Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 9630 35 пікір 10 Қазан, 2023 сағат 14:52

Сіләм би - қалай Челябинскіге айналды?

Ресей құрамындағы қазақ жерлері...

Кеңес Одағы тараған жылдардан бастап (қызыл империя тұсында рұқсат етілмейтін тақырыптар), орыстың біраз ғалымдары, қазіргі уақытта Ресейде тұрып жатқан қазақтардың тарихын, дәстүрін сонымен қатар, олардың ұстанымы мен сенімдерін және тұрып жатқан аймақтарының атауларын тұрақты түрде зерттеп, жинақтап және бұлттартпас шынайы дәлелдермен нақтылап, оны сол елдің баспасөзінде ара-тұра болса да, жарыққа шығарып келеді. Соның бірі және бірегейі Челябинск қаласында тұратын Юрий Бошняков.

«Оңтүстік Орал даласы ежелден Еуропаға өтудің ең ыңғайлы орны – «Каспий дәлізіне» қақпа ретінде қызмет еткен. Оңтүстігінде Қазақстанның сусыз шөлейт  даласы жатса, солтүстігінде үйір-үйір табыны бар қалың көшпелілер өмір сүрді. Бұл далада кімдер тұрмыс сүрмеді дейсіз. Кезінде  осы солтүстікте сарматтар, аландар және басқалар да көшіп-қонып жүрді. Содан кейін ғұндардан бастап түркілерге дейін осы ұланғайыр өлкені мекендеді. X-XI ғасырларда Оңтүстік Орал даласы Қыпшақ конфедерациясының құрамына кірді. Содан кейін, ұлыстар ыдырағаннан кейін, оны қазіргі қазақ халқының Кіші жүзіне кіретін, ру-тайпалар қоныс етті. Шамамен XVII ғасырға қарай күшейген, біріккен Қазақ хандығы башқұрт шекарасына тақады. Осылайша қазақтар XVII ғасырға қарай башқұрт шекарасына тақап келді. Бұл халықтардың қарым-қатынасы әр түрлі жағдайда болды».

Осыларды оқи отырып, автордың жазбаларынан тағы мынандай жолдарды кездестіресің: «Батыста башқұрттар мен қазақ руларының арасындағы шекара Орал өзені арқылы өтті. Сол жағалауда қазақтардың жазғы жайылымдары орналасты. Ол жайылымдар: Магнитогорск,   Верхнеуральск, Агап, Кизил аудандарында және Варна, Троицк, Гимен аймақтарында болды. Тағы  бір айтарым, қазақтың «Қыз-Жібек» лиро-эпостық поэмасының бас кейіпкері - Төлегеннің руы, осы Орал өзенінің аумағында (қазақтар Жайық немесе Ақ Жайық атайды) Магнитогорск ауданында көшіп жүрген.

«Қазақтардың солтүстік шекарасы, оларды башқұрттардан ажыратып тұрған, Миан өзені бойымен  өткен. Аңыз-әңгімелердің бірінде: «Кіші жүз руларының біріне жататын,  Сұлтан Тағанбайдың төрт ұлы болған: Есімбай, Сарыбай, Маңғыт және Сіләмбай.

Үлкен ұлы –  Есімбай башқұрт қызына  үйленіп, әкесін қатты ашуландырады. Тағанбай оны өзінен аулақтатып, қуып жібереді. Сондай-ақ  қарғап-сілеп, оның өлуін тілейді. Есімбай Башқұрт жерінің таулы өңірінде аң аулап жүріп, тасқа жаншылып, қаза табады. Ал сол мәйіттің жанында жерге құлаған тастың астынан «Есімбайдың қаны» атанған мұнай фонтаны атқылап тұрған екен. Қазір осы арада, яғни, Башқұртстанда мұнайшылар қаласы – Ишимбай бар.

Тағанбайдың екінші ұлы – Сарыбай өз ауылдарымен Тобыл өзенінің маңына көшіп келеді. Оның қыстайтын жері Сарыбай деп аталады. Бұл Қазақстанның Қостанай облысындағы әйгілі Соколов-Сарыбай кен орнының ауданы.

Тағанбайдың үшінші ұлы – Маңғыт, өз ауылдарымен Орал өзені бойына көшіп келген екен. Оның  елі, осы үшінші ұлдың атымен аталған, қазіргі күнгі Башқұртстандағы Маңғыт тауларының  маңайы, сай-саласы болатын. Кейіннен осы таудың атымен, бұл арада Маңғыт деп аталатын казак елдімекені пайда болды. Сонымен қатар, бұл жер, темір рудасына өте бай екені анықталды.  Кейіннен, ішкі Ресейден келген, орыс қызмет етушілері Маңғыт атауын магнит сөзіне  айналдырып, содан кейін оның негізінде металлургтер қаласы – Магнитогорск бой көтерді.

Тағанбайдың төртінші ұлы – Сіләмбай ең көрнекті болды. Ол өз ауылдарымен бірге қиыр солтүстікте, Миас өзенінің аумағында, башқұрт көшпенділеріне жақын жүрді. Ол екі елдің  ортасындағы үздіксіз барымтаны, өзара рейдтерді тоқтата алды. Сөйтіп, Башқұрт руларымен бейбітшілік орнатты. Көптеген қазақ  пен башқұрт рулары, оның қарамағына қарады. Бұл  елдердің құрамында бірлескен некелер жиі кездесетін. Қазақтар да, башқұрттар да оны құрметтеп, жақсы көрді. Қазақтар Сіләмбайды би деп жариялап, оны жаңа құрметті есіммен Сіләм би деп атады. Тіпті отарлау дәуірінде де, орыстардың осы аймақтағы жұрттың көңілін табу үшін, кезінде солардың тілімен аталған Сіләм би аңғарының атауын өзгертуге батылы жетпеді. Олардың  осы араға салған кішігірім қала бекінісі Сіләм би деп аталды. Бұл атау, келе-келе, кейіннен  Челябіге айналды. Сөйтіп, орыс картасына осы атаумен кірді», - дейді орыс ғалымы Юрий  Бошняков.

Біздің кейбір ғалымдар, Челябинск сөзінің түп-төркіні Селебе деп айтып  жүр. Әрине, әркімнің өз  дәлелі бар шығар.

Сонымен, қазіргі Башқұртстандағы Ишимбай қаласы, қазақша айтқанда, Есімбай. (Орыстар Есіл өзенін Ишим деп атайды ғой). Сонымен қатар, Маңғыт тау - Магнитогорск қаласының түпкі атауы. Маңғыт кейіннен орысша Магнит, артынан Магнитороск деп аталған болды ғой. Ресейдің осы күнгі Челябинск қаласының атауының да қалай шыққанын енді түсіндік. Кіші жүз төресі – Сіләмбай, артынан қалың жұртшылық Сіләм би деп атаған азаматтың есімі, кейіннен осы араға  әскери бекініс ретінде салынған қалашықтың атына айналып – Сіләм би, кейіннен Челябі деп аталғанын білдік. Орыс ғалымының шындыққа жақын келетін тарихи шығармасын оқи келе, Челябинск облысының аумағын, өз заманында кіші жүздің қазақ тайпалары мен руларының көнеден  мекендегенін аңғарамыз.

Жалпы, Ресейдің құрамындағы Қажы – Тархан (Астрахан), Сары - Тау (Саратов), Самар – Құндыз  даласы (Самара),  Орынбор (Оренбург),  Сіләм  би (Челябинск),  Қорған (Курган),  Төмен – Төменгі  дала (Тюмень), Үркіт (Иркутск), Тоң – топырағы тоң болып келетін өлке – мерзлая земля (Томск), Омбы - қары қалың жауатын өңір (Омск), Кемер - өзеннің жағалауы (Кемерово), Тар (Тарск),  сондай-ақ Алтай таулы өлкелері ежелгі түркілердің, яғни, көшпелі қазақ тайпалары мен  руларының  ғасырдан, ғасырларға жалғасқан атамекендері болатын.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5388