Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2319 1 пікір 28 Желтоқсан, 2023 сағат 22:12

Қазақстанда ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасады – Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанда өткен жылы іске асырылған маңызды жобалар туралы айтты.

«Бірінші кезекте Қазақстанға стратегиялық маңызды актив – Қарағанды металлургия комбинатының қайтарылуын атап көрсеткен жөн. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап біз осы компанияның шетелдік меншік иесімен күрделі келіссөздер жүргіздік және инвестициялық имиджге нұқсан келтірмей, ел үшін тиімді шарттар негізінде келісімді аяқтадық», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшының айтуынша, ендігі кезекте Qarmet жаңа инвесторының алдында алдағы 3-4 жылда кәсіпорынға кемінде $3млрд жеке инвестиция салу міндеті тұр, оның ішінде $1,3 млрд қаражат келер жылы бағытталуы тиіс.

Премьер-Министр сондай-ақ биыл «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын жаңғырту аяқталғанын атап өтті. Жоба Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектеседі.

Батыс энергия торабында жаңа электр желілері салынды. Осылайша, Қазақстанның бүкіл батыс аймағының тұтынушыларын энергия қуатымен қамтамасыз ету едәуір артты. Бұл – энергетикалық қауіпсіздік үшін де, ел экономикасының дамуы үшін де маңызды.

«Ең күрделі жобалардың бірі – Үлкен Алматы айналма жолы (ҮАААЖ) аяқталды. Оның ашылуы трафиті азайтуға және мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ жүк тасымалдау әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Астанада ЖЭО-3 бірінші кезегі, сондай-ақ жаңа «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ жылу станцияларының құрылысы аяқталды. Бұл нысандар Астананы түгелдей жылумен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан облысында «Рожковское» ірі газ конденсаты кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Ол жылына шамамен 1 млрд текше метр газ және 500 мың тонна конденсат көзі болады.

«Бұдан басқа Қызылорда және Ақтөбе облыстарында тағы екі кен орны пайдалануға берілді. Олар – “Оңтүстік Ақсай” және “Шығыс Өріктау” кен орындары. Орта мерзімді перспективада Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында тағы үш кен орны іске қосылады деп күтілуде», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Сонымен қатар биыл ұзындығы 300 км асатын «Бейнеу-Жаңаозен» магистральдық газ құбыры іске қосылды. Соның нәтижесінде Маңғыстауда тұрақты газбен жабдықтау мәселесі шешілді.

«Біз елдің шығысы мен оңтүстігінде ұзындығы 1300 км асатын төрт стратегиялық маңызы бар теміржол желілері құрылысын бастадық. Жалпы, мен кейбір маңызды жобаларды ғана атап өттім. Іс жүзінде мұндай республикалық және өңірлік маңызы бар жобалар өте көп. Біз оларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастырамыз», — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338