Бес мың досың болса да...
ҚИЫН КЕЗДЕ ҚОҢЫРАУ ШАЛАТЫН АДАМЫҢ БОЛМАУЫ МҮМКІН
Телефонының қуаты 10 пайызға түскенде абыржитын, бірақ ешкімге ішкі сырын ашып, сөйлеспегеніне бірнеше ай болғанын байқамайтын адамдар өте көп. Олар қуаттағышының қайда тұрғанын біледі. Ал өздерін тыңдайтын адамның кім екенін білмейді.
БҰЛ ЖАЛҒЫЗДЫҚ!
Бұл қазіргі заманның ең үлкен мәселелерінің бірі. Біз неғұрлым көп адам болып тығыз өмір сүрген сайын, бір-бірімізді жақтырмай, одан сайын жалғызсырай бастадық. Айналамыздың бәрін қоршап, қақпа орнатамыз, көлігімізде жалғыз жүреміз. Сосын төсегімізге де жалғыз жатамыз. Сөйлесетін де, құшақтайтын да адам жоқ.
Жалғыздық дегеніміз адамның өзі қалаған жақын қарым-қатынас пен шын мәнінде сезініп жүрген байланысының арасындағы алшақтықтан туындайтын жан азабы.
Психологияда бұл құбылыс perceived social isolation, яғни адамның өзін өзгелерден оқшауланғандай сезінуі деп түсіндіріледі. Отбасы, жұмысы бар, күні бойы адамдармен кездесіп жүретін адамның өзі де: «Мені шын түсінетін ешкім жоқ» деп сезінуі мүмкін.
Бір үйде төрт адам тұрады. Төрт экран жанып тұр. «Тұзды берші» дегеннен басқа әңгіме айтылмай, кеш батады. Мекенжайлары бір болғанымен, ішкі дүниелері төрт түрлі ел секілді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) 2025 жылғы мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір алты адамның бірі жалғыздықты сезінеді. Демек, «Сен тым сезімталсың» деген түсініктеме ғылыми деректермен салыстырғанда тым жұтаң.
Жалғыздық ұзаққа созылғанда, ми басқа адамдардың әрекеттерінен қауіп іздеуге бейімделе бастайды.
Бұл құбылыс hypervigilance, яғни ықтимал қауіп белгілерін шамадан тыс сергектікпен бақылау деп аталады.
Зерттеулерге жасалған шолуларда бұл үдеріс ұйқы сапасының нашарлауымен және ағзаның күйзеліске жауап беру реакциясының өзгеруімен байланыстырылады.
Мысалы, досың хабарламаңа кеш жауап берді делік. «Жұмысы көп шығар» деген нұсқа бар болса да, миың бірден «Менен жалығып кеткен екен» деген қорытындыға келеді. Келесі жолы өзің де бірінші болып жазбайсың. Қарым-қатынас сирейді. Жалғыздық күшейеді. Миың тергеушінің де, прокурордың да, судьяның да жұмысын жалғыз атқарып, дәлелдерді тексеруді ұмытып кеткендей.
Бұл сезім денсаулыққа да әсер етеді. 2015 жылы бірнеше зерттеудің нәтижесін біріктірген метаталдауда жалғыздықты сезінетін адамдардың өлім ықтималдығының салыстырмалы көрсеткіші 1,26 болған. Басқаша айтқанда, салыстырылған топпен салыстырғанда олардың өлім ықтималдығы шамамен 26 пайызға жоғары болған.
Ал біз жалғыздықты сезініп жүрген адамға: «Сыртқа шықсаңшы» деп кеңес береміз. Бұл аш адамға «Мейрамханалар бар ғой» деп географиялық білімімізді көрсеткенмен бірдей. Оған есіктен шығуға себеп, барып отыратын орын және өзін күтіп отырған адам қажет болуы мүмкін.
Жалғыздықтан арылу үшін не істеу керек?
→ Алғашқы қадамды кішкентай нәрседен баста.
Бір адамға: «Соңғы кездері маған қиын болып жүр. Біраз сөйлессек бола ма?» деп айт.
Бірге серуендеуге уақыт белгіле. Апта сайын барып тұратын үйірме, жаттығу немесе еріктілер жұмысы болсын.
Кездескен кезде телефоныңды қойып, адамның сөзін бөлмей, жауабын соңына дейін тыңда.
ДДҰ да күнделікті қарым-қатынас орнату, жергілікті қауымдастық топтарына қатысу және еріктілікпен айналысу сияқты қадамдарды қолдайды.
Егер жалғыздық ұзаққа созылып, ұйқыңа, жұмысыңа немесе күнделікті өміріңе әсер ете бастаса, психологпен немесе дәрігермен сөйлес.
Біреуге «Қиындық туындаса, қоңырау шал» десең, анда-санда өзің де хабарлас.
Өзінің біреуге қажет екенін сезіну үшін адам міндетті түрде қиындыққа тап болуы керек емес.
Сондай-ақ мешітке немесе шіркеуге барып, діни қауымдастықпен араласу да жалғыздықты жеңуге көмектесетін жақсы тәсілдердің бірі болуы мүмкін.
Дайынған: Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz