Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
1373 1 пікір 2 Қазан, 2023 сағат 12:16

Қарабақтан көшкен армяндар 100 мыңнан асты

Таулы Қарабақтан Арменияға қоныс аударғандар 98,5 мыңға жетті. Армян үкіметінің 29 қыркүйек кешке берген мәліметі осындай. 29 қыркүйек таңертең бұл көрсеткіш 90 мың болған. 20 мыңнан астамы мемлекеттік баспанамен қамтамасыз етілген, деп хабарлады Армения министрлер кабинеті

Жыл басында Таулы Қарабақта 120 мың адам тұрған, бұл аймақ халқының төрттен үш бөлігі Арменияға көшкенін білдіреді. Әзербайжан жағы босқындар саны туралы мәлімет айтқан жоқ.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян аймақта армян халқының қалуы мүмкін емес деп мәлімдеді. Ол әзербайжан билігін тұрғындарды "ұлтына қарай қудалады", "депортацияға мәжбүрледі" деп айыптады.

Армения көшетін көліктері жоқ тұрғындар үшін Степанакертке (әзербайжанша – Ханкенди) ондаған автобус жіберген. Әзербайжан билігі де 30 автобус жіберді.

Баку Армения премьерінің сөзі Баку мен Ереван арасында бейбітшіліктің болашағына нұқсан келтіреді деп мәлімдеді. Әзербайжан билігі аймақтан кету-кетпеу мәселесін Таулы Қарабақ тұрғындарының өзі шешті деді. Әзербайжан сыртқы істер министрлігі жергілікті халықты Қарабақтан кетпеуге шақырғанын, әзербайжан қауымдастығымен реинтеграцияны бастауға үндегенін атап өткен.

Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиевтың айтуынша, Баку Қарабаққа БҰҰ бақылаушылар миссиясын жіберуге дайын. Жазда Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Баку аймаққа 150 мың әзербайжан азаматын қоныстандыруға дайын екенін айтқан.

29 қыркүйекте бірқатар Телеграм-арналар "Лачин" бақылау-өткізу пунктінде әзербайжан күштері Арменияға кетпек болған мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы күштерінің бұрынғы қолбасшысы Левон Мнацаканянды ұстағанын хабарлаған. Ол 2015-2018 жылдар аралығында мойындалмаған республиканың қорғаныс министрі болған. 2015, 2016, 2017 жылдары қарабақ және әзербайжан күштері арасында қақтығыс болып, тараптар ауыр қару қолданған. Олар бір-бірін атысты тоқтату келісімін бұзды деп айыптаған.

Бірнеше күн бұрын Лачинде мойындалмаған республика үкіметінің бұрынғы жетекшісі Рубен Варданян да ұсталып, қамалған. Варданянға "терроризмді қаржыландыру", "қарулы топ құру және қатысу", "шекараны заңсыз кесіп өту" баптары бойынша айып тағылған.

  • Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. Үш жыл бұрынғы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін бақылауына алған.
  • Әзербайжан мен Армения бейбіт келісімге қол қоймаған. АҚШ, Еуроодақ және Ресей арасында келіссөз әзірге нәтиже әкелген жоқ. Әзербайжан мен Армения басшыларының кезекті кездесуі қазан айының басында өтеді.
  • 19 қыркүйекте Әзербайжан армян күштерін әзербайжан нысандарын атқылады деп айыптап, терроризмге кінәлаған. Бір күннен соң мойындалмаған республика билігі Баку шарттарымен келіскен.
  • 28 қыркүйекте мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының жетекшісі Самвел Шахраманян 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап республиканы жою туралы жарлыққа қол қойған.

Дереккөзі: Азаттық

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048