Мұсабаевтың қайта қамалуына 7 қазанда қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевты қолдап, шағын марафонға қатысуы түрткі болған. Бұл жөнінде «БелсенділерЭкстремистЕмес» құқық қорғаушылар тобы жазды.
Сот қаулысына қарағанда, Мұсабаевты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыптаған. Белсендінің өзі сотта тағылған айыппен келіспейтінін, шағын марафон митингіге жатпайтынын мәлімдеген.
Азаматтық белсенді Марат Мұсабаев 10 қазанда Астанада жалғыз өзі пикет өткізіп, адамдарды Марат Жыланбаевтың сотына келуге шақырған. Ертесіне әкімшілік сот оны «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыптап, 15 тәулікке қамау жөнінде шешім қабылдаған.
Қазақстанның алты қаласында 25 қазанға белгіленген наразылық митингі қарсаңында кем дегенде жиырма шақты белсенді ұсталып, бес күннен жиырма күнге дейін қамауға алынды. Олардың көбісіне «заңсыз митингіге қатысты» деген айып тағылды.
Белсенділер 25 қазанда бейбіт жиын өткізу туралы өтініштерін әкімшіліктерге өткізген, бірақ жергілікті биліктен қолдау таппаған.
Abai.kz