Теңге теңселіп тұр. Ұлттық валютаның жағдайы не болады?
Теңге бағамының соңғы құбылулары халық арасында алаңдаушылық туғызды. Негізі біз соңғы жылы ұлттық валюта тұрақтылығына психологиялық тұрғыда үйреніп қалғанымызды байқатып алдық. Әйтпесе 480-482 деген қызыл шекара емес, 2022 жылы доллардың 500 теңгеге дейін барғанын да көрген едік.
Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов валюта нарығындағы осы құбылысқа қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, теңгенің әлсіреуіне төрт фактор әсер берді. Олар: АҚШ долларының жаһандық деңгейде күшеюі; импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы; базалық мөлшерлемені төмендету бойынша қабылданған шешім; Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді міндетті түрде сату туралы норманы қолдануының тоқтатуы.
Осы фактордың екеуі сыртқы, екеуі ішкі. Ұлттық Банк есебінше, теңгеге дем беретін факторлар да күшейіп келеді. Теңгенің негізгі одақтасы – бағасы өсіп келе жатқан мұнай. Мұнай бағасының өсуі біздің экспорттық түсімдердің ақшалай көлемін молайтады да, төлем балансын біз үшін жағымды қылады. Сол кезде теңге керісінше күшейе бастамақ.
Негізі Ұлттық Банк инфляциямен айналысатын, яғни ақша-несие саясатын жүргізетін монетарлы билік. Оның мандаты да сол. Ол валюта бағамына араласпайды, оны реттемейді. Теңге құны Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық, сондағы сұраныс пен ұсыныстың ортақ мәні арқылы анықталып отырады. Биржалық стақан деген ұғым бар. Кейінгі посттарда түсіндіре кетемін. Бір сөзбен айтқанда теңгеге сұраныс көп болса ол күшейеді, долларға сұраныс көп болса, теңге әлсірейді.
Теңгенің биржадағы мұндай құбылыстарына Ұлттық Банк араласа бермейді. Оны қадағалаушы ашық айтып жүр. Интервенция, яғни биржаға араласу тек ұлттық валютаға қатысты шок жағдайларында отандық қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтап қалу үшін жасалады. Ондай кезде де Ұлттық Банк интервенция туралы нарыққа ашық хабарлайды.
Қазір Ұлттық Банк өзінің негізгі жұмысы - инфляцияны таргеттеу (межеленген шекке түсіру, ол 5-7%) аясында базалық ставкаға мұқият зер салып отыр. Ондағы қимылы жүйелі және болжамды түрде жүрмек. Инфляция бәсеңдей бастаса, базалық ставка түседі.
Демек нарық Ұлттық Банктің қимылын алдын-ала болжай алады. Соның арқасында қаржы нарығының қатысушылары үшін ұзақмерзімді жүйелі жоспарлауға мүмкіндік ашылды.
Айбар Олжаев
Facebook желісі
Abai.kz