Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4286 0 пікір 24 Қыркүйек, 2013 сағат 07:10

«Жас азамат» газетінің төртінші саны

«Жас азамат» газетінің төртінші саны

ЖАС АЗАМАТ

 

 

 

 

 

 

 

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 

 

4 - сан

1918 жылғы 25 август

Петропавл қ.
АЛАШ ҚҰРБАНЫ

 

     Алаштың бағланы Отыншы Әлжанұлы қанішер большевиктің оғына ұшты. Мәлік Аманжолұлы жараланды. Жетісу қазағы қырғынға ұшырап жатыр...

«Жас азамат» газетінің төртінші саны

ЖАС АЗАМАТ

 

 

 

 

 

 

 

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 

 

4 - сан

1918 жылғы 25 август

Петропавл қ.
АЛАШ ҚҰРБАНЫ

 

     Алаштың бағланы Отыншы Әлжанұлы қанішер большевиктің оғына ұшты. Мәлік Аманжолұлы жараланды. Жетісу қазағы қырғынға ұшырап жатыр...

     Мінеки телеграм хабары. Мұнан қайғылы хабар болар ма! Отыншы марқұм Семей облысы Зайсан уезі, Нарын болысына қараған найман. Учительский семинарияны бітіріп, Омбы окружной сотында бірнеше жыл переводчик болғаннан кейін, өз елінің орталығында, Көкпекті қаласындағы школға бастық учитель болып сайланды.

     Сол кезде 2-Госдума қуылып, 3-інші июнь законы бойынша қазақ халқы депутаттықтан махұрым қалап, қаһарлы үкіметтің қайта күшейіп тұрған шағы еді.

     Отыншы Зайсан қазақтарының атынан 2-Гос. Думадағы саяси партия бастықтарына телеграмма беріп, қазақ халқының өгейлігін шағып, үкіметтің әділетсіздігіне наразылықпен айтқандығын Петербург газеттерінен оқып едік.

     Сол күннен бастап, Отыншы бір жағынан елдің балаларын оқытып, бір жағынан қараңғы халқына саясат жолында басшылық ете бастады.

     Қырағы үкімет еркіне жібермеді, үстінен шағымдар жүріп, Отыншы 1909 жылы Семей абықтысына түсті. Бірнеше ай абақтыда сарғайып, ақырында 5 жылға жер аударылды. Отыншы 5 жылын Жетісу облысындағы Қытайман шектес Лепсі қаласында өткізді. Кесімді күнін бітірген кезде, Еуропа соғысы, онан кейін [1916 жылғы] 25 июнь әлегі басталды.

     Жетісу елі бүліншілікке ұшырағанын көріп, оқыған басшы азаматтың аздығын сезіп, Отыншы ол елді тастап кете алмады, жанын ортаға салып қызмет етті. Отыншы Жетісу еліне һәм бүкіл Алашқа қандай екендігі мынадай көрінеді: Жетісу елі оны учредительное собраниеге депутат сайлады.

     Өткен январь[айының] ортасында Орынбор съезінің қаулысын қалай орындау жайын кеңесу үшін, Алматыда Жетісу облысының съезі болды. Отыншы мархұм сол съезге келген еді. Съез тарқағаннан кейін, Отыншының уәжімен Түркістан комитетінің бастығы Шкапский арқылы Жетісуда Алаш милициясын құруға қазынадан 500 мың сом ақша алынып, болшевиктен аулақ тұрған Лепсі казначействосына жіберілді.

     Алаш милициясын құру қамын қылып, басшы сайлап, енді «Алаш Ордаға» жүремін деп тұрғанда Отыншыны Ыбраһим [Жайнақов], Сатылған [Сабатаев], Шкапскийлер абақтыда тосып алды. Шкапский сабазды большевиктер абақтыда баласымен екеуін атып өлтірді. Отыншылар төрт ай сарғайып, көрмеген бейнетті көріп, өлімнен қалып әрең құтылғандығы «Сары-Арқада» жазылған.

 Бұлар абақтыдан шыққанша, большевиктер күшейіп, Лепсідегі қазаққа тиген 500 мыңды [ақшаны] алып қойды, жұртқа ойран сала бастады.

     Отыншы абақтыдан шыққан соң, жолдастарымен бірігіп, елді қырғыннан қалай алып қалу шарасына кірісті. Ұрыжар, Лепсі жағына келіп, ер азамат жинап, большевикпен соғысуға бел байлады.

     Өткен июль айында мен Отыншының елінде болдым. Сол кезде Отыншы марқұмнан еліне хат келді. Хатта жазған екен: «мұндағы жұрттың басына қиямет-қайым туды, қатын-баламды алып кетіңдер, бұл ел қан жылап, қырғынға ұшырып жатқанда, мен жан сақтап, бұларды тастап кете алмаймын. Өлсем-тірілсем де бірге көремін,» – деп. Бірге көрді: ұлты үшін өлімнен қорыққан жоқ, оқтан тайынған жоқ. Есіл ер Алаш жолында ғазез жанын құрбан қылды. Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын, аяулы Отыншы!

     Ұлтың үшін қан жыладың, қамын жедің, қызықты ғұмырың абақтыда, айдауда өтті. Сонда да тауың шағылмады. Қамалға шаптың, қанға боялдың, қаза таптың, бірақ, «арманда кеттім, Алаш көргенін көре алмадым», деме. Сендей ұл туған ел еш кімнен кем болмас. Хош, бауырым!

Міржақып [Дулатұлы]                                       

Жан сүйікті жездем Отыншы!

 Ел – жұртыңды туысқаныңды тастап мәңгі сапарға жөнелдің. Жаңа гүлденіп келе жатқан Алаштың көшбасшы азаматтарға өте мұқтаж уақытында қанішер, жендет большевиктердің қолынан мезгілсіз қаза таптың. Ертеден ел қамын ойлап, Алаш тілегін қолыңа шырақ қылып ұстап едің, сол шырақтан өміріңнің ақтық сағатына шейін айырылмадың.

     Білім дариясынан сусындауыма, саяси көзімнің ашылуына себепкер болып, ұлтшылдықтың өріне сүйреп едің. Алыста жатсаң да, ақыл-сабағыңды хатпен беріп асқар болып едің.

     Жұмсақ сөзді, мүләйім жүзді, көркем мінезді қымбат жездем, дидарыңды көре алмадым-ау!

     Опасыз тағдыр, баянсыз дүние! Мейірімсіз өлім! Амал жоқ... иманың жолдас болсын!!!

Қошмұхамет [Кемеңгерұлы].

 

ОБАДАН САҚТАНЫҢДАР!

     Жұқпалы ауырулардың ең қорқыныштысы - оба. Бұл жүрген жерінде елді апатқа ұшыратады. Соның үшін, обадан аулақ болуға ел өзін-өзі таза ұстау керек. Әйтпесе, бір кіріп алған соң, қашса да құтылмайды. Аз уақытта жайылып жүре береді.

     Оба ауыруында өз алдына құрты бар. Сол құрт басқа жанды мақұлық секілді тіршілік қылуына жақсы тамақ, жайлы орын керек. Ондай орынды түрлі жұқпалы ауырудың құрты боқтық, өлімтік, сасық, саз һам басқа нәжістерден табады. Осыларға обаның құрты да иелейді.

     Оба ауыруы ауырған адамнан, оның кимінен, су һәм тамақ арқылы жұғады. Обаның жүретін ең қолайлы уақыты шілде мен күз. Тазалығы артық жұрттарда оба ауыруы сирек. Ауыру білінген күнде де, жайылып кетпейді. Қарсы дауа жасалып, тез сөндіріледі. Оба, әсіресе, тамағы ашты, арақ-сыра ішкен, қарбыз-қауын жеген адамды сағалайды.

     Үйі, қорасы, қотаны, су алатын жері, мал суаратын жері таза болмаған елдер обаның ұясы болады. Жоғарыда айтылған нәжістерден обаның құртын бір жерден бір жерге апарып, өрбітетін жаудың бірі - қара шыбын. Қара шыбынның араламайтын жері жоқ. Ауыру адамның қақырығына қонып, ыдысқа яки тамаққа қонса, аяғына жабысқан обаның құртын қалдырады.

     Обаның белгісі. Оба ауруы біреуде ауыр, біреуде жеңіл болады. Жеңіл ауырған адамның іші өтеді. Бірақ іші аса ауырмайды, ауырмаса да, қарсы дауа қылу керек. Жеңіл оба болып ауырған адам, іші өтсе де, жұмысынан, жүрісінен қалмайтыны болады. Бірақ, ондай ауырғанымен қоймай, басқаларға да жаяды. Қатты ауырған адамның іші өтеді, безгек секілді денесі дірілдейді. Бұл қалыппен бірнеше сағат, көп болса бір сөткеге барып, сонан білай тәуір бола бастайды, не науқас меңдей бастайды. Бұл - анық оба. Кей адам бастапқыда қатты жығылады. Ол уақтында, алғашқы күні түнде, яки таңертең ішкен қою ас батпайды. Дамылсыз іш жүреді һәм құсқысы келе береді. Адамның қиы, құсығы сұйықтанып аға бастайды. Иісі болмайды. Ішінде түйір нәрселер болады. Аяқтың тамыры тартып, қақсатып, дірілдетеді. Тез уақытта адам көзі үңірейіп, мұрны сорайып, жүдейді, денесі суып, терісі көгеріңкі тартады. Несебі тоқтайды. Ауру жаман шөлдейді. Бірақ, не ішсе де сусыны қанбайды, ішкенін құсып тастайды. Бұлайша ауырғанның үштен бірі-ақ өлмейді. Сауығатын жанның іші де, құсығы да тиылып, денесі жылынып, терісінің көгергені қайта бастайды. Егер, ауырған адамның денесі қызып, басы ауырып, беті қызарып, сандырақ пайда болса, сауығады деп сенуге болмайды.

     Обадан сақтану шаралары. Үйдің ішін, қораны, басқа нәрселерді таза ұстау, ас қылатын судың жақсы-жаманын айырып алу - өте қажет. Ауыз су алатын жерлерді айнала шарбақтап қою керек. Ауыз су алатын жерде киім, жүн, жабағы һәм басқаларды жұмасқа тиіс және мал суару керек емес. Үй ішін аса таза ұстап, әлсін-әлсін сыпырып, қандала, бүрге, бит, тарақан, қара шыбынның болмасына амал істеу керек. Обаның құртын жаятын осылар, нәжістердің көзін жоғалту тиіс. Қалай болса, солай түкіру, қақыру, сіңбіру керек емес. Адам өзінің денесін, кимін таза ұстап, монша болмаса, мөлдір суға түсіп жуынып тұруы керек. Осы жоғардағы шарттарды орнына келтірсе, бар жұқпалы ауырулар аулақ жүреді.

 Бір ауылда, не бір адамда оба ауыруы білінсе, ол маңайға сау халық қатынас жүріс-тұрысты тоқтатуы тиіс. Жұмысты көп қылып қуатты азайтпай, ұйқыны уақытымен ұйықтауы тиіс. Арақ, сырадай мас қылатын нәрселерден, қайнамаған суды ішуден тыйылу керек, суды қайнатып ішу тиіс. Және сақтанатын нәрселер: квас, шикі сүт, қарбыз, қауын, жидек, бүлдірген һәм басқа жемістер. Әсіресе, толық пісіңкіремегендері қатерлі болады.

 Егер бір адамның іші ауырса, дәрігерге тез көрсету тиіс. Обаның жабысқаны білінсе, тезден ауруханаға, болмаса дәрігерге апару тиіс. Әйтпесе, жалғыз ауырған адаммен тұрмай, басқаларға да тез жайылып кетуі анық. Ауру ұлғайса, бой бермейді, өртше жайыла бермекші. Ауырған адамды бөлек бір жерге төсек салып, маңайына күтушіден басқа жан бармасын. Ауырған адамның құсығын, қақырық-түкірігін беталды төкпесін. Ауыру жатқан үй ішіне әлсін-әлсін от жағылып тұрсын. Сонда үйдің ауасы тазарады.

 Аурудың жанында дәрігер келгенше мынадай қылу керек: Дорбаға сүлы, болмаса күл салып, ысытып, аурудың ішіне басу керек. Суыған шай беру керек, бірақ көп ішуден пайда жоқ. Лоқсыған уақытта түйір-түйір мұз жұтқызу керек. Денесі салқындап, құрыстыра бастаса, бір таза шүберекті спиртке малып, сонымен денесін, аяғын ысу керек. Жылындыру үшін ыстық суды бөтелкелерге құйып, жан-жағына қою керек. Не болмаса, бір қапшыққа сұлы салып, қыздырып денесіне күйдірместей басса да, жарайды. Ауырған адамның тамаққа көңілі шапса, күшті тамақ беру жарамайды. Піскен сүт пен шала пісірген жұмыртқа беруге болады. Бірақ, аз беру керек.

Обаның қашатын нәрселері: Темекі, ащы сарымсақ, қарамай, карболка, известь һәм алмас. Сондықтан үйдің маңайына қарамай, карболка сеуіп, известь жағып қою керек. Ащы сарымсақ жеп, шылым тартып жүру керек. Біздің қазақтың жұрт жаңалап көше бергені артық. Отырған орынға қақырып-түкірмей, тазалықты баққан жақсы, қашанда болса сақтық керек, сақтансаң -сақтармын деген.

Оба ауыруына деп, елдің әр жеріне доктор һәм фельдшерлер шығарылмақшы. Бұлардың қай орында тұратындары жақын арада жарияланады.

Науқас белгісін бере бастағаннан-ақ, жоғарғы ел ішінде тұратын дәрігерлерге шапқын жіберіп, аурудың жанына алдыру керек.

 

* * *

Троицкіден хат

Зейнолла Ишанның үлкен баласы Ғабдырахман қарттың «Алаш Орданы» құттықтап А. Жантәлинге жазған хатын «Жас Азаматқа» басып, көпке ұсынып отырмыз. (Хат мынау).

«Ғазиз Ахмет әпенді Жантәлі! Ассалаумағалейкум, уа рахметуллаһи, уа баракату!

Марқұм ардақты атамнан қалған ізгі жол бойынша, қашаннан қазақ қандастарымның өз алдына жерлі, автономиялы бір халық болып жасауын тілейтін едім һәм сол жолға қызмет ету ниетімен орны келгенде сөйлейтін де едім. Қазір бір жағдайға шүкір – халықты құр сөзбен жұбатудан, уатып, жұрт үшін көріне білек сыбанып, жұмысқа кірісе бастайтын заманға келіп жеттік.

Енді әр жұрттың өз қамын өзіне ойлата бастаған, үстімізге мынадай жынды бір заман келіп қалғанда, «заманына қарай амал қылып» аянбай тырысып қалыңыз, қандас қазақ қарындасым!

Бұлайша жанданып, өз алдына ел-жұрт болу қамына кіріскен халық, ол жолдан мал-жанын аяп қалмайды. Ал, аяншақ халық, жұрт қатарына кіре алмай, ақырында барып, жер жүзінен құруы анық. Мұны өткен қауымдардың тарихы растайды. Солай болса, мына үстімізде тұрған пұрсатты (мүмкіндік деген мағынада – ред.) өткізіп жібермей, әскер мен мал қуатын бірге қосып алып, тезден іске кірісуге ыждаһат етулеріңіз жөн.

Әр істе өз қуатыңызбен, өз ыждағаттарыңызға ғана таяну керек. Бөтен халықтан жақсылық күтіп, қарап жата беру қате. Бөтеннің бөтенсіткен жайларын көздерің көрген сияқты еді ғой. Ең болмаса, атасы бөлек Николаймен, мына ниеті жаман большевиктердің қылығына бір айналып қарасаңдар, не көргендерің естеріңе сап ете түсер.

Ал енді көргендерің анау, заманның түрі мынау болған соң, қазақ қандасымның өз алдына ел-жұрт болып қалуы жөнінде бір ынтымақта болуларын тілеп, өздеріне шын көңілемнен салам оқимын.

 

Жасасын Қырғыз – қазақтың бірлескен жерлі мүхтарияты! Жасасын «Алаш Ордасы!»

 Ғабдрахман Ибн Әл-шеих Зейнолла расулы.

 Троицк. 1918 жылғы 4 июль.

 

Басқармадан: Мынау «Алаш Орданы» құттықтап хат жазып отырған белгілі Ишан қарттың баласы. Халыққа қараған Ишан қарттың қазаққа қылған қызметі һам Ғабдрахман қарттың өз қызметінің асыл тегі, біздің халықтың өз алдына ел-жұрт болу қамы үшін екендігі аңғарылып тұр. Біздің халық бұрын Ишан қарттың айтып, ұнатты деген сөзінен шығып көрген жоқ-ты. Мал-жанды «Алаш Ордадан» аямай, өз күшімізге таянып, тезден іске кірісуді өтініп отырған Ғабдрахман қарттың сөзін есі бар қазақ баласы ескерер.

Алаштың өз тізгіні өзінде, ордалы халық болуына тілектес болып, хат жазып отырған Ғабдрахман махдұмға ұзын ғұмыр тілейміз.

 

***

ІШКІ ХАБАРЛАР (Газеттерден)

Осы күнде Торғай облысының Ташкент темір жолы бойындағы Ақбұлақ, Жайсаң станцияларының бойына Түркістан өлкесіндегі қазақ бауырларымыз шұбырып келіп жатыр. Киерге киім, ішерге тамақ, паналарға орын жоқ. Ашық далада жардамсыз қырылып жатқан көрінеді. «Жығылғанның үстіне жұдырық» дегендей, аш-жалаңаштық үстіне, әр түрлі жұқпалы аурулар тарап, әсіресе осыдан қырылып жатса керек.

 Басқармадан: былтырдан Түркістан өлкесіндегі туысқандарымыздың қой орнына қырылып жатқанын көре тұрсақ та, басы аман, малы түгел Алаш баласы әлі күнге нықтап жәрдемге кіріскеніміз жоқ. Екінің бірі, егіздің сыңары бауырымызға тиісті жардамымызды айтып, адамшылық, жұртшылық борышымызды өтегеніміз де жоқ.

     Тиындап жиған жардам мен аштықтан құтылудан кеткен, егер қазақтық қанымыз қайнап, намысқа ұмтылып, туысқандарымызды өлімнен құтқарамыз десек, басқаша жардам айтудың шарасына кірісу керек. Алдымызда қылышын сүйретіп қыс келеді. Суық түсіп кетпей, алдын алып, қалай жардам айту туралы газеттерге жазылса екен.

     Сол кеңесіп құрған жоба бойынша жәрдемге кірісілсе екен.

***

Басқармадан

Әр жерлерден «Жас Азаматты» құттықтаған хаттар келіп жатыр. Бәрін түгел басуға газет бетіне симайды һәм уақыт жететін емес. Іріктеп басайық десек, газет қуанышына ортақтасқандарды бір дәрежеге қоймағандық болар деп, құттықтауларды басуды бірінші нөмірмен доғардық. Газетке ықылас-көңілдерін білдіргендерге жалпы тәңір алғысын айтамыз.

Қазақ жерінде ашылған жастар ұйымдары өздерінің қысқаша тәжрибе-халдарын баяндап, әдірістерін жіберулерін өтінеміз!

«Жас Азамат» газеті мұсылман харіптері аз типографияда басылады. Оның үстіне жаңа қазақ емілесіне қажет харіптер жоқ. Сол себепті кейбір сөздер қате кетеді. Осындай кемшіліктері үшін оқушылардан кешірім сұраймыз.

 

Газеттің сандарын  баспаға дайындаған, түсініктерін жазған

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

Зарқын Тайшыбай.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5301