Путин Ресейдің газын ақыры Өзбекке сатты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айының 7-сі күні Мәскеуге барып, Владимир Путин және Шавкат Мирзияевпен бірге Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының ашылу рәсіміне қатысты.
Бұдан екі күн бұрын, дәлірек айтсақ, қазан айының 5-і күні «Валдай» клубының отырысында сөз сөйлеген Путин бұл туралы:
«Биылғы қазан айында жеткізу шағын көлемде басталады, бірақ бұл Қазақстан экономикасы үшін де, Өзбекстан экономикасы үшін де өте маңызды. Біз жылына үш миллиард метр куб жеткіземіз, содан кейін ғана оны көбейте аламыз», – деген еді.
Украинаға басып кіргеннен кейін абыройдан жұрдай болған Путин Ресей шикізатын сатып алатын ел іздеді. Ол ақыры Мирзяев бастаған өзбек елімен келісімге келіп, туған күнінде «сыйлық қорабын» ашты.
«Мәселе энергетика саласындағы үш жақты ірі жоба жөнінде болып отыр, оны жүзеге асыру үшін өткен ғасырдың 60-жылдары салынған Орта Азия – Орталық газ құбыры пайдаланылады. Ол кезде бұл трансконтиненталды еуразиялық бағыт болатын. Сол бағыт арқылы Өзбекстан одақтың сегіз республикасын жылына 80 млрд текше метр газбен қамтамасыз еткен. Енді бұл магистраль реверс режимінде жұмыс істейді және Өзбекстанның қарқынды дамып келе жатқан экономикасы мен Қазақстан сұранысының бір бөлігін қамтамасыз етеді. Қазақстан жылдам қарқынмен дамып жатыр және қосымша энергетика ресурстарына зәру», – деді Путин ашылу кезінде.
Путин Ресей, Өзбекстан және Қазақстан арасында «газ одағын» құру туралы ұсынысты былтыр ұсынған. Тоқаев аталмыш мәселені қарастыруға уәде берген еді. Ташкент тарабы болса, «одақ құру» идеясынан бас тартып, газ саласында әріптестік коммерциялық келісімдерге ғана негізделуі тиіс деп «саяси шарттарды газға айырбастамаймыз» деді.
Бірақ биыл сәуір айында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей, Өзбекстан мен Қазақстан арасында «газ одағы» мәселесін талқылауда ілгерілеушіліктер барын айтқан.
Жазда Қазақстан жағы Ресей газын Өзбекстанға тасымалдайтын инфрақұрылым 2024 жылы күз-қыста дайын болады деп мәлімдеген. Ал 4 қазанда Сәтқалиев Ресей газын Өзбекстанға тасымалдауды осы айдың соңында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бастайтынын айтқан.
Мирзияев пен Тоқаев Мәскеуден бұрын, қыркүйек айында Нью-Йорк қаласында алғаш рет өткен «АҚШ – Орталық Азия» саммитіне, содан соң Берлин қаласында өткен «Германия – Орталық Азия» саммитіне қатысқан еді. Кездесулер кезінде экономикалық әріптестік пен қауіпсіздік мәселелері талқыланған, Ресейдің Украинадағы соғысы да сөз болды.
Abai.kz