Бауыржан Ибрагимов: «Театр өнері мемлекеттің қолдауынсыз алға басуы қиын»
- Бауыржан аға, тамыз айы бойы Сіздің бастамаңызбен құрылған эстрада Одағы туралы қазақ баспасөзінде жарияланған ақпараттар көзге жиі шалынды. Бүгінгі күні түрлі саяси-әлеуметтік қоғамдық бірлестіктер баршылық қой. Бірақ, дәл өнер ұжымдарының ішінде эстрада саласында жүрген артистердің басын қосқан мұндай ұйым елімізде бұрын болмаған сияқты. Әңгімені осы Одақтың жайынан бастасақ?
- Иә, оның рас. Бұл Одақ осыдан кем дегенде 10-15 жыл бұрын құрылуы керек еді. Бірақ, «ештен кеш жақсы» деген бар ғой. Бажайлап қарасаңыз, эстрада артистерінен басқалардың бәрінде одақ бар. Одақ дегеніміз ерікті азаматтардың басын біріктіретін қоғамдық ұйым. Оған мүше болу-болмау немесе шығу әркімнің өз қалауындағы шаруа. Ал, өз кезегінде Одақ тұрақты мүшелерінің мүддесін барынша қорғайды, олардың әлеуметтік жағдайын жасауға тырысады, мемлекет тарапынан қолдау табуына дәнекер бола алады. Айталық, эстрада артистерінің мемлекеттік марапаттар мен атақ-дәрежелер алуларына, шығармашылық кештері мен есеп беру концерттерінің өткізілуіне демеушілер табуларына қолғабыс жасалмақ.
- Бауыржан аға, тамыз айы бойы Сіздің бастамаңызбен құрылған эстрада Одағы туралы қазақ баспасөзінде жарияланған ақпараттар көзге жиі шалынды. Бүгінгі күні түрлі саяси-әлеуметтік қоғамдық бірлестіктер баршылық қой. Бірақ, дәл өнер ұжымдарының ішінде эстрада саласында жүрген артистердің басын қосқан мұндай ұйым елімізде бұрын болмаған сияқты. Әңгімені осы Одақтың жайынан бастасақ?
- Иә, оның рас. Бұл Одақ осыдан кем дегенде 10-15 жыл бұрын құрылуы керек еді. Бірақ, «ештен кеш жақсы» деген бар ғой. Бажайлап қарасаңыз, эстрада артистерінен басқалардың бәрінде одақ бар. Одақ дегеніміз ерікті азаматтардың басын біріктіретін қоғамдық ұйым. Оған мүше болу-болмау немесе шығу әркімнің өз қалауындағы шаруа. Ал, өз кезегінде Одақ тұрақты мүшелерінің мүддесін барынша қорғайды, олардың әлеуметтік жағдайын жасауға тырысады, мемлекет тарапынан қолдау табуына дәнекер бола алады. Айталық, эстрада артистерінің мемлекеттік марапаттар мен атақ-дәрежелер алуларына, шығармашылық кештері мен есеп беру концерттерінің өткізілуіне демеушілер табуларына қолғабыс жасалмақ.
Қарапайым халық қазақ эстрадасында жүрген артистерді ақшаны күреп табатындай ойлайды. Шын мәнінде, өнер саласында, соның ішінде эстрада өнерінде жүргендердің жағдайлары көңіл көншітерліктей емес. Жиын-тойлармен және әркім өзінің жеке кәсібімен айналысып, күндерін көріп жүр. Бұған басты себеп бір шаңырақ астына біріге алмауымызда. Және олардың басын қосып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ресми ұйымның болмауында.
«Артист біткеннің бәрі шоу-бизнесте ғой» дейтіндербар. Алайда, шоу-бизнестен оларға келер пайда шамалы. Себебі шоу-бизнес Қазақстанда айтарлықтай қарқынмен дамып отырған жоқ. Дамымайтыны – ол халық санына тәуелді. Мысалы, Астанада күзде бір концерт ұйымдастырсаң,келер жыл мезгіліне дейін үзіліс жариялауға мәжбүрсің. Көрермен аз, әрі бәсекелесушілер көп.
Ал Ресей шоу-бизнесінің тез дамуының құпиясы – көрермен санының көптігінде. Онда бір ғана Ресейдің өзін айтпағанда, бұрынғы Кеңес үкіметі құрамында болған 15 мемлекет түгелдей солардың аудиториясы. Бір Мәскеудің өзінде 20 миллион халық тұрады. Киркоровтың айтуынша, бір жаңа бағдарламамен Мәскеуде бір жыл бойы концерт беруге болады. Біздегі жағдай мүлде керісінше, өнер саласына келген жанның барлығы 500 бен 5000 доллардың арасында той тойлағанымызға мәзбіз. Осыны ескере отырып Одақ құру мен Эстрадалық театр ашу уақыт талабынан туындап отыр.
- Одақ құрылған соң оның мүшелері болу керек қой. Бұл одаққа кімдер мүше бола алады? Эстрадалық дегенен кейін эстрада әншілері де мүшелікке өтетін болар?
- Басында өз саламызда ғана, әзіл-сқақтың төңірегін қамтысақ па деген ой болған. Алайда, «Эстрада» деген атаудың ішіне бәрі сиып тұрған жоқ па. Сонау Клоунатадан бастап цирк әртістеріне дейін. Кез келген әншілер, артистер осы атаудың аясында. Сондықтан біз «Эстрада артистерінің одағы» деп атадық. Бізге өнер саласындағы кез-келген адам өтінішін жазып, мүше бола алады. Мүше болмаймын дегендерге еш зорлық жоқ.
- Әрбір игі істі көпшіліктің, билік өкілдерінің қолдап-қуаттағаны қуантары сөзсіз. Бұл бастамаңызға Министрлік тарапынан қандай қолдаулар болып жатыр?
- Жақында ғана Минстрдің қабылдауында болдым. Өте жақсы қарсы алды. «Жақсы іс бастап жатқан көрінесің, жұмыла көтерген жүк жеңіл, қолдау көрсететін боламыз. Жалпы, келер жылдан бастап Одақтарға мемлекет тарапынан жан-жақты демеушілік жасалмақ. Сол кезде сіздің Одаққа да шығармашылық мүмкіндік болатындай жағдай жасалады» деді Мұхтар Абрарұлы.
Және бір айта кететін мәселе – министрлік арқылы бүкіл ақпараттық-насихат жұмыстары, алдағы 5-қыркүйекте өткізіледі деп жоспарланып отырған осы Одақтың ашылу салтанатының жарнамасы барлығы министріміз Мұхтар Құл-Мұхамед мырзаның арқасында жасалып жатыр деуге болады.
- Бауыржан Сабзалыұлы, ендігі әңгімемізді өзіңіз басы-қасында жүрген, талай жыл жілігін шағып, майын ішкен қазақы қалжыңға бұрсақ. Бүгінде шынайы, өткір нағыз қазақы әзіл жоқ деуге болады. Бары әлсіз. Қазақы әзілдің әлсіреуіне не себеп болды деп ойлайсыз?
- Басты себеп сахнада «дүмше молдалардың» көбейіп кетуінен. Баяғыда біз «Тамашаға» келіп, үлкен сахнаға жол тартқанда, сахна саңлақтарынан білім алдық. Асқар Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Нұрмақан Жантөрин секілді сахна мен сатираның сардарлары сүзгіден өткізді бізді. Сонымен қатар, олар бізді сахна мәдениетіне де баулыды. Олар үшін сахна – мешітпен бірдей еді. Мешітке қалай тазаланып барсаң, сахнаға да сондай тазалықпен шығуыңды қатаң қадағалайтын. Ал қазіргі уақытта қандай? Сахнаны сол киесінен айырды. Сахнаны сыйлауды қойды қазіргі батыстың жеңіл-желпі дүниесіне еліктеген жастарымыз. Сахнада аузына келгенді сөйлеп, қолына түскенді киетін болды. Сондай-ақ, шет елдерден келетін бейпіл мәдениет, интернет, 24 сағат тоқтаусыз көрсетілетін жүзден аса телеарналар. Барлығы да айналып келіп қазақы қалжыңның алдын орап кетті. Біз бұларға тосқауыл бола алмасақ та, іштей күресіп, ұлттығымызды, қазақилығымызды сақтап қалуға ұмтылуымыз керек.
- Өз басыңыз бұл салада қандай нәтижелі жұмыс атқарып отырсыз?
- Менің көзім жеткен бір нәрсе, белгілі бір істі бастамас бұрын сол саланың мамандарын даярлап алу керек екен. Сол мақсатпен оқыған, білімді актерлар қатарын толықтыру үшін Ұлттық өнер университетінен былтыр «Эстрада, миниатюра артисі» деген мамандық аштым. Бүгінде 14 студентіміз бар. Келер жылы да талапкерлер қабылдаймыз деген ниеттеміз. Осы арқылы ертеңгі сахнаға тілдің, өнердің қадірін білетін, актерлік шеберлікті меңгерген мамандар беруді көздеп отырмыз. Әрі бұл Қазақ эстрадалық театырының негізін қалаудың алғашқы кілті болып табылады.
- Жаңа ғана өзіңіз атап өткендей, сол сахна тарландарының тұсында ел сатирашылардан аяғын тартатын еді. «Араның», «Тамашаның» қармағына ілініп кетпеуге тырысатын. Бүгінгі қоғам сатирадан неге қорықпайды?
- Қорықпайды! Себебі жаңа жоғарда айтқанымдай сатираның салмағы азайды. Қадірі кетті. Бірақ, қоғам сатирадан қорықпайтын болды деп, біз бұл жанрды жойып жібере алмаймыз ғой. Ол кезде партияның атымен болса да мейлі, әйтеуір бір жүктелетін жауапкершілік бар еді. «Ара» мен «Тамашаның» қармағына ілінгендер партиядан шығарылуға дейін баратын. Бұл деген ол заманда ауыр жаза.
Егемендік біздің ұлтымыздың ең ұлы жеңісі. Алайда, өмірінің көп жылын бұғауда өткізген ұлтымыз Тәуелсіздік алып, бұғаудан босап кеткен сәтте қоғамның кей саласында мәселенің мәнін терең түсіне алмай, 10-15 жылын өткізіп алды. Сол салалардың бірі өнер саласы. Бұл тұрғыдан келгенде, енді ғана қадамымызды түзеп келеміз. Дегенмен, сатирадан қорықпау – ар-ұяттан айырылу екенін түсінгеніміз абзал. Тоқырау кезіндегідей емес, қазір Алладан қорқатын болдық. Ел иманға бет бұрды. Осыны пайдалана отырып, біз сатираның да ықпалын арттырамыз. Ендігі жерде сатирадан қорқу имадылық негізінде болмақ. Ол сатирадан қорқу емес, Алладан қорқу болатын сәт жақын.
– Бір сұқбатыңызда ««Бауыржан-шоу» жетер шыңына жетті» деген екенсіз. Бұл сонда шығармашылық тоқырау ма?
– Бұл тоқырау емес. Ол жерде «Бауыржан-шоу» неге жұмысын тоқтатты?» деген сұрақ болды. Мен сонда ашып айтқан едім. Қазіргі сатира төңірегінде жүргендердің, шынымды айтсам, 40-50 пайызына көңілім толмайды. Бұл – бір, екіншіден – «Бауыржан – шоу» қоғамның барлық саласын қамтыған. Ұлттық менталитет, медицина, милиция, базар, қойшы, әйтеуір, қамтымаған тақырыбымыз жоқ деуге болады. Және өнердің де осы саласына қатысты барлық жанрлары болды. Клоуната, реп, комедия, трагедия, мюзикль да біздің өнер ұжымының ортасынан табылды. Нақтырақ айтар болсам, «Бауыржан – шоу» театр деген мәртебеге толық лайықты болды. Ал басқасы, кемсітіп отырғаным емес, сатиралық ұжымдар. Театр деген атауға толымды болу үшін оның өзінің кастюмерлік цехы, тұрақты актерлары, өз сахнасы, өзінің тұрақты редакторы т.б. толып жатқан талаптары болуы керек. Біз бұл сұранымдардың бәріне сай келе алдық деп ойлаймын.
Белгілі сықақшы Марат Сақатов бізде режиссерлік етті. Сондай-ақ, грим жасаушымыз, әр қойылымға костюмдер дайындайтын арнайы тігін цехымыз болды. Алматыдағы темір жолшылар мәдениет сарайы біздің иелігімізде еді. Әнді де өзіміз жазып, орындайтынбыз. Бұл үрдіс «Бауыржан – шоуда» 2002 жылға дейін жалғасты. Міне біздің ұжым өнер өлкесіне осындай дайындықпен келген еді. Мен «Бауыржан –шоу» жетер шыңына жетті дегенде осы тұрғыдан айтқан едім.
Ал бүгінгідей қоғамды арзан күлкі, «анекдотчиктер» мен comedi clubтың ағымында кеткен дипломсыз әртістер жаулап алған кезде, дәл осы саланы, сатира саласын жоғалтып алмас үшін жоғарда айтқанымдай Өнер университетінен факультет ашуға мәжбүр болдым.
- Бұл Қазақ сатирасына «мен айтарымды айттым, қалғаның күл болмасаң бүл бол» деген жаны ашымастық емес пе? Керісінше, жастарға үлгі болып, сатира деген, әзіл деген мынадай болады деп мықты-мықты сатириктермен жұмыс жасап, сахнада жүрмедіңіздер ме?
- Жоқ, олай болмайды! Кез келген аурумен күресерде ешкім бірден кірісіп кетпейді ғой. Бірінші жаңағы ауруды тексеріп диагнозын қояды, сосын оның дәрі-дәрмегін әзірлеу үшін үзіліс жасауына тура келеді. Бізде қазір сондай үзіліс үстіндеміз. Ал менің дәрім – «Қазақ эстрадалық одағы» мен «Қазақ эстрадалық театры» болмақ. «Қазақ эстрада театрының» қарамағында бәрі болады. Пантамима, пародия, клоунадия, қуыршақ театры, шоу-бағдарламалар өткізу және «Қазақ эстрадасы» деген атаумен журнал шығарамыз. Сондай-ақ, продюсерлік орталығы мен «Астана-онлайн» деген телеарна ашсақ па деген жоспарымыз бар.
Телеарнаның мақсаты көрермендерді ұлттық тәрбие негізіндегі имандылыққа, ізгілікке шақыратын бағдарламалармен сусындату болмақ. Қазақ эстрада театрының қарамағындағы арна болғандықтан көп адамдар ойлауы мүмкін сол шоу-бизнестің айналасындағы жеңіл-желпі дүние болар деп. Керісінше, біз көрерменге ой салатындай салмақты туындылар ұсынсақ деген ниетіміз бар.
Бұл театрды әзірше «Қазақ эстрада театры» деген атаумен тұсауын кескелі отырмыз. Дейтұрғанмен алдағы уақытта. осы театрға мемлекеттік мәртебе алсам деген арманым бар. Министріміз Мұхтар Абрарұлына да айттым, қол ұшын беруге уәдесін берді. Мемлекеттік мәртебесін алмайынша эстраданың жағдайы мәз бола қоймасы анық. Ресейді мысалға алып үйреніп қалдық қой, айта берейін. Бір Мәскеудің өзінде 25-26 мемлекеттік эстрадалық театр бар. Ал Қазақстан көлемінде әлі күнге біреу де жоқ. Егер мемлекеттік деген дәрежеміз болар балса, үкіметтің де көзқарасы дұрысталып, жан-жақты көмек болып қалары анық. Әрі бұл эстрада саласындағы қара шаңырақ болары сөзсіз.
– Жаңа бір сөзіңізде айттыңыз шәкірттер тәрбиелеп жатқаныңызды. Өзіңіз студент болған кезде «Тоқпановтың тоқпағынан өтпегендер артист болмайды» деген сөз бар еді. Қазіргі жастар «Бауыржанның бауырынан шықпағандар әртіс емес» деп айта ала ма?
– Қазіргі сатираның, сахнаның маңында жүрген аға буын сол тоқпақтан өттік қой. Ал «Бауыржанның бауырынан» шығу туралыға келер болсақ, бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Бауыржан Ибрагимовпен бірге істеп едім дейтін актерлардың барлығына айтар бір ғана ауыз сөзім бар «Қайда жүрсеңдерде амандарың түзу болсын. Менің еңбегімді елегендерің сол» деймін. Әйтпесе, бүгінге дейін «Бауыржан-шоуда» қырықтан астам адам қызмет атқарған екен. Мен еш қайсысына істеген жақсылығымды, көрсеткен көмегімді бұлдаған емеспін.
– Ердің жасы елуден асқан екенсіз. Елге бергеніңіз көп пе, береріңіз көп пе?
– Берерім көп. Бүгінге дейін бергендерім жастықпен, албырттықпен берілген дүние. Дегенмен өткен іске өкінгеннен пайда жоқ. Ал берерім көп деуімнің басты себебі, ендігі уақытта елге не керек дегенді ойланып барып бересің. Жас кездегі албырттықтан гөрі, елге пайдалысын көздейтін ақылдылық басым.
– Кері бұрылып қарағанда сатира соқпағынан кімдерді көресіз?
– Актерлер жалпы әртүрлі болып келеді. Біреулер болады – тума таланттар, оларды қайта салсаң да жүзіп шығады. Енді біреулер бар – жетекпен жүреді, яғни оларға өз болмысын ашатын орта керек. Екінші топқа Әбунасыр, Жанатбек, Нұржан (Тука) т.б. секілді жігіттерді жатқызар едім. Ал бірінші топтың басында Уәлибек тұр. Ол өзі әдебиетші, бірақ бүкіл болмысымен актер болып кеткен адам. Сонымен қатар Ұлан, Алмат, Қуандық, Бақыт секілді жігіттерді атауға болады.
Сонымен қатар сатира саласында өз орындарын таппай жүрген жігіттер бар. Соларға жол сілтеп, жөн көрсету үшін де осы Одақ пен театрдың құрылуы басты талап болып отыр. Және бұл Одақ пен театрдың артықшылығы еліміз көлеміндегі 17 сатиралық тетрлардың өзара актер алмасып, бірлесіп қойылым жасауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы театр сахнасында сатиралық спектакль қойғым келеді. 10-15 минутқа әрең сидырып сатиралық қойылымды жасау бір басқа, ал бір сағат, сағат жарымға созылатын спектакль жасау талантты ашудың ең тамаша жолы ғой.
– Өнерден жалыққан кезіңіз болды ма?
– Өнерден ешқашан жалыққан емеспін! Қазақы сатираны қалай сақтап қалсақ болады деп екі жылдай ойланумен жүрдім. Қазірде жоғарыда айтқан факультетті ашып, осында сол студенттердің оқуына барлық жағдайын жасаумен айналысып жатырмын.
– Өнерден жалықпай жүре беріңіз аға, әңгімеңізге рахмет!
– Рахмет! Барлық Астаналықтарды, қала қонақтарын 5-ші қыркүйек күні Конгрес холл сарайында өтетін «Қазақстан эстрада одағының» тұсау кесер концертіне шақырамын.
Әңгімелескен Ержан Жаубай
Abai.kz