«Ауыл» партиясында жаңа басшы сайланды
Бүгін Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXIII съезі өтті, оған партияның барлық жиырма өңірлік филиалдарынан делегаттар қатысты.
Съезде қаралған басты сұрақ жаңа төрағаны сайлау болды.
«Парламент Мәжілісіндегі «Ауыл» саяси фракциясының партиямыздың сайлауалды бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ Мемлекет басшысының депутаттар алдына қойған міндеттерін орындау жөніндегі жұмысын жандандыру қажет, осыны ескере отырып, Мәжілістің сайланған депутаттары арасынан партияның жаңа көшбасшысы болуы тиіс деп санаймын», - деді Әли Бектаев. Ал өзі ҚР Парламенті Сенатындағы жұмысына негізгі көңіл бөлетінін жеткізді.
Партияның жаңа төрағасы болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев сайланды.
Серік Егізбаев 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген, ауыл шаруашылығы саласында және мемлекеттік басқару органдарында практикалық тәжірибесі бар.
«Ауыл» партиясы биылғы сайлау қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісінде 8 депутаттық мандатқа ие болған елдегі ең ірі саяси күштерінің бірі екендігін атап өткен жөн.
Abai.kz