Жұма, 20 Қыркүйек 2024
2428 6 пікір 9 Қазан, 2023 сағат 14:43

Жөйт пен араб соғысының Қазақстанға қатысы қанша?

Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасындағы қақтығысқа Иран араласса, Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға да теріс әсер етуі мүмкін. Саяси сарапшы Андрей Чеботарев осылай дейді.

Оның айтуынша, Ливандағы «Хезболла» қозғалысы араб-израиль қақтығысының жаңа кезеңіне қызу кірісіп кетсе, жоғарыдағы теріс әсер көп күттірмеуі мүмкін. «Хезболла» әзірше Израильдің солтүстік аумақтарын минометпен атқылаумен және ХАМАС әрекетін ауызша қолдаумен шектеліп отыр.

Андрей Чеботарев «Хезболланың» Иранмен тығыз байланыста екенін, ал Иранның Израильмен қарым-қатынасы өте шиеленісті екенін атап өтті.

«Осының бәрін ескере отырып, араб-израиль қақтығысы Израиль мен Иран арасындағы соғысқа ұласуы мүмкін», - деп жазады Чеботарев өзінің Telegram-каналында.

Саясаттанушы Израиль мен Иран арасындағы ашық қақтығыс Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да әсер етуі мүмкін екенін айтады. Ықтимал болжам шынға айналса, ең аз дегенде энергия бағасының ауытқуына және жеткізу тізбегінің бұзылуына әсер етпек.

«Бұл сондай-ақ Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолына, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Челябі-Болашақ-Иран бағыты бойынша жүрдек жүк пойыздарын іске қосу туралы бастамасын жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстанның Каспий теңізі арқылы Иран бағытына баратын жүк тасымалына да айтарлықтай әсер етуі мүмкін», – деп жазды Чеботарев.

Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіндегі төрағалық мәртебесін пайдалана отырып, өзін келіссөздерде делдал ретінде ұсынып, өзінің бітімгершілік имиджін тағы бір үстей алады.

«Қазақстан АӨСШК-де Израиль мен Палестина арасындағы келіссөздерге бастамашы болуы мүмкін», – деп жазды Чеботарев.

Айта кетейік, бір күн бұрын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Израиль мен Газа секторы бойынша отырысы аяқталып, онда мәлімдемелер мен қарар жобалары қабылданған жоқ. Мальтаның тұрақты өкілі Ванесса Фрейзердің айтуынша, Қауіпсіздік кеңесінің барлық мүшесі ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылын айыптады.
Бұған дейін америкалық The Wall Street Journal басылымы ХАМАС Иранның қолдауымен Израильге қарсы шабуыл дайындап жатқанын хабарлаған. Бірақ мұны Иран билігінің өзі де, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Этнони Блинкен де жоққа шығарды, олар CNN телеарнасына берген сұхбатында Иранның шабуылға қатысы туралы ешқандай дәлелдері жоқ екенін айтты.

Естеріңізде болса, араб-израиль қақтығыстарының кезекті жаңа бөлімі қазан айының 7-сі күні таңертең Израиль аумақтарын жаппай атқылаудан, содан кейін Хамас пен исламдық жиһад содырларының шекарадағы елді мекендерге шабуылынан басталды. Бұған жауап ретінде Израиль үкіметі соғыс жағдайына көшкенін және «Темір қылыштар» операциясының басталғанын жариялады. Операция барысында Израиль аумақтарын тазарту және Газа секторындағы ХАМАС нысандарына қарсы әуе шабуылдары үшінші күн болды.
Дүйсенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша палестиналықтардың шабуылынан 700 израильдік қаза тауып, 2000-нан астамы жараланды. Тағы жүзге жуық адам ХАМАСтың кепілінде қалуда. Газа секторында Израиль әуе күштерінің соққысынан 400-ден астам адам қаза тапты.

Фото: ашық дереккөзден

Abai.kz

6 пікір