да бір кереметтің күшімен «табиғи рентадан» ақша түседі деп әлі үміттенеді. Мұнай сатып семірген кремльдегілердің мұнайға тәуелділікті азайту қажеттігі туралы уәждері өте әсерлі. Олардың жиырма жылдық экономикалық күйреу фонындағы жылдам серпіліс, қайта профильдеу және басқа да жаңалықтар туралы әңгімелері қазірдің өзінде күлкілі.

Путин өзі президент болғалы бері 20 жылдан астам уақыт бойы сайлаушыларды өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиын тұрмыспен «қорқытып» келген. Қазіргі таңда Ресей Путин пропагандасы дұғадай аузынан тастамайтын 90-жылдарға қарыс қадам жақын тұр. Ресми статистика еңбек нарығындағы жағдайдың күрт нашарлауын және жұмыссыздық пен халықтың кедейлігінің бірдей қарқынды өсуін көрсетеді. Бұл – Ресейдің негізгі шешілмеген мәселесі.

Адамзат өзінің көп мыңжылдық тарихында Путин режиміндегідей сынақ пен өлім қаупіне ешқашан тап болған емес. Еуропа елдерді ығыстырып, халықтарды жойып жіберген шығыстан келген әскерлердің шапқыншылығына ұшырады, бірақ Батыстың зәресін алған жойқын күш адамзат баласын жойып жіберуді көздемеді. Өткен ғасырдың бірінші жартысында Еуропаның қақ ортасында бүкіл әлемді жаулап алып, кейбір халықтарды толығымен жоюды көздеген сұмдық режим пайда болды.

Утопияға негізделген тағы бір режим осыдан 60 жыл бұрын Батыспен бетпе-бет келіп, әлемді ақырзаманның шегіне жеткізіп сала жаздады. Адамзат осы қатердің бәріне төтеп берді. Алайда Путин режимі – жер жүзі бетпе-бет келген бұрынғы қасақы жүйелерден де қорқынышты жаңа қауіп. Бұдан да өткен қауіп бар, ол – «мыстан-жүйенің» «Күн астындағы Күнікей қыздай» сипатталуы. Мұндай сипаттаулар қауіпке адекватты жауап бермеуге әкеп соғады. Генералдар, өздеріңіз білетіндей, әрқашан соңғы соғысқа дайындалады.

Ал бүгінде путинизммен бетпе-бет келген әлем бұл қауіпті «насихат», «жемқорлық», «соғыс», «аннексия» және т.б. терминдер арқылы бағалауға тырысып жатыр. Бұл терминдердің ешқайсысы Путин режимін сипаттауға жарамайды. Ресей – ең соңғы империя. Мемлекеттің империялық түрі сананың империялық түріне сәйкес келеді. Ал империя өлген кезде империялық сана кейбір саясаткерлер мен халықтың бір бөлігінің, кейде көпшіліктің санасында өмір сүре береді. Бұрынғы империяларда империялық сана маңызды саяси факторға айналған.

Қоғамның және саяси элитаның маңызды бөлігі «фантомдық ауырсынуды» бастан кешіреді. Кесілген колониялар «ауырып», жоғалған империялық ұлылық кеміді. Нәтижесінде империяны қалпына келтіруге ашық немесе жанама түрде уәде беретін империялық сананың тасымалдаушылары билікке келеді. Путиннің билікке келуі – империяның «өлгеннен кейінгі өміріне» жарқын мысал. Путиннің зомби империясы алдымен империялық сананың үстемдігін вербалды деңгейде бекітті.

Путин КСРО-ның ыдырауын ХХ ғасырдағы ең үлкен геосаяси апат деген сәтте-ақ империяны қалпына келтіруге бір қадам басқан. Ал келесі қадамды 2014 жылы Қырым мен Донбасстың бір бөлігін басып алуымен жасады. 1980 жылдардың аяғында ғана қалыптаса бастаған қоғамдық санадағы антиимпериялық кепілдіктер 1990 жылдардың бірінші жартысында тым әлсіз тартып, империялық шовинизмнің «қырымфашистік» көшкінімен әп-сәтте жойылды. Путинизм дегеніміз – «қайта тірілген» сталинизм.

Керімсал Жұбатқанов,

Abai.kz

5 пікір