Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2582 0 пікір 18 Қараша, 2013 сағат 06:54

Тирандар тырапай асқан жыл

Әңгiме
Алматыда Қабанбай батыр көшесi мен Наурызбай батыр көшесiнiң қиылысқан жерiнде бiр шағын гүлзар бар. Бiр кезде соның дәл iргесiнде “Пионерлер сарайы” орналасқан. Мына гүл­зар балалардың демалыс орны болып та саналатын. Соның шарапаты ма, әлде өзге бiр себебi болды ма, Алматының бау-бақша, тал-терегiн түгел отап, үй салып жатқан заманда, осы гүлзар ғайыптың iсiмен аман қалыпты. Қазiр шағын да болса сол саялы бақ қарттардың аяқ суытатын жерiне айналған. Әр жерде тiзе бүгетiн орындықтары бар.
Ұзақ жыл мектептерде тарих пәнiнен сабақ берiп, бұл күнде зейнетке шыққан Әубәкiр соңғы жылдары күн сайын болмағанымен, апта сайын осы гүлзарға келiп тұрады. Бос уақытында бой жазам десе, Алматыда бұдан басқа да саялы бақтар көп қой. Алайда Әубәкiр тек осында келiп, тыныс алғанды ұнатады. Әйтеуiр оны осылай қарай тартып тұратын бiрдеңе бар. Мiне, ол бүгiн де ернеуi майысқан ескi шляпасын баса киiп, көнетоз, ақ плащын сүйрете, гүлзардың түстiк жағындағы шеткi орындықтардың бiрiне келiп жайғасты. Күз ызғары бiлiнген қазан айының басы. Айнала күзем жүнiндей күпсiген сары жапырақтар.

Әңгiме
Алматыда Қабанбай батыр көшесi мен Наурызбай батыр көшесiнiң қиылысқан жерiнде бiр шағын гүлзар бар. Бiр кезде соның дәл iргесiнде “Пионерлер сарайы” орналасқан. Мына гүл­зар балалардың демалыс орны болып та саналатын. Соның шарапаты ма, әлде өзге бiр себебi болды ма, Алматының бау-бақша, тал-терегiн түгел отап, үй салып жатқан заманда, осы гүлзар ғайыптың iсiмен аман қалыпты. Қазiр шағын да болса сол саялы бақ қарттардың аяқ суытатын жерiне айналған. Әр жерде тiзе бүгетiн орындықтары бар.
Ұзақ жыл мектептерде тарих пәнiнен сабақ берiп, бұл күнде зейнетке шыққан Әубәкiр соңғы жылдары күн сайын болмағанымен, апта сайын осы гүлзарға келiп тұрады. Бос уақытында бой жазам десе, Алматыда бұдан басқа да саялы бақтар көп қой. Алайда Әубәкiр тек осында келiп, тыныс алғанды ұнатады. Әйтеуiр оны осылай қарай тартып тұратын бiрдеңе бар. Мiне, ол бүгiн де ернеуi майысқан ескi шляпасын баса киiп, көнетоз, ақ плащын сүйрете, гүлзардың түстiк жағындағы шеткi орындықтардың бiрiне келiп жайғасты. Күз ызғары бiлiнген қазан айының басы. Айнала күзем жүнiндей күпсiген сары жапырақтар.
Ой-хой, дүние! Бiр орында тұрмай зулап бара жатқан заман... Мәңгi естен кетпейтiн сол оқиғадан берi де жиырма жыл өте шығыпты-ау! Ол кезде мына көшелер басқаша аталатын. Шығыстан батысқа қарай созыл­ған мына Қабанбай батыр кө­шесiн “Калинин көшесi” дей­тiн-дi. Ал сол көшенi қиып өте­тiн Нау­рызбай батыр көшесiн “Дзер­жинский көшесi” деп атайтын. Аруағыңнан айналайын, батыр бабаларға рақмет! Бiр кезде қазақ жерiн жоңғардан қалай азат етсе, қала көшелерiн ием­денiп алған қызыл комиссарларды да тәуелсiздiк жылдарында солай ығыстырып шығарды-ау! Комиссарлар жай көше аттарын иемденiп алса бiр сәрi ғой, мына төрт көшесiнiң түйiлiсiнде Дзер­жинскийдiң түйе бойламайтын ескерткiшi тұратын-ды. Үстiнде тобығына түскен шинелi бар, қаһарлы да сұсты комиссар. Көшенiң шығыс жақ бетiнде Дзержинскийдiң өзi iргесiн қалаған қауiпсiздiк комитетi – КГБ-ның кеңсесi бар. Бiр кезде талайдың қанын төккен сол ғимарат та ескерткiштiң айбынын асырып тұратын.
Әубәкiрдiң мына гүлзарға келе беретiнi тегiн емес. Егер кез келген адам өз өмiрiнде қалайда бiр ерлiк жасауға тиiс десек, Әубәкiр орайы келген бiр ерлiгiн осыдан жиырма жыл бұрын дәл осы төрт көшенiң түйiлiсiнде жасап едi. Әубәкiр­дiң бойына ондай батылдық бiрден бiте қалған жоқ, мұны ондай тәуекелге барғызған – сол жылдардағы бостандықтың буы, төңкерiстiң желiгi болатын. Алай­да сол күнi көрсеткен өлермен жанкештiлiгi өзiне бүгiнге дейiн дәтке қуат, өмiрiнде бiр рет шырқап көтерiлген биiгi боп қалды. Жасы жетпiске келiп, бойынан күш-қуат қайтқан кезiнде де көптiң көңiлiнен шыққан сол бiр ерлiгi бүгiнге дейiн дiмкәс жүрегiне жылу берiп тұрады.
Ой-хой, шiркiн, бұл өмiрде дүниенiң жаңғырғанына, ескiлiк атаулы келмеске кетiп, жаңаның жарып шыққанына не жетсiн?! Бiреулер төңкерiс дегендi – қан төгiс деп ойлайды. Төңкерiстен, өзгерiс атаулыдан зәресi ұшып қорқады. Осындайда Максим Горькийдiң “Дауылпаз туралы жыры” еске түседi-ау. Дауылдан, төңкерiстен қорқатындар – май басқан гагар үйректер ғой өңшең. Ал шын дауылпаздар, шынайы қырандар дауыл тұрғанда бұлттарды қанатымен қақ тiлiп, жасынмен бiрге жарқылдайды.
Ал, шынтуайттап келгенде, адамзат тарихы – төңкерiстер тарихы. Төңкерiссiз дүние жаңармайды, қоғам алға баспайды. Алла тағала пайғамбарларды уақ-уақ жер бетiне жiбер­генде – төңкерiс жасау үшiн жiберген. Және кез келген жерге емес, бүлiнген, адамдары азғындаған өлкеге. Сенбесеңiз, сонау Мұса пайғамбардан – Мұхаммед пайғамбарға дейiн өмiрбаяндарын оқып көрiңiз. Солардың бәрi де қоғамдағы iрiк-шiрiкпен, ескi тәртiппен күрескен. Тiптi Мұхаммед пайғамбарымыз ислам дiнiн орнықтыру үшiн бұтқа табынған мүшiрiк­термен қан төгiп соғысуға дейiн барған жоқ па?!
Тегiнде, төңкерiс дегенiмiз – өзгеру, жаңару деген сөз ғой. Өйткенi мына дүниеде ескiрмей­тiн, көнермейтiн нәрсе жоқ. Бәрi ескiредi, шаң басып, кiр тұтып, тот басып, тозады. Көне қағидалар жарамсыз болып қалады. Мiне, осындайда өзгерiс жасап, қоғамды қағып-сiлкiп алу қа­жеттiлiгi туады. Мұндайда кiр-қоқысты күресiнге жiберiп, азаттықтың “алтын күрек” самалымен қоғамның ауасын тазартып, жел­детiп алған да терiс емес. Шiркiн, азаттық жолындағы кү­рес­тiң адамға сыйлайтын өршiл рухын немен теңгеруге болады?! Өз-өзiңнен қанаттанып, қолтығыңнан әлдене жебей көтерiп, Сырдың суы сирағыңнан келмей, асқақтап бiр шалқитының бар-ау! Жалғыз сен емес, бүкiл ұлтың, ел-жұртың еңсе көтерiп, ержеңдеп шыға келетiнiн қай­тер­сiң!
Басқаларды кiм бiлсiн, әй­теуiр тарихшы Әубәкiр қоғамдағы ұлы өзгерiстi осылай қабылдайды. Өз басы төңкерiс тұтқасын ұстап, империяны өз қолымен ыдыратпаса да, соған тiлектес көңiлмен қатынасып, өктем билiктiң бiр өкiлiн орнынан қопарып тастағанына бүгiнге дейiн дән риза. Сол күндi Құдай жолымды оңғарған ең бақытты сәтiм деп бiледi. Сол тәуекелге Әубәкiрдi қайрап салған да, “сөйтейiк” деп үгiттеген де ешкiм жоқ. Өзiнiң қанында отаршылдық жүйеге қарсы тастай түйiлiп қалған бiрдеңе бар. Сол “бiрдеңе” ғой Әубәкiрге тыным таптырмаған. Оны не деп атауға болады? Бәлкiм, “кек” деп атаған дұрыс шығар. Кәдiмгi ескiден келе жатқан қанды кек! Әубәкiрдiң атасын Империя өкiметi 1937 жылы еш жазықсыз атып тастаған. Бар кiнәсы – өз ұлтын жан-тәнiмен сүйгенi, “Алаш” партиясына мүше болғаны, “қазақ ұлты көзiн ашсын, қатардан қалмай, басқалармен тең болсын” дегенi... Неткен зорлық? Сол да қылмыс болып па? Шүкiр, атасы кейiн ақталды. Қазiр “Алаш қайраткерлерi” деген тiзiмнiң жуан ортасында аталып жүр. Бiрақ солай екен деп, ата кегiн ұмытуға бола ма?!
Әубәкiрдiң атасы атылып кет­кен соң, арада аттай елу бес жыл өткенде, сол қайраткерлер аңсаған азаттық таңы да ат­­ты-ау! Басқа ұлттар әлдеқашан азаттық алып, Империядан бөлi­нiп кеткенде, қазақ балшабек­терi бостандық алуға асықпай, Әубәкiрдiң төзiмiн әбден тауысқан-ды. Өзгесiн қойшы, өзi­мiзбен туыс қырғыз бен өзбектен кейiн тағы үш жарым ай отырдық-ау! Содан империяның құлазыған жұртында Қазақстан жалғыз қалып, ендi тәуелсiздiк алмауға болмайтын болған соң, амалсыз азаттыққа қол созған-ды... Алла-ай, соның өзiне бұл жұрт қандай қуанды десейшi! Сол бiр кешiгiп келген 1991 жылдың 16 желтоқсаны мәңгi естен кетпес-ау...
Бiрақ осыдан кейiн де Әу­бәкiрдiң көңiлi орнына түсе қойған жоқ. Жарайды, елдiң соңынан болса да тәуелсiздiк жариялап, азаттыққа қол жеткiздiк. Ендi соның ел еңсесiн көтеретiн өзгерiсi, жұртқа жегiзетiн жемiсi қайда? Президент тағында компартияның бұрынғы бас секретары отыр. Тек, кабинеттердiң маңдайшасындағы жазуы ғана өзгерген. Орталық алаңда жер­жүзi пролетариатының көсемi – Ленин тұр көкке бой созып. Одан басқа Калинин, Киров, Дзержинский сияқты қызыл комиссарлар да орнынан қозғалған жоқ. Әсiресе, Әубәкiрдiң жынына тиетiнi – Феликс Дзержинский. Лениннiң сенiмдi серiгi, кейiн ГПУ, НКВД, КГБ болып өзгерген “ЧК”-ның негiзiн салған қандықол комиссар. Өмiрi табаны тимеген Алматыда соның көшесi бар. Сол көшенiң Калинин көшесiмен қиылысқан жерiнде зәулiм ес­керткiшi тұр. Мiне, осы ескерт­кiштi көрген сайын Әубәкiрдiң жыны ұстап, жүйкесi құрысып, бейне безгегi ұстаған адамдай қалтырап кетушi едi.
Апырай, осы ескерткiштер­ден қалай құтылуға болады? Азаттық алуға асықпаған ше­неунiктердiң бұл жолы да қозғалатын түрi жоқ. Өстiп жүргенде құлағына бiр жағымды хабар тидi. Семей облысының сол кез­дегi жас әкiмi Жақиянов қаладағы Ленин бастатқан комиссарлардың ескерткiшiн жинап-терiп, Ертiс бойындағы аралдардың бiрiне апарып тастапты. Көшiр­генде ештеңесiн бүлдiрмеген, бәрiн бiр алаңқайға апарып, қаз-қатар тiзiп қойған.
– Кiмде-кiм бұрынғы көсем­дердi көргiсi келсе, аралға барып сейiлдеп қайтуына болады, – дептi “бұл қалай” деп күң­кiлдеген балшабектерге.
Ал Алматыда ондай әрекет байқалмайды. Тым-тырыс. Ол кезде қазiргi қаптаған партиялардың бiрi жоқ. Оппозиция да атқа қона қоймаған кез. “Азат” деп аталатын бiр ғана қозғалыс бар. Олардың өзi де үйсiздерге қала маңынан жер телiмiн алып беру секiлдi өнiмсiз шаруалардан артылмай жүр.
Әубәкiр бiр күнi сәтi түсiп, сол “Азат” қозғалысының жиналысына әдейiлеп барды. Олар қала сыртындағы “Каменка” маңынан жер алатын болдық деп желпiнiп отыр екен. Сол кездегi қала бастығы Нұрқадiловтен рұқсат алыпты. Әубәкiр олардың кеу-кеулеген сөздерiн аз-кем тыңдап отырды да, бiр мезгiлде орнынан тұрып, сөз сұрады.
– Жiгiттер, беталыстарың жаман емес, табысқа жетiпсiңдер. Құттықтаймын! – дедi жұрт назарын өзiне аударып. – Әрине, жер алып, үй салған да жақсы. Бiрақ менiң айтайын дегенiм басқа нәрсе. Мына қаламызда қаптап тұрған империя көсемдерiнiң ескерткiштерiн не iстеймiз? Солар қашанғы көкке қол созып, төбемiзден қарап тұрады? Соларды бiр шетiнен құлатпаймыз ба?
“Азаттықтар” бұл туралы әлi бас ауыртып көрмеген тәрiздi. Бiр-бiрiне қарап, ойланып қалды.
– Ескерткiштердi алып тастау үшiн қалалық үкiметтiң қаулысы керек қой, – дедi қоз­ғалыс басшыларының бiрi.
Сол-ақ мұң екен, жиналғандар дуылдасып кеттi.
– Қалалық үкiмет ескерт­кiшке тиiсе алмайды, – дедi бiреуi.
– Неге?
– Қалалық үкiмет жоғарыға жалтақтайды. Ал жоғарғы жақ Мәскеуден қорқады...
– Әлгi, алдық деп малданып жүрген тәуелсiздiгiмiз қайда? – дедi бiр жас жiгiт.
Осылайша, әркiм әр жаққа тартып, сөз созылып бара жатты.
– Жiгiттер, бiз бар мiндеттi үкiметке артып қоймай, қызыл комиссарларды көпшiлiк болып, өзiмiз құлатуымыз керек! – дедi Әубәкiр тiзгiндi ендi өз қолына алып. – Естiген шығарсыңдар, семейлiктер қаладағы ескерткiш атаулыны жинап-терiп, Ертiс бойындағы бiр аралға апарып тастапты. Сондағы бiр алаң­қай­ға апарып тiзiп қойған. Көсем­дерiн сағынған балшабектер сонда барып, көрiп тұратын көрiнедi... Бiз неге солай ет­пеймiз? Семейлiктерден кембiз бе?
Бұл да көптiң көңiлiнде жүр­ген нәрсе болар, Әубәкiрдiң сөзiн жиналған жұрт даурыға қостады:
– Әукең дұрыс айтады...
– Егер көпшiлiк қолға алса, үкiмет қарсы болар дейсiң бе?
– Бәлкiм, олар осындай бастаманы халықтан күтiп отырған шығар! – деген ойлар айтылды.
– Алғашқы шабуылды кiмнен бастаймыз, сонда?
– Мiндеттi түрде “ЧК-ның” төрағасы Дзержинскийден! – дедi Әубәкiр...
Не керек, “Азат” қозғалысы сол күнi Дзержинский ескерт­кiшiн құлатуға қаулы алды. Оны және кейiнге қалдырмай, ертең-ақ орындауға уәде байласты. Ертең сағат онда барлығы ескерткiш маңына жиналмақ болды.
Сол күнгi Әубәкiрдiң қуанғанын айтпа! Ертеңiнде тау құлатардай болып, ескерткiш маңына сағат он болмай жеткен. Бiрақ алғашқы екпiнi лезде басылып қалды. Ескерткiш түбiнде тiрi жан жоқ. Сағат оннан асып барады. Әлден уақытта дабырласып төрт-бес адам келдi. Бi­реуiнiң қолында – қыл арқан, екiншiсiнiң қолында – лом темiр. Мынадай жабайы құралмен зәулiм ескерткiштi қалай құлатпақ? Сөйткенше, сол маңға он-он бес адам жиналып қалды. Бi­реулер болаттан құйылған Дзер­жинскийдiң мойнына асауды ұстағандай шалма салып, бiр­нешеуi арқанды жабыла тартып көрiп едi, ескерткiштiң қозғалатын түрi байқалмады. Тағы бiреуi тұғыр тасты лом-темiрмен соққылап едi, қызыл гранитке оның да тiсi батпады.
Әй, қайран қазекем-ай, осы етекбастылығың ғой – өзге жұртқа жем болып жүргенiң! Гулеген құр сөз. “Ескерткiштi құртамыз, жоямыз” дейдi, бiрақ соны қалай құлатудың амалын ойламаған... Әубәкiр қозғалыс басшыларына сенiп едi, солар көтергiш кран, не сүзеген трактор (бульдозер) әкелер деп ойлаған. Трактор әкелу тұрмақ басшылардың өзi жоқ. Қысыл­ғаннан Әубәкiрдiң маңдайынан сұп-суық тер шықты. Осы бастаманы көтерген өзi едi, шынымен-ақ көздеген мақсаттары iске аспай қалғаны ма?
Сасқанда адам қиялы ұшқыр боп кететiнi несi екен? Кенет Әубәкiрдiң ойына әлдене сап ете түстi. Мана келе жатып, жол жөнекей көзi түскен: осыдан бiр көше жоғарыда ауқымды құрылыс жүрiп жатқан-ды. Сол маңда қазылған шұқырларды тегiс­теп, екi бiрдей трактор жүрген. Бiреуi – ожау басы бар жер қазғыш трактор да, екiншiсi бульдозер... Әубәкiр ендi аялдап тұрмады, солай қарай құстай ұшты. Бiр жақсысы, тракторлар ешқайда кетпептi. Екi тракторшының бiрi – орыс, бiрi – қазақ. Әубәкiр солардың қасына барып, асыға-аптыға сөйлеп тұр.
– Жiгiттер, сендерге бес минөттiк жұмыс бар. Кеше “Азаттық” қозғалысы мына бұрыштағы Дзержинский ескерткiшiн құлатуға қаулы алған. Адамдар жиналып тұр. Бiрақ ескерткiштi тартып құлататын трактор жоқ... Көмектесiңдер!
Тракторшылар тез келiстi. Өздерi көп сөзге жоқ екен:
– Қанша бересiң? – дедi бар болғаны.
– Әрқайсыңа бiр жартыдан арақ берсем, жете ме?
– Пойдет...
Олар ескерткiштiң қайда тұрғанын жақсы бiлетiн сияқты. Дереу Дзержинский көшесiне түсiп, төмен қарай жосып бердi. Қуанышы мен таңданысы бiрдей Әубәкiр мырс-мырс күлiп келедi. “Бүкiл бiр елдi тiтiреткен тиранның құны – бiр литр арақ болды-ау, ақыры” дейдi iшiнен.
Келсе, мұндағы адам саны әлденеше есе молайыпты. Бiрақ ешқандай әрекет жоқ. Гу-гу сөз, айғай-ұран... Әйткенмен, олар да дәл қазiр бiр үлкен мiндет атқарып тұр едi. Ол – “Халықтың ұйғарымы, көпшiлiктiң қалауы” деген мiндет. Егер мына көпшi­лiк болмаса, соларға арқа сүйемесе, Әубәкiрдiң жалғыз өзi бұл шаруаны атқара алар ма едi.
Қабаттаса келген қос тракторды көргенде жиналған жұрт тағы да ду ете қалды.
– Кiм, ей, мына техниканы алып келген?
– Осы бастаманы көтерген Әубәкiр деген азамат...
– Кiм болсаң да жiгiт екенсiң! Шiркiн, осындай азаматтар ғой ел бастайтын! – деп бiреулер Әубәкiрдi қолпаштап жатыр.
Тракторшылар келiсiмен iске кiрiсiп кеттi. Бiреуi жер қазғыш трактордың шөмiш басына шығып тұрып, шынжыр арқанды ескерткiштiң мойын тұсына бiр шалып байлады да, екiншiсi анау жерге түскен соң, жуан шынжырды ышқына тартты. Бiрiн-бiрi қажаған темiрдiң шақыр-шұқыр даусы шықты. Болат тонды ес­керткiш те сықырлай қозғалып, бiрақ құлап түспей, теңселiп барып, тұрып қалды... Айналада бiрi атып, бiрi қаққан сөздер:
– Балшабектерiң әлi де орын босатқысы келмейдi. Не деген итжандылық?! – дедi бiреу қарқ-қарқ күлiп.
– Жетпiс жылдан берi тамырын тереңге жiберген пәле ғой, бұлардың қай-қайсысы...
–Өзi “Темiр Феликс” атанған “ЧК-ның” төрағасы болса! – десiп гу-гу етедi...
Тракторшылар да намыстанды-ау деймiн. Бiреуi болат шынжырды ышқына тартқанда, екiншiсi трактордың жер қазғыш шөмiш басын ескерткiштiң қыр желкесiнен салды. Осылай екеу­легенде ғана “Темiр Феликс” оң жағына омырыла құлады. Бiрақ жерге құлап түспей, бiр жағына қисайып, тұғырға бекiткен тiрек темiрлерге iлiнiп тұр. Алайда ендiгiсi оңай едi, трактор тағы бiр жұлқығанда iшек-қарны шұбатылған өлiктей жер сүзе етпетiнен түстi.
Ашынған жұрт жабыла ұмтылып, “ЧК” төрағасының үстiнде ойнақтап жүр. Ой-хой, заман-ай! “Дүние – кезек” деген осы. Бiр кезде маңына барудан жасқанатын бодан жұрт қаһарлы қызыл комиссарды тезектей тепкiледi-ау бiр! Бiреу қолындағы шой бал­ғамен ескерткiштi шекелей бiр перiп едi, жуан мойны опырылып, басы анадай жерге ұшып кеттi.
– Бiр кезде ЧК, ГПУ, НКВД, КГБ аталған мекемелер жазықсыз талай адамның басын жұтып едi, соның есесi бiр қайтты-ау! – дедi кешiгiп келген қозғалыс басшыларының бiрi.
– Әттең, Ежов пен Берияның басын да осылай бiр тебу керек едi.
– Голощекиндi айтпайсың ба? Сол қужақ қолға түспедi-ау! – дедi әлдекiм.
Сол-ақ мұң екен, қалың топтың арасынан көшенi кернеген ұран көтерiлдi:
– Тәуелсiздiк жасасын!
– Қолымыз әрең жеткен азаттығымыз баянды болсын!
– Қаламызды қанды қол отаршылдардан, қызыл комиссарлардан тазартайық! – деген айбынды ұран айналаны басына көтердi.
Бұл кезде құлаған ескерткiш маңы адамға толып кеткен. Көшедегi жаяу жүргiншiнiң бәрi осылай бұрылып келiп жатыр. Бұқара халық үшiн бұл да бiр қызық көрiнiс болатын. Күнi кеше бiреулер табынған, ендi бiреу­лер қорыққанынан пiр тұтқан қызыл комиссардың ескерткiшi көшеде быт-шыт болып шашылып жатыр. Бұл дегенiңiз – ай емес, жыл емес, ғасырда бiр болатын оқиға ғой. Азаттық, тәуелсiздiк туралы көпiрме көп сөзден гөрi осындай бiр батыл әрекет әлдеқайда әсерлi сияқты.
Мұның атын не деп атаймыз? Төңкерiс деймiз бе? Бiреулер “Тирандар тырапай асқан жыл” деп жүр. Өзгелер не десе, о десiн, Әубәкiр үшiн бұл – төң­керiс. Өз қолымен жасаған төң­керiс. Дүниенi төңкермесе де, Дзержинский сияқты империя көсемдерiнiң бiрiн төңкерiп тастағаны рас қой. Егер Қазақстандағы әрбiр адам Әубәкiр секiлдi “төңкерiс” жасай берсе, ештеңеден кенде қалмас едiк-ау!
Әубәкiр өзiнiң сол бiр еңбе­гiне ешкiмнен ақы сұраған жоқ. Сый-сияпат, марапат та дәмет­педi. Өзiнiң есесi қайтып, айызы қанды, атасының кегiн алды – сол жетедi. Тек, көңiлге келетiнi, төңкерiстiң бейнетiн бiреу тартса, зейнетiн сол төңкерiске тұяғын да қимылдатпаған басқалар көредi екен. Қазақ жерiнiң байлығын кiм пайдаланып жүр қазiр? Миллионер, миллиардер деген алпауыттар қайдан пайда болды? Соларды байыту үшiн қан төккен жоқ қой – азаттық жолында басын берген күрескендер... Осындай ащы ойлар ғой Әубә­кiрге маза бермей, түн ұйқысын төрт бөлетiн. Алайда ой өз алдына, комиссарды төңкерiп тас­тағандай тағы бiр әрекет керек...
Күн түске тармасып қалыпты. Әубәкiр гүлзардағы манағы орнынан ендi ғана көтерiлдi. Әттең жас келiп қалды ғой – жаңа заманның қорқауларымен күресуге! Бiрақ олар да қарымтасыз қалар деймiсiң. Олардан да мықтап тұрып өш алатын бiр кекшiлдер табылар.
Ал шляпасының ернеуi майыс­қан, көнетоз плащы тобығына түскен тарихшы Әубәкiр кермек ойларын өзiне серiк қып, автобус аялдамасына қарай iлби басып кетiп барады.
Вашингтондағы журналистика және жаңалықтар мұражайындағы Лениннiң суретi.

Қабдеш Жұмадiлов,Қазақстанның халық жазушысы
"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445