Сейсенбі, 26 Қараша 2024
1346 0 пікір 29 Қаңтар, 2024 сағат 15:41

«Инклюзивті балалар академиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігіне 1 жыл толды

Қазақстанда 2023 жылғы статистикалық дерек бойынша, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 188 мың 144 бала есепте тұр. Олардың 132 мың 699-ы мектеп жасындағы балалар болса, 47 мың 726-ы мектепке дейінгі бүлдіршіндер, ал сәбилер саны – 7 мың 719.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытып, қоғамның тең мүшесіне айналдырудың негізгі тетігі – білім беру. Елімізде мүгедек балаларды оқытудың әртүрлі нұсқасы қарастырылған: үйден оқыту, қашықтан оқыту, арнайы мектептер мен интернаттарда білім беру және жалпы білім беретін мектептерде түзету сыныптары жұмыс істейді.

Бірақ мектеп қабырғасында өзі қатарлас құрбыларымен бірге білім алу – ерекше жастарды әлеуметтендірудің тиімді жолы екенін атап өткен жөн. Мұны инклюзивті білім беру жүйесі деп атайды.

Инклюзивті білім беру – бұл физикалық, психикалық, интеллектуалды және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, барлық баланың жалпы білім беру жүйесіне қосылуы.

Қазақстан инклюзивті білім беруді 2011 жылдан бастап кезең-кезеңімен қолға алған. Білім беруді дамытудың 2011-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2025 жылға қарай мектептер мен балабақшалардың 100 пайызы, колледждер мен ЖОО-ның 70 пайызы инклюзивті білім беру бағытына көшетіні айтылған. Өкінішке қарай бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалардың 23 пайызға жуығы ғана инклюзивті білім беру процесіне қатысады екен.

«Педагог академиясы» Қоғамдық бірлестігінің директоры Нұрым Нұрғалиевтың айтуынша, ерекше оқу жағдайын қажет ететін балаларға арналған мемлекеттік мектептер көптеп ашылуы керек.

«Біздің мектеп – әдеттегі мектептің бағдарламасындай білім берудің бүкіл тенденцияларын ескере отырып, ерекше балаларға инклюзивті білім беретін республикадағы жалғыз мектеп. «Педагог академиясы» балалардың білім алып, спортпен айналысып, қоғамға араласып, уақытын көңілді өткізетін ортаға айналды. Ал төрт қабырғаға телміріп өскен баланың білімі жеткіліксіз, қоғамға сіңіп кетуі де өте қиын болады. Ащы болса да, шыны сол. Өкінішке қарай, көптеген адамды оқу және даму мүмкіндігінен айырылған балалардың тағдыры алаңдатпайды. Елімізде де мұндай балалар үшін арнайы мектептер қарастырылмаған»,-деді педагог.

Нұрым Нұрғалиевтің өзі де ерекше баланың әкесі.

Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесу үшін өз үйін мектеп ғимаратына айналдырған. Қазір 1-4 сынып аралығындағы 120 баланы қабылдайтын оқу ордасында компьютерлік сынып, хореография залы, адаптивті дене шынықтыру кабинеті бар. Сонымен қатар, ауданы 160 шаршы метр ашық спорт алаңы және рекреация аймағы бар. Инклюзивті мектептің барлық бөлмесі бейнебақылаумен жабдықталған. Мектеп кадрлары білікті педегогтардан жасақталған.

Нұрым Нұрғалиев тағы осындай 8 мектеп ашуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, 1 ақпанда «Педагог академиясы» мектебінің ашылғанына жыл толады. Ерекше балаларға бей-жай қарамайтын, атаулы іс-шараның мейманы болғысы келген кез-келген азаматқа оқу ордасының есігі ашық.

Мекен жайы: Алматы қаласы, Шұғыла шағын ауданы, Нұрлы таң, 23.

Уақыты: 16:00

Байланыс нөмірі: +7 707 884 54 96, +7 701 316 76 54

Суреттер: «Педагог академиясы» мектебінің Instagram парақшасынан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019