Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2162 0 пікір 13 Қараша, 2013 сағат 05:08

Сәкен Майғазиев: «Ана тілімді аяққа таптады»

Твиттер желісінің қолданушысы Гүлнұр Әбиділдақызының осы бір жазбасынан кейін (екінші сурет) Алматы әуежайында орын алған келеңсіз оқиғаның мән-жайын білмек ниетпен Сәкен Майғазиевтің өзіне тікелей хабарласқан болатынбыз. Әнші іштегі қынжылысын жасырмай, бүкпесіз жайып салды.

Cәкен Майғазиев, «МұзАрт» тобының әншісі:

Твиттер желісінің қолданушысы Гүлнұр Әбиділдақызының осы бір жазбасынан кейін (екінші сурет) Алматы әуежайында орын алған келеңсіз оқиғаның мән-жайын білмек ниетпен Сәкен Майғазиевтің өзіне тікелей хабарласқан болатынбыз. Әнші іштегі қынжылысын жасырмай, бүкпесіз жайып салды.

Cәкен Майғазиев, «МұзАрт» тобының әншісі:

Шынымды айтсам, зығырданым қайнап отыр. Мұндай сорақы, масқара жайтқа қашанғы төзуге болады? Мемлекеттік тілді менсінбейтіндер біздің «менімен қазақша сөйлесіңіз» деген талап-арызымызды «ит үреді, керуен көшедіге» балайтын сияқты.
Болған жайды қаз-қалпында баяндайыншы. Алматы әуежайының жүк көліктерін тапсыратын жерінен өтер тұста тексеріс жүргізетін әуежай қызметкерінің бірі: «Снимите ремень, а также часы» деп бұйыра сөйледі.
Жарайды, онысын қойшы, маған әлгінің орысша шүлдірлей жөнелгені жаныма батты. Себебі, мұндай жағдайда бір емес, екі емес бірнеше мәрте болдым. Қашанғы шыдау керек.
– Мен орысқа ұқсап тұрмын ба? – дедім өз кезегімде.
– А че вы специально нарываетесь?
– Жоқ, мен сізден менімен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етіп отырмын. Осы елде тұратын әрбір азамат қазақ тілін білуге тиісті...
– Почему я должен? Я сам решаю на каком язык буду разговаривать? – деді әлгі.
Былайша айтқанда, мемлекеттік тілді білу менің міндетім емес деді.
Сөйтіп екеуміз сол арада сөзбен ұстасып қалдық. Тек арттағы адамдар басу айтқаннан кейін барып сабама келдім. Ал әлгі адамның беті бүлк еткен жоқ. Артынша соның үстінен қарайтын басшысын тауып алып, ол кісімен ашық сөйлестік. «Аты-жөні – Равиль Махмұдов, қазақ емес» деп ақталған болады. Менің оның қай ұлттың өкілі екендігінде шаруам жоқ. Жарайды, Тәуелсіздік алғанымызға екі жыл болса түсінемін. 22 жыл бойы қақсап келеміз ғой. Сол кезден бері бүтін бір ұрпақ өсіп жетілді. Мен әлгіден сол арада қазақтың тарихын айтып беруді болмаса қазақша өлең оқып беруін сұраған жоқпын ғой! Бар болғаны:
«Сәлеметсіз бе? Белдігіңізді, сағатыңызды шешіңіз. Өте беріңіз» деген екі ауыз сөзді жаттап алса, аузы қисайып қала ма? Қалай болғанда да мемлекеттік тілге мұрнын шүйіре қарайтындарға қатысты қатаң шара қолдану керек. Осыны айтсам, маған қолдау көрсетудің орнына өнерде жүрген кейбір әріптестерім «қайтесің басыңа бәле тілеп» дегендей қылады. Ал Астанаға көңілім құлазып жеттім.

Дайындаған - Думан Бықай

"Дала мен қала" газеті

0 пікір