Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 1895 17 пікір 14 Ақпан, 2024 сағат 15:04

Біз – тоқаевшылдармыз!

Сурет автордың жеке парақшасынан алынды

Біз – тоқаевшылдармыз!

Біз деп отырғаным – депутат Ермұрат Бапи ағам екеуміз.

Ермұрат Сейтқазыұлына қарағанда, менің тоқаевшылдық стажым ұзағырақ. Сонау екі мыңыншы жылдардан басталады. Менің Қасым-Жомарт Кемелұлын жақсы көруіме, Ол кісінің алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарымыздың Атажұртына оралуына жасаған жақсылығы басты себеп болды. Қасекең Сыртқы істер министрі болып тұрған кезінде Қазақстанға келгісі келетін этникалық қазақтарды консулдық алымдардан бостып, тегін виза беретін тәртіп орнатты.

Жаңылмасам, шеттегі қазақтарға тегін виза беру тәртібі 2004 жылдан бастап жолға қойылды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл қамқорлығы шекара сыртында қалған қандастарымыздың Атажұртына ағылған Ұлы көшіне кең жол ашып қана қоймастан, ұлтқа деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен тарихи оқиға ретінде біздің жүрегімізде мәңгі сақталып қалды.

Одан бергі жерде, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Беласу», «Әке туралы толғаныс» кітаптары арқылы менің ең сүйікті саясаткеріме айналғанын айналама үнемі айтып жүремін.

«Беласу» кітабында Тәуелсіз Қазақстанның орнығуы, оның сыртқы саясатының қалыптасуы сөз болады.

Құдайға шүкір, Қазақстан – сыртқы саясатта Батыс пен Шығыстың тілін қатар тапқан, сөйтіп өте жоғары деңгейге жеткен мемлекет.

Мұндай жетістікке жетуде, сөз жоқ, сыртқы саясатқа жауапты нағыз кәсіби депломаттың орны мен рөлі бөлек.

Қасекең – әлемдік деңгейдегі кәсіби депломат.

«Әке туралы толғаныс» кітабында Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың ашаршылық жылдары бастан кешкен тағдырын, елден ауып, шетел асқан кешірмесін, бауырларынан айырылған аянышты өте әсерлі етіп тағдырын баяндайды.  Кезіңе жас алмай оқу мүмкін емес. Сонымен бірге, өзінің балалық шағы мен өсу жолы да сөз болады...

Демек, Қасекеңнің шеттегі қандастар тағдырына күйішпен қарауы, оған қол ұшын беруі – сол әкесінің кезінде шетелде сергелдең күй кешкен қиылы тағдыр иесі болғандығы, ұлт басындағы бөлініп-жарылу мен жоғалтуды жан жүрегімен сезіне білуінен болған тамаша қасиет деп білемін.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып келгенде, менің есіме «Беласу» және Қасекеңнің ондағы Ли Куан Ю, Дэн Сяопин, Нельсон Мандела секілді әлемдік деңгейдегі реформаторлар туралы толғаныстары бірден оралды. Отыз жылға жуық президенттік басқару жүйесінде болып, бір адамның қолына қараған авторитарлық жүйедегі Қазақстан енді  парламенттік басқару жүйесіне, ең құрығанда президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшеді деп сендім.

Сондай-ақ, «Әке туралы толғаныс» тағы жағдайды басынан кешіп жатқан шеттегі қандастар үшін кең жол ашылады деп ойладым.

Түйсігім алдаған жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент ретінде 2019 жылғы 02 сәуірде берген «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» атты сұхбатында шеттегі қазақтар туралы айтқан «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» деген сөзі менің Қасекеңе деген құрметімді одан ары еселей түсті.

Президенттің бұл сөзін мен Қазақ көшінің Тоқаев дәуіріндегі Ұлы мұраты деп бағаладым.

Сөйтіп, 2019 жылы Президент сайлауы қарсаңында, мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын барымды салып қолдадым.

Өкінішке орай, атқарушы билік бұл Ұлы мұратты өз деңгейінде жалғастырып жатқан жоқ. Керісінше, қандастарымыздың құжаттану процесс барынша қиындатып, шеттен келетін Ұлы көшті тоқтуға барын салуда. Бұл енді өз алдына бөлек бір әңгіме!

Әуелгі тақырыбымызға оралсақ, өкінішке орай, қасыретті «Қаңтар көтерілісіне» дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы көсіліп реформа жасай алған жоқ. Тек, саясатқа белгілі дәрежеде ықпал ететін шешімдер шығарумен ғана шектелді. Мен оған түсіністікпен қарадым.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың шындап «Саяси реформа» жасауына қасыретті «Қаңтар көтерілісі» даңғыл жол ашты.

2022 жылғы Президент сайлауында да Қасекеңді қолдап, дауыс бердім.

Қазір «Жаңа Қазақстанның» қолдаушысымын.

Ал, маған қарағанда, Ермұрат Бапи ағамыздың тоқаевшылдық стажы тым қысқа - қасыретті «Қаңтар көтерілісінен» кейін басталғанын Өзі әр сұхбатында айтып келеді.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Ермұрат Бапидың аты мен оның «ДАТ» газеті алтын әріппен жазылуға тиіс.

Ерағам Назарбаев дәуірінде бет қаратпаған  оппозиция болды. Басына қандай қиын күн туғанда да, бірге жүрген мұраттас аға-інілері өлім құшып жатқанда да, Ермұрат Бапи ағынға қарсы жүзуін тоқтатқан емес. Назарбаев командасын аяусыз сынап отырды. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев та болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болған соң, қос президентті қосақтап соққан кездері де аз болған жоқ.

Ерағам қасыретті «Қаңтар көтерілісінен» кейін Қасым-жомарт Кемелұлына болған кесек сынын тоқтатып, оның «Жаңа Қазақстан» құру бастамасын қолдайтынын ашық білдірді. Соңғы Мәжіліс сайлауында депутат болып сайланды. Бірақ, бұрынғы ұстанымынан тайған жоқ, өз пікірін баяғыдай ашық айтып келеді.

Қысқасы, Ермұрат Бапи – кеше қазақ оппозициясының арыстаны болса, бүгін Қазақ Парламентінің көкжалы. Оның бетін ешкім қайтар алған жоқ! Арманы – Қасым-Жомарт Кемелұлының бір жағынан шығысып, «Ескі Қазақстаннан» құтылып, «Жаңа Қазақстан» құрысу.

Ерағам екеуіміз дәл осы жерден одан ары жақындаса түсеміз. Мен де осы жолдамын.

Мен ғой тоқаевшыл болып қала берем, ал Ерағамның қашанға дейін барарын білмеймін.

Жақында «Abay Live» каналына берген сұхбатыда Ерағам: «Мен соңғы кезде өзімнің әріптестеріме де айтып жүрмін, қоғамдағы белсенді азаматтарға да айтып жүрмін, осы жолы Алматыдан бір топ келді, мен айтам оларға, біз бірінші «Ескі Қазақстаннан» құтылып алайықшы, сіздердің қазір алай-дүлей билікке қарсы, әсіресе Тоқаевқа қарсы пікірлеріңіз, қазіргі айтылған пікірлеріңіз ертеңгі «Ескі Қазақстанға» қызмет етеді. Олар алақандарын ысқылап отыр...», - депті.

Мен Ерағаның бұл сөзімен жүз пайыз келісем!

Ендеше,  «Ескі Қазақстаннан» қалай құтыламыз?! «Жаңа Қазақстанды» қалай құрамыз?!

Дәл осы мәселеге келгенде, көп жұрт, әсіресе Ерағаңның бір бөлім әріптестері мен саптастары Назарбаевтың өзінен бастап, барлық жақын туыстары мен жақын адамдарын қамауды, бүкіл мүлкін мемлекет иелігіне өткізуді, сөйтіп барып «Жаңа Қазақстан» құруды қалайды. Және оны Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолымен істеткілері келеді. Байқаймын, Ермұрат Бапи ағам да осы көзқараста секілді.

Ал, менің ойым олай емес.

Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолымен «Ескі Қазақстанды» емес, ескі басқару жүйесін қиратқызуымыз керек!

Шынымды айтсам, Ерлан Қарин бас болып жобасын жасаған 2022 жылғы «Саяси реформаны» жұрт реформа деп атап жүрген жоқ.

Өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық өзгерістен кейін жасаған игілікті жұмыстарын да ешқашан жоққа шығармаймын.

Әрине, Қасекең біраз жаңа және керек шешімдер қабылдады.

«Саяси реформадан» кейінгі бір жыл ішіндегі жетістіктерді Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин тәпсірлей келе, басты көрсеткіш ретінде «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, заңсыз жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді елге қайтару сияқты бастамаларды атап өтіпті.

Иә, қай-қайсысы да мақтанышпен айтуға татитын жілікті-жілікті жетістіктер.

Сондай-ақ, Ерлан Тынымбайұлы тағы да ауыл, аудан әкімдерінің сайлауын да «Саяси реформадан» кейінгі жетістіктердің тізбесіне енгізіпті.

Оған да айтар дауымыз жоқ. Иә, жаңа бастама екені рас.

Бірақ, осы бастамалардың тоқсан тоғыз пайызын бұрынғы Конституциямен-ақ жасай беруге болатынын Ермұрат ағам да, Ерлан інім де жоққа шығара алмасы анық.

Мысалы, шетелге шығарылған активтерді елге қайтаруға Президенттің ешбір партияға төраға болмауының, Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші болмауымен, квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтер атқармауымен не қатысы бар?!

«Ұлттық қор – балаларға» жобасын жолға қою үшін жаңадан үш облыс құрудың немесе «Ауыл аманаты» бағдарламасы үшін Президенттің жеті жылға бір кезек сайлануының да қажеті жоқ екені тағы белгілі.

Және бұл бастамалардың «Ескі Қазақстанды» ыңқ еткізіп құлата алмағанын көріп отырмыз...

Сондықтан, Ерағам айтқан «Ескі Қазақстаннан» түбегейлі құтылудың, шыт жаңа «Жаңа Қазақстан» құрудың жалғыз жолы – тағы бір мәрте конституциялық реформа жасап, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгерту – Мемлекетті Парламенттік басқару жүйесіне көшіру.

Оған үлгіні құрлықтың арғы беті – АҚШ-тан іздеудің қажеті жоқ, қасымызда тұр.

Мысалы, Кеңес одағы құлаған күннің ертесі-ақ, Моңғолия сәбеттік басқару жүйесін лақтырып тастап, бірден Парламенттік басқару жүйесіне көшті.

Қазақпен басып өткен жолы ортақ, тағдыры бір, салт-дәстүрі ұп-ұқсас моңғол халқы қазір парламентаризмді орнықтырып үлгірді. Ұлттық саясаты етек-жеңін жиып алған Шыңғысхан ұрпағы, Ресей мен Қытайды аттап өтіп, Жапониямен,  Оңтүстік Кореямен барыс-келіс пен алыс-берістің темір қазығын мызғымастай етіп баяғыда қағып тастаған. Қытай мен орыс шекарасын айлап емес, жылдап жауып тастаса да былқ етпейді.

Ал, көрші Қырғыз туғандарымыз да парламеттік басқарудың тәтті дәмін бізден бұрын татып үлгірген халық. 2010 жылғы саяси төңкерістен кейін Роза Отунбаева, Өмүрбек Текебаев бастаған парламентаримшілдер Қырғыз мемлекетін парламеттік басқару жүйесіне көшірудің үлкен қадамын жасады. Толық парламеттік басқару жүйесін орнатып жібермегенімен, кәдімгідей жақындай түскені белгілі. Алмазбек Атамбаев бұзып кетпегенде, Қырғыз Республикасы бұл күнде нағыз Парламенттік басқару дүйесіндегі елге айналары даусыз еді...

Қорқатын түгі жоқ, маңғол мен қырғыз басқан жолды қазақ та басып көруі керек!

Тоқаевшыл азамат ретінде, мен  мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгерту керектігін айтып, Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жазып үлгірдім. Ол хатым Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қариннің қолына тиді. Ал, Қасекеңе жетті ме, жоқ па, білмеймін, кейін Әділет министрлігіне сырғығанын көрдім.

Кеше сол хатымды Ермұрат Бапи ағам «ДАТ» газетіне жарқыратып тұрып басып шығарды.

Демек, Қасекеңе өзімнің «Жаңа Қазақстанның» нағыз қолдаушысы, Тоқаевшыл екенімді дәлелдеп, парызымды адалдықпен өтедім.

Ал, отыз жыл бойы демократия, әділдік үшін күресіп келген Ерағам – Ермұрат Бапи Қазақстанның Парламенттік басқару жүйесіне көшкенін қалай ма, қаламай ма; ол жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлына ұсыныс жасай ма, жоқ па, оны өзі біледі. Әлде, осы басқару жүйесімен «Жаңа Қазақстанның» қолдаушысы болып жүре бере ме, ол да Ерағамның өз еркіндегі шаруа.

Егер, Ермұрат Бапи бас болып, ықпалды депутаттар ұсыныс жасап жатса, Қасым-Жомарт Кемелұлы ол ұсынысты кері қақпауы да мүмкін...

Мен Ермұрат Сейтқазыұлының бұрынғы «райынан қайтып», мемлекетке, қоғамға өзгеріс жасау  үшін  Мәжіліске келгенін жақсы білемін және оған үлкен құрметпен қараймын.

«Тіпті мен кейде қорқам, қорыққаннан бұрын ойлаймын, егерде осы аяқ астынан елде бір  төңкеріс болатын болса, билікте, мысалы үшін, бүгін төңкеріс болса, ертең ескі Қазақстан келеді, ескі Қазақстанның өкілі келеді...»-депті, Ерағам сол сұхбатында тағы.

Бұрынғы «Кітапхана» қазір Мешітке көшті.

Ерағамның қорқатын жөні бар, Мешіт Парламенттен айбатты көрінді маған...

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489