Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4650 0 пікір 19 Тамыз, 2013 сағат 04:28

Рамазан Құрманбаев. Нәубет жылдары алып құрылыстар сүйектердің үстіне салынды

Ұлт жанашырлары 1932-1933 жылдары болған ашаршылықтың саяси бағасы әлі берілген жоқ деген тоқтамға келуде. Сол замандағы Кеңес одағының басшылары қазақ ұлтын жойып, тұқымдыққа мал бағатын құл мен есігінде жүретін күңдерді ғана қалдыру саясатын ұстанғандай. Сөзіміз дәлелді болу үшін қазақ даласында бұрын соңды болмаған алапат аштықтың шығу тарихына үңіліп, құжаттарға зер салайық. 

Отарлаушылардың ғасырлар бойы жанын жегідей жеген арам ойы, қазақтың асты-үсті байлыққа толы кең даласына иелік ету еді. Осы мақсатты іске асыру үшін Мәскеу 1925 жылы патшаны отбасымен қатыгездікпен қырып тастауды ұйымдастырған жендет – Ф.И.Голощекинді Қазақстан Өлкелік партия комитетінің 1 хатшысы етіп тағайындады.

Ұлт жанашырлары 1932-1933 жылдары болған ашаршылықтың саяси бағасы әлі берілген жоқ деген тоқтамға келуде. Сол замандағы Кеңес одағының басшылары қазақ ұлтын жойып, тұқымдыққа мал бағатын құл мен есігінде жүретін күңдерді ғана қалдыру саясатын ұстанғандай. Сөзіміз дәлелді болу үшін қазақ даласында бұрын соңды болмаған алапат аштықтың шығу тарихына үңіліп, құжаттарға зер салайық. 

Отарлаушылардың ғасырлар бойы жанын жегідей жеген арам ойы, қазақтың асты-үсті байлыққа толы кең даласына иелік ету еді. Осы мақсатты іске асыру үшін Мәскеу 1925 жылы патшаны отбасымен қатыгездікпен қырып тастауды ұйымдастырған жендет – Ф.И.Голощекинді Қазақстан Өлкелік партия комитетінің 1 хатшысы етіп тағайындады.

 Сол жылдары Қазақстанда саяси позициясы мықты қазақ зиялыларының тобы шоғыр­ланған еді. Голощекиннің басты мақсаты – осы зиялы қауымның көзін жойып, айналасына айтқанына көніп, айдауына жүретін жандайшаптарды жинау болды. Голощекин 1927 жылы күзде Сталинге қазақ комунистерінің ұлтшылдарға қарсы күресін күшейтіп жатқанын айтқанда Сталин оған: «Жолдас Голощекин! Менің ойымша, осы хатта белгіленген саясат негізінен бірден-бір дұрыс саясат» деп жауап жазады. 1927 жылы қарашада өткен партия ұйымының 6-шы конференциясында Сталиннің қолдауына сүйенген Голощекин: «Қандай да болмасын топтың «көсемдері» Өлкелік комитетке қарсы шығып көрсін, олардың барлығы 1 аптаның ішінде жаншылады» деп қоқан-лоққы көрсетті.

 Қазақ байларын тәркілеу туралы декрет 1928 жылы тамыздың 27-де қабылданды. Осы тәркілеу туралы заң 1928 жылдың сәуірінде мыңдаған малы бар хан, сұлтан тұқымдарынан шыққан ірі байларға қарсы жүргізілетіні құпия дайындалғанымен, науқан барысында жүз тұяғы барларды да ірі бай қатарына жатқызып, тәркіледі. Кәмпескенің маңызын қазақ даласындағы Ұлы қазанмен бірдей бағалаған Голощекин: «Мұның арты азамат соғысына ұласса да біз одан тайынбаймыз» деп, өздерінің зұлымдық саясатын ашық мәлімдеді.

 Осы жылдары әлі бұғанасы бекімеген Кеңес үкіметіне ішкі-сыртқы жаулардан қорғанып, социализмнің жеңісін сақтап қалу керек еді. Сол үшін мемлекеттің қуатын күшейтіп, экономиканың мықты іргетасын қалау мақсатында, 1928-1932 жылдардағы І бесжылдық елді индустрияландыруға арналды. Бұл жылдары Магнитогорск, Кузнецк метал­­лургиялық комбинаттары, Сталинград трактор зауыты, Мәскеу мен Нижний Новгород қалаларындағы автомобиль зауыттары бой көтерді. Бұдан басқа да 1500 ірі өндіріс ошақтары ашылды. Осы кәсіпорындарға станок, құрал-жабдықтарды шетелден валютаға айырбастап алуға астық керек болды. Сонымен қатар, Кеңес үкіметі басшыларының алдында алып құрылыстарда еңбек ететін жүз мыңдаған жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасы тұрды.

 1928 жылдың 11 сәуірінде БК(б)П мен БОК-нің біріккен пленумында 1929-1930 жылдардағы астық дайындау науқаны туралы қаулы шықты. Осы қаулының негізінде шаруалардың астығын мемлекеттік төмен бағамен алуға, көнбесе, әкімшілік немесе сот арқылы тартып алуға үкімет уәкілдеріне билік берілді.

 И.Сталин 1929 жылы 22 сәуірде БК(б)П ОК Пленумында астық дайындау саясатының басты бағыты туралы баяндама жасады. Онда: «…Астық дайындау науқаны кезінде төтенше өкілеттік енгізіп, кулактар мен байлардың қарсылығын жаныштап, олардың артық астықтарын аламыз. Индустрия үшін валютаны үнемдейміз… Біз астық дайындаудың ішкі мүмкіншілігі бар екенін таптық. Бұл өте дұрыс саясат қана емес, осының арқасында совхоз бен колхоз ұйымдастырудың нық жолына шықтық», – деп түйіндейді.

 1929 жылы 21 тамызда Сталин Молотовқа жазған хатында: «Биылғы астық дайындау біздің жұмыстарымыздың ең маңыздысы. Егер бұдан ұтылсақ, біз бәрінен айырыламыз. Сондықтан, Орталық комитеттің шешімдерін орындауды аса қатыгездікпен өткізбесеңіздер ұтыламыз», – дейді. Ал, 1930 жылы 24-ші тамызда жазған хатында былай мәлімдеді: «Күніне 1-1,5 миллион пұт астықты сыртқа шығарудамыз. Менің ойымша, бұл – аз. Ең аз дегенде, 3-4 миллионға дейін көтеру керек. Әйтпесе, біз жаңа металлургиялық, машина жасау заводтарынсыз қаламыз(Автозавод, Челябинск, т.б.)».

 1929 жылы 20 желтоқсанда Коммунистік партияның Орталық комитеті Ресейдің өндірісті аудандарын етпен қамтамасыз ету үшін қаулы қабылдады. Қазақстан қаулының қарарларына сәйкес Мәскеу, Петербор тәрізді ірі қалаларды, Ресейдегі өнеркәсіп орталықтарын, солтүстік Кавказды, Орта Азияны, Қиыр Шығыстағы және әскери мекемелерді етпен жабдықтаушылардың біріне айналды. Одақтық дәрежедегі «Союзмясопродукт», «Животноводсоюз», «Скотовод», «Потребкооп», «Ленмясо», «Мосмясо», «Совхозтрест» сияқты ұйымдар Қазақстанда мал етін дайындаумен айналысты. 1926-1930 жылдың 1-ші сәуіріне дейін Қазақстаннан Орталықтың ірі өнеркәсіп орындары мен әскери мекемелеріне 2830820 тонна астық алып кеткен.

 «Қазақфильм» тапсырысымен танымал режисер Еркін Рақышевпен бірігіп «Ашаршылық» атты деректі фильмнің сценарийін жазу үстінде Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің мұрағатынан алынған құжаттардан жантүршігерлік оқиғалар кездестірдік.

 1929-1930 жылдардағы Орталық комитетпен Өлкелік партия комитетінің директиваларын орындауда жіберген қателіктер туралы Қазақ ОАК-нің хатшысы Абдолла Асылбеков, кейіннен әлеуметтік қамсыздандыру Халық комиссары болған Нағима Арықова және тағы басқалардың Орталыққа жіберген 1930 жылы 19 тамызда «Ерекше құпия» белгісі соғылған баяндамасында сол кезде орын алған келеңсіз оқиғалар келтіріледі:

 «Орал округінің орта шаруасы Есеналиевке 10 сағатта 50 пұт ет тапсыруды жүктеген. Ол 3 сиырдың екеуін сойып, ет тапсырса, малды қасақана сойды деген айып тағылып, бар дүние-мүлкін тәркілеген. Елек ауданында 200 кедей астық өткізбегені үшін тұтқындалған. Олар астық өткізу үшін малдарын сатып астыққа айырбастаса, малдарын сатқаны үшін соттаған.

 Кедейлердің мойнына жіп іліп, өздері асылып өлді деп жұртқа көрсеткен.

 Гурьевте жүн дайындау науқаны кезінде бір қойдан бір пұт жүн өткізуді талап еткен.

 Қызылорда округінде мақта мен жүн дайындау кезінде Қазақтардың көрпелерін жыртып, мақтасын, киіздің жүнін түтіп өткізуге мәжбүрлеген. Жоспарды орындамағандарды сот­тап жіберген.

 Ақтөбе округінің Ақкемер ауылында Позднов деген қазақтарды үйден шығармай қамап, қарсылық көрсеткендердің аузына керосин құйып өртеп, қорлап қинаған.

 Жәнібек ауылында уәкілдер мас болып, әйелдер мен жас қыздарды зорлаған. Оларды отқа өртейміз деп қорқытып қарға жалаң аяқ жүргізген.

 Жоспарды орындаған шаруашылықтарға оның мөлшерін 2-3 есе көбейткен. Оны да орындаса, орындай алмайтындай қосымша тапсырмалар берген. Сөйтіп, жоспар орындамады деп, оларға айыппұл салып, соттаған.

 Әр отбасын екі пұт сүйек, бір иттің терісін өткізуге міндеттеді. Осы жоспарды орындау үшін кедейлер мен шаруаларға 5 күн уақыт берілді. Адамдарды соттаймыз, жер аударамыз деп қорқытып, оларға ит, есек, түйелерді сойғызып, сүйектерін тапсыруға мәжбүрледі. Сиырлардың мүйізін кестіртіп, тапсыртты. Киіз, арқан тәрізді үй мүліктерін алып кетті.

 Сот, прокуратура қызметкерлерінің көбісі сауатсыз адамдар болғандықтан, заң бұзылған. Олар жер-жерлерге уәкіл ретінде жіберіліп, жоғарыдан келген тапсырмалардың көзсіз орындаушысы ғана болған» (ЦА ФСБ РФ. Ф. 2. Оп. 8. Д. 744. Л. 570-576). Осындай шектен  шыққан оқиғалар Қазақстанның барлық жерлерінде орын алғанымен, айыптыларға ешқандай жаза қолданылмаған. Сондай-ақ, халыққа 20-ға тарта салық салынып, оның ішінде кесіртке, жылан, тышқан аулап, терісін тапсыру тәрізді түсініксіз түрлері кездескен. 

 1930 жылдың 20 сәуірінде Өлкелік БК(б)П-ы мал шаруашылығы аудандарында кооператив және колхоз бірлестіктерін ұйымдастыру туралы №188 құпия қаулы қабылдады. Осы қаулыда Голощекиннің «Ұжымдастыруды отырықшыландыру негізінде өткіземіз. Адамдарды емес, жеке малдарды бір жерге жинап, Орталықтың ұжымдастыру тапсырмасын іске асырамыз» дегенінен, ұжымдастыру науқаны қазақтардың бар малын тартып алу үшін ғана өткізілетіні түсінікті болды.

 Бұл жерде мынадай жымысқы саясат орын алды. Өлкедегі азық-түлік дайындауды бақы­лауға алған топ ішінде қолдарына шексіз билік берілген үш адамнан тұратын комисияның мүшелері, сондай-ақ, орталықтың тапсырмасын орындау үшін құрылған мекеме басшыларының құрамында жергілікті ұлт өкілдері болмады. Мысалы, 1930 жылдың 28 тамызында өткен Қазақстан өлкелік партия комитетінің қасынан құрылған астық дайындау үштігінің ұйымдық мәселелер жөніндегі мәжілісінің №1 хаттамасына назар аударайық. Оған ҚАТЫСҚАНДАР: үштіктің мүшелері – ВОСКАНОВ, АЛЬШАНСКИЙ, ДИВЕЕВ. ШАҚЫРЫЛҒАНДАР: БРУШКОВСКИЙ (Наркомторг), ШЕЙМАН (Союзхлеб), ГЛАДОВСКИЙ (Союзмясо), СМИРНОВСКИЙ (Казполеводсоюз), ВАРЛАМОВ (Ред.газет «Сов.степь»), ЮСАК (Союзтранс), ДЕМИДОВИЧ (Ср.-аз.Воен.округ).

 Қазақтың баққан малы мен жеріндегі еккен дәнін Мәскеудегі ортақ қазанға жіберу үшін өткізген мәжілістегілердің іс-әрекеті жемтікке таласқан қарға-құзғынның тірлігімен пара-пар еді. Әділетсіздікке ара түскен арыс азаматтар қуғын-сүргінге ұшырап, артынан бәрі жазаланды. Науқан барысында халықтың қасіретіне куә болған көптеген коммунистер Қазақстанның бірталай аймақтарында бұған қарсы астыртын шаралар ұйымдастырған. ОГПУ-дың ақпарат хабарларын тарату бөлімінің жазған анықтамасында Ақмола округі, Жаңаарқа ауданы, №5 ауылының ауыл шаруашылығы артельінің төрағасы, партия мүшесі «артельге тапсырған мал-мүлік үкіметтің меншігіне айналып, далада қаласыңдар» деп үгіт жүргізгенінің нәтижесінде, сол ауылдағы кедейлер мен шаруалар артельден шығып кеткен. (РГАЭ. Ф. 7486. Оп. 37. Д. 61. Л. 68-63. Подлинник, экз. №13).

 Аштан қырылатынын түсінген ел үкіметке қарсы шықты. Бас көтерулер әсіресе, 1930 жылы қазақ даласында ашаршылық апаты жайлай бастаған кезде күшейе түскен. Оған Уәйіс Шондыбайұлының «Бірлес елім» атты өлеңіндегі

 «Күшіңді жый,

 Жаныңды қый,

 Дүние тұрмас қалпында.

 Неше ғасыр ызаланып,

 Тіс қайраған жауыңның

 Шықсын жаны,

 Ақсын қаны

 Шеңгелді сал, алқымда!» деген жолдар орталық үкіметке наразылықтан туған халықтың ыза-кегі мен жанайқайы еді. Көпшілік дүмпуінен үрейленген Голощекин наразылық­тарды басу үшін Еділ бойынан жазалаушы әскери күштерін арнайы алдыртып, Қазақс­тандағы ірі қалаларда әскери күштер ұстау үшін Сталиннің рұқсатын алады.

 Қазақ халқының басына қара бұлт болып төнген сол бір нәубет жылдары шекаралық аудандардағы байлар Қытай жеріне үдере көшті. 1930 жылдың басынан бастап Қытайға ауқаттылармен бірге кедейлер де көше бастады. Олар «Голощекин зомбылығынан құтылудың жалғыз ғана жолы бар. Ол – шекара асу» деп ойлады. Оларды шекарадан өткізу мақсатында қаруланған қорғаушы топ шығарып салып отырған. Себебі, шекарадан өтпекке әрекет жасаған халықты ОГПУ қызметкерлері аяусыз қырған. Шекарашылар отрядтары тыныш жатқан ауылға оқ жаудырып, ауыл ақсақалдарын көптің көзінше атып өлтіріп, киіз үйлерді өртеп, малдарды тартып алып, үрейі ұшқан халықты шекарадан аулақ қуып тастаған.

 Іле Синь-цзян әкімінің кеңес консулы Колосовқа тапсырған ресми хатында 1930 жылдың 2 желтоқсанында Хоргос постысы шекарасынан өткен босқын аш қазақтарды әйел, бала демей қуып келген совет шекарашылары 50 адамды өлтіріп кеткен. Қытай өкіметі ресми нотасында 300-дей босқынның айуандықпен өлтірілгенін ашық айтады (ҚР ПМ 4755-1-іс 8-п.).

 Мәскеулік зерттеуші Фетисов 1980-шы жылдары Кеңес шекарашылары туралы жазған «ШЕСТЬ ГЕРОИЧЕСКИХ СУТОК» деген еңбегінде Кеңестер Одағы Комунистік Партиясының Бас секретары болған К.У.ЧЕРНЕНКОНЫҢ 1930 жылдары Жаркент шекарасындағы жазалаушы отряд басшыларының бірі болғаны туралы жазады. Зорлық-зомбылық етінен өтіп, сүйегіне жеткен бұқара жұрт:

 «Шықпай жатып бесіктен қайғы торып,

 Сарғалдақтай жаңбырсыз қалған солып.

 Қайда барсаң алдыңда Қорқыт көрі

 Неге тудық бақытсыз халық болып?!» деп күңіренді.

 Өнеркәсіп орындарын етпен қамтамасыз ету Мәскеудің арнайы нұсқауымен орындалатын болды. Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің 1931 жылғы 28 қыркүйек күні қабылдаған құпия қаулысында осы жылдың 4-тоқсанында Мәскеуге 35000 тонна, Ленинградқа 24500 тонна ет жеткізіп тұруы міндеттелді. Осы жылдары Ресейді етпен қамтамасыз етуде Қазақстанның үлесі 40 пайыздан жоғары болған. Қазақстанда мал етін дайындау аса қатал, қорқыту және қысым жасау әдістерімен қоса жартылай әскери тәртіппен жүргізілген. Осылайша астық пен ет Қазақстаннан Ресейге вагон-вагон болып кетіп жатқанда ауылдағы үйлер иесіз қалып, жолдың бойы мен қала көшелерінде адамдар ит-құсқа жем болып, қынадай қырылып жатты. Бір үзім нан таба алмай ашыққан қазақтарға көмек көрсетудің орнына 1931 жылы 18 наурызда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары А.А.Андреев құрған комиссия Ресейден Қазақстанға 150 мың қожалықты көшіру туралы №221 қаулы қабылдады. ОГПУ лагерлерінің Бас басқармасының бастығы Коганның жер аударылғандардың отбасын тамақпен қамту нормалары жөнінде Азық-түлікпен қамтамасыз ету Халық Комиссары Микоянмен келіскені туралы №249-шы анықтама 9-шы шілдеде шықты.

 Қазақстанға жер аударылып келген Г.С.Невадовскийдің қызы Татьяна Невадовская «Қазақстан қасіретнамасы» деген өлеңінде аштан өлгендердің аянышты халін суреттей келіп:

 «Киімім көк, ашығуды білмеймін,

 Аш-жалаңаш бәрі-дағы олардың», – деп жазғанына қарағанда, басқа ұлттың өкілдері аштықтан көп зардап шекпеген.

 Дереккөздерде Қазақстанда 1929 жылғы 40 миллионға жуық малдан 1933 жылы 4 миллиондай бас қана қалғаны келтіріледі. Сол жылдары Қазақстанда Орталыққа жіберу үшін 2 млн.422 мың 105центнер ет дайындалған.

 1933 жылдың көктемінде қазақ даласын мәйіттердің сасыған иісі жайлады. 

 Орыс ғалымы Данилов «1932 жылы астықты шетелге шығармаса, Кеңес Одағында 7 млн. адамның өмірін сақтап қалуға болатын еді» деп жазды. Сол жылдардағы жүргізілген алып құрылыстар аштан өлген қазақ халқының сүйектерінің үстінен салынды.

 Аштан қырылып, көмусіз қалғандардың моласына айналған Қазақстанға 1933 жылдың 1-ші ақпанында Ресейден 1 млн адамды қоныстандыру туралы ОГПУ Төрағасының орынбасары Г.Ягоданың қолы қойылған №50062 директивасы шықты. Бұл құжатта көшіп келушілерге жұмыс орындарын ашып, үй тағы басқа тұрмысқа қажетті аурухана, мектеп салу жайлы іс-шаралар ұйымдастырылатындығы туралы айтылады. Осы жылдың 13-ші ақпанында Ягода мен ГУЛагтың бастығы Берман Сталинге жазған №50073-ші хатта 2 млн адамды Қазақстанға жер аудару жоспарларын қалай іске асырып жатқандары туралы есеп береді.

 1929-1940 жылдары Кеңес өкіметінің экономикасы қарыштап өсті. 1937 жылы КСРО өнеркәсіп өнімдерін шығаруда Еуропада 1-ші, дүниежүзі бойынша 2-ші орынды иеленді.

 1897 жылы өткен Ресей империясындағы халық санағының ресми статистикасы бойынша қазақтар 4 млн 84139, өзбектер 1 млн 690 мың, тәжіктер 350 мың болған. Бұдан тура 100 жыл өткенде өзбектің саны 25 млн-ға жуықтап, қазақтың саны 9 млн-ға әзер жеткен. Академик-демограф Бромлейдің «Этническая демография народов СССР» деген кітабында 1939 жылы қазақ халқының жалпы саны 1926 жылмен салыстырғанда өсу орнына керісінше 26 пайызға кемігені айтылады. Қазақтар 1926 жылғы санына 1970 жылы жеткен.

 Бұл көрсетілген деректер ұлтымыздың басына түскен, адамзат баласының тарихында бұрын соңды болып көрмеген нәубеттің бір парасы ғана. Қазақтарды жер бетінен жойып жіберуге бағытталған зұлым саясаттың сырын ашатын тарихи құжаттар мұрағаттарда шаң басып, жарыққа шығатын күнін тосып жатыр.

 Жаратушының ықыласы түсіп, жазасыз жапа шеккен миллиондаған қандастарымыздың рухы – қазақ даласында егемендіктің көк байрағы болып желбіреді.

 1930 жылдардағы ашаршылықтан ешқандай қазақ әулеті аман құтылған жоқ. Қазақ­станда өмір сүріп жатқан алаш балаларының бәрі ашаршылық құрбандарының ұрпақтары. Тәуелсіздіктің қазақ халқына қаншалықты қымбатқа түскенін ойы таза, санасы азат жас ұрпақ жан-тәнімен ұғынғанда ғана бостандықтың маңызын толық түсініп, оны қорғай алатын ұлт қалыптасады. Өртеңге шыққан көк шөптей азаттықтың таңымен өмірге келген жас жеткіншектердің ашаршылық ақиқатына көзін жеткізу бүгінгі аға буынның қарызы. Жоқтаусыз кеткен ашаршылық құрбандары әруақтарының алдындағы парызының өтеуі. 

 

Рамазан ҚҰРМАНБАЕВ,

 «Ашаршылық Құрбандары»

 қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Түпнұсқадағы тақырып:

«Неге тудық бақытсыз халық болып?!.»

«Экономика» газеті, №22 (299), 2013 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5370