Мәжіліс депутаттары: "Бүтін бір ауыл шахтаға түсіп кетуі мүмкін"
«AMANAT» фракциясының депутаттары Ж. Амантайұлы, Н. Әшімбетов, В. Ким «Майқайың Алтын» акционерлік қоғамына қатысты проблемаларды көтеріп, депутаттық сауал жолдады.
Жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайың Алтын» акционерлік қоғамы аумағында орын алған апат қабырғамызды қайыстырды.
Кәсіпорында қызмет атқаратын төрт бірдей азамат автобус ішінде кенеттен опырылған жер астына құлады. Оның екеуі мерт болса, қалған екі азаматтың тағдыры әлі де беймәлім. Он күннен астам уақыт іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Әлі автобуста, қалған екі азаматымыз да табылмады.
Қақаған қыстың ызғарына қарамастан тәулік бойы жүріп жатқан құтқару жұмыстарына облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен басшылығы қатысып отыр. Қажетті көмек әрбір отбасына көрсетіліп жатыр.
Ең өкініштісі, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген.
Ал, техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана. Бұл бір.
Келесі, кентте тұратын «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары алаңдап отыр. Оған себеп шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан.
Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Алтында» мыңнан астам жергілікті тұрғындар еңбек атқарады.
«Майқайың Алтын» ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген.
Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған.
Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген.
Ал, енді осы Акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан «Rence Enterprises LTD» компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі.
Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадалауға алады.
Осыған байланысты,
Бірінші. Комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керек.
Екінші. Осы маңдағы барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау керек.
Үшінші. Шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру қажет.
Төртінші. Елімізідің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға Заң жүзінде қатаң шаралар қолданылып ескерту жасалуы қажет.
Бесінші. Орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға Прокуратура әділетті бағасын беруі қажет.
Abai.kz