Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2395 7 пікір 25 Қаңтар, 2024 сағат 14:01

Әр партия «тізім жасағанда жіберген қателігі» үшін жауап беруі керек!

Депутатты ротациялау ма, әлде басқа ма?

2023 жылы 19 наурызда өткен Мәжіліс сайлауында жаңадан құрылған Республика партиясы 547 154 дауыс жинады. Бұл жалпы сайлаушылардың 8,59 пайызын құрады. Партия Аманат және Ақжол партияларынан кейінгі үшінші орынға тұрақтап, партиялық тізіммен Мәжіліске 6 депутаты сайланды. Міне, бір жылға жетпей Республика партиясының өкілі, Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова «өз еркімен» мандатын тапсырды.

Бұл нені білдіреді: ротация ма, әлде, басқа ма?

Егер, партия лидерлерінің айтуы бойынша мұны «ротация» дейтін болсақ, онда депутаттың Орталық Сайлау комиссиясына «өз еркімен» деп өтініш жазуы қаншалықты ақылға сиымды? Оның үстіне, «ротациялау» туралы заңда депутаттарға қатысты бапты таппадық. Ендеше, парламенттегі «ротация» әр партияның Жарғысына сай жүруі тиіс болар деп шамаладық. Бірақ, ол басқаша сипатта өтуі керек еді...

Жалпы, депутаттарды ротациялап отырудың мемлекет пен қоғам үшін пайдасы зор. Себебі, депутаттардың барлығы да қарапайым адамдар. Олардың да депутат болудан басқа да өз тіршілігі бар. Сондықтан, кей депутаттарда өз қызметінде бойкүйездік (апатия) пайда болса, не болмаса, басқа да жағдайлар орын алса – ол депутатты күшпен ұстап отырудың еш қажеті жоқ. Біздегі бірпартиялық округтер бойынша бұл мәселе реттелген – депутат бір жылдан соң «сайлаушылар наразылығымен» өз орнын босата алады. Яғни, қызметіне салғырт депутатқа осы жолмен «мандатын өткізу» қарастырылған.

Ал, партиялық тізіммен сайланған депутаттарда жауапкершілік басқа болуы тиіс. Бұл жағдайда «партиялық жауапкершілік» іске қосылғаны абзал. Яғни, бұл жағдайда әр партия «тізім жасағанда жіберген қателігі» үшін жауап беруі керек. Ол жауапкершілік партияның «партиялық тізімін» қысқарту арқылы жасалса – бұл әділетті болады.

Дегенмен, партия Жарғысына сай жасалатын ротациялар өте қажет. Ол әр партия үшін «қалыпты ережеге» айналуы тиіс. Себебі, депутаттыққа әркім әр мақсатпен келеді, соның ішінде, мандатты иеленіп, жоғарғы еңбекақы алып, құрметке бөленіп «уақытты тамаша өткізушілер» де жеткілікті. Міне, осыларды әр партия дер кезінде ротациялап отырса, онда партияның беделі артады, Мәжіліс динамикасы да өзгеріп, еліміздегі парламенттік институттың  беделі де артады.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377