Түркі инвестициялық қоры: Сенат заңды қарайды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 5 қазан күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Соған сәйкес сенаторлар Палата отырысында «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Бұл қор өңірішілік сауданы кеңейтуді және экономикалық қызметке қолдау көрсету арқылы ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына ықпал етуді көздейді.
Сонымен қатар депутаттар алдағы бейсенбіде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Аталған Келісім көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттыруға және екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етпек.
Сондай-ақ отырыс кезінде Мәжіліс қабылдаған заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.
Abai.kz