Төлен Әбдікұлы. Тұғыр мен ғұмыр (жалғасы)
Арада екі ай өткеннен кейін, соғыс басталды. Ақшоқыда үлкен митинг болып, ауданнан келген өкіл фашистік Германияның 22 июньде елімізге опасыздықпен шабуыл жасағанын хабарлады. Еліміздің барлық күш-қуаты Отан қорғауға жұмысалатынын, Совет армиясына қолдан келген көмекті аямау әр адамның қасиетті борышы екенін айтты. Басқыншыларға қарсы бағытталған үгіт-насихат, жиналыс, жұрттың жүзіндегі үрей - осының бәрі Батырдың уайымын бір сәтке ұмыттырғандай болды.
Күзде әскерге адам алына бастады. Оларды шығарып салу алқалы жиынмен ресми түрде өткеннен кейін, қоштасу, жылау-сықтау аса бір қайғылы көрініске айналмады. Патриоттық рухта айтылған жігерлі сөздер көбірек болды. Көппен көрген ұлы той екені көрініп тұр. Түрлерінен қобалжудың нышаны байқалса да, өлімге кетіп бара жатыр екенмін деп ешкім ойлап тұрмаған секілді. Бірлі-жарымды денсаулығына байланысты қайтып келгендер де бар.
Өмір басқа бір арнаға түсті. Соғыстан басқа сөз де, қам-қаракет те жоқ. Басқа түскен ұлы нәубет, ортақ тілек, ортақ уайым адамдарды бір біріне жақындатып, табыстыра түскен тәрізді.
Арада екі ай өткеннен кейін, соғыс басталды. Ақшоқыда үлкен митинг болып, ауданнан келген өкіл фашистік Германияның 22 июньде елімізге опасыздықпен шабуыл жасағанын хабарлады. Еліміздің барлық күш-қуаты Отан қорғауға жұмысалатынын, Совет армиясына қолдан келген көмекті аямау әр адамның қасиетті борышы екенін айтты. Басқыншыларға қарсы бағытталған үгіт-насихат, жиналыс, жұрттың жүзіндегі үрей - осының бәрі Батырдың уайымын бір сәтке ұмыттырғандай болды.
Күзде әскерге адам алына бастады. Оларды шығарып салу алқалы жиынмен ресми түрде өткеннен кейін, қоштасу, жылау-сықтау аса бір қайғылы көрініске айналмады. Патриоттық рухта айтылған жігерлі сөздер көбірек болды. Көппен көрген ұлы той екені көрініп тұр. Түрлерінен қобалжудың нышаны байқалса да, өлімге кетіп бара жатыр екенмін деп ешкім ойлап тұрмаған секілді. Бірлі-жарымды денсаулығына байланысты қайтып келгендер де бар.
Өмір басқа бір арнаға түсті. Соғыстан басқа сөз де, қам-қаракет те жоқ. Басқа түскен ұлы нәубет, ортақ тілек, ортақ уайым адамдарды бір біріне жақындатып, табыстыра түскен тәрізді.
Қыркүйектің басында ауданнан келген уәкілдің айтуымен жасы 18-ге толған комсомолдар, шақыруды күтпей, өз еріктерімен соғысқа баруға арыз берді. Бұлардың ішінде жасы толмаған, бірақ сырықтай болып өсіп қалған Батыр да бар еді. Батыр бұл шешімге өз еркімен келді. Ғалым ағасының хатындағы әлде бір «халық жауының» баласын кәмілетке толған күні тұтқындапты деген хабар есінен кетпей қойған. Келесі жылы 18-ге толады екен. Ендеше текке тұтқындалып, жазықсыз атылып немесе түрмеде шірігенше, соғыста өлген артық емес пе дейтін секілді ішінен біреу.
Батырдың жасы толмағанын білгенде ауданнан келген уәкіл ойланып қалған. Бірақ Батырдың:
- Бір жаста тұрған не бар? 18-ге толғандармен мені күрестіріп көріңіз, ешқайсысынан да жеңілмеймін. Соғысқа жастан бұрын қайрат керек қой, -деген сөзін естіп мәз боп күлген еді. Содан кейін түсін өзгертіп:
- Дұрыс айтасың, шырағым, өте дұрыс айтасың. Отан үшін отқа түс, күймейсің деген. Сендер секілді жастар осындай тілек білдіріп жатса, бүкіл елдің рухы көтеріледі. Мұндай тілектерді газетке беру керек. Бұл үлкен бастама. Рахмет, айналайын,- деді.
Бірақ Батырды әскерге алу оңай шаруа болмай шықты. Ақыры жасын өсіріп, құжаттарын қайта толтырып барып, заңдастырған еді. Көп ұзамай бұларды аттандыру рәсімі болды. Колхоз Басқармасы кеңсесінің алдында митинг өткізілді. Ауыл совет төрағасы жалынды сөз сөйледі. Шалдар көзіне жас алды. Әлдебір кемпір дауыс қылып, оған колхоз бастығы Кенжәлі: «Жаман ырым бастама» -деп ұрсып тастады.
Қасен шал Батырды құшақтап:
- Кәмсөмөлім, кәмсөмөлім,- дей берді кемсеңдеп. Онысы «комсомолға өтем деп ақыры осылай болдың ба» деген секілді естілді.
Біреулер шалды келеке қылып күліп жатыр.
Өз отанын жаудан қорғау кез келген адамның азаматтық міндеті екені үлкен зердені қажет етпейтін түсінікті нәрсе деп ойлайтын Батыр. Бірақ қалың топ болып ауданнан аттанып, қалаға келіп, одан әскер жасақталып жатқан жерде арнайы дайындықтан өтіп жүрген кездерде, жауынгерлік рухты көтеретін асқақ сөздер күн сайын құлағына құйылып жатса да, азғантай ғұмырында көрген осынша қасіреттен кейін, мына елді отаным деп айтуға аузым бара ма деген бір кесепат ой санасынан көлбеңдеп кетпей қойды. Бұл оймен өзі де келіскісі келмейтін секілді, бірақ соған қисынды дәлелмен тойтарыс беруге шамасының жетпей тұрғанын да сезеді.
Полктің политругі, әлдебір комбинатта комсомол комитетінің хатшысы болып істеген сөзуар орыс жігіті, мұның осы ойын біліп тұрғандай, солдаттармен әңгіме тұсында көбіне Батырға қарап сөйлейді. Отан қорғаудың абыройлы парыз екенін дәлелдеп, ұлы адамдардың сөздерінен толып жатқан цитатылар келтіреді. Сөзі ұғынықты, әрі қисынды.
Бұлар әлдеқалай құрама батальонға тап болған секілді. Көбісі әр жақтан келген әскери тәртіптен хабарлары шамалы, қарапайым, можантопай шаруа адамдары. Алғашқыда майдан шебінен аулақтау жерде дайындық жүргізумен болды. Күніне бәленбай шақырым жерге маршировка, мылтық ату, қорғаныс шебін жасап, траншеялар қазу, қала берді, отын дайындап, тамақ істеу, тағы сол сияқты бітпейтін шаруалар.
Соғыс қияметіне әлі ене қоймаған Батырға, қанша қиналғанмен, бұрынғы өмірінен қазірігі жағдайы жеңілірек секілді. Бұрынғы өмірі жүйкесіне көбірек тиетін тәрізді еді. Үйткені өзінің ешкімге де керегі жоқ екенін сезетін. Бұл өмірге артық адамдай боп жүретін.
Ал мұнда өзінің керектігін және өзіне тіреліп тұрған заттың өте маңызды нәрсе екенін аңғарады.
Алғашқы ұрысқа шығар алдында батальон командирінің:
- Солдаттар! Отан тағдыры сіздердің қолдарыңызда. Мен сіздерге сенемін, бауырларым! - деген сөзін естіп, әркім өздерін елдің тең дәрежелі азаматы екенін сезінгендей іштей бір тебіреністе болып, әрі өз мойындарына жүктелген жауапкершіліктің соншалықты зор екенін де түсінген еді.
Алғашқы ұрыс жаудың шабуылын күту ғана болды. Ал жау бұларды артиллериямен алыстан атқылағаны болмаса, тіке шабуылға шыққан жоқ. Шығын көп емес деп жатты. Үйткені немістер бұлардың әдейі жасалған жалған бекіністерін атқылаумен болған. Бірақ келесі күнгі шабуыл қатты тиді. Немістер бұлардың орынын дәл анықтаған болуы керек, снарядтар көбіне бекініске тура түсіп жатты.
Жақын тұстан әлдекімнің көмек сұрап жан даусы шыққанын естіп, Батыр еңбектеп жанына келген - Бейсенбай деген ересек жауынгер екен. Аспанда жарылатын снарядтың жарықшағы мойнына тиіпті. Екі қолымен алқымын қыса, аузынан шұбырған қанға шашалып: «Батыр, Батыр...» - дей береді қырылдап. Өзінен кетіп бара жатқан өмірді алдында тұрған адамның атымен тоқтатқысы келгендей, Батырдың атын қайталаумен болды. Ақыры санитардың келуіне жетпей, тыпырлап жатып жан тапсырды. Ажалдың қандай болатынын сезіп, Батырдың алғаш рет үрейі ұшқаны осы еді.
Алайда, үрейдің сыртында өзінің амандығына, әлгі оқтың өзіне тимігеніне іштей қуанбайтын солдат жоқ. Сол қуаныш өлім қорқынышына терең бойлатпай, күш-қуатыңды, жігеріңді сақтап қалатын секілді.
Батырдың өзін өзі билеп, үрейге берілмей, ұстамдылық танытуына үлгі болып жүрген бір адам – взвод командирі Қайрат. Әлде мінезі ұнады ма, әлде еліміз, жеріміз бір деген ұғымнан ба - әйтеуір, ұсақ түйек тапсырмаларда мұны қасынан тастамайды. Өзі спортшы болған, әбжіл, қарулы, мақтағанды жек көрмейді, қауіп-қатерге жақын жүреді.
Келесі күні Қайрат Батырды ертіп барлауға шықты. Қайраттың өлермендігін көріп, бұл да одан қалғысы келмей, іштей онымен бәсекеге түскендей болады.
Бұлар немістер орналасқан деревняға түнделетіп келді. Үстеріне шаруа киімін киіп, жергілікті тұрғындардан хабар алып, немістер орналасқан үйлерге жақындай түскен. Қайрат Батырды үй сыртындағы қораның тасасына қалдырып, өзі бұқпалап әрі кетті. Қораға үнсіз жабысып тұрған Батыр кенет дәл қасында теріс қарап, шинелсіз жеңіл киіммен тұрған немісті көріп, не істерін білмей сілейіп тұрып қалды. Бірақ енді сәл кешіксе, өзінің құритынын сезіп, тұра ұмтылғаны есінде. Енді бірде аяғының астында құлап жатқан немісті көрді. Қолындағы автоматтың дүмімен ұрған секілді. Не істеп тұрғанын өзі де білмей, немістің үстіндегі кителін сыпырып, беліндегі пистолетін алды да, автоматтың дүмімен тағы да бастан бір ұрды.
Осы кезде Қайрат та оралған.
- Ойбай, не боп қалды? – деді ол шошына сыбырлап.
- Мына бір немісті өлтіріп, киімін алдым.
- Оны не істейсің?
- Мұнсыз кім сенеді менің немісті өлтіргеніме?
Қайрат күліп жіберді.
- Жүр кеттік, - деді алға түсіп.
Бұлар қайтып оралғанда штабқа генерал келіп, картаны жайып тастап, әлденені талқылап жатыр екен. Батырдың ерлігін естіп, бәрі мәз болды. Әкелген кителі неміс әскерінің командирлерінің бірінікі секілді.
- Жарайсың, жігітім! – деді генерал мұны арқасынан қағып. – Көзсіз ерлік те керек, бірақ абай болуды ұмытпа. Тірі солдат қана отанды қорғай алады.
Келесі күні бұлар тұтқиылдан шабуыл жасап, деревняны алды. Қайрат пен Батыр бірінен бірі қалғысы келмегендей шабуылдың алдыңғы жағында жүрді. Соғыста жеңістің желігі деген болады екен. Батыл қимылдап, жаудың зәресін ала алсаң ғана, аман қалуға мүмкіндік молдау көрінеді.
Бірақ қуаныш ұзаққа бармады. Немістер басқа жақтан шепті бұзып, бұлар қоршауда қалды. Қоршаудан шығу кезінде шығын көп болды. Батальонның жартысы ғана қалды деп жатты. Бораған оқтың астында бастарын көтере алмай жатқан жауынгерлерді шабуылға бастамақ болған рота командирі мен батальон комиссары оққа ұшты. Батыр әлденеге немістерге жербауырлап жақындай түскен Қайраттың соңына ілесті. Қайрат бір тұста тоқтап, артынан жеткен Батырға: «Қоршауды бұза алмасақ, бәрі бір өлеміз, шабуылды бірге бастайық» - деді ентігіп. Қайрат айтса, бірдеңе білетіндей болып көрінгендіктен, Батыр басын изеді.
Немістермен ара тым жақындап, дегбір қаша бастады. Жауған оқ та саябырсып, жау жағы әлде нені күткендей тыныштала қалған. Одан әрі Батырдың жүйкесі шыдамады, орынан атып тұрып: «Ура!» - деп бар даусымен барқырай алға ұмытылды. Іле-шала Қайрат та атып тұрды. Оның да уралаған даусы жауынгерлерге дем бергендей болды. Жүздеген солдаттардың арқыраған даусы немістерді састырған секілді. Қашқан жауды көріп, Батыр мен Қайрат еліріп, бүкіл батальонның алдында келеді. Жусаған өлік, қару-жарақ, техника, зеңбіректер... - олжа шаш етектен.
Жеңіс қуанышынан артық ештеңе жоқ секілді. Жайшылықта шырай бермейтін сұсты, қатал батальон командирі де ыржалақтап күле береді.
Бұл ұрыс Батырдың даңқын шығарған ұрыс болды. Генерал өзі туралы мақала жазбақ болған орталық басылымдардың бірінің корреспондентін: «Мені емес, солдаттарды жазыңдар. Сонда армияның рухы көтеріледі. Ержүрек солдаттар бізде баршылық», - деп осы батальонның командиріне жіберіпті. Батальон командирі ойланбастан Батырды айтқан көрінеді. Орта бойлы, бұйра шашты, қараторы журналист мұнымен жарты күн отырып, сұхбат жүргізді. Бірнеше рет фотоға түсірді. Батыр бүкіл қауіп-қатердің ішінде өзімен бірге болған, әрі өзіне басшы болып жүрген Қайраттың жабырқаулау жүргенін көріп, іштей қатты қынжылды. Корреспондент жігітке Қайраттың өзінен кем ерлік көрсетпегенін айтып көріп еді, ол: «Бұл - генералдың тапсырмасы, маған қатардағы солдат керек», - деп тұрып алды. Әсіресе, Батырдың аты орыс тіліне аударылғанда да «батыр» деген мағынаны беретінін естігенде, корреспондент мақаласына таптырмайтын деталь табылғандай тіпті мәз болды.
Көп ұзамай орталық газетке «Майданнан рерпортаж» деген атпен, Батырдың автомат ұстап түскен суреті бар, көлемді мақала жарияланды. Мұны наградаға ұсынады екен деген сыбыс тарап жүрді.
Батырдың соғысқа келгенде атағымды шығарсам деген ойының болмағаны өзіне аян. Бірақ бақ орнайын десе, аяқ астынан екен. Батырға қатардағы солдаттар түгілі, командирлердің өздері құрметпен қарайтын секілді.
Алайда бұл қуаныш та ұзаққа созылмады. Жәй өмірдің өзінде жақсылық пен жамандық дамылсыз алмасып жатса, соғыста тіпті бірдеңеге көз тоқтатып үлгіру мүмкін емес.
Немістер жойқын шабуылға шықты. Батальон бір жарым сөтке жаңбырша жауған оқ пен снарядтардан қырылып, тоз-тоз болды. Қалған бөлігі қараңғы түнде орман ішін паналап, өздеріндей қаңғып жүрген басқа батальонның адамдарына қосылды. Бұлар тағы да қоршауда қалыпты. Қоршауды бұзып шықпақ болған әрекеттері сәтсіз болды. Ақыры қираған әскердің қалдықтары немістерге тұтқынға түсті.
Тұтқындарды орман ортасындағы алаңқайға салынған - әлде аурухана, әлде санаторий – жартылай қираған ғимараттың алдына әкелді. Қаруларын, арқалаған затқапшық, жорық сөмкесі, противогаз, құтыға дейін сыпырып алып, үлкен сарайдың ішіне қамады.
Келесі күні тұтқындардың саны тіпті көбейді. Кешке дейін қарақұрым нөпір топқа айналды. У да шу. Әркім өздерінің майдандас таныстарын іздеуде. Аяқ астынан тап болған осынау беймәлім, қорқынышты жағдайда бір біріне қарасын болатын серіктің қажет екенін бәрі де іштей сезетін секілді.
Қайғы жұтып, сағы сынған Батыр өзінің досы, взвод командирі Қайрат пен полктің дәрігері Николай Михайловты және басқа да батальондас таныстарды көргенде, бойына әжептәуір қуат қосылып, еңсесін тіктеп алды.
Содан кейін тірі жанды тіршіліктен түңілдірген азапты сапар басталды. Тұтқындарды бірнеше қатарға тұрғызып, колоннамен батысқа қарай айдады. Ұбап-шұбаған топтың ұзындығы сонша, алды да, арты да көзге көрінбейді. Алғашқы күні жаралыларды зембілге салып, оны тұтқындар көтеріп, адами қауымға тән имангершілік рәсімі жасалған болатын. Бірақ екі күннен кейін тұтқындар зембіл тасымақ түгілі қара бастарын алып жүруге зар болды. Әсіресе, майданға келе жатқан неміс әскеріне жол беру үшін тас жолдан шығып, оппа қарман 15-20 шақырымдай жол жүрген кезде ең қайратты деген тұтқындардың өздері мандырап, тәлтіректеп қалған.
Колоннаға ере алмаған жаралылар мен қашпақ болып әрекет жасағандардың бәрі атылды.
Үшінші күні қарсы алдыдан қарлы боран соғып, конвойшылардың өздері титықтап, ақыры жол бойындағы деревняның қасындағы ойпаңға келіп тоқтады. Әр адамға бір келіге жуық піскен картоп берілді. Әбден ашыққан тұтқындар картопты апыл-ғұпыл қаужап, жартысын қалталарына салып, қармен шөлдерін басты. Содан кейін ұйқы қысып, ылғалды қардың үстіне қисая кетті. Түн ортасы ауа қардың орнына жаңбыр сіркіреп, ойпаң шалшыққа айналып, одан әрі судың үстінде жату мүмкін болмаған соң, тұтқындар көрер таңды түрегеп тұрып атырды.
Таң ата тағы да жол азабы басталды.
Батырдың мектепте жүргенде тарих кітабынан Ресейге шабуыл жасаған Наполеон әскерінің азып-тозып кері қайтып келе жатқаны салынған суретті көргені бар еді. Қайыршыдай алба-жұлба болып, қарлы боранда әрең ілбіп келе жатқан солдаттарға бәлендей мән бере қоймаған секілді еді. Бөтен елге шабуыл жасайтын нең бар еді деген секілді көмескілеу оймен шектелетін. Қазір өзі де, бейбіт елге жазықсыз шабуыл жасамай-ақ, сондай күйде келе жатқанын сезіп тұр.
Бесінші күні әбден азып тозған, қалжыраған колонна әлде бір қала шетіндегі, екі қабат тікенек сыммен қоршалып, күзет мұнарасына бірнеше пулемет пен прожектор орнатқан лагерге келіп орналасты. Тұңғыш рет ыстық тамақ ішті.
Бірақ тамақ сіңбеді. Тұтқындардың ішінен тағы да тұтқындау әрекеті басталды. Екінші рет тұтқындалушылар еврейлер еді. Немістерге қызмет етуге келісім берген қайсы бір тұтқындар өздерінің сатқындық міндеттерін еврейлерді ұстап беруден бастаған секілді.
«Сен жөйітсің! Бұлтара алмайсың. Сен жөйітсің!» - деген айқайлар бүкіл лагерьді астан-кестен қылды.
Одан кейін тергеу басталды. Еркектердің жыныс мүшелеріне дейін тексерді. Еврей деп танылғандарды топ-тобымен айдап әкетіп жатты.
Дәрігер Николай Михайловтың да басына қатер төніп, әйтеуір әупіріммен аман қалды. Николай орыс болатын. Кең маңдайлы, көкшіл көзді, ажарлы жігіттің дөңестеу келген қыр мұрыны, зиялы тұрпаты, немісше білетіні нәсіл анықтағыштар тарапынан күдік тудырды. Бірақ Михайлов өте сабырлы адам. Өзінің еврей емес екенін бұлтартпай дәлелдеп берді.
Бес күннен кейін тұтқындарды тауар пойызына отырғызып, тағы да басқа лагерьге көшірді. Бұл лагерь өте жайсыз болды. Адамдар мұздай еденде ұйықтайтын. Тәңертең бірнеше адам орындарынан тұрмай қалады. Қасыңда жатқан адамның қай кезде өліп қалғанын білмейсің. Екі адамның бірі туберкулез немесе дизентерия, әлде суықтан өкпесі қабынған. Тәңертең қақпаның алдына үйіліп жатқан өліктерді орға апарып төгіп, бетін жабу үшін тұтқындардың ішінен адамдар бөлінеді. Батыр алғашқыда тұтқындардың өліктерді көмуге неге кезекке тұратынына түсінбеген. Сүйтсе, олар өліктердің киімдерін шешіп алып, жергілікті жердің адамдарына нанға, картопқа, тіпті реті келсе, араққа айырбастайды екен. Кінәлау қиын, тірі адам тірлігін жасау керек.
Лагерьде сүзек ауруы басталды. Бұрынғы өліктер әшейін ойыншық болып қалды. Енді қақпаның алдында өліктер тау боп үйіліп жататын болды. Білікті дәрігерлер жетіспей, Николай Михайловты лазаретке ауыстырды. Батырдың денесінен әлде бір бөртпелер пайда болған күні Николай басшыларына қолқа салып, оны лазаретке ауыстырған. Лазаретке жұрттың бәрін ала бермейді. Ауруларды камфарамен еккеннен басқа ем де жоқ. Батыр бірнеше күн ес-түссіз сандырақтап жатып, әйтеуір үшінші аптада беті бері қарады. Бірақ бәле басқа жақтан келді. Батырды баладай мәпелеп, күтіп жүрген Қайраттың өзі аурып, Николайдың жан салып емдегеніне қарамастан, бас аяғы екі аптада қайтыс болды. Батырға ең ауыр қайғы осы болды. Жанашыр жақын адамға деген ықыласқа өмір бойы шөлдеп келген жетім көңілге Қайрат бір үлкен тірек секілді көрінуші еді. Өлерінде адам танымады. Ақырғы сөзін де айтпады. Әшейін осылай боларын өзі де күтіп жүргендей үн-түнсіз кете барды. Еңіреп жылаған Батырға Николай «сенің көз жасың әлі таусылмап па еді» дегендей таңырқай қараған. Шынында да ажалмен қоян-қолтық жүрген мынандай тамұқта тұтқындар жылаудың өзін ұмытып кеткен секілді еді.
Бұдан кейін де Батыр бірнеше лагерь ауыстырды. Соңғысында жағдайлары сәл-пәл де болса жөнделгендей болды. Әлдебір кәсіпкерлер лагерьден жұмысшылар таңдап, оған іліккендер аз-маз табыс табатын да дәрежеге жетті. Батыр құрылысқа алынды.
Бұл - совет әскері Берлинге жақындап қалыпты деген қауесеттің тарай бастаған кезі еді.
1945 жылдың көктемінде лагерьдегі тұтқындарды АҚШ әскері келіп босатты.
Қуанышта шек жоқ. Үйткені мына тозақтан өздерінің аман шығатынына ешкім сене қоймаған. Тіпті немістер жеңілген күннің өзінде де ол бақытты біз көрмеспіз деп ойлап еді. Қорлық пен зорлық та мәңгілік емес екен, көрген түстей жоқ болды. Осыншалық қиянаттан кейін аяқ астынан келген айрықша ілтипат пен құрметке үйрене алмай, жұрттың бәрі есеңгіреп, абдырап қалған. Бар бақытты бастарына үйіп-төгіп бере салғандай болды. Тамағың – ішсең, алдыңда, ішпесең - артыңда. Жалпыға ортақ бір пакеттің ішінде бәрі бар – сапасы жоғары ет және балық консервілері, сары май, сыр, шокалад, варенье, тіпті сағызға дейін. Бәрін жеп тауысу мүмкін емес.
Лагерьдің қасындағы екі қабат үйден жаңадан жабдықталған аурухана ашылды. Ескі лазарет ішіндегі ескі-құсқысымен далада қалды. Басым ауырды десең, не саусағыңды бірдеңе жырып кетсе, ауруханаға сүйрей жөнеледі. Жігіттердің біразы американдық солдаттармен достаса бастады. Бірге қыдырып, қыз-қырқынға бірге барып жүргендері де бар.
Әлемде не болып жатқанын әр түрлі газеттерден, ауызекі өсек-аяңдардан жұрттың бәрі біліп отыратын болды. Берлинде шығатын орыс тілді газеттердің бірінде жарияланған «Тұтқындарға үндеу» атты мақаланы талқылау күн сайынғы әдетке айналды.
Онда: «Қадірлі отандастар, елге қайтпаңыздар. Өкінесіздер! Қатты өкінесіздер!» - деген сөздер болатын. Қайтса, не болады, несі өкінішті? Ал қайтпаған жағдайда не болмақ? Өмір бойы қаңғып жүрмек пе? Мұндай сұрақ бәрінің де күндіз-түні көкейлерінен кетпей, мазаларын алып-ақ жүр.
Бұл кезде советтік тұтқындарды, әсіресе, ғылыми атағы, мамандығы бар адамдарды, көбіне дәрігерлерді Америка азаматтығын алуға үгіттеу науқаны жүріп жатқан. Ол үшін Америка Құрама Штаттарының армиясына кіріп, дүниежүзілік соғыс толық аяқталғанша қызмет ету керек екен.
«Америка азаматтығын алуға құлшынушылар көп. Бірақ біз неміс лагерінде көп азап шеккен совет адамдарына, яғни одақтастарға, айрықша жеңілдік жасап отырмыз» - деп түсіндірді америкалық офицер тұтқындармен болған арнайы кездесуде.
«Мамандығы жоқ адамдар не істейміз?» - деген сұраққа:
- Америкада ешкім далада қалмайды. Біздің ел еңбекке жарамсыз кембағалдарды да өлтірмейді. Жүк тасып, ағаш кесіп, күзетші болып істеп-ақ, былай тұруға болады («былай тұруға болады» деген тұста қолын кесе көлденең тамағына қойып, тоқшылықтың белгісін білдіргендей болды). Сондықтан дұрыстап, асықпай ойланыңыздар, - деп жауап берді.
Қанша ойланғанмен, бір шешімге келу оңай шаруа болмады. Әлде бір үрей қара бұлттай төбеден төніп тұрса да, елді, жерді сағынған пенде көңіл алабұртып, ештеңеге қарайлағысы келмейді.
Әйтсе де Америка азаматтығын алуға келісім бергендер де болды. Олар негізінен эмигранттар, ата-тектері совет үкіметіне жақпайтын әулеттің ұрпақтары.
Тұтқындар жат жердегі аз күннің қызығын көріп қалайық дегендей, қалаға, көрші даревняларға барып, орманды тоғайды кезіп, қыдырып кететін болды. Айтуларына қарағанда немістің әйелдері мен қыздары шетжерліктердің өзіне кет әрі емес секілді.
Дәрігер Николай бастаған үш жігіт – Батыр, штрафник Саша, эмигрант Семенов – қала шетіндегі орманға шықты.
Европа ормандары өте сәнді, бәрі де қолдан отырғызғандай біркелкі келеді екен. Әр ағашы, әр өсімдігі есепте тұрғандай бір әсер қалдырады. Қалың қарағайдың ішінен жап-жасыл алаңқайға шыққанда да қазот тәрізді тырбық шөптерге дейін селкеусіз, шаштаразға бастырған шаш секілді біркелкі жып-жинақы.
Алдан шағын деревня көрінді. Деревняның іргесінен өтетін жол жиегінде бала-шаға, әйелдер әр түрлі жеміс-жидек, май, сүт тағы басқа азық-түлікпен сауда жасап отыр. Төрт жігіт жақындап шет жақтағы жас қыздың қасына келді. Николай немісше жақсы біледі.
-Бізге сататын неңіз бар? – деді ол қыздың алдындағы үюлі картоп, малдың іш майы, көнелеу киім-кешек секілді заттарды көріп тұрса да.
Қыз үнсіз алдындағы заттарға қарады, онысы барым осы дегенді білдіргендей болды.
Николай қыздың атын сұрады.
- Анна, - деді қыз аса бір ибалы үнмен. Жібектей жұмысақ шашы омырауына түскен, ашық қоңыр қой көздері шыныдай жылтыраған, еріні қаймыжықтай үлбіреген ақсары қыз лүп еткен желге елең етіп тұрғандай қағылез, сезімтал.
- Славянка емессіз бе? – Николай қыздың бет-жүзіне барлай қарады.
Қыз әлде бір кінәсін мойындағандай үнмен:
- Менің әкем – неміс, шешем – полька, - деді.
- А-а-а... – Николай онда түсінікті дегендей басын изеді. – Полякша
білесіз бе?
- Білем, - деді қыз бұрынғыдан гөрі қабағы ашылғандай болып.
Николай да жадырап сала берді:
- Менің де анам Польшадан. Шеше жағынан поляк қаны бар. Туыс болдық қой.
Қыз көзі күлімдеп әлде неге қызарып кетті.
Николай ойнақы үнмен:
- Менің басым бос емес. Мына біздің жігіттерге көз қырыңды салмайсың ба?- деп сәл ойланып тұрып, Батырды қолымен көрсетті.- Ең тамаша жігіт мінеки...
Қыз Батырға ұрлана қарап, тағы да қызарып кетті. Өлім мен өмірдің шекарасында ұзақ жүріп, қандары қарайып, тазалық пен сұлулық деген ұғымнан әлде қашан күдер үзген жігіттерге мына бір қыздың бойындағы нәзіктік қатты әсер етіп, аңырып қалған.
Николай қалтасынан шокалад алып, қызға ұсынды. Қыз басын шайқады.
- Кешіріңіз, ала алмаймын. Менің сізге беретін ештеңем жоқ.
- Ештеңенің де керегі жоқ.
- Ғафу етіңіз, ала алмаймын. Ренжімеңіз.
Николай енде не істедім дегендей аңырып тұрды да, күліп жіберді.
- Мен сен болсам, осы қыз үшін жанымды құрбан қылар едім, - деді
Батырға қарап.
Төрт жігіт деревняның сыртындағы көлге келіп, суға түсіп, күнге қыздырынып, жан мен тәннің рахатын сезгендей болып, кешке дейін демалды. Мұндайда әңгімені көп айтатын – Николай. Көбіне жатқа өлең оқиды. Жұрт оны басқа ақындардың өлеңі шығар деп жүрген. Ақыры өзінің өлеңдері болып шықты.
Эмигрант Семенов, әлде Франциядан, әлде Бельгиядан келген бір әскери адамнан естіген әңгімесін айтты. Ол жақта тұтқыннан босаған отандастарға ерекше құрмет көрсетіліп жатқан секілді. Вокзал басында халықпен бірге мемлекет басшылары, қаланың мэрі, белгілі қайраткерлер бас болып жиналып, гүлмен, оркестрмен қарсы алып жатқан көрінеді.
Батырдың көңіл түпкірінен «шіркін-ай, бізге де сондай күн туар ма екен» дегендей бір жетім дәме болар болмас бүлк ете қалғандай болды.
Семенов екінші әңгіменің ұштығын шығарды. Англияда оралған тұтқындарды құшақ жая қарсы алғанның сыртында, отанының, отбасының игілігіне өзін аман сақтап қала алғаны үшін арнайы орденмен наградтайды екен.
Николайдың:
- Әттеген-ай, ағылшын болып тумағанымды-ай! – деген сөзіне қалғандары ду күлді. Бірақ көңілдерін де соған ұқсас бір сезімнің тұрғаны да рас еді.
Төрт жігіт келген іздерімен кері қайтты. Манағы жол жиегінде отырғандардан әрі 50 қадамдай ұзаған кезде:
- Сен ана қыздың қасына барып, кішкене әңгімелесші, - деді Николай Батырды жеңінен ұстап тоқтатып. - Саған екі-үш рет қарағанын байқап қалдым. Шіркін-ай! – деді сосын әлденеге амалы құрығандай.
Батыр да әлдеқалай желігіп, қайта оралып қыздың қасына келді.
- Батыр, - деді қызға қолын ұсынып күлімсіреп.
- Анна, - деді қыз да ойнақылау үнмен сәбидің қолындай жұп-жұмсақ қолын ұстата салып.
- Мен ғафу өтінем, - деді Батыр балдыр-батпақтау неміс тілінде, - Немісше нашар білемін...
- Маған орысша айта беруіңізге болады, - деді Анна емін-еркін орыс тілінде.
- Тамаша! – Батыр шын қуанды. – Біздер совет тұтқындарымыз ғой. Соғысты, лагерьді, аштықты – бәрін де бастан кештік. (Анна аяушылық білдіргендей бұған таңырқай қарап, басын шайқады.) Сіздердей арулардың жүзіне қарап, әшейін әзілмен әңгіме айтуды ұмытқалы қашан... Дүниеде бейбіт өмірден қымбат ештеңе жоқ екен. Мейлі сол бейбіт өмірде бақытты болмай-ақ қой, бірақ бәрі бір оған ештеңе жетпейді.
Анна әңгімеге елігіп жақындай түскендей болды. Батыр өзін осынша беріліп тыңдайтын адамның табылғанына әрі таңырқай, әрі сүйсіне, емін-еркін шешіле сөйледі. Аннаны көптен білетін секілді. Сөйлеген сайын іші босап, көкірегіндегі шер бірте бірте тарқай бастағандай болды. Қабырғасына қатты батқан Қайраттың өлімі туралы айтқанда даусының дірілдеп, көзіне жастың қалай келіп қалғанын өзі де байқамай қалаған. Кенет Аннаның да жылап отырғанын көріп, таң-тамаша болды. «Апырмау, мынау не деген нәзік қыз! Мынандай қатал өмірде осынша қорғансыз нәзіктік қалай сақталып жүр?» Батырға өзінің де жүрегі бірте-бірте жұмсара бастағандай көрінді.
Анна да өзі туралы әңгіме айтты. Шын әкесі поляк екен. Шешесі балаларының кішкентай кезінде-ақ одан ажырасып кетіп, кейін неміске шығыпты. Бірақ өгей әкелері жақсы адам болыпты. Балаларды ренжітпей тәрбиелепті. Өзінен төрт жастай үлкен ағасы әкесінен кейін соғысқа алынып, екеуі де қаза болған. Отбасында мамасы екеуі ғана. Азғантай жерлері, малдары бар көрінеді.
Батыр кетерінде ойланып тұрып екіұштылау күйде қалтасынан шокалад алып Аннаға ұсынды. Анна да ойланыңқырап, қолын созып шокаладты алды да:
- Рахмет! – деді ақырын ғана.
Батырдың жүрегі лүпілдеп қоя берді.
- Кездескенше, - деп қолын ұсынды.
Анна баланың қолындай жұп-жұмсақ алақанын тағы да ұстата салды. «Не деген нәзік қол!»
Батыр былай шыға болған оқиғаны өзінше сараптаған болды. Қай жаққа аяқ басарын білмей, дағдарыста тұрған тұрлаусыз сәтте мына кездесу әлде бір тәтті үмітті оятып, мүлде бейтаныс жаңа өмірге қол бұлғап шақырып, желіктіріп тұрғандай көрінеді. Бірақ көңілінде қорқыныш бар. АҚШ армиясына жазылып, американ азаматтығына қол жеткізудің аяғы немен тынары қандай беймәлім болса, мынау да сондай беймәлім елес. Сондықтан қанша қатерлі болса да, елге қайту туралы ой бірте-бірте санасында беки түскен секілді.
Осы тұста өміріне тағы да күмәнділеу бағыт берген жаңа бір оқиға болды. Аяқ астынан татар жігіті Ғұмар өзіне емханада қызмет көрсеткен медбикеге үйленетін болып шешім қабылдады. Яғни Германияда қалмақ. Ғұмар Батырға іш тартып, ақыл-кеңес беріп жүретін. Өзі зиялы отбасынан шыққан, ғалым жігіт. Әкесі халық жауы деген атпен атылып кеткен. «Егер елге қайтсақ, бізді отанын сатқан опасыз деген статья күтіп тұр. Оның аяғы қандай жазамен тынарын бір құдай білсін. Әйтеуір халық жауының баласына кешірім болмайтыны белгілі. Оның сыртында ондағы етжақын туыстарымызға да кесіріміз тиері сөзсіз. Әзірге біз ол жақта хабар-ошарсыз жоғалғандар мен ерлікпен қаза тапқандардың қатарындамыз. Сондықтан америка азаматтығын алу үшін АҚШ армиясына жазылайық. «Қай жер жайлы болса, сол жер отаның» деген екен бір данышпан, аман болсақ, заман түзелсе, біз болмасақ ұрпағымыз бір табар елді»,- деп Батырға қолқа салып жүрген. Ақыры өзі осындай шешім қабылдапты. Қыздың әкесі соғыстың алғашқы жылында жараланып қайтып келген мүгедек екен. Бірақ күн көрісі бар көрінеді.
Ғұмар кетерінде Батырды әдейі іздеп келді.
- Мен ойлап-ойлап, осындай шешімге келдім,- деді ол енді бұл ойдан қайтпайтынын білдіргендей нық дауыспен. – Халық жауының баласы деген атпен сотталғым келмей, лагерде өлген саха жігітінің құжатын қолыма түсіргем. Саха деген аты ғана болмаса, орыс боп кеткен. Егер қайтсам, сол құжатпен қайтармын дегенмін. Аты-жөні Борис Николаевич Иванов. Ұры-қарылардың арасында жүрген кезбе жігіт екен. Өзінің сыбайластарымен Белоруссияға келгенде соғыс басталып кетіп, қоршауда қалып, тұтқынға түскен. Тұрақты мекені жоқ, жалғыз басты. Бүкіл өмірін жазып алғам…- Ғұмар осы тұста әлде неге екі ойлы болғандай кідіріп, үндемей қалды. Содан кейін Батырға тура қарап: - Мен осы құжатты саған бергім келіп тұр, - деді. – Құдай қолдаса, кәдеңе жарар, ал жарамай қалса, болған іске болаттай боласың.
Батыр құжатты алып тұрып тағы толқыды. Көз алдына Аннаның үлбірген сүйкімді жүзі елестейді. Ғұмар құсап мен де қалсам ба екен деген ойдың көкейінде сығырайып тұрғанын сезіп тұр. Тұтқындардың ішінде саясаттан хабары мол, көздері ашық, байланыстары көп ерекше бір топ болды. Олар - негізінен эмигранттар. Ұзақ толғаныстан кейін Батыр солардың көмегімен тоз-тозы шыққан ескі құжатының өшуге қалған суретін ауыстырып, бір кезде қылмысты топтың белсенді мүшесі болған саха жігітінің атына көшті. Бірақ өзі осыдан бірдеңе шығады деп күте қоймайтын секілді. Әйтеуір тірі пенде жан сақтау үшін бірдеңе істеу керек деп ойлады.
Тұтқындарды Совет армиясы басып алған зонаға жеткізу әрекеті басталды. Сталин суреті ілінген бортты машиналар қаз-қатар тізіліп тұр. «Нартәуекел, туған ел! Алдымызда не күтіп тұрса да, саған бет алдық. Құдай оң сапарын бергей!» Әр кімнің көңілінде осы ой.
(Жалғасы бар)
Abai.kz