Ирандағы теракт: Өлген Сүлейманиден кек алу...
Ирандағы 84 адам қайтыс болған жарылысты «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы мойнына алды. Өткен түні аталған ұйым әлеуметтік желідегі парақшасында: «Сәрсенбі күні екі жиһадшы бауырымыз Иранның Керман қаласындағы Қасым Сүлейманидың мазарына барып, жиналған жұрттың арасында жарылғыш затты іске қосты», - деп жазды.
Сүннитер ағымын ұстанатын олар қанды әрекеттерін «бұл Алланың қалауы» деп, өздерімен бөлек бағыттағыларды, оның ішінде Шииттер ағымын ұстанатын Иран мұсылмандарын да аямайтынын айтқан. Сириядан ығысқан террористік ұйымның Иранда жарылыс ұйымдастыруы бір бұл емес. 2022 жылы қазанда мешітке жиналған жұртқа оқ жаудырып 15 адам қаза тапқан еді.
«Ислам мемлекеті» ұйымының Иранға жиһад жариялауы діни бағыттың ұқсамауынан бөлек, Иранның ұлттық батырына айналған, бұдан төрт жыл бұрын АҚШ билігі Бағдат маңында дронмен атып өлтірген Қасым Сүлеймани генаралға деген өшпенділіктен туындаған.
2011 жылы Сириядағы саяси ереуілдер ішкі соғысқа айналғанда Сүлеймани Башар Асадқа әскери көмек беріп, билігін сақтап қалуға көмектескен. Ирақ пен Сирия жеріндегі «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының мүшелерінің көзін жоюда да айрықша еңбек көрсеткен. Ақ үй Сұлайманиды Иранның Орта шығыстағы әскери стратегиясын ұйымдастырушы әрі жүзеге асырушы деп санайды.
2003 жылы АҚШ әскері Ираққа басып кіргенде Сүлеймани Ирақ жиһатшыларына жетекшілік етіп, шарлауға шыққан Америка әскерлеріне көп адам шығынын келтірген. Сол кезде-ақ Ақ үй оны өлтіруге бұйрық шығарған.
Аймақтағы қарулы қақтығыстарда ерекше әскери қабілетімен көзге түскен Сүлейманиды Парсы жұрты ұлттық батыр ретінде пір тұтады. 2020 жылы оның жаназасына он мыңдаған адам жиналып, 56 адам тапталып өліп, 200 адам жараланған еді.
Abai.kz