Біз іздеген «жаңа жол» Катардан табыла ма?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катарға ресми іс-сапармен барғанын осыған дейін тарқатып жазған едік. Бұл сапарда көтерілуі тиіс негізгі мәселелерге де тоқталдық.
Кеше президент Тоқаев Катар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйлеп, баяндама жасады. Қазіргі жаһандық және өңірлік күн тәртібіне қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді. Сонымен, Президент өз баяндамасында қандай мәселелерге тоқталды?
КАТАР ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН МЕМЛЕКЕТ
«Бүгінде Қатар – озық және қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен, сондай-ақ белсенді әрі бейбіт сыртқы саясатымен танымал. Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің басшылығымен сіздердің еліңіз үлкен жетістіктерге жетті. Қатар өзінің қуатты экономикасын және өркендеген қоғамын мақтан тұтуына болады. Біз бұл мемлекеттің «Қатар – 2030» ұлттық бағдарламасын жоғары бағалаймыз. Мен қатарлық достарымызға осы игі миссияны жүзеге асыру жолында сәттілік тілеймін. Осыған байланысты Консультативтік Кеңес ауқымды реформаларға аса маңызды заңнамалық қолдау көрсетеді және негізгі ішкі процестерді қадағалап отырады», – деді Қазақстан Президенті.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ РЕФОРМАЛАР ТУРАЛЫ:
Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігі, заң үстемдігі, теңдік және жауапкершілік қағидаттарына негізделген «Әділетті Қазақстанды» құру жөнінде айтты.
«Қазақстан барынша инклюзивті саяси жүйе мен экономика құрып жатыр. Біз есеп беру және реформа жүргізу қағидаттарын ұстанамыз әрі өткенімізге шынайы көзқараспен қараймыз. Өз дамуымызды мақтан тұтамыз және болашаққа батыл қадам басамыз. Сондай-ақ адам құқықтарын сақтауға бейілдіміз. Гендерлік теңдікті сақтау, еңбекті қорғау сияқты бірқатар бастаманы жүзеге асырып жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Тоқаев өз сөзінде Катарды Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі болуға шақырып, мұнай мен газды барлау саласын бірлесіп игеруге үндеді.
БІЗ ІЗДЕГЕН «ЖАҢА ЖОЛ», «ЖАҢА БАҒЫТ» КАТАРДАН ТАБЫЛА МА?
Президенттің пікірінше, халықаралық көлік және транзиттік бағдарлар тағы бір мүмкіндікке жол ашады. Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуына және осы дәліз арқылы жүк тасымалы көлемінің едәуір артуына зор үміт артылады.
«Кейінгі уақытта елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың артып келе жатқанына көңіліміз толатынын атап өткім келеді. Екі елдің кәсіпкерлері мен азаматтары визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20-ға жуық рейстің игілігін көріп отыр. Дегенмен бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Сондықтан алдымызда атқаратын қыруар жұмыс тұр. Менің сапарым және Қатар басшылығымен бүгінгі пікір алмасулар өзара қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Тоқаев геосаяси қақтығыстар мен қайшылықтардың, терроризмнің, төтенше климаттық жағдайдың жаһандық күн тәртібінен түспей тұрғанын әрі бұл дүниежүзінің қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіретінін сөз етті.
БҰҰ ЖАРҒЫСЫ ҚАТАҢ САҚТАЛУЫ ТИІС!
Оның айтуынша, барлық қауіп-қатер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарының бір мезгілде бұзылуынан туындайды.
«Жаңа қағидаттар мен нормаларға сай келісімге келу үшін қолайлы жағдай жасаудың жалғыз жолы – диалог. Сондықтан бүкіл жанжал БҰҰ Жарғысы және жалпыға ортақ халықаралық құқық негізінде шешілуге тиіс. Мен бұған сенімдімін. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізбей, бұл түйткілдің түйінін шеше алмаймыз. Ал Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шығатын жол таба алар емес. Демек, оның мүшелерінің құрамын анағұрлым кеңейту қажет. Бұл ретте Қазақстан Кеңесте орташа державалар мен дамушы елдердің де үні естілуі керек деп санайды. Осы орайда Қазақстан да, Қатар да дүниежүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісінде елеулі рөл атқара алады», – деді Президент.
ПАЛЕСТИНА ДАҒДАРЫСЫ ҺӘМ КАТАРДЫҢ БІТІМГЕРЛІК МИССИЯСЫ
Президент Тоқаев Қатардың бітімгерлік рөліне және әлемдегі көптеген жанжалды, соның ішіндегі Палестинадағы жағдайды реттеуді көздеген мәмілегерлігіне тоқталды.
«Зорлықтан тек зорлық туады. Мұның салдары Таяу Шығысқа да, басқа елдерге де ауыр тиеді. Сондықтан қақтығысты одан әрі ушықтырмау үшін жоғары деңгейдегі дипломатия қажет. Жағдайды ымыраласуға қарай бейімдеп, екі мемлекеттің қатар өмір сүру мүмкіндігін қарастыратын шешім табу үшін барлық мүдделі тараптар, соның ішінде өңірлік серіктестер мен әлемдік көшбасшылар айрықша күш-жігер жұмсауы керек. Бұл ретте Қатардың дамылсыз әрекеттерін, әсіресе, оның дағдарысты реттеуге және өшпенділікті, зорлық-зомбылықты, қантөгіс пен қайғы-қасіретті тоқтатып, маңызды бітімгерлік процесті ілгерілетуге бағытталған белсенді дипломатиясын тағы да құптаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
БІЗ АУҒАНСТАНҒА ҮНЕМІ КӨМЕКТЕСІП КЕЛЕМІЗ!
Президент Тоқаев Ауғаныстан мәселесі туралы да сөз етті. Бүйдеді:
«Қазақстан БҰҰ арналары және басқа да халықаралық ұйымдар арқылы Ауғанстанға көмек көрсетіп келеді. Аталған елмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстан «Талибан» қозғалысын лаңкестік ұйымдар тізімінен алып тастады. Бұл қадам, сондай-ақ еліміздің Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы Ауғанстанның әлемдік қоғамдастыққа қосылуына септігін тигізеді деп санаймыз. Сонымен қатар бұл ауған халқына гуманитарлық қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚАЗІР БЕТБҰРЫС КЕЗЕҢІН ӨТКЕРІП ЖАТЫР
Президенттің пікірінше, Орталық Азия қазір өз тарихындағы бетбұрыс кезеңін өткеріп жатыр. Өңірдегі саяси және экономикалық байланыстар едәуір жандана түсті.
«Біз Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырып жатырмыз. Ежелгі заманнан бері өркениеттердің дамуында маңызды рөл атқарған бұл өлке қазір де, келешекте де бірегей мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ретте біз Қатармен кең ауқымды серіктестікті дамытуға ерекше мән береміз. Былтыр Жидда қаласында өткен «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммиті елдеріміздің өңірішілік ынтымақтастықты дамытуға ұмтылатынын көрсетті. Жоғары деңгейдегі осы кездесудің нәтижелері саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі күшейтіп, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты, халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ жаһандық ауқымдағы тұрақты даму талпыныстарын қолдауға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік Кеңес мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде серіктестіктерімен және бақылаушыларымен, соның ішінде Қатармен диалог жөніндегі ықпалдастықты жандандыра түсуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, президент Тоқаев Катар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйлеген алғашқы шетелдік мемлекет басшысы.
Abai.kz