Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 3935 0 пікір 12 Қараша, 2013 сағат 03:52

Хан Абылай - Тәуелсіздіктің бас сардары

                            Хан Абылай  - Тәуелсіздіктің бас сардары

 

ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүріп жатқан тәуелсіз Қазақ елі жас өрендерінің хандық дәуір, жүйе, билік, жалпы ХҮ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген хандар жайындағы жаңа көзқарасы мені алаңдатады. Таяу күндері бір шәкіртімнің әлдебір мерекелік кеште ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген ақыны, батыр Махамбеттің Жәңгір ханға айтқан арнауын мұқият тыңдадым. Соншалықты беріліп айтқанынан аңғарғаным, өзінің де хан Жәңгірге кеткен өші бардай шамырқанып-ақ айтты. Шәкірттерден сыр тартып көрдім, дені қай ханның қай ғасырда өмір сүргені жайында, ары кеткенде жақсы хан, немесе жаман хан болыпты деген райда ғана салқын жауап береді. Қалай ойланбайсың, тәуелсіздіктің 20 жылдан астам уақытын артқа салдық, сана әлі күнге дейін баяғы құлдық күйінде.

                            Хан Абылай  - Тәуелсіздіктің бас сардары

 

ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүріп жатқан тәуелсіз Қазақ елі жас өрендерінің хандық дәуір, жүйе, билік, жалпы ХҮ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген хандар жайындағы жаңа көзқарасы мені алаңдатады. Таяу күндері бір шәкіртімнің әлдебір мерекелік кеште ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген ақыны, батыр Махамбеттің Жәңгір ханға айтқан арнауын мұқият тыңдадым. Соншалықты беріліп айтқанынан аңғарғаным, өзінің де хан Жәңгірге кеткен өші бардай шамырқанып-ақ айтты. Шәкірттерден сыр тартып көрдім, дені қай ханның қай ғасырда өмір сүргені жайында, ары кеткенде жақсы хан, немесе жаман хан болыпты деген райда ғана салқын жауап береді. Қалай ойланбайсың, тәуелсіздіктің 20 жылдан астам уақытын артқа салдық, сана әлі күнге дейін баяғы құлдық күйінде.

Өзіміздің хандар жайындағы оқыған-тоқығанымыз жайында аз-кем айтайықшы, қазақ тарихын пышақтың сыртындай жұқа кітапшадан және сынақ тапсыру деңгейінде оқыдық. Махамбеттің әнге салып айтып жүрген сол жырын бүкіл хан баласына, одан әрі үстем тап өкілдеріне, яғни би-болыстарға, датқаларға қарсы қару етіп қолдандық. 1984 жылы шыққан «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясы» (1-том.) анықтамалығындағы хан туралы берілген анықтаманы тағы бір қарап шықтым. Энциклопедияда: «Хан (ескі түркі сөзі) – монарх, билеуші, тайпа көсемі, әмір. Қазақ қоғамын хандар билеген. Ол қауымдық жерлерді ру басыларына, шонжарларға бөліп беру правосына ие болған. Қазақстан тарихында Тәуке, Әбілхайыр, Абылай сияқты хандар болған»,-деп бір түйсе, одан әрі «...Жоғарғы өкімет билеушісі ретінде хан өз қарамағындағы және шетел саудагерлерінен баж салығын жинады. Ру арасындағы даулы мәселелерді шешті»,-деп түйіндейді. (1.540.) Руханият әлеміндегі ең құнды құжаттың бірінде берілген бағаның сиқы осындай. Халық тұлғасы болған хандарды ру деңгейіне дейін түсірген. Небәрі үш ханды ғана атап өткен. Сонымен қатар осы энциклопедияда қазақ тарихына қатысты берілген бағаларда хандар жайындағы жабайы түсінікті былай жеткізіпті: «...Батырлар бастаған халық жасақтары 1710, 1724, 1730 жылдары жоңғар әскерлеріне ойсырата соққы берді, бірақ қазақ хандары мен сұлтандарының ала ауыздығы халықтың күшін біріктіруге бөгет жасады». (1.16.) Бұл жерде тіпті халық жауы етіп көрсетеді. Өкініші сол, осы тарихты да оқып өстік, өткен өмірге қарғыс айтуға жақын қалдық, қуанарлығы халық азаттыққа жетті, өткен тарихтың ақтаңдағы ашылды, әділеттілік қалпына келді.

Биылғы жылдың ел есінде қалатын екі қуанышының бірі хан Абылайдың 300 жылдығы, әз Төленің 350 жылдығы аталып өтілуі. Біздің мақсат Абылай әлемі мен тәуелсіздік рухтың ара қатынасы жайында ой сабақтау. Алғашқы әңгімені Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың таяу күндері ғана бас газетіміз «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абылай аңсаған азаттық» атты еңбегіндегі қадау-қадау ойлармен бастасақ орынды тәрізді.

Ұлт Көшбасшысы:«Қазақ халқы талайлы тағдырында ұлтқа ұстын болған хандардан, ел қорғаған батырлардан, кемел билерден кенде болмаған. Солардың қатарындағы шоқтығы биік ұлы тұлғаның бірі – биыл 300 жылдығы аталып өтетін Абылай хан.

Абылай Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді. Оның қазақ халқының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақсатқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә»,-деп аса зор мақтанышпен ақ еділ жарылып, ақиқатын айтты. Елбасы атап көрсеткендей қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде хандық құрып, тұтастай бір мемлекеттер жер бетінен жойылып кетіп жатқанда елге, жерге қорған болған айтулы Абылай ханның 300 жылдығын жалпыұлттық ұлағатты той ретінде атап өту Елбасы саясатының көрегенділігіні арқасында жүзеге асты. Біздің алдымызда тұрған ұлы міндеттердің бірі Абылай ханды және оған дейінгі, одан кейінгі ғұмыр кешкен ұлы хандарымыздың әрқайсысының ұлағатты өмірін жас жеткіншектерге өнеге етіп көрсету, мұның бәрі отаншылдық рух пен патриоттық сезімнің қайнар көзі, мөлдір бастауы болары сөзсіз.

Абылай ханның ұлағатты өмір тарихын ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге етіп жеткізу керек. Азат елде өсіп келе жатқан жас ұрпақ Абылай ханның Қазақ елінің тарихындағы алар орнын жақсы білуге тиіс. Бұл кейінгі буынның жүрегіне отаншылдық нәрін егіп, бойында мемлекетшіл қасиеттердің өркен жаюына ықпал етпек. Мемлекет тарихын, даңқты бабалары жүріп өткен жолдың бұралаңы мен бұлтарысын, қилы кезеңдері мен тағдырлы шешімдерін, ақтаңдақ беттері мен дара тұлғаларының қайраткерлік өнегесін біліп өскен ұрпақ қана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады. Ол үшін біз ұрпақ алдындағы өз міндетімізді толық атқарып, жастардың ой-санасының дұрыс қалыптасуына барынша жағдай жасауымыз қажет. «Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атады» деген қағиданы ешқашан ұмытуға болмайды, қандай қиын жағдайға душар болсақ та, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» бастан кешірсек те Абылай хан туының астына жиналған тастүйін бірлігіміздің, ынтымағымыздың арқасында, білектің күшімен, найзаның ұшымен жеңіске жеттік. Сол себепті де Абылай сынды ардақты хан тәуелсіздік тарихындағы бас сардардың бірі. Елбасы еңбегінің түйіні болған келесі пікірлерге назар аударайықшы: «Абылай хан қызғыштай қорып, тұмарындай тәу еткен, армандап кеткен Қазақ елінің Тәуелсіздігіне біздер, бүгінгі буын қазақстандықтардың жеткені үшін де шексіз тәубе айтып, бөлінуге бастайтын жершілдік пен рушылдық дертінен арылған жөн». (2.) Президент нені меңзеп отыр, бір сәт ойланайықшы. Жершілдік, рушылдық дерті жайында неге айтты. Біз хандардың өзін руға, жүзге бөліп бара жатқан жоқпыз ба? Ал енді батырлар мен билерді әбден ру деңгейіне түсіріп болдық. Қолдан жасалған тарихтың да, батырдың да баянды болуы екіталай. Ал жас ұрпақты шатастырып, рулық деңгейге жеткізу кешірілмес күнә. Қазақ – қазақ болатын деңгейге де, жағдайға да жетті. Олай етпеген күнде тәуелсіздікке қатер төнуі әбден мүмкін.

Қазақ халқының мойнында құлдық қамыты ұзақ уақыт шешілмеді. Шамамен алғанда екі жарым ғасырға (1731-1991) жуық бодандық күй кешу оңай емес, ұлт рухын сындыра алмаса да майыстырды, бүкті.  Соған қарамастан халықтың Абылай ханға деген сүйіспеншілігі, Абылай заманын аңсауы, хан ерлігін қастер тұтып еске алып отыруы бір сәт те бәсеңдеген емес. Абылай бейнесін ерекше сомдаған әрине Бұхар жырау. Көмекей әулие айтқан жырлардың тарихы терең, бір заманда өмір сүрген, сол кезеңдегі тарихи, саяси алаңның ортасында болып, бәрін көзімен көрген жыраудың:

                   Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,

                   Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,

                   Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,

                   Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,

                   Сонда қалар ма екен жаның-ай,-деп тебіруінде терең сыр жатыр, бұны бір ғана Бұхар бабаның тілегі деп қабылдауға болмайды, бүкіз қазақ халқының қайғысы деп түсінген жөн.

                   Ай, Абылай, Абылай!

                   Жеңбеген жауың қалмады-ау,

                   Алмаған жерің аз қалды-ау,-дейтін ақын жырында Абылайдың асқақ рухы мен мұндалап тұр.

Атақты Үмбетей жыраудың «Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естірту» жырындағы Абылайдың сардарлық қасиеті былай сипатталған:

                   Жиырма жасың толғанда,

                   Қалмақпен соғыс болғанда,

                   Алғашқы бақты тапқанда,

                   Шарыштың басын қаққанда,

                   Қанжығаңа бас байлап,

                   Жау қашты деп айғайлап,

                   «Абылайлап» шапқанда,

                   Ұмыттың соны, Абылай?

                   Сол ерліктен хан болдың,

                   Әлем асқан жан болдың.

                   Барша әлемге даң болдың!

                   Ұмыттың соны, Абылай? (3.60.)

Хан болу, таққа отыру оңай емес, ақыл, кемеңгерлік, данышпандық қасиеттің өзі жеткіліксіз, халық сонымен қатар жаужүрек батыр болуды қалайды, сонда ғана соңынан ереді. Бұл қасиеттің бәрі Абылай сұлтанда бар еді.

Оңтүстік өлкесінде өмір сүрген, өзі де ақсүйек тұқымынан, кітаби ақындардың алғы сапында тұрған Шәді төре Жәңгірұлы өзінің «Тарихат» дастанында:

                   Бұл жазған Абылай ханның тарихаты,

                   Үш жүздің баласының хикаяты.

                   Абылайдың заманындай дұшпандарын

                   Мұқатып көрген емес қазақ халқы,-дейді. Тарихи шындық айтылған, қазақ халқы сол замандағы өр рухын кейінгі уақыттарда шыққан дұшпандарымен болған соғыста көрсете алмады, қаншама рет жеңілістің ащы дәмін таттық, тіпті қасымыздағы Қоқан хандығыны құлдығына түсіп кетуімізді өзі «алтыбақан алауыздықтың» айықпас дертінен болды. Айтуға аузың бармайды, жазуға қаламың жүрмейді...

Тарих толқынында «ақтаңдақ» өте көп, соның бірі хандарымызды жүзге бөліп, рулық деңгейде қалдыру саясаты. Абылай ханды да орта жүз ханы етіп түсіндіру әрекеті болды, көп жағдайда ол мақсаттарына жетті. Ендігі ретте тағы бір рет сол «Тарихат» атты тарихи дастанға назар аударайықшы:

                   ...Жиналып Түркістанда бас қосамыз,

                   Жақсылар келсін сонда қалмай бірі.

                   Баршасы мақұл десе қабыл көріп,

                   Ортадан Абылайды хан көтеріп,-дейді. Одан әрі:

                   Ұлы жүз: Үйсін, Қаңлы, Ысты, Дулат,

                   Орта жүз: Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат,

                   Кіші жүз: Бай ұлы, Алшын, Тама, Табын,

                   Бәріне жетіп еді жазылған хат.

                   ...Ұлы Жүз адамында ол уақта

                   Төле би әділ еді – басшысы оның.

                   Орта Жүз адамына ол уақта

                   Қазыбек Қаз дауысты қойған нәмі.

                   Кіші Жүздің басшысы Әйтеке би-

                   Қариялық даналықтан асқан бәрі.

Осы бір тарихи жиынның қорытындысын тарихи жыр авторы былайша суреттейді:

                   Ұлы жүз Төле биге жолын берді,

                   Қазыбек Орта жүзден шыға келді.

                   Әйтеке Кіші жүзден киізді ұстап,

                   Біреуі Жәнібектің өзі де еді.

                   Төртеуі төрт бұрыштан ұстап тұрды,

                   Көтеріліп жоғары, таққа мінді.

Мұның бәрі тарихи шындық, Абылай түгел қазақ халқының ханы, қазақ халқы әділ сайлау арқылы Абылайды ақ киізге көтеріп хан сайлады. Қазақ әдебиеті, соның ішінде ауыз әдебиеті мұраларын жинауға көп еңбек сіңірген, соның ішінде Абылай хан туралы да біршама дерек көздерін жинаған Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында жоғарыда біз айтқан мәселелерді айғақтай түсетін жыр жолдары бар екен.

                   Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,

                   Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.

                   Жігіттер, құлақ қойып тыңдасаңыз,

                   Қазақта Абылайдай хан болыпты.

Тарих аренасына  ХҮ ғасырдың орта кезінде Керей мен Жәнібек хандар арқылы алмас қылыштай жарқылдап шыққан қазақ халқының Абылай заманында, одан кейінгі ғасырларда көрген азабы, қуғын-сүргіні, бір сөзбен айтқанда отарлау саясатының ойраны аз болған жоқ. «Әдебиетте қалың елдің бұл қайғысы Абылай айналасынан шығады. Абылай маңына жиналады. ...Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын.

Бұлай болса, кейінгі заманда туатын үлкен тарихи оқиғалар мен тарихи жырлары түгелімен Абылай заманынан суат алады. Қазақтың жат елге бағынбай өз елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салуы, Абылай заманынан бері қарай ХІХ ғасырдың ортасынан ауғанға шейін жаңа саяси бет сияқты болады»,-деп (4.) түсіндіретін академик М.Әуезов пікірінің маңызы зор. Ғалымның  ХХ ғасырдың бас кезінде (1927) кеңес билігінің қыл бұрауы бостау кезін пайдалана отырып айтқан «Бірақ ол кезде елі бала еді. Орыс үкіметі әрі қу, әрі мықты еді. Сондықтан Абылай тілегі іске аспады. Ел бағынды. Бұрын орысты құбыжық көріп, сене алмай, бағынбаймын деп жүрген ел бағынған соң не көрді? Көргені көп...»,-деген пікірі үшін өзінің де түрме азабын тартуына тура келді. Бірақ, айтылған сөз, атылған оқ.

Қазақ әдебиеттану ғылымының басында тұрған ғалымы Ш.Уәлиханов қазақ-қалмақ арасындағы сұрапыл соғыс жайында кеңінен талдау жасай отырып: «Абылай ғасыры – қазақ ерлігінің ғасыры еді» деп баға береді. Мұның бәрінен алар тағылым Абылай заманы тәуелсіздік тарихындағы алтын ғасыр, хан Абылай тәуелсіздік туын жықпай өткен сардар хан.

Айтпақ ойымызды түйіндер тұста күні кеше ғана қасиетті Түркістан жерінде өмірден өткен абыз ғалым, түркі әлемінің «Дәде Қорқыты» атанған Р.Бердібайдың келесі бір пікірлерімен ойымызды тиянақтай түссек: «Абылай хандық құрған дәуірдің ел ұғымында «Алтын ғасыр» секілденіп көрінуіне дәлел жеткілікті. Кейіннен, уақытты уақыт қуалап, қазақ елінің басына жаңа озбырлар душар болған сәттерде де ертедегі Абылай бейнесі қайта жанданып, іріленіп, азаттықтың туындай, бостандықтың символындай ерлік рухын еске түсіріп отырған». (3.5.) Шын мәнінде хан Абылай қазақ елінің алтын ғасырын елу жылға жуық ат үстінен түспей жүріп жасады. Қаншама жеңілістер, шегіністер болғанымен жеңіс жағы басым болды, бір тудың астына жиналған халық батыс пен шығыстан келген алып империяларға, көрші тұтқан, бауырлас бола тұрып басқыншылық пиғыл ұстаған хандықтарға, манаптар мен бектерге де дер кезінде тойтарыс берді. Алып мемлекетіміздің елдік туын асқақтатты, шекарасын қымтап берді, алыс-жақынды мойындатты. Реті келіп тұрғанда орыстың зерттеуші ғалымы Левшиннің Абылай туралы айтқан пікірін де еске ұстаған абзал: «Абылай тәжірибелі, ақыл-айласы жағынан болсын, сондай-ақ, өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың Боғдыханымен жүргізген тапқыр да, шебер қарым-қатынастары жағынан болсын өз тұстарындағылардың бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына қайырымды, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді», – деген жазбалары  жоғарыда айтылғандарды айғақтай түседі. (Левшин.А. Описание киргиз-кайсацких орд и степей. СПб, 1832).

Абылайнама дәуірінің жаңа эрасы басталды, азаттық туының астында «Алтын ғасырға» жеткен қазақ елі өткен тарихтың өнегелі істерінен сабақ алуға тиісті. Ұлы тұлғаны тануда жаңа көзқарас қалыптасып келеді. Тарих ғылымының докторы М.Қожаев: «Абылайдың көп қырлы мемлекеттік және саяси қайраткерлігі арқасында қазақтардың бұрынғы көршілер басып алған жерлері кері қайтарылып, қазіргі Қазақстан елінің тұтас геосаяси картасы қалыптасты. Басым көпшілік Абылайды Жоңғар хандығына қарсы күресте ерекше үлес қосқан тарихи тұлға ретінде таниды. Осымен қатар Абылай Чиң (Қытай) империясының әскери-саяси экспансиясына қарсы төтеп берген бірден-бір қазақ билеушісі»,-дейді.Сол себепті де жас ұрпақ хандарды жақсы, жаман деп бөлуді емес, ол хандардың ел билеу, тәуелсіздік тұтқасы болу жолындағы қасиетті істерінен тағылым алу жолында ізденіске ұмтылғаны дұрыс. Өкінішке орай біздің Шымент сияқты ірі қаламызда Абылай  атын асқақтататын әрекет әзірге жоқ, шүкір Тәуке хан атындағы даңғылымыз бар. Бір сәт Шымкентті айналдыра өз ауылымыздан шыққан батырларды тізе бергенше қасиетті хандарға да биік, асқақ, өр тұлғалы ескерткіштер қойып, тәуелсіздік тарихының алтын ғасырын жасаған бабаларымызға тағзым еткеніміз, бәрімізді де абырой биігіне шығарған ұлағатты іс болар еді деген ойдамыз.

 

Нариман Нұрпейісов,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық

институты қазақ және әлем әдебиеті

кафедрасының меңгерушісі

Шымкент қаласы.

Abai.kz

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қазақ ССР. 1-том. Қысқаша энциклопедия. А. 1984. -592 б.

     2. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті.

         Абылай аңсаған азаттық. «Егемен Қазақстан» газеті. № 224, 2.10.2013.

      3. Абылай хан. Тарихи жырлар. 1-том. А. «Жазушы». 1993.-416 б.

      4. Әуезов М. Әдебиет тарихы. А.Ана тілі. 1991.

0 пікір