«Желге ұшқан» миллиондарға кім жауап береді?
Өткен жылы Алматы облысындағы Ескелді мен Кербұлақ аудандары шекарасынан Рудничный кентіне дейінгі жол бөлігінде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы «Көксу – Кировск – Қарабұлақ – Қайнарлы» жобасына 400 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Бірақ жұрттың қуанышы ұзаққа бармады. Көктем шыға сала асфальт жолдың быт-шыты шықты. Кей жері опырылып та қалды.
Өткен жылы Алматы облысындағы Ескелді мен Кербұлақ аудандары шекарасынан Рудничный кентіне дейінгі жол бөлігінде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы «Көксу – Кировск – Қарабұлақ – Қайнарлы» жобасына 400 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Бірақ жұрттың қуанышы ұзаққа бармады. Көктем шыға сала асфальт жолдың быт-шыты шықты. Кей жері опырылып та қалды.
Жолға көмілген ақша
Жолдағы жөндеу жұмыстарын «Талдықорған жолдары» мердігер-фирма жүргізген көрінеді. Жол салушылардың қиыршық тастың орнына нығыздалған балшықты әкеп төсегені анықталды. Оны да алыстан тасымай, жақын маңдағы таудың баурайынан қазып алған. Сондай-ақ Көксу өзеніндегі ескі көпірдің орнына жаңасы салынып, тұрғындарды бір қуантып еді. Бірақ жаңа көпір ескісінен де бетер апатты болып шықты. Тұғырын су шайған көпір бір жағына қисайып қалған. Үстіндегі тақталары да дұрыс орнатылмаған. Тақта мен тұғырдың арасына салынатын арнайы амортизациялық жабындының орнына құрылысшылар мәшине доңғалағының резеңкесін төсепті. Ол аз болғандай, өзен жағасындағы бетон жабындыны топырақтың үстіне салғандықтан, оны да су шайып кеткен. Былтырғы күзде комиссия көпірді қабылдап алудан бас тартқан екен. Сонда да «қисық» көпірді бұзып қайта салудың орнына бұрынғыны жамап-жасқай салуды жөн көріпті.
Ал жолдағы асфальттың көтеріліп келе жатқаны туралы ақпарат облыс басшылығының құлағына көктемде-ақ жеткен. Тіпті бір жиында «Талдықорған жолдары» ЖШС-на осыған қатысты ескерту айтылып, жолды өз есебінен жөндеу талап етілді. Трассаға тағы да ауыр техника мен жұмысшыларды әкелгеннен кейін жолда жөндеу жұмыстары қайта жүргізілді.
Алматы облыстық жол басқармасының бұған қатысты өз пікірі бар. Осы мекеменің бас маманы Қайрат Мұқановтың айтуынша, былтыр құрылысшылар жолға ірі түйіршікті асфальттың бір қабатын ғана салған. Жобаға сәйкес мұндай қабат екеу болуы қажет. Сондықтан биыл оның үстіне ұсақ түйіршік тағы бір қабат салынды. Оның қаншаға жарайтынын ешкім тап басып айта алмайды. Бір қызығы, жолға көмілген миллиондаған бюджет қаржысы үшін ешкім де жауап берген жоқ.
Өткенде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та Елбасы тапсырмасын орындауға арналған селекторлық жиында облыстағы бюджет «парадокстарына» тоқталған болатын. Мәселен, Бесқарағай ауданында 90 орындық балабақшаға 228 млн теңге жұмсалса, Аягөз ауданында осындай қаржыға 140 орындық балабақша салынып жатыр екен. Сондай-ақ Тарбағатай ауданындағы бір типті мектеп құрылысының құны – 289 млн теңге, ал Күршім ауданында – 352 млн теңге.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев, ең алдымен, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына назар аударды. Бюджетті оңтайландыру маңызды шаруа, сондықтан мемлекеттің қаржысын тиімді жұмсау қажет» дейді әкім.
Айта берсе, бүкіл ел бойынша бюджет қаржысын тиімді пайдаланбау мысалдары көп. Сондықтан ендігі кезекте бюджет шығынын азайту мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.
Оңтайландыру саясаты
Сарапшылар да біздегі бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы ТМД елдерімен салыстырғанда орта деңгейден төмен деп бағалайды. Мәселен, көптеген мемлекеттік бағдарламалар бірін-бірі қайталайды. Бірқатар өндіріс орындары іске жаратылмай тұрса, жаңадан пайда болған кәсіпорындар өз саласында бәсекенің бар-жоғын тексеріп жатпайды. Жаңа технологиялар есебінен шығынды азайту жағы көбіне ұмыт қалады. Мұндай келеңсіздіктер өнеркәсіп өндірісінде (авиақұрылыс) де, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда табылады.
Дегенмен еліміз бюджет саясатын оңтайландыру жолына түсе бастаған сыңайлы. Биылдың өзінде 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жаңаша көзқараспен, жаңа тұжырымдамаға сүйеніп жасала бастағаны байқалады.
Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің соңғы ұсынысы – түсетін табыс пен тапшылықты азайту бойынша нақтыланған болжамды есепке алып, бюджет шығынын 6 033,4 млрд теңгеге дейін түсіру, яғни 65,6 млрд теңгеге қысқарту. Экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, 2013-2015 жылдарға арналған бюджеттің шығыны 165,8 млрд теңгеге азаюы тиіс. Осы қаржының бір бөлігі (100 млрд теңге) ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ. Мәселен, 30 млрд теңге «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісінің құрылысына, 30 млрд теңге – «Бәйтерек НУХ» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға, 20 млрд теңге – ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге, Астанадағы апатты үйлерді бұзу жобасын орындауға алынған несиені «Самұрық-қазына» ӘАҚ-на қайтаруға 20 млрд теңге бөлінеді.
«Республикалық бюджет тапшылығы 80 млрд теңгеге (0,2 пайыз) кемітілді, ол 790,6 млрд теңгені құрайды. Осылайша, бюджет қаржысын игерудің жағымсыз тұстары жойылады», – деді Е.Досаев.
Жоспарлау мен орындаудағы алшақтық
Әлбетте, бюджетті қағаз жүзінде есептеп, жоспарлау бір басқа. Орындалуына келгенде жыл сайынғы олқылықтардың қайталана беретіні қызық. Республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің тарапына айтылатын сын-ескертпелер де еш өзгермейді. Бұл бюджетті жоспарлау мен оның жүзеге асуына қатысты бірқатар түйткілдерге байланысты.
Біріншіден, бюджет бағдарламаларының негізі мен деректердің шынайылығы үшін заң жүзінде әкімшілік жауапкершіліктің көрсетілмеуі. Қалыптасқан «дәстүрге» сай жоспарлы кезеңге бюджетті құраған кезде дәйектелмеген, көтеріңкі шығындар көрсетіледі. Алдыңғы жылдары жүзеге асырылған бюджет жобаларының нәтижесі есепке алынбайды. Нормалар мен нормативтер орындалмайды. Соның нәтижесінде бюджет қаржысы тиісті дәрежеде игерілмей қалады. Оған қоса, құзырлы орындар бюджет өтінішіне енгізілген мәліметтердің дұрыс-бұрыстығын тексере алмайды.
Екіншіден, жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерді игермеуі. Мақсатты трансферттерді бөлу жөніндегі шешімді жергілікті атқарушы органдар өз бетінше қабылдай алмайды. Оны орталық атқарушы органдармен келісуі керек. Бұл рәсімге де уақыт пен шығын көп кетеді. Бұл өз кезегінде жауапкершілікті азайтып, қаржының кеш түсуіне әсер етеді. Оған білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым нысандары құрылысына республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының мақсатсыз жұмсалып немесе дер кезінде игерілмей қалатын мысалдары дәлел. Үшіншіден, бұл үшжылдық бюджеттің формалдық сипаты. Елімізде 2009 жылдан бері үшжылдық бюджет қабылданатыны белгілі. Кезінде оның біраз артықшылықтары дәлелденгенімен, тәжірибе жүзінде басқаша болып шықты. Төртіншіден, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардың жыл сайын көп құрылуы. Оларды қорландыруға да шығын өсе түседі. Квазимемлекеттік сектордағы субъектілерге бөлінетін қаржы тиімді жұмсалмайды. Бесіншіден, бюджет қаржысы есебінен салынып жатқан жобалардың қымбаттап кетуі. Бұл мәселеге өткенде Елбасы да назар аударды. Президентіміз айтқандай, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу төңірегінде күмәнді бизнестің тұтас бір саласы қалыптасқанға ұқсайды. Жоғарыда келтірілген мысалдағыдай, бірдей нысандардың құрылысына әртүрлі қаржының жұмсалуы да соның бір айғағы болса керек. Сондықтан ең әуелі бюджетті жоспарлау мен орындалуы арасындағы алшақтықты жоюға кіріскен дұрыс болар.
Автор: Гүлнар АХМЕТОВА
"Алаш айнасы" газеті